Әділ сот үкімі біреу, ол – ақтау үкімі!
Редакциядан. Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы, Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының бұрынғы президенті Ислам Әбішевтің және федерацияның бұрынғы вице-президенті Серік Түкиевтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша жарыссөз процесстері аяқталғанын журналист Сәуле Әбілдаханқызы әлеуметтік желіде жазған болатын.
Редакциямыздың электронды поштасына адвокат Абзал Құспанның сотта келтірген айғақсөздері келіп түсті. Әбішев пен Түкиев ісі қазір қоғам талқысында. Осы ретте біз адвокат айтқан айғақтарды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Спикерлердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз.
«Сот пен заңның алдында жұрттың бәрі тең»!
Қазақстан Республикасы Конституциясының 14 бабы.
Құрметті сот!
Кіріспе ретінде: Пара алуға оқталу. Ол не айып?
Адам параны алады немесе алмайды. Ал параны алуға оқталғаны үшін, яғни пара алғысы келгені үшін соттау, ол ақылға сыймайтын іс. Оның үстіне біздің қорғауымыздағы И.Әбішевтің де, С.Түкиевтің де әрекеттерінде, әрекеттері тұрмақ сөздерінде «Қазбайлық» ЖШС-дан Шаймерденов арқылы ақшаны «қорқытып талап ету» (айыпта жазылғандай) түгілі, ақша сұрау белгісі де жоқ. Соған қарамастан, прокурор тағылған айыпты толық қолдап, соттан екі азаматқа, біреуіне 11 жыл, екіншісіне 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.
Екі еркек төбелесіп жатып бір біріне «өлтіремін» деп айқайлайды. Ондай жағдайды күнделікті айналамызда кездестіріп жатамыз. Бірақ ешкім олардың үстінен «кісі өлтіруге оқталу» деген баппен қылмыстық іс қозғамайды ғой? Біздің жағдайда, ақша сұрағаны туралы бір ауыз сөзі жоқ бола тұра қорғауымдағы адамдар осынша ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылғалы отыр.
Енді осы айтқандарымның дәлелі ретінде нақты мән-жайларға тоқтала кетейін.
1. Прокурордың сөйлеген сөзіне...
Прокурор өзінің 22 минуттық айыптау сөзінде осы іс бойынша бір жылдан астам уақыт егжей-тегжейлі тергеу жүргізілгенін, оның барысында барлық сотқа қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделері сақталғанын, істің объективті тергелгенін айта келіп, істің мән-жайына тоқталып өтпестен, айыптау актісіне сілтеме жасап, дәлелдемелердің ішінен куә Шаймерденовтың ғана сөздеріне сену керек екенін, себебі, ол тергеуден бастап біркелкі жауап бергенін, ол жауаптарын өзгертпегенін, оның жауаптарының куәлер Макишевтың, Тюлегеновтың жауаптарымен келісетінін атап өтті.
Меніңше бұл енді шектен шыққан сұмдық жағдай. Біз осы сотқа дейін де, сот барысында да өз тарапымыздан қаншама өтініштер жариялап, Бас Прокуратура тергеушілерді жақтап, болмағасын тергеу сотына дейін барып, тергеу соты тергеушілер атына жеке Қаулы шығарып, жазаға тартылып жатса да, прокурор мырза біздің ешқандай құқықтарымыз шектелмеді дейді? Істің неден басталып, немен аяқталғаны мына отырған сотқа қатысушылар тұрмақ, басынан бастап осы істе келе жатырған кәсіби заңгерлер бізге де түсініксіз. Ал прокурор істің мән-жайына тоқталмаймын, ол бәріне белгілі дейді? Шаймерденовтың сөздері біркелкі, өзгермеді дегенін мен өз басым мазақ деп қабылдаймын. Шаймерденов тергеудегі жауаптары тұрмақ, соттағы бірнеше жауаптарын бірнеше құбылтып берген куә. Макишев пен Тюлегеновтың жауаптарына келсек, олар керісінше Шаймерденовтың жауаптарын жоққа шығаруда, оны осы жерде бәріміз көріп, естіп, бірнеше мәрте нақтылау сұрақтарын қойып анықтаған сияқты едік?
