Тәуелсіз ел тарихы мектеп оқулықтарында қалай көрініс табуы керек?
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында сөйлеген сөзінде «Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы -жасампаз тарихымыз, мерейлі меже, сонымен қатар, болашаққа бағдар болатын байыпты белес», - деп атап өтті.
Кез келген өркениетті мемлекет өз елінің азаматтарын тарихи біліммен қаруландыруға ұмтылады және де оны алдымен өз халқының тарихын оқытып үйретуден бастайды. Тарихи білімді меңгерген адам өзі өмір сүрген қоғамдағы орнын, атқаратын іс-әрекеттерін дәл анықтай алады. Сондықтан да Отан тарихын мектеп курсында оқытудың мән-мағынасына әрқашан көңіл бөлініп отыратыны белгілі.
Жалпы орта білім беретін мектепке арналған тәуелсіз Қазақстанның тарих оқулықтарының қалай жазылғаны жайлы жылдар өте келе талай айтылады және жазылады. Ол - болашақтың ісі. Біз бұл мақаламызда тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңіндегі атқарылған істерге шолу жасауға ұмтылдық.
Кеңестік заманда Қазақстан тарихшыларының оқулық жазуда тәжірибесі болған жоқ. Мәскеудің белгілеген стандарты, бағдарламасы бойынша «қалыңдығы пышақтың қырындай ғана» «Қазақстан тарихы» оқулығын Е.Бекмаханов, Н.Бекмаханова, Т.Тұрлығұлов сияқты авторлар жазатын. Ал өркениетті елдерде оқулық жазумен жеке бір институттар айналысатыны белгілі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында сөйлеген сөзінде «Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы -жасампаз тарихымыз, мерейлі меже, сонымен қатар, болашаққа бағдар болатын байыпты белес», - деп атап өтті.
Кез келген өркениетті мемлекет өз елінің азаматтарын тарихи біліммен қаруландыруға ұмтылады және де оны алдымен өз халқының тарихын оқытып үйретуден бастайды. Тарихи білімді меңгерген адам өзі өмір сүрген қоғамдағы орнын, атқаратын іс-әрекеттерін дәл анықтай алады. Сондықтан да Отан тарихын мектеп курсында оқытудың мән-мағынасына әрқашан көңіл бөлініп отыратыны белгілі.
Жалпы орта білім беретін мектепке арналған тәуелсіз Қазақстанның тарих оқулықтарының қалай жазылғаны жайлы жылдар өте келе талай айтылады және жазылады. Ол - болашақтың ісі. Біз бұл мақаламызда тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңіндегі атқарылған істерге шолу жасауға ұмтылдық.
Кеңестік заманда Қазақстан тарихшыларының оқулық жазуда тәжірибесі болған жоқ. Мәскеудің белгілеген стандарты, бағдарламасы бойынша «қалыңдығы пышақтың қырындай ғана» «Қазақстан тарихы» оқулығын Е.Бекмаханов, Н.Бекмаханова, Т.Тұрлығұлов сияқты авторлар жазатын. Ал өркениетті елдерде оқулық жазумен жеке бір институттар айналысатыны белгілі.
1992 жылы Қазақтың Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институты Ж.Қасымбаев, Т.Тұрлығұлов сияқты көрнекті тарихшы және әдіскер ғалымдардың жетекшілігімен еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде «Қазақстан тарихын» оқытудың тұжырымдамасын жасады. Мұнда тарихты мектепте оқытуды ұйымдастырудың негізгі бағыттары, пәннің маңызы, мақсаты мен міндеттері, мазмұны, қойылатын талаптар, т.б. маңызды мәселелер айқындалды.
Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстан тарихы КСРО тарихының құрамдас бөлімі ретінде 7-10-сыныптарда шамалы сағатпен жүргізіліп келген болатын. 1990-1991 оқу жылынан бастап мектептің оқу жоспарына тарих жеке пән ретінде енгізілді. Ол он бір жылдық мектептің жеті сыныбында (5-11) оқытылатын болып шешілді. Пәнді оқытуға 289 сағат бөлінді. Жаңа бағдарлама жасалып, соған сәйкес оқулықтар жазу қолға алынды. Бұл бағдарлама 1992 жылдың күзінде мұғалімдер қолына тиді. Қазақстан тарихын оқыту 5-сыныптан басталып, 11-сыныппен аяқталатын болды.
1993-1994 оқу жылында Қазақстан тарихының бірнеше жаңа оқулығы жарық көрді. Оқушылар сол кітаптан білім ала бастады. Сол оқулықтардың қатарында «Рауан» баспасынан 5-сыныпқа арналған «Қазақ елінің қысқаша тарихы» (авторы Т.Тұрлығұлов), 9-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» (авторы Ж.Қасымбаев), «Атамұра» баспасынан 10-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» (авторлары М.Қозыбаев, І.Қозыбаев) бар еді. Педагогика ғылымында бұларды өтпелі кезеңнің оқулықтары деп атады.
