Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4457 0 пікір 2 Қыркүйек, 2011 сағат 06:34

Бендицкийді кімдер айтақтайтыны белгілі

Марат ОСПАН, Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің директоры: «Қазақтың ескі шалдарынан көрген қасиетті ғибадатты, терең насихатты Исматулла мақсымнан естідім»

- Жақында «Время» газетіне Геннадий Бендицкий деген автор «007-ші имам немесе Исматулла Әбдіғаппардың ұлы исламдық миссиясы» деген тақырыпта мақала жазып, айды аспанға шығарып жатқанынан хабарыңыз бар шығар. Бұл туралы не айтасыз?

Марат ОСПАН, Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің директоры: «Қазақтың ескі шалдарынан көрген қасиетті ғибадатты, терең насихатты Исматулла мақсымнан естідім»

- Жақында «Время» газетіне Геннадий Бендицкий деген автор «007-ші имам немесе Исматулла Әбдіғаппардың ұлы исламдық миссиясы» деген тақырыпта мақала жазып, айды аспанға шығарып жатқанынан хабарыңыз бар шығар. Бұл туралы не айтасыз?

- Біріншіден, мұны қазақ емес, Бендицкий деген біреу жазып отыр. Қайдан шыққанын, кім екенін, қандай пиғылда екенін жазған авторынан білуге болады? Білуімше, Бендицкий ат-шапаны барлардың «заказын» орындайтын журналист. Әрбірден соң қазақтың дінтанымына, тұлғасына пәтуа, жауап беретіндей кім ол? Діні, тілі, ұлты бөлек адам, қазақ руханиятынан бейхабар. Ал, мақсым ешкімнің ала жібін аттамаған, дінін бұзбаған, елге іріткі салмаған жан. Ислам дінінің өзегін, мәнін, нәрін насихаттап, Ясауи жолын жандандырып жүрген кісі. Қазір біреуге «ассалаумағалейкум» десең, сыртыңнан суретке түсіріп алатын болды ғой. Ахмад шах Масудтың иіліп Исматулла мақсыммен амандасып тұрған суретін көріп, керісінше кеудемді мақтаныш кернеді. Ахмад шах террористермен жан аямай күрескен, сырттан келіп жатқан оккупанттардан жерін қорғаған Ауғанстан елінің патриот, отаншыл ұлттық қаһарман тұлғасы. Оны иттің итақайы біледі. Исматулла мақсым да тегін адаммен амандасып, дидарласып тұрмайды. Талибандар өздерінің хас жауы деп есептеген Ахмад шахқа біздің мақсымның ақыл-кеңес бергенінен қандай кінәрат табуға болады? Ахмад шахты жауыз ету арқылы мақсымды қаралағаны мақала авторының сауатсыздығы, не әлдебір жат пиғылынан туындаған әрекеті деп түсінемін. Және де газетте «Сенім.Білім.Өмір» бірлестігінің рухани жетекшісі Нарымбай деген кісі Жамбыл облысындағы әскери бөлімдерге барыпты, уағыз айтып кетіпті деп жазып, әскеримен түскен суретін де беріпті. Сол жерге мен де бірге барғанмын, көзіммен көріп қайтқанмын. Қазақтың қаракөздері жәудіреп, аш адамның тамақ жегеніндей рухани әуен, әңгімелерді ұйып тыңдаған болатын. Нарымбай ағамыздың сөздері қандай мағыналы, тәрбиелі?! Қазақстандағы Ясауи ілімі, ата-бабаның өсиеті, салт-дәстүрінің маңызын түсіндірді. Сондай-ақ, ұлтыңның намысын сақта, ата-бабаңның әруағын құрметте, халқыңның амандығын тіле, отаныңның тыныштығы үшін әскери өнерді үйрен, Елбасыңды сыйла, бұйрығын бұлжытпай орында дегеннен басқа артық ештеңе айтқан жоқ. Бұл газеттің тірлігін тырнақ астынан кір іздеу деп білемін.

