Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2792 0 пікір 7 Қыркүйек, 2011 сағат 05:23

Серік Ерғали. Ел іргесін бекіткен көтеріліс (басы)

Жайық оқиғасының он жылдығына арналған сипатсөз

Тәуелсіздікке дейінгі үш бұлқыныс

Жайық оқиғасының он жылдығына арналған сипатсөз

Тәуелсіздікке дейінгі үш бұлқыныс

ХХ ғасырдың соңында қазақ халқының ұлттық рухын әйгілеген үш оқиға болды:
- Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы;
- Жаңаөзендегі 1989 жылғы шілде оқиғасы;
- Оралдағы 1991 жылғы қыркүйек оқиғасы.
Әлі күнге дейін тарихшыларымыз бұл оқиғалардың мән-жайына үңіліп, тарихи таразыдан өткізуге асықпай отырғандығы өкінішті.
Бұл оқиғаларды қазақ халқының егемендікке ұмтылысының көрініс тапқан тізбектес үш бұлқынысы еді десек, қателеспеспіз. Бұлардың үшеуіне де тән жайт - қарапайым халықтың қатынасуы. Үшеуі де егемендікке қол жетер уақыт қарсаңында жалпыұлттық сипатқа ие болған құбылыстар.
Алайда, Алматы мен Жаңаөзен оқиғалары арнайы ұйыммен емес, ойда жоқта стихиялы түрде бұрқ ете қалғаны белгілі. Ал, Орал оқиғасы басқарылып, бастан аяқ барысына қатысып қоймай, жауапкершілігін мойнына жүктеген ұйымның болуымен ерекшелеу. Осыған қарап үш оқиғаның сабақтасқан соңғы жалғасы ретінде Жайық оқиғасы қазақ халқының тәуелсіздікке ұмтылысының көрініс беруі еді. Егер Желтоқсан оқиғасына аңғалдық, жастық намыс, бейкүнәлік тән болса, Шілде оқиғасының сипаты ұлттық намыс қамшылаған әлеуметтік мәселе болатын. Ал, Қыркүйек оқиғасы болса, саяси ширығыс пен тарихи жауапкершіліктің тақалған егемендікке жолашары болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Сонымен, биыл 20 жыл толып отырған ол оқиға қалай болып еді. Ол 1991 жылғы ұлтшылдар бастамасымен болған оқиғалар тізбегінің хрноикасы іспетті тарихи жайттардың бір үзігі еді.

 

Оқиғаға дайындық

Ақтөбе қаласында 1990 жылы 21-қазанда «Алдаспан» клубының ұйымға айналу құрылтайына бүкіл республика аумағынан делегаттар келген. Орал жағдайымен сол құрылтайда алғаш рет танысып, оның болашақ саяси сипатының бар екенін білдірген осы құрылтайға Нұрлыбай Сисенбаев бастап келген оралдық бір топ жігіттер еді. Сол құрылтайда республика көлемінде Орал жағдайы алғаш рет жергілікті тұрғындардың баяндамасынан тыңдалып, оның болашақ байыпты жайтқа айналатын негізі барлығына көз жіберілген еді. Қазақ егемендігі қарсаңында үйірілген әлдебір бұлтты сол топ алғаш рет жеткізіп, ұлтшылдарды қатты ойға ғана емес, дайындық барысына итермелеген болатын.

***

1991 жылы Ақтөбелік қоғамдық-саяси мәдени «Алдаспан» бірлестігі «Азат» қозғалысының облыстық бөлімшесі болып жарияланғаннан кейін мен қозғалыстың батыс аймақ (Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Орал, Торғай облыстары) бойынша үйлестірушісі болып тағайындалдым да, облыс бөлімшесін басқару Естай Жайлыбаевқа жүктелді, сөйтіп маған үйлестіруші ретінде қалған батыстағы төрт облыста (Маңғыстауда «Парасат» қоғамы да «Азатқа» кірген еді) «Азат» қозғалысының бөлімдерін құру міндеті тапсырылды.

1991 жылы «Азат» қозғалысының Орал облыстық бөліміне белсенділер іздеп, мамыр айында Орал қаласына баруға тура келді. Сырттай сұрастырып, ұлтшыл адам ретінде сол кездегі «Қазақ тілі» қоғамын құрушы ақын Айсұлу Қадырбаеваға маңдай тіреп баруды жөн көрдім. Айсұлу екеуміз тез ұғыстық. Сөйтіп, сол жолы Аманжол Зинуллин (ауыл шаруашылық институтында оқытушы екен) бастаған бір топ азаматты «Азат» бөлімшесінің ұйымдастыру комитетіне тартып, құрылтайды маусым айына белгіледік.

