Сенбі, 23 Қараша 2024
Біртуар 12244 59 пікір 12 Ақпан, 2020 сағат 15:21

Жәкулин әулетіне күйе жағу кімге тиімді?

Құрметті оқырман!
Аяулы бауырлар!

Жәкулин әулетінің қысқаша тарихы

Менің атым – Арман Аманұлы Жәкулин. Елімізге танымал Асқар Жәкулиннің ағасы Аманның ұлымын. Асқар ағамыз туралы қысқаша ғана мағлұмат бере кетейін. «Компания Ас-Ай ЛТД» ЖШС-ның негізін қалаған кәсіпкер, ұлтын қалтқысыз сүйген азамат, Қытайда туып, сондағы ең атақты Шинхуа университетін үздік бітірген алғашқы қазақтардың бірі, одан ары Германиядан оқуын жалғастырып, Қытай Астанасы Пекинде табысты еңбек еткен, Қазақстанға Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен елге оралған отаншыл азаматтардың алдыңғы легінде болды. Ал атам Әнуар Жәкулин Шыңжаңда саяси-заң министрі болып қызмет еткен. 1965 жылы жаламен қастандыққа ұшырап, абақтыда қайтыс болды. Әжем, яғни Асқар ағамның анасы Бәтима Жакулина күллі Қытай қазақтарына танымал қоғам қайраткері. Шыңжаң әйелдер қауымдастығының төрайымы, бүкілқытайлық саяси мәслихат кеңесінің екі кезекті депутаты болды.

Арғы атам  Жакула Күшікұлы Дала генерал-губернаторлығының орталығы Омбы қаласында еуропалық деңгейде медициналық білім алған, Алаш көсемдерімен ниеттес болғаны үшін большевиктердің қырына ілігіп, қуғын көріп Қытай асқан. Тағы бір атамыз, Жәкуланың інісі Әбілмәжін Күшіков Варшава университетін 1917 жылы үздік бітіріп,  «Қапланбек Алашордасы» ұйымын құрғаны үшін 1937 жылы «ұлтшыл» атанып, Қызыл империяның арнаулы бұйрығымен атылған. Жәкула әулетінен шыққан бірер адамның тарихына қысқаша ғана тоқталып отырмын. Одан басқа қаншама ірі тұлғалар, намысты ұлдар болды. Менің айтпағым – өз әулетіміздің қиын да қилы тағдырын және бүгінгі ұрпақ мақтануға тұрарлық үлгілі істерін көпшілікке түсіндіру, тізбелеп санамалау емес, мүлдем басқа...

Жала жабу, әруақтарды қорлау, намысқа тию...

Айтуға қиын... тіпті, өте ауыр. Соңғы кезде ватсап, ютуб, фейсбук, тағы басқа әлеуметтік желілерде белгілі бір топ (тобыр деуге аузым бармайды) қисынсыз, жөн-жосықсыз біздің әулетке, ата-бабаларымызға тіл тигізіп, жала жауып жатыр. Айтпаған сөзі, жақпаған күйесі қалмады. Олар аруақтармен алысуды місе тұтпай, марқұм ағам Асқардың буыны бекімеген балалары Айдана мен Айқұтқа, аяулы жары, жеңгем Чжан Вэй – Жайна Жәкулинаға түрлі сес көрсетіп, адам аузы бармайтын өсек-аяңды қарша боратуда. Чжан Вай кім? Ол – Асқар ағамыздың сүйікті жары, қазақтың ибалы келіні, мұсылман дінін қабылдаған қытай қызы. 1997 жылы Асқар ағам Чжан Вайге үйленген кезде әжем Бәтима ақ батасын беріп, азан шақырып, Жайна Жәкулина деп есім берген.   Жайна жеңгем бүгінде екі бала тәрбиелеп отырған аяулы ана, қаншама адамды жұмыспен қамтып отырған және әр қызметкерге жеке бас қиыншылығында сүйеу болып жүрген қадірлі басшы.  Осыншалықты ардан аттайтындай, мәселенің ақ-қарасына қарамай, ойланбай сөйлейтіндей не көрінді бұларға?! Басқа-басқа, Асқар Жәкулиннің, оның отбасының дәл осы айғайшыл топқа қандай қиянаты өтті? Тоғышарлық, топастық, надандық дейін десем, өз ұлтым, өз қандасым, өз бауырым, өзімнің жерлестерім ғой... тілім күрмеледі. 