- Сіз қазандай қайнаған халықтың ортасында тұрып, тұрмыс-тіршілігімен, тынысымен етене жақын отырсыз. Жат діндердің ықпалы қандай дәрежеде?

- Олардың ықпалы жастарды жаппай ылықтырып барады. Қай талдың ұшынан қармайтынын, қайда басын соғарын білмей жүрген жастарды көресің. Оның бәрі өз идеологиямызды насихаттаудың, қолдаудың аздығынан, тіпті жоқтығынан десек болады. Біздің идеологиямыз - ұлттығымызды, елдігімізді сақтау болу керек. Ал оны сақтайтын Ясауи жолы туралы Нұрсұлтан Назарбаевтан асырып айта алмаймын. Тыңдар құлақ болса, осы уақытқа дейін Ясауи бабамыз салған сара жолмен жүру керектігімізді талай айтты. Түркістанда қай дінді ұстануымыз, қалай ұстауымыз, жүруіміз керек дегенде, «Ясауи жолы» деді. Міне, идеология. Бірақ бізде ол идеология жоқ, неге? Елбасының айтқанын қайсысы орындап жатыр? Содан қазір ел не мақсатпен алдыға жүрерін білмей қалды. Мешітке кірсең, неше түрлі жат ағымды көресің. Аяқтары кір-кір, алдына алжапқыш жапқан қаптаған дағуатшы отырады. Сөйтіп жүріп бізге ислам үйреткісі келеді. Біздің оңтүстіктегі имамдардың көбісі және дағуатшылардың бәрі - Қырғызстандағы уаххабилік миссионерлердің оқытқан шәкірттері. Қордай ауданының имамы да, біздің Кенен аулымыздағы имам да сол Қырғызстаннан оқып келген. Бөтен елдің бөтен адамы жаны ашып оқытады ғой дейсің бе? «Ваххабизмді еліңде дамытайық» дейді, одан басқа не айтады?

- Өзіңіз айтқан сырттан келіп жатқан діндарлар елді неге үгіттеп жатыр?

- Аулымыздағы бір жайтты айта кетейін. Ауылдағы мешітті салафилік көзғарастағы Тимур деген ауқатты адам салдырған. Оразаның кезінде мешітке жөндеу жасатамын деп бір өзбекті жіберіпті. Оразада жөндеу жүргізеді дейсің бе, өзбегін сол мешітке сіңістіру үшін жасаған айласы. Ол мешітте біраз уақыт жүреді. Бір күні біздің имам «мынаның ілімі жақсы, тарауых жүргізеді» деп ауылдың жамағатын әлгінің алдына салып берді. Өзбек өзіміздікінен өткен екен. Тарауых өткізгеннен кейін мешіттегі өңкей жастармен сұрақ-жауап алысады. «Зекет бермегендерге қандай жаза бар?», - деп сұрайды біреуі. Сонда өзбек: «Зекет бермегендердің малын талап, тартып алу керек», - депті. Бір вируспен қанша жастардың жүрегін жаулап алды. Мешіттен шыққасын «имам зекет бермегеннің малын талап алуға болады деп айтты» деп ойына келгенін істейді ғой біздің жастар. Мектептің директорын, имамды, ақсақалдарды әкімшілікке шақырып, жиын өткізіп, сөйлестік. Бұл не деген сұмдық? Имам «ашаршылық кезінде, соғыста болады деген әңгімесі ғой» деп ақтағысы келеді. Олай деп қай кітапта жазылыпты? Аузын аша алмады. Әкім, мектеп директоры да өз міндетін атқарып отыр. Мысалы, әкім орнын имамға, не мектеп директорына бермейді ғой. «Сен имамсың, Қазақстанның діни басқармасы қойған, намаз, тарауых өткізсін деп. Ендеше неге орныңды бөтен біреуге бересің?» Түріне қарасаң, жап жақсы сияқты, бірақ қулығы асқан. Осы мешітке қаптаған дағуатшылар қонатын еді, оның бәрін құрттық дегенде пәтерге барып алыпты. Солардың біреуі төрт баласы бар тұрмысы нашарлау шопыр жігіттен не істейтінін сұрапты. Бұл музейде істейтінін айтады. «Не бар саған ол жерде, домбырасын алайын, не шапанын киейін деп жүрсің бе? әруақ күзетемін деп бір күні арам қатасың. Менімен жүр», - депті. «Саған ергенде қатын-баламды кім асырайды?» десе: «Қарама оларға алаңдап, асырайтын адамдар бар ғой», - дейді. Не мақсатпен жүргенін байқаған боларсыз. Демек, тұрмысы нашар адамдарды алдап, тамағын, ақшасын беріп, қатын баласына қарайласып, әбден өздерінен шыға алмайтындай етіп тастайды. Бірақ уақыт өткесін, сен үшін осынша шығын кетті, бізге дұрыстап қызмет ет дейді, енді содан басыңды шығарып көр. Сөйтіп бәлеге ұрынасың. Бұл не қылған ұйым? Бұларды түп-тұқиянымен жойып жіберу керек. Ақтөбеде салафиттер мемлекетке қарсы шықты. Ал, мемлекеттің билік буындарында соларға дем беріп, қолдап отырғандар бар. Елбасының абыройын түсіру үшін салафиттердің қолымен небір былықтарды ұйымдастырып отыр. Біз елді, патшаны сыйлаған халық едік.

