Төлен Әбдік. Қайырсыз жұма
Әдебиет миссиясының бірі - күрескерлік. Мемлекеттік Тәуелсіздікке жеткізген күреске толы ұлт тарихында қазақ әдебиетінің орны мен қызметі ерекше.
Жаңа заманда жаңаша мазмұн мен сипатта ұлттың ойы мен санасын тың арнаға салған Алаш жолы өзінің алтын жүлгесін жоғалтқан емес. Алашпен үндестік әр заманда жалғастығын тауып, ұлт қызметін өрге сүйреп отырды.
Кеңес одағы кәрін төгіп тұрған тұста қазақ әдебиеті күрескерлік жолға түсіп, Алаш жұртының санасын, рухын азаттық үшін қырандай баптады. Сол жауынгер әдебиеттің арқасында Тәуелсіздің шұғыласын көрдік.
Ұлттық армияның қызметін атқарған қайсар қазақ әдебиеті сардарларының бірі һәм бірегейі - аса әйгілі жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік.
Төлен Әбдіктің барша жұрт жадына тоқып өскен атақты «Оң қол», «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдай» және тағы басқа шығармалары жоғарыда айтып өткен күрескер әдебиетіміздегі тамыры терең, биігі асқақ көркем туындылар.
Төлен ағамыздың әрбір шығармасы өлмес туындыға айналып, уақытпен бірге жасасып келеді. Әрі жазушының оқырмандары да жасарып келеді. Демек, Төлен Әбдіктің көркем шығармалары уақыттың сынынан өткен мәңгілік ғұмырлы рухани қазына.
«Abai.kz» ақпараттық порталы автордың арнайы рұқсатымен жазушының шығармаларын беруді бастап отыр.
«Абай-ақпарат»
Қайырсыз жұма
Әдебиет миссиясының бірі - күрескерлік. Мемлекеттік Тәуелсіздікке жеткізген күреске толы ұлт тарихында қазақ әдебиетінің орны мен қызметі ерекше.
Жаңа заманда жаңаша мазмұн мен сипатта ұлттың ойы мен санасын тың арнаға салған Алаш жолы өзінің алтын жүлгесін жоғалтқан емес. Алашпен үндестік әр заманда жалғастығын тауып, ұлт қызметін өрге сүйреп отырды.
Кеңес одағы кәрін төгіп тұрған тұста қазақ әдебиеті күрескерлік жолға түсіп, Алаш жұртының санасын, рухын азаттық үшін қырандай баптады. Сол жауынгер әдебиеттің арқасында Тәуелсіздің шұғыласын көрдік.
Ұлттық армияның қызметін атқарған қайсар қазақ әдебиеті сардарларының бірі һәм бірегейі - аса әйгілі жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік.
Төлен Әбдіктің барша жұрт жадына тоқып өскен атақты «Оң қол», «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдай» және тағы басқа шығармалары жоғарыда айтып өткен күрескер әдебиетіміздегі тамыры терең, биігі асқақ көркем туындылар.
Төлен ағамыздың әрбір шығармасы өлмес туындыға айналып, уақытпен бірге жасасып келеді. Әрі жазушының оқырмандары да жасарып келеді. Демек, Төлен Әбдіктің көркем шығармалары уақыттың сынынан өткен мәңгілік ғұмырлы рухани қазына.
«Abai.kz» ақпараттық порталы автордың арнайы рұқсатымен жазушының шығармаларын беруді бастап отыр.
«Абай-ақпарат»
Қайырсыз жұма
(әңгіме)
Әбен Ілиясович әлдебір құжатқа сүйкектете қол қойды да, осыным дұрыс болды ма дегендей күмәнді жүзбен қайта шолып шығып, содан кейін қағазды көмекшісіне ұсынды.
- Күтіп отырғандар бар ма? - деді есікті көзімен көрсетіп.
- Бар. - Мұнтаздай киінген сұлуша жас жігіт бастығының әр қимылын қалт жібермей бағып тұр.
Әбен көмекшісінен басқа ешкім байқамайтын бір қимылмен басын болмашы изегендей болды. Көп ұзамай кабинетке қырықтар шамасындағы қара торы, толықша кісі кірді.
- Кешіріңіз,- деп ол әлденеге абдырап, есік алдында тұрып қалды да, құлап кететіндей қалтақтап келіп, министрдің қолын алды.
- Отырыңыз,- деді Әбен жұмсақ үнмен.
- Кешіріңіз.- Келген адам шегініп, алыстау отырды. Екінші рет өтінген кезде министрдің қарсы бетіндегі орындыққа келіп жайғасты. Бірақ осы жер мен отыратын орын ба деп қысылғандай, қалтасынан орамалын алып, тершіген маңдайын сүрте береді.
- Шаруаңызды айтыңыз,- деді Әбен түсін жылыта сөйлеп.
- Мен бір өздеріңізге қарасты Ащысайдағы комбинатта істеуші едім. Сізге кіруге жазылғаныма бірнеше ай болды. Әйтеуір бүгін бір, сәлем де сәтімен дегендей...
Әбен "ықыласпен тыңдап отырмын, айта беріңіз" дегенді білдіре басын изеді.
Одан әрі келген кісінің сөзі түсініксіздеу болып кетті. Өзінің қай жақтан екенін, жетім өскенін, адал еңбегімен күн көріп келе жатқанын, тағы сол сияқты өзіне қажет болғанмен, Әбенге қажеті жоқ бір әңгімеге түсіп кетті. Ақыры өзінің комбинатта он жылдан астам істейтінін, бірақ соған қарамастан, комбинат директорының өзіне күн көрсетпей, қуғындап жүргенін айта бастаған кезде Әбен әлдебір жіптің ұштығына қолы жеткендей болып, әңгіменің не туралы екенін жобалап, енді соның шындығын білгісі келгендей, алдында отырған адамның түріне барлай қарады.