(Сөзім құр және дәлелсіз болмауы үшін экранға назар аударайық (Бас Прокуратураның және тергеу сотының шешімдері, Макишев, Тюлегенов, Шаймерденовтердің соттағы жауаптары):
Прокурор мен қорғау теория жүзінде тең делінгенімен біз тең емеспіз. Құрметті сот, прокуратураның ең жоғарғы қадағалаушы орган ретінде берілген мемлекеттік өкілеттігінен басқа, артында тұтас армия тұр (ҰҚК, ІІМ, СЖқК ҰБ сияқты), қорғаушының заңнан басқа сүйенері жоқ.
Енді осы айтылғандарға, іс үшін маңызы бар басқа да жағдайларға, заң нормаларына сүйене отырып рет-ретімен қысқаша түрде тоқтала кетейін.
2. Схема
Тергеу органдарымен И.А.Әбішев және С.Тукиевке мынадай жағдайда пара
алуға оқталды деп айып тағылған.
1. Бұрын қаржы полициясында «аса маңызды істер бойынша жедел
қызметкер» болып қызмет атқарған Азамат Шаймерденов есімді
азамат, «Қазбайлық» мекемесіне қатысы бар адамды танитын Макишев
есімді адамға жолығып, оған «Қазбайлық» мекемесінен И.А.Әбішевтың
аса ірі көлемде (250 000 000 екі жүз елу миллион теңге) пара талап
еткенін жеткізеді.
2. Макишев өз кезегінде, сол мекемеге іс жүзінде қатысы бар деп
есептелетін, бірақ онысы құжат түрінде рәсімделмеген Тюлегенов
есімді азаматқа жолығады.
3. Айытау актісіне сәйкес, «Тюлегенов басында келіскендей сыңай
танытып, кейін қандай да бір болмасын ақша сомасын беруден бас
тартады».
4. Соған қарамастан Азамат Шаймерденов 21.12.2018 ж., «Қазбайлық»
мекемесінен пара талап етіп жатыр деп И.А.Әбішевтың үстінен ҚР
СЖҚК Ұлттық Бюросына арызданады.
5. ҚР СЖҚК Ұлттық Бюросы аз. Азамат Шаймерденовке өз есебінен
10 000 000 (он миллион) теңге береді.
6. Азамат Шаймерденов 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында екі бөліп
10 000 000 (он миллион) теңгені «Қазақ күресі» Федерациясының
атқарушы директоры С.Тукиевке береді.
7. С.Тукиев ол ақшаны, демеушілік көмек ретінде спортшылардың
қажетіне жаратады.
8. Азамат Шаймерденов 50 000 000 (елу миллион) теңгені (оның ішінде
өзінің де, Ұлттық Бюроның да ақшалары бар) 14.03.2019 жылы
Шындаултеов Құнанбай есімді азаматқа береді.
9. Тергеудің версиясы бойынша аз. Шындаулетов Құнанбай ол ақшаны
аз. Абишев Қаныбекке беруі, ал ол өз кезегінде осы іс бойынша «пара
алушы» статусына ие Ислам Әбішевке беруі тиіс болатын.
10. Алайда, тергеу органдары 14.03.2019 жылы операцияны тоқтатып,
50 000 000 (елу миллион) теңге алған аз. «Шындаулетов Құнанбайды»
және Ислам Әбішев пен Серік Тукиевті аса ірі көлемде пара алмақшы
болды деген күдікпен ұстайды?!
11. Артынан 50 000 000 (елу миллион) теңге алған аз. Шындаулетов
Құнанбай және тергеудің версиясы бойынша одан алып Ислам
Әбішевке беру тиіс аз. Абишев Қаныбекке қатысты қылмыстық істер,
олардың әрекетінде қылмыс құрамы болмауына байланысты
тоқтатылған!
12. Ал, ешқандай ақша алмаған және стенограммада ақша алу, беру, талап
ету туралы бірде-бір сөзі жазылмаған және Азамат Шаймерденовтен
басқа ешбір адам пара алушы деп көрсетпеген Ислам Әбішев пен
Азамат Шаймерденовтен «Қазақ күресі» Федерациясына демеушілікке
деп 10 000 000 (он миллион) теңге алған.
3. 2014 жылғы 1 000 000 АҚШ долллары және пара сомасына қатысты сәйкессіздіктер
«Адамның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының (сотталушының) пайдасына қарастырылады»
Қазақстан Республикасы Констиутциясының 77 бабы, 8 бөлігі.
