Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 6036 0 пікір 5 Қыркүйек, 2011 сағат 04:18

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ: Ата кәсіпті жалғастырып, қазақтың жерін малға толтыру керек

- Жақсылық аға, үлкен спорттағы жетістіктеріңіз бәрімізге кеңінен таныс. Ал соңғы кездері жаңа бір тұрғыдан, іскерлік қырыңыздан танылып жүрсіз. Айтыңызшы, қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы қазақтың ата кәсібіне қалай келді, не себеп болды?

- Спортпен кәсіби түрде айналысу оңай ма?! Мен 15 жыл күреспен кәсіби айналыс­тым, одан кейін де спорттан қол үзген жоқпын. Ал күресшілерге түсетін салмақ аз емес. Үнемі жабық спорт залында жаттыға­сың, кілемнің шаңын жұтасың, дене жүкте­месімен қоса, үлкен эмоционалды жүктеме де бар, жаттықтырушы болсаң да, үнемі балалар үшін күйіп-пісіп жүресің. Осының бәрі - ағза үшін өте үлкен салмақ. Содан осы 2000 жылдардың басында жүрегім ауырып, инфаркт алдым. Дәрігерлер «өмір бойы күрестіңіз, осы да жетер, енді ауыл жақ­қа барып, таза ауада жұмыс істеңіз, еш­кі­нің сүтін ішіңіз, күтініңіз» деген соң, Балқаш ауданына бардым. Ол кезде бұрын бірге күрескен, өзім жақсы танитын Әмір Құлмаханов деген азамат аудан басшысы еді. Не керек, өтінішіме қарай Бақанас жақ­тан аздап жер берді, 150-дей ешкі сатып алып, шағын ғана шаруашылығымды бас­та­дым. Сүтімен емделдім, Іленің табиғаты қандай, суы қандай - соның бәрі әсер етсе керек, жақсы болып кеттім. Ол кезде үлкен қожалық жасаймын деген ойымда болған жоқ, бәрі денсаулықтың қамы еді.

- Жақсылық аға, үлкен спорттағы жетістіктеріңіз бәрімізге кеңінен таныс. Ал соңғы кездері жаңа бір тұрғыдан, іскерлік қырыңыздан танылып жүрсіз. Айтыңызшы, қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы қазақтың ата кәсібіне қалай келді, не себеп болды?

- Спортпен кәсіби түрде айналысу оңай ма?! Мен 15 жыл күреспен кәсіби айналыс­тым, одан кейін де спорттан қол үзген жоқпын. Ал күресшілерге түсетін салмақ аз емес. Үнемі жабық спорт залында жаттыға­сың, кілемнің шаңын жұтасың, дене жүкте­месімен қоса, үлкен эмоционалды жүктеме де бар, жаттықтырушы болсаң да, үнемі балалар үшін күйіп-пісіп жүресің. Осының бәрі - ағза үшін өте үлкен салмақ. Содан осы 2000 жылдардың басында жүрегім ауырып, инфаркт алдым. Дәрігерлер «өмір бойы күрестіңіз, осы да жетер, енді ауыл жақ­қа барып, таза ауада жұмыс істеңіз, еш­кі­нің сүтін ішіңіз, күтініңіз» деген соң, Балқаш ауданына бардым. Ол кезде бұрын бірге күрескен, өзім жақсы танитын Әмір Құлмаханов деген азамат аудан басшысы еді. Не керек, өтінішіме қарай Бақанас жақ­тан аздап жер берді, 150-дей ешкі сатып алып, шағын ғана шаруашылығымды бас­та­дым. Сүтімен емделдім, Іленің табиғаты қандай, суы қандай - соның бәрі әсер етсе керек, жақсы болып кеттім. Ол кезде үлкен қожалық жасаймын деген ойымда болған жоқ, бәрі денсаулықтың қамы еді.

Әуелде жолдастарым «есің кетсе, ешкі жи» деген, бай болатын адам осылай ешкі бағады» деп келекетіп, «ешкілі бай» деген атақ та беріп, күліп жүретін. Бірде: «Жәке, Олимпиада чемпионының ешкі бағып жүргені ұят болар, атыңа сай болсын, одан да ірі қарамен айналыс», - деді жігіттердің бірі қалжыңдап. «Жарайды, оны да кө­ре­йін», - деп, алдымен сиыр малынан баста­дым. Негізі, кезінде Семейдің зооветеринар­лық институтын бітіргенім бар, мамандығым - зоотехник, бәрі - өзіме таныс нәрсе. Сол кездері асыл тұқымды мал басын көбейту, мал тұқымын асылдандыру деген мәсе­лелер жаңадан көтеріліп жатқан. Ақыры мал ұстағаннан кейін асылын ұстау керек қой, мен де ел аралап, тұқымы жақсы мал іздедім. Алдымен сол жерде бұрын қандай мал жерсінгенін білдім. Бақсам, бұрынғы облыс басшысы Серік Әбікенұлы Үмбетов біраз жыл директор болып істеген Желто­раң­ғы деген ауылда (Қонаев атамыздың ата-бабаларының тұрған жері ғой) амери­калық санта-гертруда тұқымымен будан­дасқан жергілікті етті бағыттағы тұқым болған екен. Америкадан 50-60 жылдары әкелінген тұқым әбден жерсініп, қазақтың қызыл сиыры атанып кеткен, ыстыққа да, суыққа да төзімді бизон тұқымдас мал екен, соның біразын таптым. Қалғанын Жаркентке іздеп барып, Балабек деген ақ­сақалдан сатып алдым. Бас-аяғы 150-дей тұқымы бұзылмаған мал жиып, бәрінің пас­портын жасатып, «асыл тұқымды мал өсі­ретін шаруашылық» деген статус ал­дық.

Сонымен қатар жылқы да ұстайын деп шештім. Жезқазған жақтан іздеп барып, 60 шақты бас қазақтың жабы тұқымды жыл­қысын таптық. Ресейдің Таулы Алтайынан жергілікті алтайлық тұқымды, Шығыс Қазақстаннан «күршім» тұқымын, Ақтөбе жақта «мұғалжар» деген тұқым бар, оны алдық, оларды будандастыра бастадық. Не керек, спорттағы тәрізді енді малмен де кәсіби айналысып кеттім.

Кеңестің құрамасында жүргенде менің лақап атым «директор» еді. Ол кезде Се­мей­ден ұшақ бірде ұшады, бірде апталап ұшпай қалады, спорттық жиындарға кеші­гіп келемін, мен келе жатқанда жігіттер «міне директор да келді» деп күлетін. Осыдан екі жыл бұрын болуы керек, Дәулет Тұрлыханов інім төрешілерді жинап, үлкен жиын өткізді. Тарайтын кезде: «Аға, құрдас­тарыңыз, әріптестеріңіз ғой, мына Олим­пиа­да чемпиондарын өзіңіз жақсылап қы­дыртып, шығарып салсаңыз», - деп өтініш айтты. Қонақтарымды Үшқоңыр жайлауына алып барып, аралатып, тай сойғызып, көкпар тартқыздым, кеңшарды көрсеттім.  Ілеге барып, балық аулаттым, не керек, сондай бір жақсы басқосу болды. Сонда ғой, әлгі жігіттер: «Құрамада жүргенде «клич­каң» ғана «директор» еді, нағыз ди­ректор енді болыпсың», - деп, әбден күлге­німіз бар.

Солай, болайын деп болмайды екенсің, өмірдің өзі болғызады екен.

- Ал қазір басқарып отырған Мыңбаев атындағы ұжымға қалай келдіңіз?