Жұқалау шашын бір жағына мұқият тараған, бұғағы мен екі шықшыты бұлтиып тұрғаннан төбе жағы шошақтау көрінеді. Шолақ мұрын, қой көз - көшеде ең көп кездесетін, сосын да есте қалмайтын елеусіз бет пішін. Адамға тура қарамайды, жасқаншақ, бірақ көзге іліне бермейтін әлдебір қимыл-қозғалысынан, сөз саптасынан министрден басқа адамға, әсіресе, қарамағында істейтіндерге бір көрсетіп қалатын мінезінің де жоқ емес екені байқалып тұр.
- Қанша өліп-тіріліп істесең де, бір өсірмейді, - деді ол айтар арызының тобықтай түйініне жақындай түсіп. - Өсу үшін пара беру керек. Жағымпаздану керек. Не туысы болуың керек. Әйтпесе, көретін күнің осы...
- Пара алатынын дәлелдей аласыз ба? - деді Әбен манадан бергі жұмсақ үнін сәл-пәл қатайтып.
- Не дәлелдейтіні бар, жұрттың бәрі біледі.
- "Жұрттың бәрі біледі" - дәлел емес.
- Енді қайтып дәлелдеуге болады? Оның параны маған көрсетіп алмайтыны белгілі.
- Пара алу - қылмыс. Қылмыстыны соттау керек. Ал жұрттың бәрі біледі деген айыппен адам соттау заңға тура келмейді,- деді Әбен талай айтып жүрген сөзін қайталағандай селқос үнмен. Үйткені мұндай арызбен келетіндер көп болатын.
Келген адам тағы да орамалын алып, бетін сүртті.
- Мен енді, шынымды айтсам,- деді жалынышты үнмен,- оның пара алған, алмағанын дәлелдейін деп келгенім жоқ. Соттату да ойымда жоқ. Жұрт білетін шындық болған соң, ел басқарып отырған өзіңізге айтып жатқаным ғой. Ал менің арызым - тек сол кісінің қудалауынан қорғасаңыз екен... Әп-әдемі цехтың бастығы болып істеп жүргенмін. Менің орынымды өзінің бір көңілі жақын адамына әперді де, мені мастер қылып ауыстырды...
- Жалақыдан қанша ұтылдыңыз?
- Ұтылғам жоқ,- деді ол "мәселе онда емес" дегендей маңдайын тыжырайта, басын шайқап,- қайта қазір бұрынғыдан көбірек табамын. Мәселе моральдық жағында болып тұр. Түк жазығым жоқ. Бар тапқаны: "жұмысыңда кемшілік бар" дейді. Ондай кемшілік кімде жоқ? Өзінде де бар.
"Түсінікті,- деді ішінен Әбен,- кішкентай да болса, бастық болғым келеді дейсіз ғой... Әйтсе де, орынбасарыма тапсырайын, обал боп жүруі де ғажап емес". Әбен соны ойлап, қолына қаламын алып, ашулы жатқан блокнотын алдына жақындатты.
- Фамилияңыз?
- Қойбағаров... Қойбағаров Аман Қойбағарович.
- Жақсы, жазып алдым.
Әбен Қойбағаровты тағы да өзі жайлы ұзын-сонар әңгімеге түсіп бара жатқан жерінен тоқтатты да, "Аман" деген аттың қазақы сыпайылыққа салғанда қалай аталатынын жөппелдемеде есіне түсіре алмай, ойланып барып:
- Әбеке, - деді даусын көтере,- мен жазып алдым. Шаруаңызды тапсырамын. Тек уақыт жағы тығыз. Басқа да адамдар күтіп отыр.
Қойбағаров бір сәт үнсіз қалды да, келген шаруасының іс болып шығатынына сенбей қалғандай, ұнжырғасы түсіңкіреп, міңгірлей қоштасып, кабинеттен көңілсіздеу шықты.
Лып етіп көмекшісі кірді.
- Орталық Комитеттен телефон соқты. Сізді отыр ма деп сұрады,- деді есік алдында тұрып.
- Кім?
- Хатшының көмекшісі.
- Маған неге телефон соқпайды? - деді Әбен "әлде осыдан болып тұр ма" дегендей қызыл телефонға таңырқай қарап.
- Білмеймін, - деді көмекші, - осымен екінші рет телефон соғып отыр. Кететін болса, бізге айт деп маған тапсырма беріп қойды.
Әбен сағатына қарады. Жеті жарым. Бүгін қысқа күн - жұма екені есіне түсті. Бірақ жұмысқа берілген адамға үйден кеңсе жақын. Үйге барса, телевизордан басқа ермек жоқ, екі қолын қайда сыйдырарын білмей, сенделіп жүретін кездері болады. Ал кеңседе өзін суда жүзген балықтай сезінеді.
Әбен әлде де бірер сағат отыра тұрмақ оймен:
- Кірсін, - деді тағы да есікті көзімен көрсетіп...
Сағат сегізде "Кремлевка" шыр ете қалды. Екінші рет шырылдағанда Әбен трубканы көтерді.
- Алло.
- Әбен Ілиясович?
- Тыңдап тұрмын, - деді Әбен хатшыны даусынан танып.
- Маған келіп кетіңізші.
- Жарайды.
Хатшы басқа сөз айтпай трубканы қоя салды.
Әбен кнопканы басып, көмекшісін шақырды да:
- Машина тұр ма? - деді алдындағы қағаздарды жинап жатып.
- Тұр.
Әбен қабылдау бөлмесіне кіргенде хатшының көмекшісі бұған әлдебір құпия түрмен:
- Отыра тұрыңыз, - деді креслоны көрсетіп. - Қазір шақырады.
Әбен хатшының мұнысына ренжіп қалды. "Тап қазір ешкім жоқ қой ішінде. Есігінің алдында екі минут болса да кідіртіп қойғаннан ләззат ала ма екен?"
Бірақ бұл ойы қате болды - іштен екінші хатшының көмекшісі шықты да, мұны көріп, керемет қуанған адамдай:
- О, Әбен Ілиясович, халіңіз қалай? - деп қолын қайта-қайта қысып, мәз болған түр көрсетті.