Прокурор сілтеме жасаған айыптау актісіне сенетін болсақ, «И.А. Әбішев қызметтік өкілеттігіне кіретін әрекеті үшін аса ірі мөлшерде пара алу қылмыстық ойын, А.К. Шаймерденовке жеткізіп, жалпы соммасы 5 980 598 463 теңге болатын «Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданында Соколов топтық су құбырын қайта жаңарту және қосылған ауылдық елді мекендердің тарату желілерін салу, II-кезек» құрылысы бойынша Комитет пен «Казбайлық Астана» ЖШС араларында келісім шарт түзу үшін соңғы мекеменің басшыларынан құрылыстың жалпы соммасы 4-5% яғни, 250 000 000 теңге ақшаны «откат» ретінде А.К. Шаймерденов арқылы талап етіп, оның 60 000 000 теңге ақшасын өзіне жеткізіп беруді тапсырған.
Ал, қалған 190 000 000 теңге ақшаны А.К. Шаймерденовтің өзіне қалдыруды айтқан».
Неге, не себепті, 250 000 000 теңгенің 190 000 000 миллионын
Шаймерденовке, ал, 60 000 000 теңгесін ғана өзіне алмақшы болған деген сұраққа жауап, айыптау актісінде де, прокурордың айыптау сөзінде де берілген жоқ.
Бірақ, Әбішевке қатысты алғашқы айып таққан кезде, оның 2014 жылы 1 000 000 АҚШ доллары көлемінде Шаймерденовтен пара алған деп көрсетілген болатын. Кейіннен ол айып Әбішевтен алынып тасталды, яғни тергеуші 1 000 000 АҚШ доллары көлемінде пара беру-алу фактісі бойынша Әбішевтың әрекетінде «қылмыс құрамының болмауына байланысты» істі тоқтатқан болатын.
Олай болатын болса, істе қандай логика қалды ендеше? Тергеудің өзі 1 000 000 АҚШ доллары бойынша «қылмыс құрамы жоқ» деп отыр, сөйте тұра 60 000 000 теңгені сол ақшадан таратады?
Жалпы пара ретінде сұралған және берілген ақша сомаларының сәйкессіздігіне тоқталып өтетін болсақ.
Параның сомасы туралы сәйкессіздіктер тергеу барысында да, сотта да шешілмеген күйі қалды, атап айтқанда, іс бойынша пара сомасы ретінде және оған қатысты мынадай суммалар айтылады; 250 млн теңге, 1 млн АҚШ доллары, 190 млн теңге, 60 млн теңге, 10 млн теңге, 80 млн теңге, 50 млн теңге. Куә Шындаулетовтың куә Қаныбек Әбішевке сілтеме жасай отырып айтқан 80 тиын дегені де бар, енді оны 80 млн теңге дейік. Бірақ, құрметті сот қылмыстық іс бойынша Үкім болжамға негізделіп шығарылмайды ғой, сот Үкмі Қазақстан Республикасы атынан, бұлтартпас айғақтар мен дәлелдерге негізделіп шығарылуы керек қой, солай емес пе? Соның ішінде Шаймерденовтың жалаң сөздерінен ғана белгілі «бұрын Шаймерденов басқаратын «СМП 610» ЖШС Абишевке 1 млн АҚШ долларын берді» деген әңгіме бойынша ЕШҚАНДАЙ дәлел-дәйек жоқ! Шаймерденов арыз жазғаннан кейін Абишевпен екі мәрте кездесіп сөйлессе де, ол туралы бірде-бір сөз айтпаған! Оған дәлел басқаны қойып, Әбішвке қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы Қаулыда тергеуші А.Аташев өзіде атап көрсетеді! Одан кейін, 10 млн теңге ақша «Қазақ күресі» федерациясына спонсорлық көмек ретінде берілгені, ол ақшаның толығымен сол мақсатқа жұмсалғаны да тергеудің өзі тарапынан жасалған аудиторлық қорытынды да (т. 25 беттер 69-138), федерация қызметкерлерін, атқарушы директор болған, күдікті С.Тукеевты жауаптау арқылы толық өз дәлелін тапты! Ақшаны алу барысында ұсталған Қ.Шындаулетов Шаймерденовтен 80 млн теңе алмақшы болады, ал Шаймерденов 50 млн алып келген болатын...