***

Маусым айында Ақтау қаласында марқұм Сайын Шапағатов басқаратын «Парасат» (Жаңаөзен оқиғасының ізімен құрылған) ұйымы ұйымдастырған митингісіне Сәбетқазы Ақатай, Айсұлу Қадырбаева үшеуміз қатыстық.

«Парасаттың» іс-тәжірбиесімен танысып, бір топ ақтаулықтарды ертіп Атырауға келдік. Ол кезде Атырауда «Азат» бөлімшесі жоқ болатын. Сол жолы ұйымдастыру комитетіне адам тартып, әрі Олжас Сүлейменов басқаратын «Невада-Семей» қозғалысының батыс аймақ бойынша үйлестірушісі Бақытжан Әділовтың ұсынысымен Атырауда өткен антиядролық конференцияға қатыстық. Ол кезде Атырау обкомының 1-хатшысы Ғазиз Алдамжаров болатын.

Сапар одан әрі ұласып, Орал облысына автокөлікпен шығып, Тайпақ ауданы арқылы Орал қаласына бір топ ұлтшыл делегация жеттік те, «Азат» қозғалысының Орал облыстық бөлімшесінің құрылтайын бастап жібердік. Құрылтайға бар болғаны 23-ақ адам қатысты. Бөлімше басшылығынан бас тартып, біздің қолқамызға үзілді-кесілді қарсы шығып, А. Қадырбаева «халықтың ісін ер-азамат басқарсын» деп Аманжол Зинуллинді ұсынды. Сонымен, оралдық жігіттерге мақсат-міндетті ұғындырып, іс-қимылға жігерлендіріп біз аттансақ та, артымызда жүні жығылып, есіргендерде есесі кеткен казактектілер басынған аянышты хал кешкен бауырларымыз қалды. Бірнеше айдан кейін әлде бір әрекеттің боларын бәріміз де іштей сезіп, алаңдаумен Оралдан аттанып кеттік.

Жайықта не көзделді?

Кеңес одағы тігісінен сетіней бастағанын сезген қызыл империя жағындағы шовинистік тобырлар оны күшпен болмаса жасанды соғысты желеу етіп, ыдырауды болдырмауды ойлап, аласұрғаны белгілі. Оған әрине, әр жердегі ұлттық сепаратизм де арандату ауанын жасады. Соның бір мысалы, Преднестровье оқиғасы еді. Міне, дәл осындай сценарий Қазақстан аумағында да дайындалып, Жайық оқиғасын туғызу арқылы барлық солтұс аймақты Ресейге қосып алуға желеу жасауға шовинистік күштер де, оның идеологтары да (Солженицын, Горбачев) жанталасты. Осындай мақсатқа пайдалану үшін орыс-казак күші іздегенге сұрағандай еді. Бүкілресейлік казачество Орал казактарын айтақтап, сырттан рухтандырып, оралдық казактардың «жан дүниесі» соған түлеп шыға келді де, «орал-казак республикасы» картасын ойнауға кіріскен еді. Бұған желеу ретінде Орал аймағының казактар күшімен Ресейге көшкендігінің 400 жылдығы дейтін дата жасақталды. Бұл - 1991 жылы 15 қыркүйекке келетін еді. Сөйтіп, оны казактардың мейрамы ете отырып, бүкілресейлік казак атамандары қатыстырылып, әлгі «республиканы» жариялап жіберу мақсаты көзделді. Одан арғысы шиеленісіп бара жатса, әскери күштің шаруасы болу керек еді. Сөйтіп мұндай толқын Қазақстанның бүкіл терістігін қамтуы тиіс еді және ол мүмкін де болатын. Бір қызығы, бұл жайында Қазақстанның ресми басшылығы білгенмен, оны «қоздырмау мақсатымен» ұсақ-түйек нәрсе деген сыңай танытып, «елемеуге» тырысты. Ол кезде ТЖМК-ден (ГКЧП) кейін ыдыраған қызыл империяның құландысында қалған Қазақстан тәуелсіздігін жариялап та үлгермеген болатын. Ал, Ресей үшін бұл қайткенде де жеңіліс бермейтін территориялық ойын еді де, ол идеологиялық-информациялық шоқты ауық-ауық лақтырып қойып, атамандарды айтақтап, тіпті, киім-кешек, қару жағы да бейресми түрде пайда болуын қамтып отырды. Ал, казактар болса, бұдан кәдімгідей «тойдың тойға ұласуына» күдік келтірмей, Орал қаласын басынған үстіне басынып жатты.

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435