- Бірде облыс басшысы, танымал аза­мат, досым Серік Үмбетов шақырып алып: «Жақсылық, кейінгі кезде малмен айна­лы­сып жүрсің ғой, енді мына шаруаны қолға алып көрсеңші. Кезінде спорттың да талай шыңын бағындырып едің, енді бұл салада да айта жүрерлік істер атқар. Бұл жер кеңес кезінде дүрілдеп тұрған атақты ауыл еді, бүкіл одақтан адамдар келетін көрме де болған, Қонаев атаңның өзі осында жиі келіп тұратын, енді соның жұмысын жолға қою керек, мына тұралап жатқан ауылды көтер», - деп қолқа салды. Содан ауылды ке­ліп көрдім. Құдай салмасын, ғимарат­тардың бәрі тоналған, астық сақтайтын қой­ма қираған, гараж құлап жатыр, су жоқ, шам жоқ, жол жоқ, ауыл әбден тозған, шы­нын айту керек, жүрегім шайлықты. Бірақ сөз беріп қойған соң, орындау керек, айна­лып шығып кете алмайсың, намысқа ты­рыс­тым. Не керек, бір топ адам «конторға» жиылдық, оның төбесінен су сорғалап тұр. Сол жерде бір кейуана еден жуып жүр екен, әдейі естіртіп: «Қараңқалғыр, өстіп әркім бір келіп, ауылды жеп-жеп кетеді осындай айдаладан келген біреулер, мынау басқарып, не қарық қылар дейсің?!» - деп бұрқылдап жүр. «Апа, - дедім. - Мына алды­ңызда тамшылап тұрған не?» «Е, су ғой, әдіремқалғыр», - дейді. «Көрдіңіз бе, бүкіл ауылдың үстінен осылай су сорғалап ағып тұр. Мұнда оңай пайда тапқысы келетін, ауылды жейтін біреу келмейді, тек ауылды көтеретін, осы суды тоқтатамын деген адам ғана келеді. Мен үлкен кісілер­дің сенімін арқалап, осыны қолға алу үшін келіп отырмын. Менің мақсатым - осы жерден байып кету емес, бұрын спортта қан­дай жетістіктерге қол жеткізсем, сол тә­різ­ді еңбекте де сондай нәтижелерге жету, елге жұмыс тауып беру, ауылды көтеру. Сол үшін де еңбектену керек, ал табысты еңбек ету үшін алдымен ауызбірлік керек», - дедім.

Сонымен, жұмысты бастадық, тек астық қоймасын жөндеудің өзі 15 млн теңгеге түсті. Жаңадан қашалар салдық, бұрынғы қой қыстататын кешендер ғой, үйі бар, қорасы бар, моншасы бар, оның әрқайсы­сына 6 млн теңгеден жұмсалды. Көшеге асфальт төсеттім, электр бағандарын қой­ғызып, жарық тартқыздым, тіпті кеңес үкіметінің қолынан келмеген шаруа - ауыл­ға газ да жеткіздім. Техника алдық, мал алдық, ғалымдармен бірлесіп жұмыс істей бастадық, қазір ауылда екі бірдей білікті зоотехник-селекционер жұмыс істейді. Оннан аса трактор, жаңа комбайндар, үлкен жүк машиналарын, түрлі техникалар сатып алдық. Ұжымда 70-80 адамға тұрақты жұмыс табылды, 60-70 мың теңге айлық алады, жыл соңында шығымына қарай астық пен жем-шөпті бөліп беремін, сыйақы ретінде мал беремін, мұның бәрі ауыл адамдары үшін үлкен демеу ғой. Науқан кездерінде жақын ауылдардан 80-дей кісі жұмыспен қамтылып, тегін тамақ­та­нып, әрі жалақысын алып жатады. Осы­ның бәрі қандай еңбекпен келді десеңізші! Қазірдің өзінде кеткен шығын 3 млн долларға жетіп қалды. Бірақ ауыл тоқырап тұрғанымен, оның басты байлығы жер екен. Жер болғанда қандай! Жайлауы - түгін тартса, майы шығатын Үшқоңыр, тау баурайында өзен жағалай мал жаятын 35 мың гектардай жер бар, мал өсіру үшін өте қолайлы. Енді сол жердің бәрін малға тол­тырып, егінін жайқалтып, халқын байыту керек. Түліктің түрін де көбейте бастадық, қой санын көбейттік. Түйелеріміздің өрісі - Балқаш ауданындағы Қаншеңгел деген жерде. Жылқышы, түйешілерім қымыз бен шұбат жасап, саудаға шығарып жүр. Біле білгенге мал деген берекенің басы ғой.