"Актер".
- Кіріңіз.
Әбен қабырғалары оюлы ағашпен қапталған, залға ұқсас үлкен кабинетке кірді. Тұғжиып бірдеңе жазып отырған хатшы бұл кірген соң да жұмысын жалғастыра берді. Әлден соң қаламын жауып, креслосына шалқая отырды да:
- Жағдай қалай? - деді ойы басқа жақта отырған адамның түрімен бұған айдалаға қарағандай қарап.
- Жағдай бір ауыз сөзге сыймай тұр-ау, - деді Әбен күліп.
Хатшы сөзден тосылып қалғандай бір сәт үндемей қалды.
- Денсаулық қалай? - деді "қарап отырғанша әңгіме болсын" дегендей бір үнмен.
- Жақсы, - деді Әбен оған таңырқай қарап.
- Биыл демалысқа шығып па едіңіз?
- Жоқ.
- М-м... Ендеше былай болсын, - деді хатшы столға еңкейе түсіп. Соны айтып тағы да үндемей отырды да: - Министр болып істегеніңізге неше жыл? - деді.
- Алты жыл.
- М-м... Алты жыл - біраз уақыт. Көп еңбек еттіңіз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Иә. Бірақ... өзіңіз білесіз, өмір бір орында тұрмайды. Уақыт, заман өзгеруде. Кешегі іс, кешегі ақыл бүгінге жарамай жатыр...
Алдында түкке түсінбей отырған Әбеннің жүрегі кенет су ете қалғандай болды.
- Әнеугүні өзіңізге де көрсеттім,- деді хатшы сөзін жалғап, - үстіңізден арыз көп... Сізге бұдан бұрын да ескерту жасағанбыз. Одан нәтиже болмады. Бәлкім шаршаған да боларсыз. Адам темір емес қой. Ешкімнің маңдайына жазылып қойған қызмет жоқ. Ертең бәріміз де кетеміз кезегіміз келгенде. Сондықтан сізге ауыр да болса, айтуға тура келеді... - Хатшы "келесі айтатын сөзіме жүйкесі шыдар ма екен" дегендей Әбеннің жүзіне барлай қарады.- Сізге бұл жұмыстан құтылу керек... Алда да ғұмыр бар. Кейінірек бір қызмет тауып берерміз.
Аяқ астынан бұлай болар деп ойламаған Әбен сілейіп отырды да қалды. Бірдеңе дегісі келіп еді, тамағы құрғап, дыбысы шықпады.
- Өзіңіз білесіз, жұмыстан аянған күнім жоқ, - деді әлден соң. - Кемшілік болса, бар шығар. Бірақ ол кімде жоқ. - Әбен өзінің манағы алдына келген адамның сөзін қайталап отырғанын сезіп, таң қалды. - Соншалықты ақсап жатқан ештеңе жоқ секілді. Оны өзіңіз де білесіз. - Даусының жалынышты шығып, жанын қорлап жатқанын, айтып жатқан сөзіне хатшы түгілі өзінің де сенбей отырғанын байқады. Бірақ бұл сөзінің жалғандығынан емес, құты қашқаннан еді. - Басқа жұмыс дейсіз... Қалайша енді аяқ астынан... Егер сенім білдірсеңіздер, әлі де істей берер ем... - Әбен кілт тоқтады. Үйткені өзінің мүлде
абдырап, сөзінен береке қашқанын анық сезді.
Хатшы:
- Тәжірибелі адамсыз, жағдайды түсінуіңіз керек, - деп еді, Әбен жеңілгенін білмейтін ақылсыз баладай жағдайды түсінгісі келмеді.
- Не жазығым бар, айтыңызшы? - деді даусы шәңкілдеп. - Кімнің жолына бөгет болдым? Кімге керек болып қалды менің орыным?
Хатшының жүрегі қылп ете қалды, үйткені Әбеннің соңғы сөзі алдын орап кеткендей болды.
Өткен жолы бір үлкен мекеменің бастығы "мені түсірмек болып, материал дайындап, соңыма түсіп жүр" деп тура бюроның үстінде екінші хатшыға бас салған. Екінші хатшы амалсыз: "Ондай материал дайындалған емес", - деп жауап беруге мәжбүр болды. Ал шын мәнінде дайындалып жатқаны рас еді. Оны анаған жалпы бөлімде істейтін бір жігіт жеткізіпті. Бюрода ресми түрде жауап берілгеннен кейін, іс қозғалмай, мекеменің бастығы орынында қалды. Оның орынына жалпы бөлімдегі жігіт жұмыстан шықты.
Соны ойлаған хатшы мынау істі бүлдіріп алар ма екем деп шошып қалды. "Біраз арбасуға тура келді-ау" деді ішінен министрдің оңайлықпен жан бермейтінін байқап. Енді ол ләм-мим демей, үн-түнсіз Әбеннің айтарын айтып, арыны басылуын күтті.
Өзінің сіңірген еңбегін, адалдығын, әділдігін айтып біраз шаршаған Әбен:
- Сіз шешім қабылдамай тұра тұрыңыз, - деді сабасына түскендей болып.- Мен Біріншіге өзім кіріп шығайын.
Хатшы әлі үнсіз. Алдында тұрған тетігі көп аппаратты шұқылап, Біріншінің қабылдау бөлмесімен сөйлесті. Біріншінің қалада жоқ екенін, мына мәселені дәл осы кезде шешіп қою өзіне тапсырылғанын айдан анық біліп тұрса да:
- Үлкен кісі бар ма? - деді актерше роль ойнауға мәжбүр болып.- Ә-ә, солай ма? Қашан? Әлгінде ме? - Тағы да біраз үнсіз отырғаннан кейін: - Кетіп қапты ғой, - деді Әбенге қарап. - Сәрсенбісіз келмейді деп отыр.
Әбен жан-жағынан қоршаған аңшылардың қатары өзіне тақап, ғұмыр шеңбері тарыла түскен аңның бейдауа күйіндей сасқалақтай бастады.
