Латын графикасында ұ, ү, у дыбыстарын таңбалаудың мәні
Латын графикасына көшу үрдісі басталғалы бері қоғамның қазақ жазуына бей-жай қарамайтыны айқын байқалып отыр. Латын графикасына негізделген жаңа əліпбидегі кейбір дыбыстардың таңбалануы жазу мен оқу барысында қолайсыздықтар тудыруына байланысты қоғам тарапынан сын-пікірлер көп айтылды. Сол себепті де қазіргі кезеңде әліпбиді жетілдіру, толықтыру жұмыстары қолға алынғаны мәлім. Бекітілген әліпбиді жетілдіруде әсіресе ү, ұ, у дыбыстарының таңбаларының өзара ұқсас болуына назар аудару керек.
Мысал ретінде «ұят, ұлттық, ұмытшақтық, уылдырық, бұлбұл, самұрық, университет, үйрету, дауысты, уық, уақыт» сөздерінің «uıat, ulttyq, umytshaqtyq, ýyldyryq, bulbul, samuryq, ýnıversıtet, úıretý, daýysty, ýyq, ýaqyt» түріндегі латын қарпімен жазылған нұсқасына қарағанда «ūiat, ūlttyq, ūmytu, uyldyryq, būlbūl, samūryq, universitet, úiretu, dauysty, uyq, uaqyt» ретінде жазылғаны әлдеқайда қабылдауымызға жеңіл.
Әліпбиді мектеп табалдырығын аттайтын баладан бастап, бірнеше жыл зейнеткер атанып қалған қария да, күнделікті қаламы қолынан түспейтін мамандық иелері де, жазу мен оқуды сирек пайдаланатындар да (бүгінгі күні ондай адам жоқ та шығар?) оңай меңгеруі маңызды болмақ.
Әліпби ауыстыру бір әріптің орнына екінші әріпті қою емес екендігі белгілі. Үйренуге де, үйретуге де жеңіл әрі сол әріптің табиғатын аша білетін әріптерді әліпбиде қолдану арқылы ұтарымыз көп болмақ.
Тұрсынова Мархаба Ахметқалиқызы
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, ф.ғ.к.
Abai.kz