- Жұмысты бастағанда қандай ойламаған қиындықтарға кездестіңіздер?

- Қай жұмыстың болсын өз қиындығы бар. Бастан өткеннен кейін біліп жатырмыз ғой, мал өсіру деген таңертең өргізіп, кешке иіріп, қораға айдап келе салатын жұмыс емес екен. Жатпай-тұрмай, демалыс-мейрамға қарамай, күндіз-түні еңбектенуің керек. Біз ең алдымен іздендік. Ата кәсіптің бүгінге жеткен қандай технологиялары бар, кеңес кезінде жұмыс қалай ұйымдастырыл­ды, әлемдік шаруашылықта қандай жаңа­лықтар болып жатыр - осының бәрін үй­лес­тіре білу керек. Шетелге шыққан сайын олардың ауыл шаруашылығында не болып жатқанын білуге тырысамын, жолсапармен болған кездерде аралап, әйтеуір, сәл нәрсе болса да үйреніп қайтуға ұмтыламын. Таяуда Әлем чемпионатына барамыз, сол кезде Түркияның шаруашылықтарын ара­лап көрмекшімін. Одан соң қазан айының басында Францияда үлкен ауылшаруа­шы­лық көрмесі өтеді. Оларда сиырдың шароле деген етті-сүтті тұқымы бар, соны алып келіп, әулиекөл тұқымымен будандастырсам деймін. Сондықтан да алдымен селекцияға үлкен мән беру керек.

Одан кейін мына мал аурулары да - өз алдына бір қиын жұмыс. Жылқы мен түйе, қой малы ауруға онша бой алдыра қоймай­ды, ал сиыр жарықтық өте кірпияз екен. Оны да басқа түскеннен кейін біліп отыр­мыз. Бірақ оған да бейімделдік, мемлекеттің көмегі бар, өзіміз қосымша дәрі сатып ала­мыз, емдейміз, әйтеуір, икемделе баста­дық. Әйтпесе бар еңбегің еш кетпей ме?!

Тағы бір қиындық - еңбек тәртібі. Оны талап етемін деп көбіне жеккөрінішті боласың, бірақ жұмыс жалпақшешейлікке қарамайды ғой. Көрші ауылдар малын жақсы бақпайды, бұқалары біздің табын­дарға қосылып кетіп жатады, жақсы емдел­меген, тұқымы нашар, араласқан соң, біздің тұқымды аздыруы мүмкін. Ал бізде небір асыл тұқымды малдар бар, бәрі - шетінен тұнып тұрған генофонд, оның бәрі еңбекпен келді, қаншама қаржы кетті, соны түсінбейді кейбіреулер. Қазақбай­шылыққа салып, салғырт қарайды. Ал біз малды кү­тіп, баптап үйрендік. Тіпті малға таңба сал­ғанда да бұрынғыдай күйдіріп баспаймыз, ол малға ауыр, жара болады, біз қазір температурасы -196°С болатын сұйық азот­­ты пайдаланамыз. Малдың түгін кәдім­гі ұстарамен қырып, тазалап барып, таңба­лаймыз. Жұмысыңа тиянақты қарау осын­дай майда шаруалардан басталады.