Хатшы жүйке тайталасы өзінің пайдасына шешіліп жатқанын сезіп:
- Әбен,- деді бейбіт үнмен, - өзіңіз білесіз, сіз де, біз де мина іздеген саперлар секілдіміз. Әр қателігіміз ең соңғы қателік болуға тиісті. Ал, шыны керек, сізде бір емес, бірнеше қателік болды... Өткен жылғы жұмысшылардың ереуілі. Оны жария қылмай, басып тастадық. Бірақ біз оны білеміз ғой. Ащысай комбинатындағы өрт. Асылып өлген бухгалтер. Ағылып жатқан анонимкалар. Осылардың қай-қайсысы қураған қау секілді тамызық тисе-ақ, өртке айналуы оп-оңай нәрселер. Егер бұл осылай созыла берсе, мәселе ертең мүлде басқаша қойылуы мүмкін. Қазір ең қолайлы кез. Сондықтан балалық жасамаңыз. - Хатшының үні бұрынғыдан да жұмсақ шықты. - Біз сені мүлде жүген-құрықсыз босатып жібергелі отырған жоқпыз ғой. Сәл шыдасаң, бірдеңе тауып береміз...
Хатшы осы сөзбен бүкіл әңгімені бітірмесе де, мәселе негізінен шешілер деп ойлаған еді. Бірақ Әбен әлгі екі ортада тынығып алған адамдай, ышқынып қайта көтерілді.
- Жо-оқ, тоқтай тұрыңыз, - деді алдында отырған адамның хатшы екенін ұмытып кеткендей өршелене. - Жұмысшылар ереуілі, біріншіден, қылмыстылардың ұйымдастырған шаруасы. Екіншіден, ереуілдің қойып отырған мәселесі мен шешетін нәрсе емес, мына өздеріңіз шешетін мәселе. Соноу Ащысайдағы өртке мені кінәлі қылмақсыз, менің орнымда болсаңыз, сіз не істер едіңіз? Түк те істей алмайсыз. Ал бухгалтер, кешірерсіз, өзінің семья жағдайымен әлгіндей болды... Енді соған да күйдіресіздер ме? - Әбен өзін қолдайтын адам іздегендей алақтап жан-жағына қарады. - Ал енді, анонимка дегенге қалайша мән беретіндеріңізге тіпті де түсінбеймін. Егер ол адам шын мәнінде әділ болса, аты-жөнін неге жасырады?
- Қалай десеңіз де, анонимкалардың 75 проценті шындық болып шығып отыр. Ал, екіншіден, сіздің участокте болып жатқан қылмысты оқиғаларға сізден басқа ешкім де жауап бере алмайды.
- Жақсы, жауап бермей-ақ қойсын. Өзім-ақ берейін. Бірақ неге мәселені міндетті түрде осылай қою керек? Жалпы жоспар орындалды ма, орындалды. Ал әлгі айтылған нәрселер басқа министрліктерде жоқ па? Айтып берейін... - деп саусағын бүге берген Әбенді хатшы тоқтатты.
- Жарайды, жарайды, оның керегі жоқ. Қазіргі әңгіме сіз туралы.
- Апыр-ау, неге тек қана мен туралы? Ашық айтыңызшы маған, кім үшін мені күйдіргелі отырсыздар? Жоқ мен мұны бұлай қалдыра алмаймын. Арыз да жазбаймын!
- Жазасыз, - деді хатшы тұңғыш рет даусын қатайтып.
- Жазбаймын! - деді қызынып алған Әбен райынан қайтпай. - Шығарсаңыз, шығарыңыз. Бірақ мен ертең Біріншінің өзіне барамын.
- Барғанда не бітіресіз?
- Ол жағын өзіме қалдырыңыз. Сізден де басқа мәселе шешетін адамдар бар.
- Слушай, - деді хатшы бөтен бір дауыспен орысша сөйлеп.- Ты не ребенок, и не первый год работаешь министром. Пора понять, что достоинство нужно не только для победы, но и для поражения. Надо уметь проигрывать, а не устраивать дурацкую сцену.
Хатшының орысша сөзі шындықтың бетін біржола ашқан, тура әңгіме болды: манадан бергі айтылған сөзге қарағанда әлдеқайда әсерлі шығып, ұрыстың ең соңына сақталған құпия қарудай Әбеннің есін бірден жиғызды.
- Ымға түсінбеген дымға түсінбейді деп... - Хатшы кеще адамға кейігендей басын шайқады.
- Үлкен кісінің тапсырмасы ма? - деді Әбен әлде таңырқағандай, әлде үрейленгендей бір үнмен.
Хатшы Әбенге үнсіз тесіле қарады. Істің мәніне Әбен сонда түсінді; күш-қуатынан айрылып, құр сүлдері қалғандай, бүкшиіп, басын көтермеген күйі хатшыға қолын созды. Хатшы, күні бұрын дайындап отырғандай, бір парақ ақ қағаз бен қаламды қолына ұстата салды. Әбен есеңгіреген күйде айбақ-сайбақ жазумен өз еркімен жұмыстан босатуды өтініп, арыз жазды. Сосын әлі ұйқыдан оянбаған адамдай үн-түнсіз орнынан тұрып, хатшымен қоштаспастан, кабинеттен шығып, әлдене деп үн қатқан көмекшінің де сөзіне түсінбестен, теңселе басып сыртқа шықты.
Содан кейін-ақ бүкіл ой-сезімі өзгеріп сала берді. Әлгінде ғана мынау ғимаратқа министр болып кірген адам енді министр болмай далаға шықты. Бір өзі ғана емес, бүкіл өмір өзгеріп кеткендей. Қарапайым адам күйінде қалай қарай жүрерін білмей дағдарып тұрған секілді. Замандастарының аузынан әлдебір министр орнынан түсіп, тұңғыш рет үйіне машинасыз қайтуға тура келгенде қай транспорттың қайда баратынын білмей, "Апыр-ау енді үйге қалай жеттік?" - деп күйзеліпті дегенді естіп еді. Әзірге астында машина болғанымен, ертең өзінің де басында осы жағдай болатыны анық. "Шынында да, біздің үйге қандай автобус барар екен" дегендей жол жиегінде қалып бара жатқан аялдамаға тұңғыш рет үңіле қарады.