Ал 11-сыныпқа арналған алғашқы Қазақстан тарихы оқулығы 1993 жылы К.Нұрпейісов, Б.Аяған, Н.Жақсылықов сияқты авторлардың қатысуымен жарық көрді. Жаңа ғана еркіндікке қол жеткізген жас мемлекеттің жаңа тарихын дөп басып жазу қандай ғалымға болса да оңайға түспеген еді. Бұл оқулықтар тарих ғылымының негізіне сүйеніп жазылатыны белгілі. Кеңестік методологиядан бас тартқан, жаңасы әлі жасалмаған тарих ғылымы ол кезде әлі дағдарыста болатын. Үлкен жауапкершілікті мойындарына алған авторлар ұжымы тәуелсіз Қазақстанның екі жылдай ғана тарихын ой елегінен өткізіп, кеңестік қасаң қағидадан бас тарта отырып, оқулықты жалған тұжырымдар мен бұрмалаушылықтардан тазартуға күш салды. Онда 1946 жылдан 1992 жылға дейінгі кезең қамтылды. Елу жылға таяу уақыт бес тақырыпқа бөлініп берілді. Ол 34 сағатқа лайықталды. Соңғы, бесінші тақырып «Тәуелсіздік жолында» деп айдарланды. Бұл тарауда КСРО-ның ыдырауы ТМД мен тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрылуы, 80-жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басындағы ұлттық-демократиялық қозғалыстың өрлеуі, елдігімізді алғаннан кейінгі жаңа, нарықты экономикаға көшудің басталуы, жекешелендіру үрдісінің барысы, халықтың әлеуметтік жағдайы, «Тілдер туралы» Заңның қабылдануы, еліміздің сыртқы саясатының мәселелері қысқаша баяндалды. Алғашқы жылдары оқулыққа қосымша құралдар болған жоқ. 2002 жылға дейін 6 рет басылған оқулық 2005 жылға дейін қолданыста жүрді. Жекелеген кемшіліктерін көрсете отырып, жалпы алғанда бұл оқулықты еліміздің ұстаздар қауымы мен оқушылары жақсы қабылдады.
1993 жылы «Қазақ тарихы» атты ғылыми-әдістемелік журналдың шығуы тарих мұғалімдері үшін жаңалық әрі үлкен көмек болды. Алғашқы нөмірінен бастап бұл басылым мұғалімдер үшін ғылыми-теориялық және әдістемелік сипаттағы материалдарды үзбей жариялай бастады. Журналдың тарих мұғалімдері үшін қандай маңызы болғанын мына бір мысалдан көруге болады. Талдықорғандық мұғалімдер Ұ.Жақыпова мен З.Мырзакәрімова: «Біз көп жылдар бойы Мәскеуде шығатын «Преподование истории в школе» журналын басшылыққа алып келдік. Онда Қазақстан тарихын оқыту туралы ештеңе жазылмайтын. Сонда өз ана тілімізде осындай журнал қашан шығады екен деп армандадық. Шүкір, сол тілегіміз орындалды. Осы журналдың шығуына байланысты біз, тарихшылар тәуелсіздік деген ұғымның ұлы екенін түсініп, алдында бас июіміз керек», - деп ағынан жарылды. Бұл журнал содан бері, тарих мұғалімдерінің сүйікті басылымына айналып, өзінің мектеп ұстаздары алдындағы борышын абыроймен атқарып келеді.
Ал жаңа ғасыр басында заман талабына сай тарихтың жаңа буын оқулықтары шыға бастады. 2005 жылы 9-сыныпқа арналған М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, Қ.Жүкешов бірлесіп жазған «Қазақстан тарихы» және Б.Аяған мен М.Шаймерденованың авторлығымен «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» сияқты оқулықтар жарық көрді.
Бұл оқулықтарда 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бергі Тәуелсіз ел тарихы тұжырымдалып, Елбасының мемлекет құрудағы тарихи рөлі, Ата Заңымыздың, мемлекеттік рәміздердің қабылдануы, кәсіби парламент пен көппартиялы жүйенің қалыптасуы, білім беру мен денсаулық сақтау, спорт саласындағы оң өзгерістер, нарықты экономиканы қалыптастыру процесі, жаңа елорданың бой көтеруі, өркендеуі, дүниежүзілік қауымдастыққа тең құқықты, тең дәрежелі әріптес ретінде қосылуы, оның халықаралық, аймақтық ұйымдармен, экономикалық, саяси, құқықтық, мәдени байланыстардың орнығуы - бәрі де оқушыға ұғынықты тілмен баяндалды.