Осыған дейін үндемедім. Іштен тындым. Басылар, арандатушылардың айтағына ере бермес, кімнің ақ, кімнің қара екенін түсінер дедім. Жоқ! Даурыққан топтың айғайы тіптен үдеп барады. Отбасымызға, жақындарыма қауіп төндіретіндерін айтып, доқ көрсетіп, бірін бірі жебеп, намысқа тиюден, қаралаудан бір-бірімен жарысып,  ауыздарына келген құсықтарын төгуде. Олардың осыған дейінгі айтқан өтіріктері мен жапқан жалалары сақтаулы. Егер Еліміздің заңы бойынша жауапқа тартар болсақ, кез келгенін оңдырмайтын едік. Бір жағынан жынымыз келсе де, екінші жағынан жанымыз ашиды... Біз еліміз Ата заңының адамның намысы мен бостандығын, жеке басының қауіпсіздігін қорғайтынына сенеміз. 

Бұл шу қайдан басталды? 

Мәселенің мән-жайын қысқаша түсіндіре кетейін. Ардақты көкем Асқар Жәкулин 2001 жылы сол кездегі Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының арнайы шақыруымен елге оралып, өзінің Қытайдағы компаниясын, дөңгелеген бизнесін тоқтатып, Атамекенге біржола келіп, қайтадан кәсіп бастады. «Компания Ас-Ай ЛТД» ЖШС атты жаңа компания құрып, айналасы оншақты жылдың ішінде білімі мен біліктілігі арқасында жұмысы өнімді компанияға айналдырды. 

2014 жылдың күзінде ағам Асқар өзінің жаман ауруға (рак) душар болғанын біледі. 2 желтоқсанда жары Жайнаны ертіп, Жапонияға асығыс аттанады. Жеңгем жарының қатерлі ісікке шалдыққанын ең бірінші осы компанияда табысты еңбек еткен, жоғары жалақы алып, өзінің де, отбасының да жағдайын жасаған Салтанат Құсыманқызына (2005 жылдан бастап осы компанияда қызмет еткен) айтады. Оған екі баласын қарауды, қиын шақта көмектесуін, балаларына қамқоршы болуын тапсырады. Үйдің кілтін және балалардың құжаттарын қажет жағдайда пайдалану үшін Асқар ағам  екеуі жататын бөлмедегі киім ілетін бөлменің жалғыз кілтін де соған беріп, зор сенім артып, жан жарын емдетуге Жапонияға кетеді. Оған үйді қараусыз қалдырмауын қайталай тапсырады. 2015 жылы қаңтардың 2-сінде үйден 77 400 000 теңге (жетпіс жеті миллион төрт жүз мың теңге) жоғалғаны белгілі болады. Сол кездегі курс бойынша бұл 430 мың долларға тең еді. (Салтанаттың айтуы бойынша, ол ақшаны үйде сақтаған. Ал оған ақшаны үйде сақта деп ешкім айтпаған. Сондықтан ақшаның үйден жоғалуы мүмкін емес деп ойлаймыз. Ол туралы төменде де айтатын боламыз). Компания өз ақшасының жоғалғаны туралы арызданып, ұрыны табуды қолға алады. Полицейлердің тергеуі нәтижесінде 2015 жылдың 16 қазанында ұрлық делосы бойынша іс сотқа түседі. Әрине, басты күдікті Салтанат Құсыманқызы болады. 2016 жылдың 13 қаңтарында Азаматтық сот Салтанат Құсыманқызын кінәлі деп тауып, оған компанияға келтірген шығынды төлеуді міндеттейді. Апелляциялық сотқа арызданғанымен, оның арызы қанағаттандырусыз қалдырылады.

