Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Оқулық мәселесі 5628 14 пікір 12 Ақпан, 2020 сағат 11:10

Бұл жерде біреулердің қаржылық мүддесі тұр...

Қолға үйреткен хайуанды мал дейміз. Мәселен, қолдағы жылқыны мал дейміз, жабайы жылқы – құланды аң дейміз. Қолдағы қойды мал дейміз, жабайы қойды – арқарды аң дейміз.

Бұл  әріптес інісі Телжан Шонанов екеуі бірігіп 1928 жылы жазған 3-4 сынып оқушыларына арналған хрестоматия деген кітабындағы Ақаңның екі-ақ ауыз сөзі. Ішінде қаншама ақпарат, қаншама білім жатыр. Оқушы бұдан адамнан басқасы хайуан деп аталатындығын, оның қолға үйретілгендерін мал, ал жабайысын аң деп атайтынымызды біледі. Оның үстіне жылқының тегі құлан, ал қойдың тегі арқар екендігін біледі. Мұғалім оқушыны қызықтырып, бұл қалай, арқар қойға, құлан жылқыға қашан, қандай жағдайда айналған деп ізденіске жетектеуіне болады. Сыныпта хайуан деген сөзді басына жазып қойып, осындай қалған атауларды бірінен-бірін туындатып, сызба түздіруге болады және т.б. Жә, мұғалімдерге ақыл үйретіп кеттім білем. Нені оқыту мен қалай оқытудан тұратын бүгінгі жаңартылған оқу үрдісіне айтар датым бар. Бір айтармын...

Осы Ақаңның хрестоматиясын 5 сыныптағы балам Алдиярға зорлықпен оқытып шықтым да, сұрадым. Оған бұндағы айтылғандардың көбі таңсық болып шықты. Мәселен, жәндіктердің таралуына жел жәрдемші болатынын, аң мен құстың неге ауатынын, құстарды бұлай топтауды осы кітаптан білдім дейді. Сонда 1 сыныптан бастап оқытылатын Өзін-өзі тану, Дүниетану, Жаратылыстану пәндері нені оқытатынын түсінбедім. Мұндай ақпараттар бар да шығар әлгі тануларында, бірақ қазір көп кітаптің тілі аударма ғой. Иә, бұрынғы біздің кезіміздегі Мәскеуден бекітілетін оқулықтар да (қазақ тілі мен әдебиетінен өзге) аударма болатын. Алайда, ол кездегі аудармашы аға-апаларымыздың шеберлігінен оқулық мәтіні қазақша жазылғандай төгіліп тұратын. Қазіргі оқулықтың тілі Ақаңның мыйыңа құйып берген жатық тіліне жете ме?! Оның үстіне қазіргі кезде баланың келешегіне керегі шамалы бірін-бірі қайталайтын оқу құралдар көп. Мәселен, ішінен баланың алары болмаса бастауышта үш танудың бізге керегі қанша? Иә, бұл жерде баланың білімін толықтыруды ойлап жүрген ешкім жоқ. Бұл жерде біреулердің қаржылық мүддесі тұр. Мәселен, бір сыныптың оқулығы республика бойынша шамамен 200 мыңнан аса данамен таратылады. Осыны басып шығарғандарға үкіметтен мемлекеттік тапсырыс арқылы миллиондаған қаржы бөлінеді. Кітапты таратса болды, ал оны оқитын оқушыға не беретіні ешкімді қызықтырмайды. Сондай оқулықтардың бірі 1 сыныптан 11 сыныпқа дейін жүретін «Өзін өзі тану» екендігін бәрі біледі. Бірақ ол миллион екі жүз мың  данамен әрбір төрт жыл сайын қайта басылып отырады... Оның орнына осындай балаларға беретіні мол Ақаңдардың кітабын оқытса ғой. Ақаңның айтқандары өтті болды, тарих қойнауына кетті емес! Ақаң қазақтың қазақ болып жер бетінде қалуының кепілі ғой.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

14 пікір