Әбен тіпті өзінің машинаға қалай отырғанын сезген жоқ. Шопыры:
- Әбен Ілиясович, бір жеріңіз ауырып келе ме? - дегенде "сен қайдан шықтың" дегендей оған ажырайып, таңырқай қарады.
Әбен бір жері ауырған адамдай қинала ыңырсығанын өзі де естіді. Шопырының сұрағына не деп жауап берерін білмей, ойланып отырғанда тағы да қинала ыңырсыды. Сонда барып өмірі ауырмаған тісінің сыздап ауырғанын сезді. Неге ыңырсығанына енді түсінді.
Кенет есіне әлдене түскендей:
- Тоқташы, - деді шопырына айдалада адасып жүрген адамның көңілінде әлдебір үміт оты жарқ ете қалғандай бір үнмен.
"Мәскеуге неге телефон соқпаймын? Орталық министрлік қоя тұрыңдар десе, бұл жақтағылар не істейді?!" Бірақ ол ойы ұзаққа бармады. Машинаны тоқтатып, өзіне сұраулы жүзбен қараған шопырына бірдеңе айтқысы келіп тұрды да, кенет көзі машинаның сағатына түсті. Түнгі он! Ешкімге телефон соғу мүмкін емес. Сол кезде барып Әбен өз мәселесін шешу үшін аптаның соңғы күні - жұманы олардың бекер таңдап алмағанын, осының бәрі әңгімеден кейін ешқайда телефон соғылмауы үшін, сырттан өздеріне де телефон соқтырмау үшін әдейі істелгенін және мұның бәрі бұрыннан жасалып келе жатқан үлкен тәсілдің бірі екенін енді түсінді.
Тісі тағы сыздады.
- Кеттік, - деді шопырына ақырын ғана.
Министрдің даусы бұрынғы қожайындық еркіндігін жоғалтып, бейтаныс жолаушының өтінгеніндей жұмсақ шыққанын шопыр да байқады.
Үйге келген соң әйеіліне не дерін білмеді. Астаң-кестең болған жан-дүниесі енді үй ішіне ауысатынын, оның да осылай астаң-кестең болатынын, бұрынғы ұғым, бұрынғы көңіл-күй, бұрынғы мінез-құлықтың мүлде басқаша болып өзгеретінін сезген кезде әлде бірдеңе үзіліп кеткендей ішкі сарайы солқ етті. Ол тіпті жайшылықта "ертең министрліктен түскенде" деп жолдастарының алдында емін-еркін қалжыңдап жүрсе де, шынтуайтқа келгенде дәл мынандай бар үмітін үздіріп, бар жарықты сөндіретінін сезген жоқ еді. Және осы бір үрейлі сезім бірте-бірте басылудың орнына барған сайын, өзінің қандай жағдайға тап болғанын түсінген сайын жан-дүниесін талқандап, кесепат дауылдай үдей түсті.
Өзінің арыз жазып, хатшыға тастап кеткенін әйеліне айтпақ болып екі-үш рет оқталса да, жүрегі дауаламады. Үйткені одан кейін қайтадан басынан басталатын күйзеліс өзіне тым ауыр тиетін көрінді. Баяғыда азғантай уақыт министрдің орынбасарлығынан түсіп қалғанда әйелі түнімен ботадай боздап, орыннан түсіп қалудың қандай қасірет екенін өзі сонда барып түсінгендей болған.
"Сондықтан шыдай тұрайын, - деп ойлады ол. - Тым болмаса, өзіме өзім келіп алайын..." Бірақ өзіне өзі келу оңай ма екен? Уайым жайлаған өз ішіне өзі бір кіріп алғаннан кейін, інге қамалған жәндіктей қайтып сыртқа шыға алмай қалды. Егер шықса, ана әйелімен, балаларымен дұрыстап адамша сөйлессе, мына бір жарылған өттей өзегін қыжылдатқан ащы уайымнан бір сәтке болса да босанар ма еді...
Әйелі ас үйден шығар емес. Орта үйде қызы мен балдызы телевизор көріп отыр. Өңкей бір қырғын, апат жайындағы фильмдер. Бәленбай қабат үйді өрт шалып, адамдар отқа күйіп, балконнан құлап өліп жатыр.
Әбен жан дүниесіндегі жағдайды осындай бір аласапыран апатқа ұқсатты. Кинодағы өрт сөндірушілер секілді бұл да өз ішіндегі өртті сөндірмек болып тырысып еді, оған шамасы жетпеді. Ұмытуға, ойламауға болмайтын бірдеңе. Осыдан кейін әбден шарасы таусылып, жанып жатқан үйіне үн-түнсіз қарап отырған үй иесіндей қарсыласуды доғарып, ой-сезімін күйзелістің қолына біржола ұстатып қоя берді.
Тісі сыздады. Енді байқады, тек тісі емес, бүкіл жақ сүйегі, тіпті мойын омыртқасына дейін сыздап ауыратын секілді.
Бір ғажабы, тән азабы жан азабын аздап жеңілдеткендей болды. Бірауық әлгі оқиғаны ұмытып, жақ сүйегі мен тісінің сыздағанын қайтсем қойдырам деген оймен өзін өзі аутотренинг тәсілімен емдей бастады. "Ауырған жерім басылды, ауырғаны басылды, басылды" деп іштей тынымсыз қайталай берді. Әлден соң, шын басылды ма, әлде өзіне әшейін солай болып көрінді ме, әйтеуір, сыздаған жері сәл саябырлағандай болып, бірақ оның есесіне өз басындағы жағдай есіне қайтадан түсті. Жазықсыз зәбір көрген адамның сезіміндей бір әсермен болған істің себебін, түпкі тамырын іздеді.