Біздің ауданның имамы газетке хиджап кию, сақал қою туралы мақала жазыпты. Оған қарсы дәлелмен келістіріп мақала жаздым, бірақ газет оны «араларыңда дау туады» деп баспай қойды. Имам мақаласында: «Мұсылман әйел хиджап кию керек. Хиджап киген әйел инабатты, тәртіпті, одан туған бала тәрбиелі болады», - деп жазады. Шырағым-ау, қанша ғасырдан ислам дінін ұстанып келе жатқан қалың қазақ хиджап кимей-ақ мұсылман болып келді. Қызының бетін тұмшалағанды қай қазақтан, қай атаңнан көрдің? Имамның айтуынша, қазақ жастары, басына орамалын тартып жүретін апаларымыз, келіндеріміз имансыз ба? Хиджап кисе ғана иманды бола ма? Кимешек, жаулығымыз неден кем? «Сақал қойған балаларды кінәлайсыздар, оларға сақал қойғызу керек, пайғамбардың сүннеті», депті тағы. Қазақ жас балаларға сақал қойғызып көрген жоқ. Қырық жастан асып, ел ағасы, балалы-шағалы болғанда шоқша қарасақал қоятын. Алпысты алқымдағанда ұзындау ақсақал қояды. Ал имам дәлел тапқандай: «Қордайдағы ескерткіштің бәрінде сақал бар ғой», - дейді. Олар жетпіс-сексенге келіп дүние салған би-батырлар. Бірақ сақалдары бір құшақ емес қой. Қай ескерткіште күйектей сақал бар? Ертеректе бізге қариялар: «Сақалға періште ұялайды, үлкеннің сақалымен ойнама. Оны қыл-қыбыр қылмай, жуып, шайып, артығын қырып таза ұстау керек», - дейтін. Қазіргілердің сақалдары қауғадай, бұтында шолақ дамбал киіп, тәпішкесін сүйретіп, қаңғып жүреді. Осы ақылға сия ма? Заманыңа сай киін деп пайғамбарымыздың өзі айтпады ма?! Бұл бізге жат идеология. Ал, Елбасы айтқан Ясауи жолын насихаттап жүрген, елі, жері үшін жаны ұшып қызмет қылып жүргендерді қамайды, қуғын көрсетеді? Осы әділдік пе?

- Осы қаскөйлік кімге керек деп ойлайсыз?

