Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 9226 45 пікір 21 Қаңтар, 2020 сағат 11:12

Санақ келе жатыр!

…Өзбек әріптесіммен әңгімелесіп отырмын.

– 30 миллион болып жатыр екенсіздер. Жақсы өсім. Көбейе беріңіздер.

– 30 миллион емес, 33 миллионнан астық!

Осыны айтқанда өзбек әріп­тесімнің әукесі әуелеп кетті.

Иә, ресми дерек көздері ала шапанды ағайынымыздың жан саны 33 миллион 724 мыңға жет­кенін жария етті. Бұл – 2019 жыл­дың қазан айындағы статистика. Алдағы наурызда өзбек әкалардың «әп» деп 34 миллионды еңсеріп тастауы әбден мүмкін. Ал біз… 18 миллионнан енді астық. Әуелгі межеміз – 20 миллион еді және бір өкініштісі: 20 миллионға 2020 жылы емес, 2015 жылы же­тіп барамыз деп желпінгенбіз. Сөзіміздің еш жалғаны жоқ, міне, қараңыз: «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылдың 30 қазандағы №1380 «Қазақстан Республикасының 2010-2015 жыл­дарға арналған демо­графиялық даму Бағдарламасы» жөніндегі қаулысында Қазақстан халқының санын 2015 жылы 20 миллионға жеткізу көзделген».

Мас орыстың тілінен аударыл­ғандай түсінуге ауыр жоғарыдағы сөйлемдерден ілдалдалап ұққаны­мыз: Қазақстан халқының санын 2015 жылы 20 миллионға жеткізу көзделген.

Халық, әрине, қолдан ұрықтандырылатын мал емес, сон­дықтан оның жоспардағыдай табиғи өсім бере қоюы екіталай. Әйтсе де, демографиялық дүмпуге дені ауған жұрттың балағынан бала өре беретін болса керек. Мы­салы, өзбектер 1991 жылы ел Тәуелсіздігін 20 миллион болып қарсы алып, арадағы ширек ғасырда 13 миллионға өсіп үлгерген. Қазақстан 16 млн. 199 мың 200 адамы бар «көп ұлт­ты» мемлекет боп бастаған Тәуелсіздігінің 28–29 жылында 2 миллионға әрең қол артып отыр. Рас, осы жылдары оры­сы бар, кәрісі бар, украины мен белорысы бар, оның ішінде қазақ жерінен автономия бұйыра жаздаған немісі бар, біраз жұрт түп тамыры, түкпір жұрты – тарихи Отандарына түріле көшті. Сөйтіп, ата жұрт, баба қонысында азшылықтың ащы тағдырын кешкен қазақ халқының біртіндеп қарасы молая түсті. (Салыстыру үшін мына деректі есіңізге салайын: 1989 жылғы халық санағы бойынша, Қазақстан мемлекеті тұрғындарының саны 16 млн. 199 мың 200 адамды құрады. Қазақ ұлтының саны 6 млн. 496 мың 900 адам болса, басқа барлық ұлт өкілдерінің саны 9 млн. 702 мың 300 адам болды) Өйткені көшіп жатқандардың орнын көшіп келе бастаған қазақтар басып, «қазақ деген қара орман» елге айналдық. Нәтижесінде, 2009 жылғы санақта 14 миллионға дейін кеміген санымыз 16 миллионға еселенді.

Баяғыда бір бас редакторымыз «Бәрі де салыстырмалы» деп бас мақала жазып отырушы еді жарықтық. Біз де сол сияқты са­лыстырудың «салқынына» ұшырасақ керек, әйтпесе, 1991 жылы 20 миллионның желкесіне мінген өзбектің ширек ғасырдан астам уақытта 13 миллионға өсуі қисынға саятын сияқты. Алайда, мойындауымыз керек, қазақ демографиясының ахуалы өсім мәселесіне аса ділгір болып тұр. Мұның себептері көп. Қалаларға жаппай қоныс аударған қазақтар бір-екі баламен шектелуде. Тіпті, «жағдайымызды жасап, жайланып алғанымызша баланың не керегі бар» дейтін тенденция жас отау иелерінің арасында қалыптасып біт­кенге ұқсайды: өйткені «Қалаулым­ның» қалаулылары солай деседі. Әлеуметтік тұрмыс тұралатқан шаңырақтар қаншама? 21 мың теңгені жылап беріп отырған Үкімет (көп ретте көлденең сұра­ғын көбейтіп бермей қояды) күні бүгінге дейін ұлттық өсімнің өзегі бұқара халықтың жалаң бұт жүрмеуінде екенін түсінген де, мойындаған да емес. Аспан астын күркіретіп, астаң-кестеңі шығып соғысып жатқан елдерден Қазақстандағы өлімнің артық екендігін естігенде есімізден тана жаздадық. Қазақ қара жолдың бойында, жол апатынан көп зардап шегіп, көз жұмуда. Оны айтасыз, омбудсмен, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева: «Қазақстандағы 25 жасқа дейінгі жас жігіттердің 16 пайызы белсіз, қыздардың 30 пайызы бедеу», – дейді. Сұмдық қой!

Осындай көңілсіз, көңілсіз ға­на емес, көңілге күдік пен қорқы­ныш ұялататын жайттары жетерлік Қазақстанда Ұлттық халық санағы былтыр өтуі керек еді. Шамасы, әлеуметтік мәселелер шиырығып басталған 2019 жылы өкімет сан санап, санақ жүргізуден қорықса керек. Ал халық санағы деген ол «бір», «екі», «үш», «төрт», «бес» деп, саусақ бүгіп мал санау емес. Бұл санақта бәрі де саналады.

Қысқасы, санақ келе жатыр, мырзалар, санақ келе жатыр! Ол және биылғы жылдың басты жаңалығы болмақ…

Дәурен Қуат

Abai.kz

45 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322