Ерлігі елге – мұра, ұрпаққа - өнеге
Желтоқсанның 24-ші жұлдызында бабамыздың кең қолтық шекпеніндей далиған кең-байтақ қазақ даласының бір пұшпағындағы Момыш ақсақалдың шаңырағында көптен күткен ақ жарылқап күн туып, Бауыржан атты сәби өмірге келіпті. Арғы түбі Құли батырдан желі тартатын Ақментей, Ақмолда батырлар шыққан әулетте дүние есігін ашқан кішкентай Бауыржанның қанды қасап 2-ші дүниежүзілік соғыста даңқы жер жарған батыр боларын, дүниежүзіне аты жайыларын, күллі қазақтың мақтанышына айналарын ол кезде үлкен-кіші туыстары білді ме екен, ә?
Иә, бүгінде Бауыржан Момышұлы атамызды білмейтін қазақ жоқ. Заман озып, уақыт өткен сайын кейінгі толқын жас ұрпақ қаһарман атамыздың атын қастерлеп еске алып, ұрпақ жадына мәңгі тоқу үшін түрлі іс-шаралар атқарып келеді. Соның бір мысалындай 2019 жылдың 24 желтоқсанында Қарадаланың шалғай бір түкпіріндегі шағын ғана Шошанай ауылының орта мектебінде мектеп директоры Ұ.С. Шабаданов бастаған ұстаздар қауымының жетекшілігімен әйгілі батыр атамызды еске алуға арналған іс-шара өтті. Мектеп директоры Ұ.С. Шабадановтың айуынша «бұл әдеттегі іс-шара емес. Қазіргі уақытта жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығы төмендеп кеткені бәрімізге белгілі жайт. Сол олқылықты қалай жойып, жас өрендердің кітапқа деген қызығушылығын қалай ояту керек деген сұрақтар мені де көптен бері мазалап жүр еді.
Ойлана келе «өзіміздің даңқты батырымыз, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атамыздың өмірі жас ұрпақты қызықтырады ғой. Демек, сол кісінің артында қалған мұраларын оқыту арқылы ұрпақ бойында кітап оқуға деген қызығушылықты оятуға болады», - деген шешімге келдім. Осынау іс-шараға дайындық бізде жыл бұрын басталды десек те болады. Біз 7-11 сынып оқушылары арасында Батыр атамыздың «Арпалыс», «Ұшқан ұя» атты кітаптарын оқытуға кірістік. Оқушыларымыз аталған шығармалармен толық танысқан соң Б.Момышұлының туған күніне орай осы іс-шараны өткізуді жоспарладық. Бұл бір жағынан оқушыларды кітапқа қызықтыру болса, екінші жағынан кітаптарын дүниежүзі таласа оқып, әскери әдіс-тәсілдерін әлем мемлекеттері өзінің әскери-соғыс өнеріне пайдаланған атамызды тереңірек тани түсу болды. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ», - демекші, батыр атамыз зейнетке шығып еліне оралғанда ол кісінің өзінің теңіздей талантына сай оңды бір қызмет тауып бере алмағанымызбен шағын ғана Израил мемлекеті өзінің әскерлеріне қарумен қоса А. Бектің «Арпалыс» кітабын бірге беретінін естіп бір жағынан өкіндім, екінші жағынан мақтандым», - деп айтып өтті.
Іс-шара екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде 7-11 сынып аралығында оқушылар Б. Момышұлының жоғарыда аталған шығармалары бойынша кәдімгідей емтихан тапсырып, өздерінің білімі мен біліктілігін көрсетті. Бір қуанарлығы сұрақтан мүдірген оқушылар болмады. Екінші бөлімде Батыр атамыздың шығармаларынан көрме ұйымдастырылып, ол кісінің туып-өскен ортасы, әскери өмірі, 2-ші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әскери-тактикалық таланты, соғыстан кейінгі өмірде өзі айтпақшы «Әдебиет» атты майданда тыңнан түрен салып, қазақ әдебиетіндегі «Әскери әдебиет» жанрының негізін сала отырып, халқына екінші рет өлшеусіз қызмет көрсеткені туралы өнегеге толы мәліметтер беріліп, оқушыларға қаһарман атамыздың өмір жолы үлгі ретінде таныстырылды.
Өткеніне үңілмеген елдің болашағы да бұлыңғыр. Ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың бұрынғы-соңды адал ұлдарының, бірегей тұлғаларының, Ұлы адамдарының өмір жолының алатын орны да ерекше. Шошанай орта мектебінде өткен бұл игі іс-шара болашақта да өз жалғасын тауып, орта мектеп ұстаздары Ұлы тұлғаларымызды ұлықтау арқылы жас ұрпақ санасына Отансүйгіштік, еліне адалдық, халқына қалтқысыз қызмет көрсету сынды қасиетті сезімдерді сіңіре беретін болады.
Қожантаева Лиза Сатыбалдықызы
Шошанай орта мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Abai.kz