- Бұл қастандық салафиттерге керек. Исматулла мақсыммен қанша рет кездестім. Бұл кісілерде тиын тұрмақ, тас та жоқ. Әйтеуір, елдің берген жәрдемімен қызмет етті. Кейбіреу машинасын беріп көмектеседі. Ал, сопылық ілімді ұстанушыларға қарсы шығып жүрген вххабиттерге шетелден миллиярдтап ақша келеді деп естимін. Гүлденіп келе жатқан тәуелсіз еліміздің тыныштығы, тұрақтылығы сыртқы күштерге ұнамаса керек. Бұл қаскөй ағымның негізін қалаған Абдул Ваххабты ағылшындар арбап, қаржы құйып, ислам елдерінің бірлігін, берекесін кетірді. Сол сияқты соның лаңды тырнағына ілінгендер елімізден де табылып, берекемізді алмақшы. Ата-баба салты, дінімен отырғанда мұндай проблема болып па еді қазақта?! Қазір, қолымда билік болса, еркіме жіберсе, Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін бөлдезермен жермен-жексен етер едім деп дымы құрып жүрген «тұлғалар» бар. «Асыл арна» арнасынан бір бағдарламада Ясауидің кесенесінің суретін креспен сызып, астына от жағып қойған. «Шірік» дейді. Бұл не деген сұмдық? Қожа Ахмет Ясауи біздің киеміз емес пе?

- Діндарсымақтар «шірік» деп есептейтін осындай тарихи мәдени орындардың ұлтымыз үшін маңызы қандай деп ойлайсыз?

- Ол тарих. Мәселен, мемлекетіміз Кенен атамызды құрметтеп, музей ашып, штат бөліп отыр. Мұндағы мақсат - атамыздың өнегелі өмірінен үлгі ету. Ашаршылық, соғыс, қиын қыстау заманда атамыз халқын өлеңмен тербетіп, қасіретті күндердің ауыртпалығынан сейілтіп, елдің көңілін көтерді, ән-жырымен жастарға насихат шашты. Қаншама танымдық шығармалары тағы бар. Мен ертең «шірікшіл» идеологияға өтіп кеткен өзіміздің қаракөздер осындай тарихи орындарға қиянат жасай ма деп қорқамын. Бір әспеттеп жүрген әншіміз әкесінің моласын қиратып тастаған. Әкесінің моласын аямаған залымдар кімді аяп, нені қадірлесін! Онсыз да Атырауда зиратты қиратып бастады. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бір жиында: «Ваххабиттер Меккедегі Айша анамыздың бейітін сыпырып тастаған, содан-ақ олардың кім екенін біле беріңдер!» деп айтқанын ел арасынан естідім. Керек десеңіз, пайғамбарымыздың да зиратын қиратып тастағысы келеді. Амал жоқ, дүниежүзінің мұсылмандарынан қорқып отыр. Мұндай вандализмнің Құдай бетін ары қылсын! Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі, Арыстан баб, Бекет ата, т.б. біздің тарихымыз. Соларға зиярат етіп, рухани қуат аламыз. Тарихи орындарды көргенде ойымызға ой қосылады, бабаларымыздың азаттық үшін күрескен ерлігі еске түседі. Киелі орындарымыздың ұлттығымызды, дінімізді сақтап тұрған рухани қуатын білгендіктен де дұшпан «шірік» деп шабуыл жасап отыр.

Ясауи бабамыз өлгеннен кейін Әмір Темір кесенесін салған. Орта Азияны билеген Әмір Темірге әулиеге кесене салуы неге керек? Себебі, ол Тұран даласында, түркі, ислам әлемінде жанымызға жағатын ислам дінінің нағыз ханафилік жолын үйретіп кетті. Баяғыда нағашы әжем: «Зекетсіз мал айдама», дейтін. Ясауи бабаларымыз, зекетін алып, оқымаған қазаққа дін үйретіп отырған. Елге патшаға қарсы келмеуді, патшаға бағынуды үйреткен. Хақ ислам жолындағы әулие адамды Әмір Темір басына көтеріп, кесене салды. Кесенеде қазақты ел қылған қаншама хан, би, батырларымыз жатыр. Абылай ханның сүйегі де сонда. Өзіңіз ойлаңызшы, Абылай хан орыс патшалығының Орта Азияға өтуін екі жүз жылға кешеуілдетті. Сондай бабаларымыздың әруағын қалай ұмытамыз?!