Осы жерде бір нәрсені ашалап айта кеткім келіп тұр. Ұрыны қалайда тауып, қылмыскерді анықтауды тапсырған Асқар ағамның өзі. Сот оның көзі тірісінде басталған. Себебі, ол өзінің жанымен күйзеліп жатқанда өзі сенген, қарындасындай көрген, оның туыстарына да бар жақсылығын аямаған Салтанаттың отбасындағы қиын жағдайды пайдаланып, ту сыртынан пышақ ұрғандай ауыр соққы жасағанын кешіре алмады. «Менің өлімімді тіледі, менің жаныммен қайғы болған сәтімді пайдаланып, дерт үстіне дерт қосты» деп күйінді. Шынымен де, осы оқиға оның жанына қатты батты. Ақша үшін емес, ағамның маңдай терімен жинаған қаржысы екі баласы мен жарының әлемнің кез келген жерінде шалқып өмір сүруіне еркін жетеді, ағам сатқындықты, опасыздықты, арамдықты кешіре алмады... Әйтпесе, менің ардақты Асқар ағамның қолы ашық, жүрегі жомарт жан болғанын елдің бәрі біледі. Асқар Жәкулин 2016 жылдың 2 ақпанында қайтыс болып, өз аманаты бойынша Кеңсайға жерленді. Жары мен достарына балаларының Қазақстанда ержетуін, Тәуелсіз отанын қадірлеуін қайта-қайта тапсырып, өзі құрған компанияны күйретпей, дамытуды, елге қызмет етуді өсиет етті. Ағамның соңғы аманат хатын Интернеттен тауып оқысаңыздар болады немесе ол туралы түсірілген шағын деректі фильмді көріп шығыңыздар. Ұлтын шын жүрегімен сүйген адамның ақтық сөзін бізге қарсы топ құрып, ұрандатып жүрген азаматтар да оқып көрсе, оған сауаттары жетпесе, деректі фильмнен тыңдаса ғой деп ойлаймын. Бәлкім, кеуделерінде тас емес, жүрек болса, Асқар ағамның асқақ арманын түсінер ме еді... Өздерінің тоғышарлықтары үшін бір сәт ұялар ма еді, кім білсін?!...

Қазақстан соты әділетсіз бе?

Ағам қайтыс болған соң компания осы іс бойынша кінәліні түбегейлі анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап, арыз берді. Өйткені, Салтанат тергеу амалдары жүргізілгенде өзінің ақ екеніне ешқандай дәлел келтіре алмаған. Керісінше, компанияны орынсыз күстаналап, ойдан шығарылған әңгімелерді көлденең тартумен болды және Азаматтық  сот міндеттеген ақшаны төлеу туралы шешімді орындамады. Тіпті, ақшаны ол жымқырмаған күннің өзінде (солай болуын біз де тілеп едік), өзіне тапсырылған жауапкершілікті дұрыс атқара алмағандығын айтып, бірде бір рет кешірім сұраған жоқ. Бұл іс бойынша тергеу амалдары 3 жыл бойы жүргізіліп, сот жеті айға созылды. 2019 жылы 7 айдың 12-сінде сот үкімі шығып, Салтанат Құсыманқызы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. 

7550-19-00-1-/4 нөмірлі сот үкімінде полиция өкілдерінің ақша ұрланған күнгі хаттамасы бойынша үйге кірер есіктің де, ақшаны қойдым деген жатын бөлмедегі  кішкене киім бөлмесінің де құлпына ешқандай зақым келмегені, үйдегі заттардың орналасу тәртібінің бұзылмағандығы, бөлме ішінде құнды әшекейлердің жоғалмағандығы айтылған. Демек, бұл ақшаны егер үйден әлдекім алып кетті деп қарасақ та, тек Салтанат тығып қойдым деген ақшаны ғана алып кетті дегенге кім сенеді?!  Сол ақша қойған қобдишаның астында кішкене сейфте қыруар ақша және сол үйде өте қымбат бағалы әшекейлер болған. Ұры тек қана Салтанат қойған ақшаны ұрлауы мүмкін бе? Мүмкін емес. Бірден айтайық, жатын бөлмедегі киім-кешек қоятын кішкене бөлме кілті тек Салтанаттан басқа ешкімде болмаған. Тұрғын үйдің паркингіндегі күзетшілер мен подьездегі күзетшілер де ақша ұрланған уақытта бөгде адамның кірмегенін дәлелдеген. Сот осы және басқа да дәлелдерге, ұзақ уақыт жүрген тергеу материалдарына негізделе отырып, Салтанат Құсыманқызын айыпты деп тауып, 8 жылға соттады. Сонда біздің сот әділ шешім шығармады деп, істің мән-жайын білместен даурығуымыздың қандай қисыны бар? Егер ақшаны Салтанат Құсыманқызы өз мақсатына жаратпаған, ұрламаған, жалған куәлік бермеген, сүттен ақ, судан таза болса, онда қылмыскер кім? Біздің тергеушілер мен сот нақты қылмыскерді тауып берсе, компанияның Салтанатта несі бар? 