Әбен тумысында жалғыз жігіт болатын. Қол ұшын беретін ықпалды ағайыны да болған жоқ. Өзінің пысықтығының арқасында ағаны да, досты да кейін тапты. Іскер де бейнетқор еді. Атқа ерте мінуіне себепкер болған да осы қасиеті. Ең алғаш комбинатқа келгенде директордың көзіне түсті. Директор баяғы 40-жылдардағы от пен суға түспесе отыра алмайтын, тесік өкпе ескі кадрлардың бірі болатын. Күн-түн демей, үйіне де, қара басына да қарамай, қызметте жүреді. Алғашқы өмір мектебі содан басталып, Әбен де өлген-тірілгеніне қарамай жұмыс істеуді үйренді. Соның арқасында жақсы атқа ілігіп, бұған жоғарғы жақ көңіл аудара бастады. Қолдаушылар, жанашырлар табылды. Жиырма жеті жасында комбинатқа директор, одан министрдің орынбасары, ақыры министр болып тағайындалды. Енді міне алты жыл дегенде орнынан түсіп, елсіз қу медиен далада қаңғып қалғандай болып отырған отырысы мынау.
" Қалайша түк қызық қалмады бұл өмірде, бар шығар әлі де?" - дегендей өзінің көңіл түпкірінен бірдеңе іздегендей болады. Ештеңе таба алмайды. Бәлкім, мұның бәрі алғашқы әупірім сезім болар, артынан басылар, жалғыз мен емес шығармын қызметтен түскен деп өзін өзі жұбатқысы келеді, бірақ осының бәрі далаға айтылып жатқан сөздей, өзіне түк қатысы жоқтай, бойына дарымайды.
Әбен сырт көзге шын бақытты адам болып көрінуге тиісті. Сүйген жары көрікті. (Әбеннің өзі де келбетті, ажарлы жігіт). Өзінен айнымайтын ұлы, әйелінен айнымайтын қызы бар. Алғаш отау көтергеннен бастап қатты мұқтаждық көрген емес. Байлықтың қызығын көріп жүр деу де қиын. Өйткені тоқшылыққа әу бастан үйренген. Сол себепті адамды дүниеқоңыз қылатын артық ашқарақтық, қиғаш пейіл бұларда бола қоймады.
Алайда, "тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар жоқ" деп қазақ айтқандай, іштен үңілген адамға бұл үйдің де өзіне жетер қайғысы баршылық. Қайғының басы - жалғыз ұл. Ол туғанда қуанышында шек болған жоқ. Отбасының базары болды. Жұмыстан шаршап келгенде соны аймалап, жаны жай табатын. Командировкада жүргенде кішкентай шұлығын қалтасына салып, иіскеп жүретін. Сәбиінің жұпар исі тынысын ашып, жүрегін сағыныш толы бір сезімдерге бөлеуші еді. Әлпештеген, үміт артқан сол ұлы өсе келе сабындай бұзылды. Мектепте сабағынан ақсады. Жүре-бара түзелер деп, оны көп уайым қылмаған. Көше балаларына қосылып кетіп, одан әрең айырып алды. Институтқа түсіріп еді, оны оқи алмады. Ішімдікке үйір болды. Төбелеске араласып, біреуге пышақ салып, ісі сотқа түсті. Әйтеуір бар беделін салып, одан да алып шықты. Қай ұлт екені белгісіз бір жезөкшеге үйленем деп, ең үлкен қайғы сол болды. Ақыры айтқанға көнбей, үйленіп тынды. Қазір бөлек тұрады. Осындай қасіреті бар отбасын кім айтар бақытты деп.
Әбен ұлының тағдырын көп ойлаған. Үлде мен бүлдеге бөледі. Не ішем, не жеймін деген жоқ. Рас, күнделікті тәрбиесіне араласа алмады. Мектебіне барып көрген емес. Қу қызмет босатты ма. Таңертеңгі сағат сегізде кеткеннен үйіне түнгі он-он бірде бір-ақ келеді. Бұл келгенде де, кеткенде де баласы ұйықтап жатады. "Папам командировкада ма?" - деп сұрайтын көрінеді шешесінен.
Әбен осы тұста әлдебір шындықты мойындауға тура келгендей, басын шайқап, ауыр күрсінді. Апыр-ай, өз баламды тәрбиелеуге уақытым болмаса, онымен күнделікті өмірдің ауыр-жеңілін бөліспесем, қуаныш-қайғысына ортақ болмасам, сырласпасам, мұңдаспасам, балам шын мәнінде тірі жетім болып өскені ғой. Тәрбиені көшеден алған бала көшенің баласы болмағанда, кім болады?
Бір ойды бір ой түртіп, Әбеннің көңілі одан бетер құлазыды. Өз өміріне үңілген сайын, бұрынғы көрген қызық, сүрген дәурен мүлде басқаша елестейді. Бәрі де мәні жоқ, нәрі жоқ бірдеңелер секілді. " Сонда сен осы тірлігіңнен не таптың?" - дейді өз ішінде баяғыда ұйықтап қалған біреу жаңа оянып, басын көтергендей. Бұл оған міңгірлеп, дұрыс жауап бере алмайды. Жар қызығы... Иә, жар қызығы бар екен-ау. Бірақ әйелімен арадағы байланыстың ұлы мен екеуінің арасындағы қарым-қатынастан ұзап кеткені шамалы. Үнемі сыртта жүргендіктен, сырттың қызығы жүрегін көбірек жаулап, үйдегі қызық мойындағы бір міндет секілді көрінетін. От басының бар ырысы отағасының лауазымы арқасында келіп жатқандықтан, барлық тілек, мақсат сол лауазымға тікелей бағынышты еді. Бірдеңе болса, "папаңның қызметіне зиян болады", "папаңның жұмысына кедергі болады" деген сөздер бұл үйде құранның шариғатындай естілетін. Тіршіліктің бар жағдайын жасаған, абырой, беделге жеткізген әлгі Лауазымды әйелі кейде мұның өзінен де артығырақ көретін секілді...
