Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2924 0 пікір 14 Қыркүйек, 2011 сағат 03:17

Мұхан Исахан. Тектілік

Ертеректе ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, төрткүл дүниеге әмірін жүргізген қаһарлы бір қаған өмір сүріпті. Бұл дүниенің өткінші рахаты мен қызығына қанып, әбден тойып, жалыққан қаған, бір күні: «Маған Қызыр бабаны көрсеткен адамға ат басындай алтын берем» - деп жарияға жар салады. Өкінішке орай, қағанның тілегені бірден орындала қоймайды. Бір күні үстіндегі киімінің сау-тамтығы жоқ, жүзі жабырқаулы бір жарлы қағанға келіп; «Ат басындай алтыныңды берсең, бір жылдан кейін, Қызыр бабаны көрсетем» деп, шарт қояды. Қызыр бабаны көруге ынтыққан қаған жарлының шартына амалсыздан көндігеді. Сөйтіп, ұлы билеуші араға жыл салып, межелі күнді сарғайып, сарсыла күтеді. Қағанның шыдамы таусылуға шақ қалғанда, жарлының айтқан мерзімі де келіп жетеді. Алайда, жарлы хабар бере қоймайды. Қаған дереу жасауылдарын жарлыны ұстап әкелуге аттандырады. Жасауылдар жарлыға барса, ол байғұс: «Мен көзімді ашқаннан өз қолым өз аузыма жетпей, жоқшылықтың тауқыметін тартып өстім. Қатты қиналып жүргенде қағанның Қызырды көрсеткен адамға ат басындай алтын беремін дегенін естіп, ойым бұзылды. Қағаннан Қызырды бір жылдан кейін көрсетемін деп, ат басындай алтынын алдап алып, ең болмағанда ғұмырымның бір жылында қағанағым қарқ, сағанағым сарқ болып шалқып өмір сүрейін деп ойладым. Міне, жыл болды не ішемін, не жемеймін дегенім жоқ, рахат күн кештім.

Ертеректе ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, төрткүл дүниеге әмірін жүргізген қаһарлы бір қаған өмір сүріпті. Бұл дүниенің өткінші рахаты мен қызығына қанып, әбден тойып, жалыққан қаған, бір күні: «Маған Қызыр бабаны көрсеткен адамға ат басындай алтын берем» - деп жарияға жар салады. Өкінішке орай, қағанның тілегені бірден орындала қоймайды. Бір күні үстіндегі киімінің сау-тамтығы жоқ, жүзі жабырқаулы бір жарлы қағанға келіп; «Ат басындай алтыныңды берсең, бір жылдан кейін, Қызыр бабаны көрсетем» деп, шарт қояды. Қызыр бабаны көруге ынтыққан қаған жарлының шартына амалсыздан көндігеді. Сөйтіп, ұлы билеуші араға жыл салып, межелі күнді сарғайып, сарсыла күтеді. Қағанның шыдамы таусылуға шақ қалғанда, жарлының айтқан мерзімі де келіп жетеді. Алайда, жарлы хабар бере қоймайды. Қаған дереу жасауылдарын жарлыны ұстап әкелуге аттандырады. Жасауылдар жарлыға барса, ол байғұс: «Мен көзімді ашқаннан өз қолым өз аузыма жетпей, жоқшылықтың тауқыметін тартып өстім. Қатты қиналып жүргенде қағанның Қызырды көрсеткен адамға ат басындай алтын беремін дегенін естіп, ойым бұзылды. Қағаннан Қызырды бір жылдан кейін көрсетемін деп, ат басындай алтынын алдап алып, ең болмағанда ғұмырымның бір жылында қағанағым қарқ, сағанағым сарқ болып шалқып өмір сүрейін деп ойладым. Міне, жыл болды не ішемін, не жемеймін дегенім жоқ, рахат күн кештім. Бұдан кейін қаған басымды алса да тағдырыма разымын» дейді. Жасауылдар жарлыны қағанға алып келе жатқанда, жолшыбай бір бала жолығып: «Мені де қағанға ертіп апарыңдар» деп, жасауылдарға ере келеді.

Болған жайды естіп біліп, қаған терісіне симай қатты ашуланып, кәріне мінеді. Ғұмырында ешкімнің мазағына ұшырамаған қағанды қайдағы жоқ жарлы-жақыбайдың жүрегі даулап, шіміркпей, оңай алдай салуы, қағанға ауыр тиеді.

