Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 6294 6 пікір 27 Қаңтар, 2020 сағат 12:44

Билік өкілдерінің бір малшыны қабылдап жатқанын көрмегелі қай заман...

Ол кезде мен 5 жаста едім. Сол жылы қыс қатты болды. Оны кейін «1968 – 69 жылдары Мешін жұты» деп атады. Әкем Күнесхан мал бағатын. Жан жағын биік тау құрсаған, Лайлы деген жерді қыстадық. Бұл Хан-Тәңірі аумағындағы биік сілемдердің бірі. Қар қалың жауды. Ол аз болғандай қыстың суық болғаны сондай, қардың беті мұз болып қатып қалды. Мал қарды теуіп жайыла алмады. Шөп таусылды. Шөп әкелетін жолдың бәрін қар үрлеп тастаған. Мал қырыла бастады. Сол кездегі әкемнің әрекеті әлі есімнен кетпейді. Ол жарым түннен тұрып тау етегіне дейінгі 3 шақырым қарды атпен жарып, кей тұсын балталап із салатын. Мақсат - тау етегіндегі қарағайға ілігу. Қарағайлы алқапқа іліксе, мал қарағай бүрін жейді, аштан қырылмайды. Сонда әкем бір құшақ шөпті буып беріп, «қойдың алдына түсіп алып, атпен бұзып салған ізбен жүре бер» дейтін. Шөпті сүйреймін. Қойлар артымнан сапқа тұрған солдаттай еріп отырады. Алды тау етегіне жеткенде, соңы қорадан шығып жататын. Бойым бір қарыс. Аяғымда қалың шұлғау оралған керзі етік. Аяғым қатып қалатын. Қолымды үрлеп-үрлеп қойып, бір жығылып, бір тұрып сол шөпті сүйреп бара жатқанымды әлі ұмытпаймын...

Не керек осындай азапты күндерді бастан кешіп, әкем 500 қойдың 400-ін аман алып қалды. Онда да бірқатары көктем шыға сүйелден өлді. Сол жылы ауыл малшыларының ең мықты дегені 100 бас малды ғана аман алып қалған. 500 қойдан түгел айырылып, құрығын ұстап қалған малшылар да болды...

Көктемге іліне бере ауданнан басшылар келіп әкеме «Сіздің осынша малды жұттан аман алып қалғаныңыз керемет ерлік болды, медальға ұсынамыз» деді. Алайда малшылар слеті өткенде медальді басшылардың көңілін тапқандар тақты. Бірақ әкемнің жүзінен кейістік байқамадым. Ол бүкіл өмірін сол ауылшаруашылығына арнады...

...Сол кезде әкемнің 30-дан жаңа асқан кезі екен. Жастар мал баққысы келмейді дегенде осы оқиға есіме түсті. Қайтіп барады, егер еш жағдай туғызылмаса, еңбектері еленбесе. Игі жақсылар жиналатын жерге шақырылатын да, марапатталатын да көбінше әншілер, әртістер, спотшылар...

Тау басында қасат қарда малды қайтсем аман алып қалам деген малшы туралы бір репортаж көрмейміз. Газеттер де көп жазбайды. Олар жоқ сияқты. Қаланың көшесі тазаланбай қалды деп күнде дабыл қағып жатады. Даладағы малшының жағдайын қалай деп кім сұрайды? Билік өкілдерінің бірі қойшыны, малшыны қабылдап, не өзі барып марапаттап, рахмет айтып жатқанын көрмегелі қай заман...

Техника, технология, роботтандыру деген жақсы, әрине. Бірақ бәрің ет, нан жеп, сүт ішесіңдер ғой. Осындай жиындарда ақ қар көк мұзда мал соңында жүрген жастарды да ұмытпаңыздаршы. Биыл да қар қалың. Мүмкін олардың да бір баласы дәл қазір үсіген қолын үрлеп, қасат қарда малды сақтап қалу үшін бір шөкім шөп сүйреп бара жатқан болар...

Әділбек Қабаның әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395