Менің бір мақтан тұтатыным - ауыл ұжымының оң көзқарасына ие болғаным. Басында қалай қарсы алғанын айттым ғой, қазір мұндағы 100 адамның 70-і мені қол­дайды. Қалғандарының ішінде жақтырмай­тындар да бар, арыз жазатындар да бар, бірақ халықтың басым бөлігі еңбегімізге көз жеткізген соң, сенім білдіріп, қолдау танытып отыр. Таяуда ауызашар бердім, сол кезде қарияларға айттым: «Ал, аталар, апалар, көріп отырсыздар, көп нәрсеге қол жеткіздік, осыдан төрт жыл бұрын не бар еді осында, ал қазір қандай жағдайда отыр­мыз? Осының бәрі - сіз бен біздің еңбегіміздің арқасы, ауызбірліктің арқасы, бір-бірімізге деген сенімнің арқасы», - деп. Бәрі ризашылықтарын білдіріп жатыр. Мейрам сайын көкпар беремін, онда да атты қызылмай қылып шаба беру үшін емес, жастар ұлттық ойындарды үйренсін деймін. Қазір кеңшарда спорт мектебін салдырып жатырмын, біткен соң, ауданның балансына бермекшімін. Малдың басы көбейді, сиыр - 3 мыңға, жылқы да сол ша­ма­лас, түйе саны мыңға жетті, әлі де көбейтуіміз керек. Басқа да жоспарланған жұмыстар көп, мал бордақылайтын алаң­дар, өнім өндіретін, шикізатты іске жарата­тын шағын цехтар орнату дегендей. Ұқсата білген адамға жұмыс та жетеді, оның қайтарымы да болады. Өзгелер сияқты сол қаржының бәрін саудаға салсам, бас ауыртпастан-ақ дүние табар едім, бірақ ол мақсат емес. Туған жеріңнің шын патриоты болсаң, елмен бірге байып, бірге көркеюің қажет. Қиямет жұмыс, бірақ бір нәтижеге қол жеткізген кезде көппен бірге қалай қуа­насың! Осының өзі - еңбегіңнің шын награ­дасы. «Елің аш болса, тоқпын дегенің - өті­рік, елің тоқ болса, ашпын дегенің - өтірік» деген халық даналығы бар емес пе?! Біз осыны ұстануымыз керек.

- Осы жұмыстардың бәріне мемлекет тарапынан қандай да бір көмек болды ма?

- О, болғанда қандай! Бұл өзі қызық болды, алғашында бір жылға дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті орын­дарымен шартпа-шұрт ұрсысып жүрдім. Олар құжаттарды дұрыстап дайындауымды сұрайды, мен көмектескілерің келмейді деп өзеуреймін, сөйтіп жүріп, біраз уақыт жоғалтып алдық. Соңыра байқап отырсам, менікі жөн емес екен. Ол қаржы - мемле­кеттің, яғни халықтың қаржысы, оның қай­тарымына кепілдік бермей, барлық жағ­дая­тын дұрыс рәсімдемей жатып, бәріне бірдей тарата берсе, не болмақ? Қаржының да қайтарымы, оған деген жауапкершілік бар емес пе?! Содан арнайы заңгер жалдап, барлық ісқағазды зерттеп, құжаттардың бәрін талапқа сай етіп реттеттім, бухгалтер­лік есеп, өзге де жазбалар, есеп берулер - бәрін жөнге келтіріп, алдарына алып бардым. Ондағы жігіттер жауапкершілікпен қарағаныма, істің мәнін түсінгеніме дән риза болды. Сөйтіп барып, несиелендіруге жол ашылды, бірқатар бағдарламаға іліндім. Қазір мемлекет бізге 500 млн тең­геге дейін өсімі төмендетілген несие беруге дайын. Алғашқы траншын алдық, қалған соманың бәрін жарата қоймаспыз, бірақ бұл бізге өте үлкен көмек болды. Оның сыртында арнайы субсидия, дотациялар бар, мал емдеуге берілетін көмектің өзі қандай! Арзандатылған жанармай алып жатырмыз, осының бәрі мемлекеттің қам­қорлығы емей, немене?!

Украинада болғанымда ондағы кәсіп­керлермен сөйлестім, оларда мұның бірі жоқ, үкімет бір тиын бөлмейді екен. «Шір­кін, қазақтар, жағдайларың қандай жақсы! Бізде осындай көмек болса, Еуропаның нарығын жаулап алар едік. Сендердің Президенттерің халық шаруашылығын жақсы түсінеді, бұл деген көрегендік қой! Бұдан кейін ауыл шаруашылығы қалай дамымайды?!» - деп жатып кеп таңғала­ды.