Қағанның үш уәзірі бар болатын. Жарлыға жаза беру үшін жасы егде тартқан бірінші уәзірінен ақыл сұрайды. Бірінші уәзір: «Бұл дарға асып өлтіруге әбден лайық адам» деп өз үкімін береді. Сол  сәтте, жасауылдарға еріп келген жас өрім: «Әркім өз тегіне тартады» деп қалады. Бірақ, оның сөзіне ешкім құлақ түре қоймайды. Қаған екінші жасы үлкен уәзірінен ақыл сұрағанда, ол: «Бұл - арқа етін арша, борбай етін борша қылып, жүз дүре соғуға әбден лайық адам» деп өз кесімін айтады. Сонда әлгі жас өрім тағы да: «Әркім өз тегіне тартады» дейді. Бұнда да оның сөзіне ешкім мән бере қоймайды. Қаған өзінің үшінші жас уәзірінен ақыл сұрағанда, ол: «Тақсыр, мына бейшара тіршіліктің тауқыметін көп тартып, тағдырдың сынағына шыдас бере алмай, жалғандыққа барды. Кіші адам кішілігін жасап қателікке бой алдырды. Ат басындай алтыннан айырылғаннан сіздің байлығыңыз кеміп қалмайды Сіз үлкен адамсыз, үлкендігіңізді  жасап мұны кешіре салыңыз» деп парасатты үкім береді. Сол сәтте тағы да әлгі жас өскін: «Әркім өз тегіне тартады» дейді. Бір емес, бірнеше рет бұл сөзін қайталағаннан кейін қаған амалсыздан әлгі жас балаға қарап: «Шырағым, сен кім боласың, не үшін бұлай дедің?», - дейді. Жас өскін: «Бірінші уәзіріңіз: «дарға асып өлтіру керек» деп үкім бергенде, «әркім өз тегіне тартады» дегенім, бұл уәзірдің әкесі сіздің атаңыз хан болғанда, оның адамдарды дарға асып өлтіретін жандайшабы болатын. Бірінші уәзіріңіз көзін ашқаннан әкесінің ісін көргеннен кейін, өз көргенін айтты. Екінші уәзіріңізден кесім сұрағанда, оның: «жүз дүре соғу керек» дегені, мұның да әкесі сіздің атаңыз хандық құрғанда дүре соғатын жасауыл болған еді. Бұл да әкесінен көргенін айтты. Сондықтан мен «әркім өз тегіне тартады» дедім. Үшінші уәзіріңіздің: «жарлының бұрынғы өткен өмірін көрмесе де, жағдайға қанығып, оның ғұмырын көз алдыңызға келтіріп: «кіші адам кішілігін жасады. Сіз үлкенсіз, үлкендігіңізді жасап, кешірім беріңіз» дегенде, «әркім өз тегіне тартады» деуімнің себебі, бұл уәзірдің әкесі сіздің атаңыздың уәзірі болған еді. Шыр етіп дүниеге келгеннен әкесінің тәрбиесін көргеннен кейін бұның бойына уәзірлік қасиет дарыған болатын. Әсілі, әділ үкім берген мына жас уәзіріңіз. Сіздің шын уәзіріңіз осы кісі» дегенде, қағаннан бастап көріп тұрған қалың бұқара шынашақтай баланың көрегендігіне тәнті болып, таңырқасады. Әлгі жас  бала өз сөзін бітіріп, көз алдарында ізім-ғайым жоқ болып кетеді. Бәлкім, қағанның көргісі келген Қызыр бабасы осы жас өскін шығар.

Ислам елдерінде кеңінен айтылатын бұл әпсанадан не түюге болады? Әлбетте, Қызыр бабаның жұртшылыққа жас бала болып көрінуі қызықты болғанымен, мұндағы негізгі тақырып тектілік екендігі түсінікті. Әсілі, әрбір ұлт өзінің текті тұқым екенін әйгілеуге құштар тұрады. Атам қазақ үшін де тектілік қастерлі һәм қасиетті ұғым болатын. Бұл фәнидегі шымбайға батар ең ауыр сөз «тексіз», «көргені жаман», «көргенсіз» деген тіркестер болған. Бұрынғының танымында тектілік байлықпен, мансаппен өлшенген емес. Бабаларымыз байлықтың буы ұрғандарды «шөпке тышар» деп, мансабына малданғанды «жаман атқа мінсе, атасын танымас» деп сын садағына алатын. Керісінше, кедей болса да ойы кемел, жан-сарайы жарқын жандарды «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» деп бағалаған.

Задында, бабаларымыз тектілікті - қақ-соқпен ісі жоқ, ұсақ-түйекке шыж-быж болмайтын ұстамдылықпен, арам асқа қол сұқпайтын адалдықпен, әйелдің етегінде, нәпсінің жетегінде кетпейтін тахуалықпен, атақ-даңқ үшін аласұрмайтын дегдарлықпен, қара басынан қалың бұқараның қамын жоғары қоятын азаматтықпен, таяқтан тайсалмайтын, семсерден сескенбейтін батырлықпен, хақиқат үшін басын бәйгеге тіккен жансебілділікпен, ар-ұятты ұлықтаған ибалылықпен, Құдайға қалтықсыз иланған имандылылықпен безбендеген.

Өкінішке қарай, біздің заманымыздың тектілік өлшемі мүлде басқаша сипатта өрілуде. Ата-бабамыз ұлықтаған тектіліктен Алаш баласы мүлде ажырап бара жатыр. Оның себебі, біздің қоғам қазір сырға толы мына беу-дүниеден хикмет іздемейді. Не үшін жаратылдым, қайдан келдім, қайда барамын, осыншама ғаламат жаратылыстың түпкі мәні неде? - деп атойлаған жүрек үніне құлақ түрмейді. Басымыздан кешіп жатқан әрбір сәттің илаһи бір сыры бар екенін терең ұғынбайды. Өмір сүріп отырған ортаның бақыты үшін күресуге құлықсыз. Ал, керісінше, дүние-боқтың мұңын мұңдап, сойылын соғуға келгенде алдына жан салмайды. Қалың бұқараның мүддесінен қара бастың қамын жоғары қоятыны соншалықты, пендешілікке салынғанда перғауыннан да асып түседі.

Тегі, түп-негізінен алшақтап, қағынан жеріген қоғамның түбінде қасірет шегетіні айдан анық. Осыны сезе тұра, біле тұра, біздің қоғам бұл сормаңдай соқпаққа неге түсті? Қасірет шектірер харам ой, қара ниеттің иесі - бүгінгі қоғам ертеңі үшін қандай өнеге қалдыра алады? Тектілердің сүрлеуіне қайта түсуіміз үшін не істеуіміз қажет? Бұл сауалдардың шешімін табуды өзін арда алаштың ұрпағы санайтын азаматтардың ар-ұжданы мен ой-таразысына қалдырдық. Қанеки, көп болып, кеңесіп, бір бәтуаға келейікші...

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543