- Әрине.

- Құдайдың құлымыз, пайғамбардың үмбетіміз, дініміз - ислам, кітабымыз - Құран, мазхабымыз - Имам Ағзам, силсаламыз - Қожа Ахмет Ясауи. Аруақ деп өскен елдің баласымыз. Ел қорғаған батыр, әулиелердің атын руы ұран қылып, қуаттанған. Мысалы, біздің елдің ұраны Жолбарыс, батыр болған. Атын бәйгеге қосқанда, жауға шапқанда әр ру ата-бабасының ұранын айтатын болған. Елбасының ұраны «Қарасай». Жамбыл: «Атойлап «Қарасайлап» ұран салғанда», дейді. Біздің туымыз көк. «Бөрілі менің байрағым, бөрілі байрақ көтерсем, қозып кетер қай-қайдағым», деп Сүйінбай бекер айтпаған. Бөрілі байрақтың астына жиылып еліміз аман қалған. Мұның бәрі әуелі Құдай, екінші сол әруақтардың арқасы. Сол бабаларымыз болмаса, қазір мемлекет болып отырар ма едік?! Кейбір келімсектер құсап қаңғып жүрер едік. Ендеше неге әруақты ұмытуымыз керек! Бұларға салса, бәрі «шірік». Өздерінің не айтып тұрғанын да білмейді. Ата-баба әруағына Құран бағыштаймыз. Осы ауылда жасы жетпіске келген бір ағам мешітке барып жүр еді: «Шәкәрімің, Абайың саған не береді, оларды айтпа», дейді. Құдайтануды пікір еткен бабалардың сөзін ойыңа серік қылмасаң, жер басып жүрудің мәні не?!

- Исматулла мақсымның насихаттап жүрген ілімінің бұрынғы аталарымыз ұстанған дінтанымнан айырмашылығы қандай?

- Еш айырмашылығы жоқ. Исматулла мақсыммен танысқаныма бірнеше жыл болды. Мақсым адамды «арбап» алады деп жала айтып жүр ғой, тіпті олай емес. Менің кеудемдегі, жүрегімдегі атамның қанымен, анамның сүтімен сіңген төл идеологияны, шын дінді алып келді. Себебі, өз атам мен әкем ерте дүниеден өтті, нағашы атамның қолында тұрғанда оразада жиналып, тарауых айтып, артынан зікір салатын. «Зікір Алланы еске алу, мадақтау, зікір салайық», деп отыратын жарықтықтар. Міне, осы қазақтың ескі шалдарынан көрген қасиетті ғибадатты, насихатты осы мақсымнан естідім. Бұл кісілерде еш жауыздық жоқ. «Патша болған адамның туын көтер, мемлекеттілігіңді, елдігіңді сақта», - дейді. Қанша табақтас болдым, артықауыз әңгімесін естімедім.

- Олай болса қоғамдағы әртүрлі қауесет құбылысты қалай бағалауға болады?

- Қазақ қуғын сүргінді көп көрді. Содан сіңген үрейден деп ойлаймын. Осы ауылға екі рет «Ясауи» тобымен бірге келді. Ауыл шалдары да ата-бабасынан келе жатқан ислам руханиятын сезіндіре білгесін мақсымға дән риза болған еді. Халық жиналып, қолдайтынын айтып, мәз болысты. Мақсымды қаматып еді, көбісі теріс айналды. Соның ішінде «исматуллашы» деп менен де теріс айналды. Оған енді сан ғасырлық құлдық бұғаудың кесапатынан басқа кімді кінәлауға болады?! Зиялы қауым қолдап отыр. «Асыл кездік қын түбінде жатпайды» ғой, бұл кісі жоғалып кетпейді, бәрібір жарыққа шығады. Менің білетінім, мақсымның ертеңгі күні әруақытта жарқын, ақ болады, артынан ел ереді, оны көзіміз көреді. Оған сенімдімін.