Салтанат ағам мен жеңгемнің сенімді серігі болды

Рас, ағам Асқар да, жеңгем Жайна да Салтанат Құсыманқызын ерекше құрметтеді. Тіпті, Салтанатқа туған бауырындай қарады. Мұны бүкіл компаниядағылар, біздің әулетпен жақын араласатын жандардың бәрі біледі. Оған ерекше сенгендіктен де ағамның асқазан обырына (қатерлі ісікке) шалдыққанын тек соған ескертті әрі үйі мен балаларына бас-көз болуды, компанияның жұмысына бар пейілімен қолғабыс етуді тапсырды. Жайна жеңгем жарының ауруы өте қауіпті, соңғы деңгейге жеткенін айтып, Салтанатқа мұң шағып жылағанын осы кезде жиі айтады. Одан басқа сенері жоқтай көрінгені де түсінікті ғой. Бұдан бөлек, ағам Асқардың Құсымандар отбасына жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Әкесі мен шешесіне қала шетіндегі үйін отыруға берді, інісі Бекболат Құсыманды туған бауырындай көріп, қызметке қабылдап, өзінің сенімді серігі әрі жүргізушісі етіп, қасынан бір елі тастамай жүрді. Салтанаттың Алматыдан үй алуына да қаржылай көмек қолын созды. Оның бәрін тізбелеп жату артық әрі жасаған жақсылығымызды бұлдайтын жетесіздік қанымызда жоқ. Біз тек шетжағасын амалсыздан айтып отырмыз. Оның отбасымыздың адал ниетін аттап өтіп, сенімін таптап, пайдакүнемдік пен көрсеқызарлыққа салынғаны ағамның да, жеңгемнің де арқасына аяздай батты. Олар Салтанатты мұндай қадамға барады дегенге қимай қиналғанын мына мен анық білемін. 

«Билд-ком» кімнің компаниясы? Оның Салтанатқа не қатысы бар?

Менің бұл туралы айтқым келмеген. Бірақ көкейге келген күмәнді анықтау үшін жазуым керек деп шештім.

2004 жылы 21 мамырда «Билд-ком» атты компания тіркелген. Оның иесі Салтанат Құсыманқызы екен. Дәл 2015 жылы ақпан айының 2 күні компания қайта тіркеліпті. Мекен-жайы: Атырау қаласы, Лесхоз микрорайоны, №4 үй, 14 квартира деп көрсетілген.  Басшысы Тиллабекова Бағдат Құсыманқызы деген азаматша. 

Ақша жоғалғаннан кейін дәл бір ай өткенде Салтанат компаниясын әпкесінің басына неге аударған? Оншақты жыл жұмыс істемеген «Билд-ком» «қызу жұмысқа» кірісіпті. Бағдат Құсыманқызы – Салтанаттың туған әпкесі. Жоғарыда айтқан өсек-аяң, нақақ жала, оспадар сөздің бәрін өрбітіп жүрген дәл осы Бағдат Құсыманқызы. Оның сойылын соғып, міз бақпайтын, өтірік айтудан тайынбайтын, ар-ұятты ойламайтын тағы бір топ бар екенін оқиғадан хабардар жұрттың бәрі біледі. 

«Билд-ком» Атырауда мұнай компанияларымен серіктесіп қызмет еткен көрінеді. 2014 жылы жалпы сомасы 115 000 000 (жүз он бес миллион) теңгені құрайтын келісім шартқа қол қойып, оның 110 000 000 (жүз он миллионын) ақшаны алдын ала алыпты. Содан 2016 жылы «Тенгизнефтестрой» компаниясы «Билд-комды» өзіне міндеттелген жұмысты толық атқармады, соның кесірінен компанияға 47 970 251 (қырық жеті миллион тоғыз жүз жетпіс мың екі жүз елу бір) теңге зиян келтірді деп сотқа берген. Ақыры, «Билд-ком» сотта жеңіліп, қарызын өтеуге міндеттелген. Мұның анық-қанығы соттың арнайы сайтында бар. Сауатты адамдар болса, анық-қанығын тауып, оқи алады.

Мұның іске не қатысы бар десеңіз айтайын. Ірі компания құрып, мұнайға қатысты  құрылыс жүргізу, техникалық қызмет көрсету үшін қыруар қаржы керек. Олар бұл қаржыны қайдан алды? Бәлкім, тұтас елді өтірігіне иландырып, аузына қаратып жүрген Бағдат Құсыманқызы ең алдымен осы сұраққа жауап берер. Бәлкім, өзінің сіңлісін алдап-арбаған шығар? Біздікі, тек күмән ғана. 

