Біз өз дәстүрімізден ұялатын халыққа айналып барамыз...
Қазір айналамызға қарасақ, бұрын болмаған қаншама мереке пайда болды. Бірінен бірі асып түсетін кештер, арнайы киімдер, безендірулер, фотосессиялар. Осының бәрін міндетті түрде жасау керек сияқты қоғамдық түсінік қалыптасып келеді.
Gender party — баланың жынысын жариялауға арналған кеш.
Әрине, дүниеге келетін сәбидің ұл не қыз екенін білу — ата-ана үшін қуанышты сәт. Оған қуануға, жақындармен бөлісуге ешкім қарсы емес.
Бірақ осы қуанышты міндетті түрде арнайы кешке, шарларға, торттарға, түтінге, түрлі шоуға айналдыру қаншалықты қажет?
Оның орнына “Құрсақ шашу” дәстүрін жаңғыртуға болады.
Болашақ ананың жанында жақын әйелдер жиналып, ақ тілектерін айтып, ананың амандығын, сәбидің саулығын тілеп, өнегелі әңгіме өрбітсе. Бұл — жай ғана басқосу емес, анаға қолдау көрсететін, отбасының қуанышын бөлісетін мәнді отырыс болар еді.
Түнгі сағат 12-ні күтіп, туған күн иесіне бірінші болып құттықтау айтып, отшашулар, көршілерінің мазасын алып шулау, түнде дастархан жаю қазір ерекше дәстүрге айналды. Бір-бірімізге түнгі 12-де сыйлық ұсынғаннан гөрі, күндіз отырып шынайы әңгімелесіп, ақ тілек айтудың құны жоғары болушы еді. Туған күн иесіне жақындары жиналып, әрқайсысы жүректен шыққан бір тілегін айтса. Біреуі өткен өмірінен жақсы естелігін бөліссе, біреуі алдағы өміріне ақ батасын берсе.
Түрлі мамандықтың киімін киіп, цветной partyдың орнына “Ұлттық мұра кешін” ұйымдастырайық.
Әрине, достардың көңіл көтеруіне қарсы емеспін. Бірақ неге сол көңілді қазақы таныммен, ұлттық мазмұнмен байытпасқа?
Бірі әжесінен қалған бұйымды көрсетіп тарихын айтсын, бірі атасынан естіген әңгімесін айтсын. Бірі домбыра тартсын, бірі терме айтсын, бірі ұлттық тағам әзірлесін. Кештің соңында бір-бірімізден бір нәрсе үйреніп қайтамыз.
Хэллоуиннің орнына — “Ақ сүйек” ойнайық.
Біз неге жыл сайын өзге елдің қорқынышты кейіпкерлеріне еліктеп, бет-әлпетімізді бояп, түрлі костюм киіп, Хэллоуин кештерін ұйымдастыруға соншалықты қызығамыз?
Өзіміздің ұлттық ойындарымызды неге сәнге айналдырмаймыз? Хэллоуиннің орнына “Ақ сүйек” фестивалін өткізуге болады.
Біреудің қорқынышты кейіпкерін сомдағаннан гөрі, өзіміздің ұлттық ойынымызды жаңғырту неге мақтаныш болмасын?
“Ауылға сағыныш” кешін ұйымдастыруға болады.
Біздің буынның балалық шағы қандай еді? Ауылдың кеші, самауырынның буы, әженің әңгімесі, атаның шежіресі, көрші-қолаңның басқосуы.
Достар мен құрбылар жиналып, ұлттық тағамдар әзірлеп, самаурын қойып, бала күнгі әндерді айтып, ескі естеліктерді еске алсын.
Әркім өзінің балалық шағындағы бір қызықты оқиғасын айтсын. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді еске түсірсін.
“Шежіре және бата” кеші — үлкендерге де, жастарға да ортақ мереке.
Отбасында, әулетте бір күнді шежіре мен батаға арнасақ.
Үлкендер ата-бабалары туралы әңгімелесін. Жастар жеті атасын білсін. Әжелер ескі әндерді айтып, аналар ұлттық тағамдардың тарихын бөліссін.
Аталар ұрпаққа ақ батасын берсін.
Бұл кеште ең қымбат сыйлық — ата-бабаның өнегесі, ең бағалы мұра — үлкендердің аманаты болар еді.
Өйткені тамырын танымаған ұрпақтың болашағы да бұлыңғыр.
Қорыта айтар болсам, мерекенің мәні - қанша ақша жұмсағаныңда емес, қанша адамның көңіліне қуаныш сыйлағаныңда.
Басқосудың сәні — қымбат киімде емес, жақсы әңгімеде.
Дәстүрдің құны — оның көнелігінде емес, ұрпаққа берер тәрбиесінде.
Ұлттық құндылықты сақтау — өткенге оралу емес, тамырыңнан ажырамау.
Берік Ағыбаев
Abai.kz