Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2087 0 пікір 22 Маусым, 2009 сағат 08:00

Көктөбеліктердің көз жасын кім көреді?

Айқында» 12 маусым күні жарық көрген «Жеті отбасы жылап отыр» атты мақала оқырмандар тарапынан қызу қолдау тапты. Тек Алматы қалалық әкімшілігіндегі жауапты азаматтар ғана әлі күнге үнсіз отыр. Осы жерде тағы да назарларыңызға сала кетейік, Алматыдан Талғарға қарай салынып жатқан жолдың Көктөбе етегін айналып өтер тұсындағы көпір бұған дейін тып-тыныш отырған жұрттың мазасын алыпты. Ақыры күндіз-түні жүргізілген құрылыс барысында жеті үйге зақым келген. Солардың бірі – Казречка көшесіндегі №67 үйдің шатыры ортасына түскен. Бұл баспананың иесі, үш балалы жалғызілікті келіншек Жаңакүл Орынбаева кеше редакциямызға арнайы келіп, басынан кешкен қиын жағдайды баяндап берді.
– Осында 1986 жылдан бері тұрамын. Біздің көшеде 16 үй қалды да, өзгелер үйлерінің бұзылуына байланысты өтемақыларын алып кетті. Көпір салу кезінде жүргізілген қазба жұмыстарының салдарынан жер қыртысы ыдырап, зақымданған үйлердің арасында бірінші болып менің үйім құлады.
Менің шағымыма байланысты Медеу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ескендір Балтабеков келіп, 30 сәуірде аудан әкімі Б.Махамбетке, аудан прокуроры Сыбанқұловқа, «Алматыжер» МҚКМ директоры Б.Қабдырахмановқа және Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің бастығы В.Меренковке хат жолдап, біздің жағдайымыздың нашар екендігін хабарлаған. Өкінішке қарай, олардың бірде-біреуінен жөні түзу жауап ала алмадым, – дейді шағымданушы Жаңакүл Шамшабекқызы.
Ақыры Медеу ауданының әкімі Махамбет Байдалының қабылдауында болған Жаңакүл Орынбаева ел сенім артқан азаматтан «Менің қолымда билік жоқ, сіздің үйіңізді сносқа жіберуге көмектесе алмаймын» деген жауап алады. Ал 26 мамырда Казречка бойында құлағалы тұрған үйлерді аралаған қалалық және аудандық әкімшіліктің комиссиясы, бұл жерде тұру адам өміріне қауіпті екендігін дәлелдеп, акт жасайды. Бірақ тұрғындарды көшіру мәселесіне келгенде, олар «қызыл сызыққа» жатпайтындықтарын айтады.
– Жырақтағы жотада қандай қызыл сызық болуы мүмкін. Тып-тыныш отырған ел едік қой. 50-60 жылдық тарихы бар үй иелерінің ешқайсысы осыған дейін әкім-қараларға шағымданып, көмек сұраған емес. Жер қыртысының ыдырауынан үйлеріміз жарылып, алды құлаған соң, амалсыздан айғайлауға тура келді, – дейді Жаңакүл Орынбаева. – Ал ескі үйден құтылғысы келгендердің қатарындағы отбасылар болса, баяғыда-ақ дау шығарар едік. Көпір салынғалы бері көрмеген қорлығымыз қалмады. Ақыры үйімізден ажырай бастадық. Мен үш баламмен далада қалдым. Қазір таныстарымды паналап жүрмін. Қашанғы осылай жүремін?
Қазір Казречка көшесіндегі №43 үйде тұратын Әлия Шүкебаеваның да ауызғы бөлмесінің қабырғалары құлауға айналды. Бөлме ішінен тіреулер қойып, сақтық үшін күнұзақ далада жүрген отбасының тағдыры ешкімді алаңдатпай отыр.
2007 жылы 22 қаңтарда Алматының бұрынғы әкімі И.Тасмағамбетовтің қаулысымен Казречка көшесіндегі бірқатар үйлердің бұзылуға жататындығы, сондықтан оларды тізімдеу құзырлы орындарға тапсырылған. «Алматыжер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Жаңакүл Орынбаеваға жер телімінің және жылжымайтын мүлкінің мемлекеттік қажеттіліктер үшін сатып алынатындығын хабарлайды. «Осыған байланысты, сіз жер теліміңіздің және үйіңіздің құқық беретін және құқығын куәландыратын құжаттарыңызбен «Алматыжер» МКК-ға осы ескертуді алған соң келуіңіз қажет» деген ескерту алады. Алайда ескерту аяқсыз қалғаны былай тұрсын, жол салу кезіндегі зардаптардан Орынбаева үйсіз қалса да, жағдайын сұраған жан жоқ.
– Алдыңғы күні тағы да бір-екі құзырлы мекемелердің есігін қақтық. Олар бізге «несие алуға көмектесейік, үй сатып алыңдар» деп ақыл айтты. Сонда сап-сау тұрғын үйлеріміздің өтемақысын кім төлейді? Кінәлілер неге жауапкершілікке тартылмайды. Үйлерінің астында қалудан сақтанғандар қазір далада түнеп жүр. Кішкентай балаларға обал болды, – дейді үш баласымен таныстарын сағалап жүрген Жаңакүл Орынбаева.
Ендігі үміт қала әкіміне тіреліп тұрғанын жасырмаған көктөбелік тұрғындар Ахметжан Есімовтің бұл оқиғадан хабарсыздығына сенімді. «Ол кісі естісе, көз жасымызды көрер еді» дейді.

 

 

Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ
«Айқын» газеті 19 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552