«Время» былықтыра бере ме?
Билік пен бизнестегі топтардың арасындағы алауыздықты шебер пайдаланып, тапсырыспен сенциялық мақалалар жазатын «Время» дейтін газет бар. Сол газетті алыс ауылдағы бір мектептің бітпей жатқан жөндеу жұмысы толғандыра қалыпты. Әлгі мектеп таза қазақ тілінде білім беретін мектеп екен. Апыр-ай, дестік басында. «Время»» да қазақ мәселесіне ден қоя бастапты-ау?» Сөйтсек, мәселенің мәні мынада болып шықты. Төменде жай-жапсары баяндалатын мектепте Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов (суретте) оқыпты. Ал, Жұмағұлов оқыған мектептен мәселе көре қалған «Время» өткенде Ашық хатқа қол қойған ұлт жанашырларына қарсы пікірлерді қарша бортып еді. Қазақ жерінің қазба байлығын оңды-солды шашып, мелдектеп байыған кәріс диаспорасының алпауаттары асыраған газет бірер жылдың ширегінде биліктің меншігіне өткен болатын. Бірақ, баяғы әуенінен еш жаңылған емес. Газет қалыптасқан дәстүрі бойынша, Жұмағұловқа жұдырығын білеп отырған біреудің аузындағысын жұлып алып «Школа пустословия» (http://www.time.kz/index.php?module=news&newsid=23628) деген тақырыппен мақала жариялапты. Аталған мақала «Времяда» жарияланып кетісімен мектеп ұжымы ыңғайсыз жағдайға қалғандарын айтып жанұшыра біздің редакцияға қоңырау шалды.
Билік пен бизнестегі топтардың арасындағы алауыздықты шебер пайдаланып, тапсырыспен сенциялық мақалалар жазатын «Время» дейтін газет бар. Сол газетті алыс ауылдағы бір мектептің бітпей жатқан жөндеу жұмысы толғандыра қалыпты. Әлгі мектеп таза қазақ тілінде білім беретін мектеп екен. Апыр-ай, дестік басында. «Время»» да қазақ мәселесіне ден қоя бастапты-ау?» Сөйтсек, мәселенің мәні мынада болып шықты. Төменде жай-жапсары баяндалатын мектепте Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов (суретте) оқыпты. Ал, Жұмағұлов оқыған мектептен мәселе көре қалған «Время» өткенде Ашық хатқа қол қойған ұлт жанашырларына қарсы пікірлерді қарша бортып еді. Қазақ жерінің қазба байлығын оңды-солды шашып, мелдектеп байыған кәріс диаспорасының алпауаттары асыраған газет бірер жылдың ширегінде биліктің меншігіне өткен болатын. Бірақ, баяғы әуенінен еш жаңылған емес. Газет қалыптасқан дәстүрі бойынша, Жұмағұловқа жұдырығын білеп отырған біреудің аузындағысын жұлып алып «Школа пустословия» (http://www.time.kz/index.php?module=news&newsid=23628) деген тақырыппен мақала жариялапты. Аталған мақала «Времяда» жарияланып кетісімен мектеп ұжымы ыңғайсыз жағдайға қалғандарын айтып жанұшыра біздің редакцияға қоңырау шалды. Мектеп директоры Еркін Құрмабековтың сөзіне сенсек, ол «Время» газетінің тілшісін мүлде көрмегенге ұқсайды. «Маған «Времяның» емес, «Литер» газетінің тілшісі келіп жолықты. Бір қызығы әлгі тілші мектептің ішіне кірген соң өзін «Ізгілік» атты газеттің тілшісімін» деп таныстырды», - дейді. Сонда қырдағы ауылды кезіп жүрген кім? Жә, оны «Времяның» қоғамдық тілшісі дегеннің өзінде сұхбат алушының басқа, яғни, Сергей Асташев болып шыққаны қалай? «Бұл арада қоғамдық тілшінің жазуы редакцияның қалауынан шықпаған соң түзеліп-күзеліп, түпкілікті мақсатқа орай икемделіп басылған деуге негіз бар. Әйтпесе, Асташев аяғымен келіп, көзімен көрмеген жайды қалай жазады?», - дейді мектеп директоры. Қысқасы, мәселенің мән-жайын баян етсек былай: Ақсу ауданына қарасты (Алматы облысы) Қапал ауылындағы орта мектеп оқушылары биылғы жаңа оқу жылын кәсіптік лицейде бастады. Себебі, Ғали Орманов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Тарихы әріден басталатын оқу ордасынан қазіргі білім министрі Бақытжан Жұмағұлов түлеп ұшқан. Жақында «Время» газетінің тілшілері білім министрінің білім алған ұясына сапар шегіп қайтыпты. Жөндеу жұмыстары бітіп болмаған мектепті түйреп өткісі келген олар қыркүйек айының 17-і күнгі нөміріне «Школа пустословия» деген тақырыппен мақала жариялады. Мақалада қапалдық оқушылардың қорлық көріп отырғаны, партаның орнына әлі күнге дейін құрылыс ағаштары самсап жатқаны жазылған. Ал, редакциямызға хабарласқан аталған мектеп директоры Еркін Құмарбеков болса, былай дейді:
- Біріншіден, біздің балалар ешқандай да қысым көріп отырған жоқ. Ауылдағы №12 лицейде екі ауысыммен оқып жатыр. Лицейдің директорына көп рахмет. Екіншіден, «Время» газетінен келіп ешкім менен сұхбат алған жоқ. Ауылға келген журналисттер алдымен «Литер» газетіненбіз деді. Ал, мектеп ішіне кірген соң сөздерінен тайқып, «Ізгілік» атты газеттің тілшілеріміз деп сайрады. Сондай ақ, мақала авторы Сергей Асташовты мен көрген емеспін. Бізден сұхбат алған қыз бала өзін Сандуғаш деп таныстырып еді. Менің сөздерімнің бәрін бұрмалап беріпті. Бұйырса, бірінші тоқсан аяқталысымен, «ине жіптен қайта шыққан» мектебімізбен қауышамыз. Ауыл алақандай болғасын, лицейді алыссынып, қиналып жүрген оқушыны көрген емеспін. Төменгі сынып оқушыларын жетекшілері жеткізіп салады үйлеріне. «Времяның» бұра тартып, тым асырып жібергені болмады.
Расы керек, «Времяны» Қапал ауылындағы білім ошағының хал-ахуалы қызықтырып отыр деу қисынсыз. Егер, тап солай болса, «Время» Алматыда екі-үш ауысыммен оқып жүрген қазақ балаларының жай-күйін, қазақ мектептерінің аздығын, материалдық базасының орыс мектептерімен салыстыруға келмейтіндігін жазсын. Білім министрінің назарын осы жайтке аударсын. Керек болса, «қуырып жесін». Жоқ, аяулы әм азулы газетіміз бұл тақырыпқа аттап баспайды. Ендеше «Время» үшін әңгіме Қапалдағы мектептің бітпей жатқан жөндеу жұмысында емес, Жұмағұловта болып тұр. Ал, Жұмағұловқа жұдырық түйіп отырған кім? Оны анықтауды алдағы күннің еншісіне қалдыра тұрайық. Өйткені тапсырыс иесін тану түкте қиын емес. Сондықтан Жұмағұловтың оппенентін гөрі біз «Время» сияқты орыстілді саржағал басылымдар қашанға дейін қазақ қоғамын былықтыра береді екен дейтін сауалға жауап іздеуге тиіспіз.
«Абай-ақпарат»