Бейсенбі, 19 Қараша 2026
Айқай 129 0 пікір 19 Қараша, 2026 сағат 15:18

Салық қыспағы: 500 мың кәсіп жабылуға жақын...

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдерін тағы бір «салықтық сілкініс» күтіп тұрған сыңайлы. Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) әзірлеп жатқан жаңа түзетулер күшіне енсе, еліміздегі 300 мыңнан 500 мыңға дейінгі жеке кәсіпкер (ЖК) өз қызметін толығымен тоқтатуға мәжбүр болуы мүмкін.

Салық саласының белгілі сарапшысы, Uchet.kz компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев осындай болжам жасап отыр. Мәселенің мән-жайы неде және жаңа реформа кімдердің қалтасын қақпақ? Саралап көрейік.

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ ӨСКЕНІМЕН, БАСТЫ ҚАУІП ОНДА ЕМЕС

Алдымен ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінің өсуіне тоқталсақ. Бұл көрсеткіш міндетті зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды есептеуге тікелей әсер етеді. Сарапшының айтуынша, жалдамалы жұмысшылары бар кәсіпкерлер үшін айтарлықтай салмақ түспейді, өйткені нарықта ең төменгі жалақы алатын қызметкерлер өте аз.

Ал жалдамалы жұмысшысы жоқ, өзіне формалды түрде ең төменгі жалақы тағайындап қойған жеке кәсіпкерлер үшін ай сайынғы төлемдер шамамен 10 мың теңгеге ғана өседі. Яғни, белсенді жұмыс істеп тұрған бизнес үшін бұл аса ауыр соққы емес.

БАСТЫ СОҚҚЫ: «ҰЙҚЫДАҒЫ» КӘСІПКЕРЛЕРГЕ САЛЫҚ САЛУ

Нағыз дүрбелең туғызатын жаңалық — Мемлекеттік кірістер комитетінің іс жүзінде жұмыс істемейтін (әрекетсіз) ЖК-ларға қатысты ұсынысы. Бүгінде елімізде табысы жоқ, есеп тапсырмайтын, бірақ ресми тіркеуде тұрған жүздеген мың кәсіпкер бар.

«МКК егер ЖК әрекетсіз болса да, одан ең төменгі жалақы мөлшеріне қарай салық және бюджеттен тыс қорларға төленетін басқа да міндетті төлемдерді өндіріп алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қазір бұл Үкімет үйі мен министрліктерде талқылануда», — дейді Максим Барышев.

Мемлекеттік органдар бұл бастаманы депутаттар алдында «ЖК ретінде тіркелген әрбір азамат өзі үшін міндетті аударымдарды төлеуі тиіс» деген уәжбен негіздеуі мүмкін.

НАРЫҚТАҒЫ «ЖАППАЙ ЖАБЫЛУ» ТОЛҚЫНЫ

Егер бұл түзетулер қабылданса, «қағаз жүзінде» ғана тұрған кәсіпкерлерге екі-ақ жол қалады: не қызметін ресми түрде уақытша тоқтату, не ЖК-ны толық жою.

Бұл келесі жылы кәсіпкерлік субъектілерінің жаппай жабылуына әкеп соғады. Барышевтің есебінше, жабылуы мүмкін 300-500 мың кәсіпкер — елімізде тіркелген барлық 1,7 миллион ЖК-ның шамамен 30 пайызы!

Айта кетейік, тазалау үрдісі биылдың өзінде қарқын алған. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында елімізде 20 мың заңды тұлға мен 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылған. Оның 43 пайызында мүлдем табыс болмаса, 21 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар (самозанятые) санатына өткен.

Салық органдарының «көлеңкелі» экономикамен күресіп, тізімді ретке келтіргісі келетіні түсінікті. Алайда, табысы жоқ қарапайым азаматтарды міндетті төлемдермен қыспаққа алу — шағын бизнестің тынысын тарылтып, нарықтағы белсенділікті одан әрі төмендетуі әбден мүмкін. Бұл реформа бизнес ортаны сауықтыра ма, әлде кәсіпкерлікке деген құлшынысты өшіре ме — уақыт көрсетеді.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір