Сенбі, 23 Қараша 2024
Жанайқай 4934 9 пікір 9 Қаңтар, 2020 сағат 11:24

Отанымыз өзектен тепкен жоқ, бірақ кезектен шығарып тастамақ...  

Редакциядан: 30 желтоқсан, 2019 жылы «Abai.kz» сайтында ақын, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибектің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазған «Қандастарыңызды баспанасыз тастамаңыз...»  атты «Ашық хаты» жарияланған болатын.

Бүгін редакциямыздың электронды поштасына аталған мәселенің шындығы мен өзектілігін дәлелдейтін Кундуз Ибраимова атты қандасымыздың хаты келіп түсті.

Хат мазмұнына қарағанда, алдағы жерде мұндай жағдайлар тіпті де көбейе және ушыға түсуі мүмкін. Үкімет қандастарымыздың баспана кезегіне қатысты заңнаманың шикі тұсын уақыт өткізбей түзетеді деп сенеміз.

 

Қазақстан  Республикасының

Президенті Қ.К.Тоқаевқа

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мен отбасыммен 2009 жылы Өзбекстан Республикасынан көшіп келдім. 2010 жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алдық. Төрт баланың анасымын. «Оралмандар» санаты бойынша 2009 жылы 16 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласына баспана кезегіне тұрдық.

2019 жылы 10 шілдеде маған Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан хат келді.

Аталған хатта біздің Қазақстан Республикасының азаматтығын алғандығымыз себепті, «Оралман» мәртебеміз жойылып, баспана кезегінен шығарылатынымыз хабарланыпты.

Сондай-ақ, көпбалалы отбасы ретінде қайта құжат тапсырып, кезекке тұруымызға болатыны да ескертіліпті.

Бірақ, кезегім «Көпбалалы отбасы» санатымен кезекке тұрған күннен бастап есептеледі екен.

Сонда, менің он жылдан бергі кезек стажым түгел жойылып кеткелі тұр. Отбасымызбен пәтерден-пәтерге көшіп жүріп, он жыл күткен үмітіміз үзіліп, селге кеткелі тұр. Қазіргі таңда кезегіміз 1500-шіге жақындап қалып еді. Енді қайта құжат жиып, «Көпбалалы отбасы» санатымен пәтер кезегіне тіркелсек, кезегіміз ең соңына бір-ақ секереді. Тағы жиырма жыл күтуіміз мүмкін. Бізді қойшы, балаларымнан ұят екен. Ес кіріп қалды емес пе, естігенде кәдімгідей көңілдері түсіп, иықтары салбырап, көздері жәутеңдеп қалды...

Мұндай жағдай біздің ғана емес, біз танитын біраз ауылдастарымыздың салындысын суға кетірді. Алды айғайлап, Ақорданың алдына барды. Мен Сізден көмек сұрап, хат жазуды жөн көрдім.

Сөйтіп, Құдайға тәубе, Отанымыз өзектен тепкен жоқ. Бірақ кезектен шығарып тастағалы отыр...

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сондықтан, Сізден осы мәселені өз назарыңызға алып, қатысты заңнамаларға толықтыру енгізуге, біз секілді шеттен оралып, Қазақстан азаматтығын алған соң, баспана кезегінен шығып қалған қандастарыңыздың құқығын қалпына келтіруге көмектесуіңізді сұраймын.

Құрметпен,

көпбалалы ана

Ибраимова Кундуз Карисбаевна

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396