Көрдіңіз бе, шетелдегілер түсініп отыр, ал біздің кей жігіттер осыны ұққысы кел­мейді. «Бәрі - бюрократтар, босқа отыр, көмектеспейді» деп ренжиді. Мен оларға ұдайы «егер шынымен өскілерің, дамығы­ларың келсе, көмек алғыларың келсе, алды­мен өздерің өсіңдер, ал бірден өсе алмайтын болсаңдар, қосылыңдар, іріле­ніңдер, өйткені сенің 10-15 сиырыңа ешкім дотация бермейді, ал он адам бірлесіп, 300 бас мал жинаңдаршы, мемлекеттің өзі сендерге келеді» деймін. Расында да, ірілену керек, бірігу керек, онсыз ұсақ шаруашылық бәсекелестікке жарамайды. Оның үстіне он сиырың болсын, 100 сиы­рың болсын, жұмсалатын еңбек бірдей ғой. Қазіргі заманда ірі, тауарлы өндіріс болмайынша, әлемдік нарықта ешкімге бәсекелес бола алмаймыз. «Ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деген психология жүрмейді қазір. Аздаған малмен әр төбенің басында отырғанша, бірлесіп жұмыс істеу керек, бір қазақ екі сиырдың соңында жүрсе, не болғаны?! Қазір бірлесудің өркениетті жолдары көп қой: бұрынғыдай колхоз бол, қазіргіше акционерлік қоғам бол, ұжым бол, тек шаруашылығың ірі, мем­лекетке әріптес бола алатындай бол­сын. Демек, қазаққа ең алдымен ауызбір­шілік, татулық керек, сонда ғана ісі алға баса­ды.

Министрлік, шынында да, қолынан кел­ген көмегін аяп отырған жоқ. Соңғы жыл­дары ауылға бөлінген қаржы мил­лиар­д­таған долларды құрап отыр. Қазіргі министріміз Асылжан Мамытбеков деген азамат - жас та болса, тәжірибелі, білікті жігіт. Біз сияқты кәсіпкерлерді жинап, «бы­лай етсек, қалай болар еді» деп, «шетелде мына мәселе былай шешіледі екен, осыны өзімізге әкеле аламыз ба» деп, ақылдасып отырады. Бұл дегеніңіз бізге, еліміздің мамандарына деген сенім, үлкен қамқор­лық деп түсінуіміз керек.

Иә, мемлекет осылай қол ұшын созып, көмегін ұсынып отыр. Бірақ мені қынжыл­татын нәрсе: осы қаржылық демеуді алғандардың біразы оның жауапкершілігін түсінбей, салғырт қарап, басқа бір жұмысқа салып жіберіп, қайта шығара алмай, не мал жоқ, не тірлік жоқ, жүргендері. Мем­лекет оны түбінде бәрібір қайтарып алады, бірақ сенім деген, жауапкершілік деген, намыс деген қайда қалады?! Мен осыны түсінбеймін. Еңбек адал болуы керек, сонда ғана оның жемісі болады, осыны ескере білсек...

- Спорттағы тәрізді ендігі кәсібі­ңіз­де де ізбасарларыңыз бар ма?

- Шынымды айтсам, осы сұхбатты қазіргі жастарды ауылға тарту, ата кәсіпке шақыру үшін, соларға үлгі болу үшін беріп отырмын. Келіп, ақылдасатын жігіттер көп, бірақ бәрі бірдей мәселенің мәнін біле бер­мейді. «5 гектар жер алып, тоған жасап, балық жіберсем, қалай болады» деп сұрай­ды бірі. Бәріне айтарым: ондай жобалардың бәрі жақсы, бірақ ата кәсіпке басты көңіл бөлу керек. Кезінде Президентіміз «әр ауылдан бір мықты жігіт шықса, ауылымыз гүлденіп, мемлекетіміз дамитын еді» деп айтып еді. Қалада қалталы жігіттер көп, ақшаларын неге саларын білмей жүргендері де табылады. Алматыда үй бағасы өскенде ақшаның бәрін соған салып, күйіп кеткен­дер де бар. Ол қаржының бір бөлігін малға салса, оған дұрыс қараса, жұмысын жолға қойса, ондай тәуекел болмас еді ғой. Дү­кен, дәмхана ашып, соны місе тұтып жүр­гендер көп. Бірақ сол дүкен асып кетсе үш адамға жұмыс береді, ал ауылға сол қаржыны салса, кемінде 20 адам жұмыс табар еді, өзі де қоңданар еді. Бос тұрған, қаңырап қалған ауылдарымыз қаншама! Солардың бәрін қайта көтеруге болады. Қазір алыс, шалғай дейтін жер жоқ, тех­никаның заманы ғой. Ал қалталыларымыз­дың көбі артық тірлік істеуге ерінеді, ақшасын банкке салып, тыныш жатқанды жақсы көреді. Ал сол депозитке салды делік, жылына қанша өсім көреді? Асып кетсе, 10 пайыз ғана! Сол ақшасына 100 бас мал алсыншы, келесі жылы - 200, арғы жылы 300 болып өсе береді, тек жайын таба біл. Біз сол жалқаулықты, еріншектікті жеңе білуіміз керек.