- Аталарымның зікір салғанын көрдім дедіңіз, соны толықтыра кетсеңіз?

- Ол кезде намаз оқуға, зікір салуға күнде мүмкіндік бола бермейтін. Жасырынып жүріп, ораза кезінде бір үйге жиналатын. Мұқан деген молда және оның туған ағасы бар, ол да молда. Мұқанды «кіші», ағасын «үлкен» молда дейтін. Сосын менің нағашы атам Досым болды. Бүкіл ауылды жинап, біресе ана шалдың үйінде, біресе мына шалдың үйінде тарауых, зікір айтатын. Ол кезде мешіт жоқ, үйде жиналады. Бір жағы ауызашар, бір жағы тарауых, зікірін өткізеді. Әсіресе, зікірді Қадыр түні кешке ұзағынан салатын. Алқалап отырып, арасында түрегеп тұрып қатты дауыспен зікір айтады. Алпысыншы жылдары мен сегіз-тоғыз жастамын ғой. Сол зікір салғандарын көріп жататынбыз, қайта-қайта қарап, қызық көретінбіз. «Лә илаһа иллалла» деп көп қайталайды, арасында «хақ», «хай», «һу» деп қояды. «Я, Алла, бәле-жалаңнан қақ» дейді. Нағашы атам «хақ» деп дауыстап, селк ете қалатын. Алланың есімдерін, пайғамбарға салауат айтатын, қазір мәуліт мейрамында «Ясауи» тобы айтып жүрген «лә илаһа иллалла, Мухаммад расулалла», сосын «Он сегіз мың ғаламға имам болған Мұхаммад, Отыз үш мың асхабқа сардар болған Мұхаммад» деген хикметті сол кезде аталарым әуендететін.

- Жалақорлар Исматулла мақсымға тағы да «Иранның шпионы, ол Мәді туралы айтады» деген тәрізді айыптар тағуда.

- Айтады екен! Ер Мәдінің аты бар мұсылманға, оның ішінде қазаққа да аса қадірлі есім! Нағашы апам Нұрлан (Байжұмақызы) тоқсан алтыға келіп дүние салды, ата-бабасынан дін жолындағы адамдар еді. Руы Шымырдың ішіндегі Көкірек. Биназар деген аруақты қалпенің ауылынан. Апам тоқсан алтыға келгенше ауырмай, сырқамай жүрді. Бейнетті көп көрген, қара жұмыс істеген, ашаршылықты, соғысты бастан өткерген. Күйеуі соғыстан оралмады, кейін қайнысына әмеңгерлікпен қосқан. Сол апам: «Болғанда жерде Мәді, Иса аспанда, Бір Аллаға сыйынар ел сасқанда», - деп отыратын. Апамнан: «Бұл не әңгіме?» - деп сұрағанымда: «Е, шығарым, жер тозады, ел азады, қиыншылық заман келеді, халықты құтқару үшін Мәді шығады, көктен Ғайса пайғамбар түседі. Сөйтіп халықты жақсылыққа бастап, қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман орнайды. Шіркін, сол заманға сен де, мен де жете алмаймыз-ау, бізге алыстау сияқты! Бірақ бала-шағаң көріп қалар», - деді. Осы асыл сөзді жеткізген көне қазақтың өкілі Нұрлан апам да Иранның шпионы ма сонда? Көре алмас күншіл, жалған діншілдердің ондай сандырақтары бізге дәрі емес! Аталар көксеген, аналар аңсаған сол жақсы заман қай уақытта орнайтынын Құдай біледі ғой. Исматулла мақсым да осы Ер Мәдінің шығатыны, дінсіздіктен, қиыншылықтан құтқаратыны туралы көп айтады.

Сол Нұрлан апам тоқсан екіге келгенше намаз оқыды. Кейін намазға шамасы келмей қалды, үстелге отырып: «Лә илаһа иллалла» деп дауыстап зікір салады, артынан «Мұхаммад расулалла» деп қояды. «Апа, не істеп отырсың?», дегенде: «Зікір салып отырмын», дейді жарықтық. Бұл кісілер жүз жыл бұрынғы адамдар ғой. Бұдан кейін қазақ зікір салмаған деп кім айта алады? Зікір салу менің, қазақтың қанында бар.

