- Малдың жаппай экспортталуы ет бағасын өсірді. Шикізат тапшылығынан Қазақстанның ет кәсіпорындары мен бордақылау алаңдары толық жұмыс істей алмады,- деп мәлімдейді министрлік.
Министрлік мағлұматына қарағанда, 2019 жылы Қазақстаннан шетелге 156 мың сиыр шығарылған. Оның 121,6 мыңы немесе 78%-ы Өзбекстанға, 14%-ы Арменияға экспортталған.
Қазақстаннан экспортталған 264 мың қойдың жартысынан астамы - аналық. Оның 200 мыңнан астамы (76%) Өзбекстанға, 21,5 мыңы (8,1%) Ресейге, 18 мыңы (6,7%) Әзербайжанға, шамамен 12 мыңы (4,5%) Иранға жіберілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мал экспортына тыйымды агро өнеркәсіп кешенін дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен байланыстырады. Бұл бағдарлама бойынша қайта өңделген өнім экспорты 2,5 есеге ұлғаюы тиіс.
Министрлік "Таяу жылдары малды сақтап, көбейту - отандық ет комбинаттарын қолайлы бағамен сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және өңделген өнім өндірісі мен экспортын арттыруға мүмкіндік береді" деп санайды.
Abai.kz