Тісінің сыздағаны басылар емес. Кешкі тамақ батпаған соң, төсегіне келіп қисайды. Өзі сөйлемесе, мұның тыныштығын бұзуға үй ішінде ешкімнің дәті бармайтын. Қызмет бабында бірдеңе болған шығар. Соны ойлап отырған болар... Әйелі келесі сәрсенбіде өзіне машина керек екенін айтты. Әбен іштей мырс етті: "Бейшара, келесі сәрсенбіде машина түгілі басыңмен қайғы болып отырарсың, амандық болса". Бір ғажабы, үй ішіндегі адамдармен әрегідік тілге келсе де, олардың бойларынан тіршілік белгісін - дем алысын, жүрек жылуын сезіп отырған жоқ. Олар оқ өтпейтін шыны қабырғаның ар жағында, басқа бір әлемде тек түрі ғана көрініп жүргендей. Жақындайын десе, жақындай алмайды. Ғайыптан пайда болған беймәлім жалғыздық қасынан үйріліп шықпай жүр.
Ойлап отырса, шын сенісіп, сырласатын досы да жоқ екен. Баяғы достардың орнына қызметтес достар келді. Олар тап бір ауысып тұратын киім секілді. Ескі достармен араласып тұруға уақыт жоқ. Екіншіден, олардың көбі бұдан тек дәметкеннен басқа ештеңе білмейді. Көмек, қызмет сұрайды, бәленшеге айт, түгеншеге айт, бітпейтін бір өтініш. Туыс келеді - ол да бірдеңе сұрайды. Қол ұшын бермесе, көлеңкесіне ит жатпайтын қайырсыз дейді. Олар көп, бұл жалғыз - қайсысына жетеді? Айтқаныңды екі етпейтін, ақырып қалсаң, жаны шығып кеткелі тұрған бағынышты, жалынышты жандар бар. Оларды дос дей алмайсың. Анда-санда бір келетін, ат құйрығын біржола үзбеген бір досы бар еді, оның өзі сыртынан: "Министр болам деп жақын-жуықтың бәрінен айырылды, байғұстың менен басқа ешкімі жоқ", - дейтін көрінеді.
Ешбір қисынға, ешбір заңға сыймайтын бұл өмірдің сырына кімнің көзі жеткен? Кейбіреулер адам өз тағдырына өзі қожа деп даурығады. Күнделікті жоспармен жасалып жатқан іс-әрекетің тағдыр емес. Тағдыр - сенің қу тірлігің мен сыртқы жағдайдың шайқасынан туған бұйрықты несібең. Сенің ырқыңа бағынбағаннан кейін де ол тағдыр болып есептеледі. Бұл да ойлайтын: "Өмір табалдырығынан аттағаннан кейін, алдан сан тарам жол шығады, әр жолдың қайда баратыны белгілі, қалаған жолыңа түс те, жүре бер" деп. Сүйтсе, олай емес екен. Өмір деген ну жыныс орман секілді. Сол орманның арасынан саған қандай сүрлеу бұйырады - ол өзіңнің бақ-талайың. Әбен дәл осы жолды таңдап алсам деп ойлаған емес. Маңдайына бұйырды. Рас, оңай жол болған жоқ. Тұңғыш мойынына бұғалық түскен асаудай талай бұлқынған. Талай балалық арман, қиялдарының күлі көкке ұшқан. Қысқасы, қоғам илеп-илеп, бұдан өзіне керек адам жасап алды. Әбен үндемеуді үйренді, өтірік құптауды, іштегі сөзін жасырып, басқаның сөзін айтуды үйренді. Жұрт мұның мінезін орнықты, сабырлы деп ойлайтын, шын мәнінде, артық сөйлеп қоюдан қорыққан бассауғадан басқа түк те емес еді. Бірақ бұл бір ғана адамның емес, бүкіл қоғамның басындағы жәйт емес пе? Өзге емес, өз билігің өзіңе жетпейтін заманда кім не тындырғандай? Билік дейді-ау, кімде бар ол билік? Министр түгілі әлгі хатшыңда да жоқ. Манағы қалт-құлт етіп алдына келген Қойбағаровтан оның артық жері қайсы? Қайта хатшыға қарағанда Қойбағаровтың ұйқысы да, жүйкесі де тынышырақ шығар. Тіпті сол билік Біріншіңнің өзінде бар ма екен? Біреуге күжірейіп, біреуге кішірейген заманда билік туы тігілген жер біздің көзіміз жететін жерде емес. Әріде, тым әріде. Осыны білсек, кінәласудың орнына бір-бірімізді аяйық...
Әлдеқалай жүрегі қыжылдады. Асқазаны болар. Студенттік кезден қалған гастриті бар. "Дегенмен дәрігер шақыртса қайтер еді" деген ой келді басына. "Апыр-ау, дәрігер бар екен ғой, оны қалай ұмытып кеткенмін" деп іштей тіпті қуанғандай болды. Бірақ дәрігерді еске алуы мұң екен, тісі де, асқазаны да бірте-бірте басыла бастағандай болды. Жалпы үйде отырғанда бір жері ауырса, дәрігердің алдына барғанда жазылып кететін әдеті бар-ды. Дәрігер әр жер-бір жерін сипалап, "қалай, ауырып тұр ма" дегенде, "жоқ" деп амалсыз мойындауға тура келетін.
Бойы сәл-пәл тыныстап еді, кезек менікі дегендей, уайым қайта оралды. Уайымның басы - "енді не істеуім керек" деген жауабы жоқ сұрақ еді. Не шаруа күйттеп, не көрген-білгенін кітап қылып жазып, ел қатарына қосылатын бір де бір қасиеті жоқ екен. Тіпті министр болғаннан басқа ештеңе қолынан келмейтін секілді. "Енді қайттім?" - деді ол торығып. Мұң шағатын ешкім жоқ. Бәрі де әдіре қалды. Әлдеқандай бірдеңе санасында көлбеңдеп, "мұңдасатын, сырласатын мен бар" деп, өзінің бар екенін сездіргендей болады. Әлгі "бардың" не екенін түстеп айыра алмай тұрды да, ақыры таныды. Онысы - өзін өмір бойы құл қылған, арына да, жанына да кісен салған, бауырдан, достан айырған, елден айырған тақсыр Қызмет екен. Енді ол да жоқ. Мынау тұрған оның көлеңкесі ғана...