Қазір тәуелсіз Қазақстанның тарихы 5, 9 және 11-сыныптарда оқытылады. Пәннің бағдарламасына сай 9-сыныпта, яғни мектептің негізгі сатысында оқытылатын Отан тарихы курсында тәуелсіздік тарихы 12 сағат оқытылады. Ал 11-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» курсында Отан тарихының аса маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері терең берілген. Бұл курс қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттарға бейімделген. «Тәуелсіз Қазақстан Республикасы» атты арнайы тараудың өзіне 5 сағат бөлінеді. Сонымен қатар, тәуелсіздік тарихы басқа тарауларда қамтылады. Атап айтқанда, «Қазақстандағы көпұлттылық», «Қазақстан халқы Ассамблеясы», «Қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайы», «Шетелдердегі қазақтардың атамекендеріне оралу мәселелері» сияқты тақырыптар да бар.
Мектеп оқулықтарына қосымша оқу-әдістемелік құралдар, яғни хрестоматиялар, оқушыларға арналған жұмыс дәптерлері, дидактикалық материалдар, мұғалімдерге арналған әдістемеліктер көптеп шығарылуда. Бұл көмекші құралдар тарихтың осы курсын оқушылардың толық, терең меңгеруіне мүмкіндік береді. Бұған қосымша тарих пәні мұғалімдеріне арналған, жоғарыда айтқан «Қазақ тарихы», «Қазақстан тарихы: әдістемелік журнал» сияқты басылымдарда мұғалімдерге қажет материалдар жариялануда. «Учитель Казахстана», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде, «Әдіскер мұғалім» журналында және т.б. педагогикалық басылымдарда Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі тарихын оқытуға пайдасы зор, мұғалімдердің озат іс-тәжірибелері, сабақ өткізудің үлгі-жоспарлары да жиі беріліп тұрады.
Астана мен Алматы қалалық және облыстық мұғалімдердің білімдерін жетілдіру институттарындағы қоғамдық пәндерді оқытуға арналған кафедралар мен кабинеттер, облыстық, қалалық, аудандық білім басқармаларының әдістемелік орталықтары тарихты оқытуға арналған жинақтар, нұсқаулықтар шығарып, жекелеген пән мұғалімдерінің тарихты оқытудың өзекті мәселелеріне арналған еңбектері де жариялануда.
Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, еліміздің тарихшы ғалымдары мен әдіскерлері 20 жылдың ішіндегі тәуелсіздік тарихын зерттеп, зерделеуде жаңа көзқарастар қалыптастыруда. Соның негізінде мектепке арналған тарих оқулықтары жазылып, шәкірттерге білім беру ісінде тиімді пайдаланылуда.
Осы орайда берілген мүмкіндікті пайдаланып, тәуелсіздік тарихын оқытуды жетілдіруге септігін тигізетін кейбір ойларымызды оқырмандармен бөліссек деймін.
Бірінші - мектеп оқушыларына тәуелсіздік тарихынан толымды білім беру үшін 11-сыныптағы «Қазақстан тарихы» курсын оқытуға бөлінген 5 сағатты екі есе көбейтіп 10 сағатқа жеткізген дұрыс болар еді.
Екінші - тәуелсіздік тарихын оқытуда барлық мәселені оқулықтардың аясына сыйғызу мүмкін еместігі түсінікті және оқулық 4 жылда бір рет шығарылады. Ол аралықта тәуелсіз еліміздің дамуында көп өзгерістер болатыны белгілі. Ол оқулықта жазылып та үлгермейді. Сондықтан тарихшы және әдіскер ғалымдар соңғы жылдардағы жаңалықтарды сараптап, 9 және 11-сыныптардың «Қазақстан тарихы» курсына қосымша оқушыларға арналған кітапшалар шығарса деген тілек бар.
Үшінші - 9-11-сынып оқушыларына арналған, тәуелсіздік тарихын толық таныту мақсатында элективті-факультатив курстарын жүргізуді ұйымдастыру қажет. Мәселен, «Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты», «Егемен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы», «Тәуелсіз Қазақстанның мәдениеті» және «Астанатану», т.с.с. арнайы курстар бағдарламаларын жасап, мектептегі оқу процесіне енгізу өз нәтижесін берері анық.
Төртінші - тарихшы және әдіскер ғалымдар бірлесе отырып, мектепте Тәуелсіздіктің 20 жылдық тарихын оқытудың әдістемесін жасаса, нұр үстіне нұр болмақ.
Сейітқали ДҮЙСЕН, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты.
Астана.