Сенбі, 23 Қараша 2024
4091 8 пікір 24 Желтоқсан, 2019 сағат 14:35

Сот "Қытайдан қашқан" Қайша Ақанды Қазақстанда қалдырды

23 желтоқсанда Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық соты Қылмыстық кодекстің "Шекараны заңсыз кесіп өту" бабы бойынша айыпталған Қытай қазағы Қайша Ақанның ісін қарап, үкім шығарды.

Судья Эльмира Асубаева Қайша Ақанды кінәлі деп танып, алты ай шартты жазаға кесіп, пробациялық бақылау тағайындады. Сот Ақанды Қытайға қайтармай Қазақстанда қалдырды.

Судья үкім шығарғанда Ақанның Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққанын, пана іздеуші куәлігі барын, босқын мәртебесін сұрағанын, этникалық қазақ ретінде Қазақстан азаматын алуға басым құқығы барын, Қытайда ешқандай қылмыс жасамағанын, Қытайдан Қазақстанға бірнеше рет өте алмағанын ескергенін жеткізді.

Судья Асубаева Қайша Ақанның қылмысына шын өкінетінін, ісін мойындағанын ескере отырып, шартты жазаға кескенін айтты.

Жарыссөз кезінде прокурор Арзыгүл Имярова судьядан Шыңжаң қазағын Қытайға қайтармауды, алты ай пробациялық бақылау тағайындауды сұраған. Қайша Ақанның өзі де соттан Қытайға қайтармауды және бас бостандығынан айырмауды өтінген.

Қайша Ақанның үстінен Қылмыстық кодекстің "Шекараны заңсыз кесіп өту" (392-бап) бойынша іс қозғалған. Бұл бап бойынша, "шекара бұзған адамның" айыбы дәлелденсе, бір жыл бас бостандығынан айырылып, артынша келген еліне қайтарылады.

43 жастағы Қайша Ақан 12 қарашадағы сот отырысында "шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындаған". Ол бұл қадамға "Қытайдағы қысымнан қауіптеніп барғанын" айтады. Сөзінше, Қазақстан шекарасынан 2018 жылдың 7 мамырында Қорғас кеден бекетінен саудагер әйелдермен ілесе өткен. Қайша Ақан қарашадағы сот отырысында Қазақстаннан пана сұраған.

Ол 2019 жылы тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыз жазып, шекарадан заңсыз өткені жайлы хабарлаған. Артынша ҰҚК Ақанның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Шекараны заңсыз кесіп өткен уақыттан ҰҚК-ға барғанға дейін оны "ешкім іздемеген".

Қайша Ақан – қазақ қытай шекарасын кесіп өтіп, жауапқа тартылған алғашқы қазақ емес. 2018 жылы тамызда "Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті" деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрген. Қоғам назарын аударған сот шешімімен Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шыққан.Кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен.

Бұған дейін Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы шекара бұзып, Қазақстанға өткен. Олар да "Шыңжаңдағы қысымнан қашып келгендерін" айтқан. Қазір Мұсаханұлы мен Әлімұлының үстінен тергеу жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, жақында "Қытайдан қаштым" деген тағы бір қазақ Бағашар Мәлікұлы Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371