Тағы бір күмәніміз, 3 жылдық тергеу кезінде Салтанаттың туысқандары ләм-мим деген жоқ. Өткен жылы өткен жеті айлық сотта да Алматы маңында тұратын әпкесі Сағдат пен оның отбасы мүшелері, кезінде «Ас-Айда» істеген інісі Бекболат төбе көрсетпеді. Тек Бағдат қана әлеуметтік желілерде жылап-сықтап, «Ас-Айға» және біздің әулетке ойдан құрастырылған жалаларын жабумен болды. Дәл сол кезде, Алматыда тұратын әпкесі мен інісі сотқа неге қатыспады? Олар соттың соңғы үкімі оқылған, Салтанат 8 жылға сотталған 12 шілде күні де төбе көрсеткен жоқ. Бір құрсақтан шыққан бауырының сотына келмейтіндей оларда қандай реніш бар?.. Бұл іс бізді таңғалдырғанын несін жасырайық?! Бұл сөз арқылы біреудің намысына тию ойымыз да жоқ, біз Салтанаттың туыстары ақшаның қайда жұмсалғанын білуі мүмкін деп болжаймыз. Олар «Ас-Айдан» Құсыман әулетінің жамандық көрмегенін түсінеді әрі осы оқиғаға іштей қынжылады деп ойлаймын. Ал Бағдат Құсыманқызы ақша ұрлау операциясының «ақылманы» болуы да бек мүмкін...

Компанияда кімдер жұмыс істейді? 

Құрметті халайық! 

Ақыры айтқан соң, қысқа да болса, бәрін жеткізейін. Біздің компанияда 119 адам тұрақты қызмет етеді. Оның ішінде біреуі ұйғыр, біреуі кәріс және жалғыз қытай ұлтының өкілі бар (директор). Сонымен қатар, 119 адамның 22-сі Қытайдан келген қандастар болса, қалғаны түгел жергілікті қазақтар мен бір ұйғыр, бір кәріс ұлтының өкілі – Қазақстанда өмірге келгендер. Компания осыған дейін өз қызметкерлеріне жоғары айлық беріп келеді. Компанияның тек қана айлыққа жұмсайтын жылдық қаржысы жарты миллиард теңгеге жуық. Компаниядағы қызметкерлердің 60 пайызы 8 жылдан астам уақыт осы компанияда тұрақты қызмет етіп келеді. Бұл компанияның сенімді жұмыс істейтінінің көрінісі. Одан сырт қанша жұмысшыға үй, көлік алып берді. Ағамыз бастаған игі істерді жеңгеміз Жайна әлі жалғастыруда. Оның бәрін жарнамалап, жар салып жатқан ешкім жоқ. 

Компания акциясы үш адамға тиесілі. Олар: Айдана Асқарқызы (35 %), Айқұт Асқарұлы (35 %) және Жайна Жәкулина (30 %). Компания 100 пайыз Қазақстанның компаниясы. Ал арандатушылар «Қытайдың компаниясы» деуден танбайды. Қазақстанда тіркелген, жыл сайын сол айғайшылардың түсіне кірмейтін өте көп мөлшерде салық төлеп отырған компанияны, бүкіл қазақтар игілігін көріп отырған компанияны қазақтікі екенін біле тұра, ауыздары қисаймай неге олай айтады? Мақсаттары не? Қытаймен сауда істеп отырған жалғыз «Ас-Ай» ма?.. Жайна жеңгемнің ұлты қытай болғаны үшін адамдыққа жат өсек таратып, осынша шулайтындай не көрінді? Сонда нағыз қылмыскер қазақ болғаны үшін жазадан құтылып, ұлты басқа болғаны үшін жәбір-жапаны, ғайбатты жеңгем тартуы керек пе? Біздің «жетімін жылатпаған» көреген ұлт екеніміз қайда? Бір сәт Айдана мен Айқұттың орнына өздерін қойып көрді ме екен осылар?.. Бұл шудан хабары бар жас өскіндер әкесі шексіз сүйген ұлтын қалай түсінеді?.. «Салықтан жалтарды, заңсыз ақша айналымын ұйымдастырды, түгеншеге пара берді, сотты сатып алды, қытайшылдарды қаржыландырды» деген бітпейтін өсек-аяңдарын қашан доғарады?! Осының ешқайсысы дәлелсіз. Компанияны әлденеше рет тексерген тиісті мекемелер мен құзіретті органдар еш заңсыздық тапқан жоқ. «Аққа Құдай жақ».

Асқар Жәкулин қоры не істеді?  