Одан басқа параның «Қазбайлықпен» комитет арасында жасалған шарттың пайызы туралыда екі түрлі дерек көрсетілген. Мысалы, Шаймерденовтың жауаптарымен күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы Жаңа Қаулыда пара сомасы жасалған шарт суммасының 4-5 пайызын құрайтыны көрсетілсе, №1349 санды сараптаманың қорытынды бөлгінде, сарапшы №5-6 сұрақтарын біріктіре жауап бере келіп, тырнақшаның ішіне ақша сомасының шарттың 10% болуы мүмкін екендігін көрсеткен.
Осы сәйкессіздіктердің ешқайсысы да тергеумен не сот барысында жойылмады, ал прокурор өз сөзінде бұндай мәселелерге тоқталып та жатпады!
4. Әбішевтың, Түкиевтың және Шаймерденовтың жеке басы
(«Әбішев мінезді адам», Президенттің қызметке қайтаруы, триллион үнемдеуі, Әбішевте Түкиевте бұрын істі болмаған, екеуі де қоғам қайраткерлері, Шаймерденов болса бұрынғы қаржы полициясы қызметкері, ол жерден жұмыстан жұмыс берушімен қуылған, үстінен қылмыстық фактілер туралы бір емес бірнеше арыз түскен адам)
Сотталушы Әбішев мінезді адам, Ұлт қайраткері Алихан Бөкейханов айтпақшы «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген! Әбішев әрі мінезді, әрі өте білімді адам. Оған дәлелді осы сот процесі барысында біз көптеп келтірдік.
Нақты және даусыз анықталғаны мыналар;
2012 жылдың тамызында Әбішев Ислам Алмаханович ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Қызметке тағайындала сала оған дейінгі басшылықпен бөлініп қойған бюджет қаражатының 300 млрд тг. үнемдейді, мысалы Астана су Қоймасының жөндеу жұмыстарына деп тендері ойналып, келісім-шарты жасалып, тіпті алғашқы бөлігі төленіп қойған қаржының, 31 млрд теңгесінің 29 млрд артық және негізсіз салынғаны, Ислам Алмаханұлының оны 2 млрд. дейін қысқартқанын айтсақ та болады. Ал осындай көп қаражаттың артында қаншама мүдделі топтар мен өте ықпалды лауазым иелерінің тұрғаны айтпаса да түсінікті емес пе?
Артынша сөздің тура мағынасында сол үшін қызметтен қуылады. 9 ай жұмыссыз жүргеннен кейін, 2014 жылы Елбасы Назарбаевтың өзінің араласуымен қайтадан ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Қайта қызметіне тағайындалған Әбішев өзі қызметте болмаған 9 ай ішінде Комитет бойынша 1, 5 трлн теңгеге жасалған, Үкіметпен бекітілген бағдарламаны, оның 1 трлны артық екенін Елбасы Н.Назарбаевтың алдына барып дәлелдеп, әлдеқайда аз сомаға және жұмыс көлемін көбейте отырып мүлдем жаңа бағдарлама жасап, оны Елбасы Назарбаевтың өзіне бекіттіреді!
Сотта жауап берген кезде Әбішевте бұл істің артында ықпалды адамдар
тұрғанын бір емес бірнеше мәрте айтқан болатын, ол түсінікті де алынбай қалған пайдадан қаншама адам, қаншама лауазым иелері қағылды десеңізші?!
Сонымен қатар, Әбішев менің сұрақтарым орай, былай деген болатын: «менің үстімнен арыз беруші Шаймерденовтің маған жеке басының үлкен бас арыздығы бар. Оның себебі, арыз берерден 5-ай бұрын мен басқарған су ресурстары комитеті мен Шаймерденовтің компаниясы СМП-610 арасындағы келісім шартты (құны 7,6 млрд теңге) бір жақты менің талабым бойынша үзген болатынбыз. Мұның заңдылығы сот арқылы дәлелденген». Шынында да, осындай үлкен сомадағы келісім-шартты сот арқылы бұзғаны үшін, Шаймерденовтың Әбішевке кек тұтуы заңдылық. Сонымен қатар, Әбішевтың өз үстінен сотқа, Ұлттық Бюроға арызданып жүрген адамның 5 жыл бұрынғы алған ақшасын толық қайтарамын, ол үшін өзі де, Шаймерденов те танымайтын адамдар арқылы «Қазбайлық» ЖШС-нен пара алап етті деуі де ақылға сыймайды. Әрі бұл айтылғандарды растайтын істе бірде-бір дәлел жоқ.
