Сейсенбі, 4 Қараша 2025
Айқай 622 0 пікір 4 Қараша, 2025 сағат 16:19

26 ауғандық қандасты азаматтықтан айырған кім?

Сурет: Stan.kz сайтынан алынды

Заманында Ауғаннан келген 26 адамның азаматтығын біздікілер ресми түрде жойып тастаған екен. Мұндай сұмдықты естіппе едіңіз?

Ауғанстаннан 2016 жылы Айдын атты Қазақ жігіт еліме, Атамекеніме барам деп құлшынып Қазақстанға келеді, оқуға. Алматыдағы Әл Фарабиге дайындық курсына түсіп, сосын 2017 жылы Қарағандыдағы Политех универіне ақпараттық желі саласы бойынша оқуға түседі. Оқу визамен жүреді. Сонымен не керек 2018 жылы қандас куәлігін алады, айта кетейін, құжатында ұлты Қазақ деген сөзі болса ғана Қандастық береді. Ондай қағаз бұл жігітте бар. Одан кейін ықтияр хат алады. Ықтияр хаттан кейін ресми Қазақстан Республикасының азаматтығын алады.

Азаматтық алғасын Ауғандағы, бесік құда боп атастырылып қойған өз бойжеткенін некеге алып, артынан Қазақстанға алып келеді. Ол қыздыңда ұлты қазақ деген анықтамасы бар. 2024 жылы Ұлды болады. Ол автоматты түрде Қазақстан Республикасының азаматы болады.

Содан кейін 2024 жылдың аяғында айқай басталып, мыналарға еш ескертпестен Азаматтықты жойып тастаған. Оны бұл, пенсионкісі түспей қалғасын, барып сұраса, сенің құжатың базада жоқ. Яғни сен Қазақстанда тіркелмегесін дейді. Сосын адвокат алып, бармаған жері баспаған тауы қалмайды. Соттасады. Сөйтіп, Қарағандының, Қазыбек би аудан аралық сотында бұлар Миграциялық полиция және Ауғанстандағы Қазақстанның консулін жеңіп шығады. Сот шешімі бойынша қалпына келу керек. Бірақ, айыпталушы тарап аппеляцияға береді, «қарғаның көзін қарға шоқымайды» демекші, облыстық сот ауданаралық соттың шешімінің күшін әй-шәйсіз, дәлел-дәйексіз жойып тастайды.

Нәтижесінде Айдын, әлі күнге дейін Қазақстаннның азаматы емес, не Ауған азаматы емес. Ортада қалып қалды. Дегенмен Ауғанстан тарабы бұл баланының Қазақ екенін растап, «Ауған паспортын өткізген, ондай адам бізде енді жоқ» деген.

Енді, мына Айдындар не істерін білмей отыр. 6 ай уақыты қалыпты... Адвокат жалдайын десе жағдайы жоқ..

Айдын, жәй-пәй малшы, анау-мынау емес, Қарағандының «Нәтиже» атты сүт фабрикасында 2019 жылдан бері ресми оператор, инженер технолог болған. 2024 жылы құжаты жойылғасын жұмыстан шығып қалған.

Енді, дәл осындай мәселемен бақандай 26 адам жүр екен. Ол 26 мына Айдынның білетіні. Ал білмейтіні қаншама?

Пәкістаннан 300 Қазақты алдырамыз дейміз, осы 26 ның мәселесін шешейікші бірінші кезекте.

Құрметті, Ерлан Кошанов мырза, және мәжіліс депутаттары. Мына іске назар аударып, Айдындардың азаматтығын қайтарып беруге сеп болуларыңызды сұраймын.

Қазақтың санын арттыра алмай отырсақ, мынау не сұмдық?

Бурахан Дақанов

Abai.kz

0 пікір