Асқар ағам қайтыс болған соң, ағамыздың 40 күндік асын берген соң жеңгемнің тікелей басшылығымен «Асқар Жәкулин атындағы жеке қайырымдылық қоры» құрылды. Жарына деген ізгі махаббаты, құрметі мен оның атын ел есінде сақтау үшін ғана емес, елге қызмет ету, Асқар сүйген Отанының көркеюіне бір кісілік үлесін қосу үшін де жеңгем жанын салып қызмет етіп келеді.  Елімізде зияткер жастарды тәрбиелеу мақсатында Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын әртүрлі пәндер бойынша олимпиадалар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды.

Қордың негізгі бағыты Асқар ағамызды арамыздан алып кеткен қатерлі ісікке шалдыққан балалар мен онкологиялық аурумен ауыратын адамдарды емдеуге қолдан келгенше жәрдемдесу. Сол үшін қатерлі ісікпен, онкологиялық аурумен ауыратындарды емдейтін ауруханаларға елімізде жоқ немесе ерекше қажет медициналық құрылғылармен жабдықтауға қомақты қаржы бөліп келеді. Бір-екеуін айта кетелік. Қазіргі заманауи медициналық қондырғылармен денсаулық сақтау ұйымдарын қамтамасыз етуге осыған дейін 95 356 307 (тоқсан бес миллион үш жүз елу алты мың үш жүз жеті) теңге жұмсады. Алматыдағы және Семей мен Ақсуаттағы емханаларға негізінен қатерлі ісікке шалдыққан балаларға қажетті құрылғылар сатып алынды. Қай мекемеге қандай көмек берілгенін тәптіштеп жазбай-ақ қояйын.

Ал бұдан бөлек қайырымдылық шаралар, олимпиадалар, «Асқар Жәкулин кубогі», «Жәкула Күшікұлы» атындағы химия-биология пәндері бойынша олимпиада, қоғамдық іс-шаралар қаншама? Бәріңіздің есіңізде болар, 2016 жылы Ұзынағашта үш ағайынды Қытайдан келген этникалық қазақ қастандықпен қайтыс болды. Біздің қор алғашқылардың бірі болып, үш отбасының әрқайсысына 500 000 теңгеден қаржылай көмек берді. Егер шуылдақтар айтатындай оралмандарды жек көрсе, мұндай қадамға барар ма еді?! 

Үш жылдың ішінде Қор қайырымдылыққа 150 000 000 (жүз елу миллион) теңге жұмсапты. Сіздіңше, бұл аз қаржы ма? Біреуді өсектемес, ғайбаттамас бұрын, оның атқарған ісін, еңбегін саралап көру ойларыңызда жоқ па? «Ас-Ай» жасаған қайырымдық шараларды еліміздегі экономикалық әлеуеті жоғары барлық компания жасаса, қатерлі ісікпен, түрлі дерт-дербезбен бәрі бірігіп күрессе, талай жетістікке жетер едік. Ең бастысы, ден сау бала, ойы сау ұлт қалыптасар еді-ау...

Егер мен эмоцияға беріліп кетсем кешіріңіздер, осыншалықты ұсақтайтындай, бірін бірі балағаттап, жаға жыртысып, әлеуметтік желілерді шулатудан алдыға жан салмай, құрғақ айқай мен бос сөзге үйір болатындай соншалықты нашар халық па едік?.. 

Бірді айтып, бірге кеттім. Айтылмай қалған сөз тіптен көп. Мен әулетімнің, арғы атам Жәкуланың, өз атам Әнуардың, ағам Асқардың рухын қорлатқым келмейді. Қарындасым Айдана мен інім Айқұттың өз ұлтына өгей болғанын көргім келмейді. Жеңгем Жайнаның Асқар ағам барда «қазақтың ибалы келіні» атанып, ағам қайтыс болған соң ұлты басқа екенін көзіне шұқып айтып, өзі сүйіп тиген ұлттың өкілдерінен теперіш көріп, іштей тұншыққанын, өксігенін сезгім келмейді!

Ойланайық, әділеттің бар екеніне сенейік! «Асыл дінімізде ең ауыр күнә ғайбат, өтірік, жала екенін ұмытпайық!.. Біздің осы ұлтты, өз қазағымызды сүйетініміз шын болса, жалғыз Отанымыз – Қазақстанды сүйетініміз шын болса, ақылға келіп, еңбек етейік, жауды жақыннан іздемейік, ағайын. 

Артық айтсам, қызбалыққа салынсам, ғафу өтінем!

Құрметпен

Арман Аманұлы Жәкулин

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

59 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512