Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4132 2 пікір 31 Қаңтар, 2020 сағат 10:57

Шекарадағы өгейсітушілік

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі былтыр Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының Ресей Федерациясымен және Қырғыз Республикасымен шекаралас аумақтарында фитосанитариялық бақылау пункттерін құрған болатын. Олардың қызметкерлері ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелу және әкету кезінде мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық және ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға тиісті.

Алайда, өткен жылдың аяғында қолға алынған осы жұмыстың ұйымдастырылуы сын көтермейді. Бұған біз, әріптесім Сергей Звольский екеуміз, жақында Қызылжар өңірінде болғанымызда көз жеткіздік.

Біріншіден, мемлекеттік шекара маңында құрылған фитосанитариялық бақылау пункттері кедендік және шекаралық бақылау пункттері орналасқан ғимараттарда емес, олардың бергі жағындағы жақын жерге әкеліп қойылған вагоншаларда орналастырылған. Мұның өзі бір мезгілде тексеріс жүргізуге мүлдем қолайсыз болып шықты. Себебі кедендік және шекаралық бақылаудан өткен автокөліктер өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторлардың талап еткендеріне қарамастан, көбінесе тоқтамай, елдің ішіне қарай өте шығады. Сондықтан міндетті түрде тексерілуге тиісті өнім тасымалдаушы автокөлік иелері туралы жол-полициясының қызметкерлеріне хабарлап, іздетіп, кейін қайтаруға тура келеді. Бұл көрші елдерден ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелген автокөлік жүргізушілері үшін де тиімсіз. Өйткені, олар қосымша уақыт және жанармай шығындауға мәжбүр. Олар бір кезде кедендік, шекаралық және фитосанитариялық бақылау бір ғимаратта, бірлесе жүргізілгендігін айтып шағынады.

Екіншіден, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің лауазымды адамдары фитосанитариялық бақылау пунктінің қызметкерлерін мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктіне ауыл шаруашылығы өнімдері бар көлік құралдарының келгені туралы уақтылы және толық хабардар ете бермейді.
Үшіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық бақылау пункттерін ашу үшін сатып алған вагоншалар солтүстік өңірлердің қатал климатына арналмаған болып шықты. Мысалы, осындай вагоншада тоңып-жаураған Солтүстік Қазақстан облысының аумағындағы Қарақоға фитосанитариялық бақылау пунктінің қызметкерлері бос тұрған басқа бір шағын ғимаратты қалпына келтіріп, соны паналауға мәжбүр болыпты.
Осыған орай бүгін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, мынадай ұсыныстарды енгіздік:

Біріншіден, мемлекеттік шекарада құрылған фитосанитариялық бақылау пункттерін кедендік және шекаралық бақылау пункттерінің ғимараттарына орналастыру мүмкіндігін қарастыру қажет;

Екіншіден, кедендік, шекаралық бақылау пункттерінің және фитосанитариялық бақылау пункттері қызметкерлерінің өзара іс-қимылын барынша үйлестіру керек.

Әйтпесе, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі шекарада өгейдің күйін кешкен фитосанитариялық бақылау пункттерінің қызметкерлерінің жұмысынан мардымды нәтиже күту қиын.

Кәрібай Мұсырманның әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371