Тәуелсіз елімізде осылай отырғанымыз сол кездегі ата-бабамыздың жасырын намазын оқып, үйдің есік-терезесін қалқалап отырып зікірін салып, Алладан сұраған тілегінің арқасы шығар. Тәуелсіздіктің тұғырын берік етуіміз керек. Ауғанстан, Ирак, Ливия, Сирия, Египеттің жағдайы не болды? Бүкіл араб елдері шоқтың үстінде отыр. Соның бәрі экстремистердің қолымен істелуде. Бізде де сондай ваххабиттердің қолымен жарылыс, бүлік ұйымдастырылып, артынан эсктремистерден «қорғауға», «бейбітшілік» орнатуға алпауыттар әскерін кіргізуді ойлап отыр. Исматулла ақсақал соның алдын алу үшін жұмыс жасады. «Назарбаев патшаға тыныштық беріңдер, жұмысын істесін», деген сөзі бар. «Патшаның ісіне араласпа, балаларыңның тәрбиесімен айналысыңдар» дегені ғой.

- Кенен атамыздың атындағы тарихи орынның шырақшысы ретінде айтарыңыз?

- Кенен атамыз жастайынан медреседе оқып, сауатын ашқан. Молданың тәлімін алған. Қып қызыл коммунистер «Кенен молдалықтан қашып шыққан, оқығысы келмеген» дегенді алға тартады. Бұл жалған. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей, абыз ақсақал заманың райын жақсы білген. Соғыстың алдында діндарлығы үшін және Құранын тастамайды деп, абақтыға қамалып, қайта босап шыққан да болатын. «Сұм заман абақты ғой саналыға», деп Мағжан айтқандай, Кенендей кемел тұлға үшін кеңес үкіметі абақтыдан кем болмады. Соның өзінде де Құранын тастамаған, ақ киізден басылған жайнамазы болған, жазуын араб қәрпімен жазған. Осы заттары, жазғандары біздің музейде жәдігер ретінде сақталып тұр. Діндар кісі болған. Кенен атамыз дүние салғанда кеңес үкіметінің атеистері «бұл кісіге жаназа шығарылмасын, сәбеттің адамы» деп кезекші қойған екен. Қазақ абызын қорласын ба?! Біздің ауылдың шалдары түнделетіп барып, жаназасын шығарып қояды. Ағашпен жауып, үстіне кәстөм кигізіп қойған екен. Оны алып тастап, діни жоралғысын жасап, яғни жуып, пәктеп, кебіндеп кеткен. Осы жағдайды көрген, қатысқан шалдар біздің ауылда әлі бар. Кенен атамыз өзінің кітабында «бұрынғының шалдары ақындарды жаратпайды, оларға ораза, намаз кезінде ауыл-ауылды аралап діни өлеңдерді, пайғамбарымызға мадақ өлеңдерді айтып беретінмін», дейді. Ол кісі діни өлеңдерді өте көп білген. Сөйтіп жүрген адамды қалай дінсіз деп айтамыз?!

- Неден үміт етесіз?

- Бір Алладан үмітім зор. Үмітсіз тек шайтан ғана. Әуелі Алла, сосын әруақ деп жүрген адамбыз. Ол шірік қосу емес, Алланың жолымен жүру. Мақсым «Еліміз аман, Елбасымыздың өмір жасы ұзақ болсын, тағына тақ, бағына бақ жалғасын», деп үнемі дұға қылады. Мен де соны айтқым келеді. Елбасын өзіне теріс ақпар, баға беретіндерден сақтасын. Исматулла Әбдіғаппар ағамыздың, Саят Ыбыраев ініміздің, басқа да қаракөздеріміздің жауы емес, бауыры екенін түсінсін деп Алладан күнде жатарда тілек тілеймін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Дәрмен СҮЙІНІШ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366