Ішкі әлемінде дауыл қайта басталды. Үйлерді қиратып, теңіздерді арнасынан шығарып, бөгеттерді бұзатын, елді мекенді топан суға қарық қылатын дүлей дауыл. Ол өз ішінен осындай бір апатты сезді. Қайтуы жоқ, дауасыз апат.
Әлдебір өкініш секілді жетім сезім көңіл түпкірінде адасып жүрген секілді. "Әттеген-ай! - деді ыңырсып. Оны жаны қиналып айтты ма, тәні қиналып айтты ма - өзі де айыра алмады. Тегі екі ауру қосылып кеткенге ұқсайды.
Асқазанының қышқылы көбейді-ау - қыжыл күшейіп кетті. Сірке суын ішкендей қолқасына дейін ашытып, тесіп барады. Бұл бір тоқтамайтын, басылмайтын ұшы-қиыры жоқ күйзеліс болды.
Әбен өзінің түсетін жерінен өтіп кеткен пойыздағы жолаушының сезіміндей бір күйде: "Қап, манадан бері дәрігер шақыртуға болатын еді-ау!" - деп ойлады. Енді қазір жыланға арбалған бақадай аурудың ықпалынан шыға алмай жатыр. Қозғалғысы келеді - қозғала алмайды, сөйлегісі келеді - үні шықпайды. Әбеннің жан тері шықты. Беймәлім дерт ағаш кескен арадай төзімін жұқартып, біржола тауысуға жақындап қалған секілді.
Әйелі, бала-шағасы өзінен бөлініп, қол жетпейтін, дауыс жетпейтін жерге алыстап барады. "Әттеген-ай!" - демек болды, тағы да үні шықпады. "Өкінішті..."
Кенет әлдекім өзегін ыстық темірмен күйдіріп өткендей болды да, Әбен есінен танды. Тек осы азаптың немен бітсе де, тезірек біткенін тілеп үлгірді.
* * *
Әбеннің инфарктан қайтыс болғанын хатшы сенбі күні таңертең жұмыста отырып естіді. Кеше кешкілік өз алдынан сап-сау кеткен адамның қалай өліп қалғанына түсінбей:
- Қалайша, қалайша? - дей берді абыржып.
- Түн ортасында ұйықтап жатқан кезде болған секілді. Семьясы да бүгін таңертең бір-ақ біліпті, - деді ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі мемлекеттік құпияны айтқандай сыбырлай сөйлеп.- Маған ауруханадан осы әлгінде телефон соқты. Екіншіге хабарладым. Қазір өзі де шақырып қалар.
Хатшы тым-тырыс, ұзақ отырды. Қалтасынан дәрі алып ішті. Хатшының денсаулығын өзінен кем білмейтін көмекшісі дәрігер шақыртты. Дәрігер осылай боларын біліп, коридорда күтіп тұрғандай, лезде келді. Қан қысымын өлшеп, жүрегін тыңдап болғаннан кейін, ауруханаға жатқызбақ болды. Хатшы келіспеді.
Министрдің өліміне байланысты құрылған комиссияны өзі басқарды. Жер алу, оркестрге заказ беру, жаназа асына қаражат бөлу, мекемелерден венок әкелдіру, туған жеріндегі мектепке, қаладағы бір көшеге марқұмның атын беруді арнайы қаулыға кіргізу тағы басқа шаруалардың бәрін мұқият қадағалады.
Хатшының жалғыз бауырын жөнелтіп жатқандай мынау іске аянбай кіріскенін жұрт үлкен адамгершіліктің белгісі деп таныды.
Келесі күні өзінің көмекшісін ертіп, хатшы көңіл айтуға Әбеннің үйіне келді. Марқұмның отбасы қазаның құдіретін мойындап, оның орнын өлікке жұмсаған қызметтерімен толтырғысы келгендей, кіріп-шыққан кісілерді күтіп, тыным таппай жүгіріп жүр.
Марқұмның қара жамылған әйелі көзіне жас алғаны болмаса, дауыс қылып жылаған жоқ. Әбеннің қазасын естіп, хатшы ауырып қалыпты дегенді естіген болатын.
Көңіл айту рәсімінен кейін, марқұмды жөнелту шаралары төңірегінде бірер сөз болды. Қаралы әйел хатшыға рақметін айтуды ұмытқан жақ. Бүкіл зиялы қауым, қалың ел қабырғалары қайысып, қайғыға ортақ болып жатыр екен. Әсіресе, Үлкен кісінің хабарды естісімен, командировкасын тастап, әдейі келгенін, таңертең үйге кіріп шыққанын айтқанда осыны өзіне зор бедел, мақтаныш тұтатынын жасыра алмады.
- Дәм-тұз таусылып тұрса, оған кім араша бола алады?- деді әйел тағдырдың бұйрығына келіскен бір үнмен. - Кешеден бері бұған да үйрендік. Шүкірлік еттік. Әйтеуір мынандай қызметте жүріп кеткенінің өзі жұбаныш секілді. Әйтпесе, осынша үлкен құрмет болар ма еді... - Әйел тағы да көзіне жас алды.
Қабырғада қара лентамен көмкерген Әбеннің суреті тұр. Сәл жымиып түсіпті. Кешеден бергі оқиғаның осылай болып аяқталғанына өзі риза болып тұрған секілді.
Хатшы суретке ұзақ қарады. Оның өзiмен ең тағдырлас, өзiне ең жақын адам екенiн қалай байқамағанына iштей қайран қалды. Сол сәтте келесi өлiм кезегi өзiнiкi екенiн сезгендей, жүрегi болар-болмас шым еттi.