Таяуда Елбасы саланың алдына «ет экспортын жылына 60 мың тоннаға жеткізу керек» деп мақсат қойды. Мен қазірдің өзінде жылына 200 тонна ет өткізіп отыр­мын. Болашақта оны 1 мың тоннаға жеткіз­сем деген жоспарым бар. Ал енді мен сияқты 60 жігіт шықса, 60 мың тонна деген не, тәйірі?! Қазақстаннан осындай 60 емес, кемінде 6 мың азамат табылуы керек қой. Сондықтан да мен қалталы азаматтардың бәрін елге, ауылға, кіндік қаны тамған жерге қызмет етуге шақырамын. Қалтаға емес, халыққа қызмет етсең, ондай істің игілігі міндетті түрде болады.

- Әңгімеңізге рақмет.

 

Алашқа айтар датым

Мына қазақтың сайын даласын малға толтыруымыз керек. Сонда ырыс та, береке де болады. Атам қазақ «білектің күшімен, найзаның ұшымен» қорғап, бізге қалдырып кеткен мұрамыз - бұл. Егер қазақ кезінде кетпен арқалаған отырықшы халық болса, судың бойын жағалап, аз ғана жерді қоршап алып, соған сауымын айтып, топталып отыра берер еді. Біле білсең, кезінде қазақтың малы осы далаға сыймай жатқан. Неше мыңдаған жылқы айдатқан байлар өткен, қойдың санына жетпеген. Сондықтан да аталарымызға осындай ұлан-ғайыр дала керек болды. Біз бүгін «жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орындамыз» деп мақтансақ, бұл - сол бабаларымыздың еңбегі. Көрдіңіз бе, бабадан қалған ата кәсіптің арқасында осындай ұлан-ғайыр жерге ие болып отырмыз. Ал сол жердің астындағы қазба байлықтарды бүгінгі ұрпақ игеріп жатыр. Кезінде әдебиетте сонша жамандаған қазақтың байлары ұрпағына осындай мемлекеттің негізін қалдырып кеткен, білсеңіз.

Ал қазір сол ата кәсіпті ескермейтін, менсінбейтін байларымыз шықты. Олардың бір көлігінің өзі бір ауылдың малымен пара-пар. Сол жігіттердің бәрі ауылдан шықты, түп-тамыры - сонда, енді солар келіп, даланы гүлдендірсе екен деймін. Алып-сатудың заманы өтті ғой, енді шын азамат болса, ауылын көтерсін! Бұл бәрі жұмысын тастап, ауылға көшіп келсін деген сөз емес, қаласында тұра берсін, бірақ ауылын да ұмытпасын. Қаржысының аз ғана бөлігін ауылға салсын, елге жұмыс берсін, ата кәсібімізді жалғасын, қорасын малға толтырсын, өзі де байысын, жерімізді де малға толтырсын. Қазақты мыңдаған жыл асырап келген ата кәсібіміз қазір табыссыз болып қалған жоқ, ол - біздің қанымызда. Ал қазақтың даласында құрық шаншитын бос жер қалмай, үйір-үйір жылқыға, отар-отар малға толып, қызу еңбек қайнап жатса, сонда кім бізге «мынаның жері қаңырап бос жатыр» деп көз аларта алады?!

Автор: Берік ТҰРҒАНБЕКҰЛЫ

http://alashainasy.kz/person/27078/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1543
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6088