Ал енді менің қорғауымдағы екінші сотталушы Серік Түкиевке келетін болсақ, ол кісі де бүкіл саналы ғұмырын қазақ спортына, оның ішінде ондаған жылын қазақ күресіне арнаған қайраткер адам. Атағы, даңқы қазақ даласынан шетелге дейін тараған спортшы. Ол туралы менің әріптесім Ерлан Макенов кеңінен тоқалып өтті, іске де тиісті растаушы құжаттарын жалғады сондықтан, қайталап жатпай ақ қояйын.
Тек қорғау тарапы ретінде біз айтқан және біз жалғаған мәліметтерден бөлек құрметті сот!, интернет арқылы Википедияға және спорттық арналарға сұрау салсаңыз да жеткілікті, ол жерде И.Әбішев пен С.Түкиевтың бүкіл еңбектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде түгел аталады.
Ал бірақ, Википедия тұрмақ жалпы интернет аймағынан Сіз Азамат Шаймерденов туралы бірде-бір ақпарат таба алмайсыз, интернет тұрмақ ол адам, оның қызметі, отбасы туралы мәліметтер ҚР БП жанындағы ҚАжАЕА Комитетінен де таба алмайсыз. Азаматтың «ерлігі» жайлы қорғаушылардың ғана Ютуб және басқа да әлеуметтік желілерге журналистерге сот кезінде берген интервьюларымыз бар.
Есесіне Азамат Шаймерденовтың бұрынғы прокуратура және қаржы полициясының қызметкері екенін, оның ішінде Республикалық қаржы полициясында, яғни қазіргі СЖқК ҰБ-ның аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкіл болып қызмет атқарғанын, осы қызметінен жұмыс берушімен қуылғанын, одан кейін неше түрлі фирмалар ашып, құқық қорғау және сот органдарымен өткізілген тендерлерді жеңіп алып, мебель тасумен айналысқанын, артынан құқыққорғау органдарына арнайы құралдарды, яғни жасырын тыңдау және жазып алу құралдарын тасумен айналысқанын, ол құралдарды заңсыз түрде адамдарды тыңдауға пайдаланғаны туралы арыз жазылғанын, үстінен бірнеше мәрте қылмыстық істер қозғалып артынан жабылып отырғанын толық әшкере жасап құжат түрінде іске тіркеттік. Ал прокурор Сүлейменов объективті тергеу жүргізді деген тергеу органдары болса, Шаймерденовтың жеке басына қатысты бірде-бір құжатты іске тіркемеген, тіпті заң бойынша іске тіркеулі міндетті Шаймерденовтың телефон қоңырауларына дейін біздің өтінішімізбен Сіз өзіңіз алдырттыңыз емес пе, құрметті сот?! Ал ол телефон қоңырауларынан дәл Әбішевке қатысты өте маңызды мәліметтер шықты емес пе, бір ғана қазіргі ҰБ-ның жоғары шенді лауазымды қызметкері Андасовпен екеуара 1,5 ай ішінде 53 рет телефонмен сөйлескендері, ол уақыттары Әбішевпен кездесу және оның үстінен арыз жазу кездеріне дөп келгенін, ал Шаймерденов оған дейін сот алдында ант беріп тұрып, менің тікелей қойған сұрағыма 2018 жылдың күзінде және қыс айларында бірде-бір ҰБ қызметкерімен хабарласпадым, себебі олармен ешқандай байланысым жоқ деп, менің «нақты ҰБ лауазымды қызметкері Андасовпен байланысы, 2018 қазан айының ортасынан 21.12.2018 жылға дейін, яғни 1,5 айдың ішінде, 53 рет ол адаммен телефон арқылы не мақсатта сөйлестіңіз» - деген сұрағыма «ондай адамды мүлдем танымаймын, телефоным қызметтік, офисте жатады, ол телефонмен бәрі хабарласа береді» деп, ал Андасов келіп «мен Шаймерденовты танимын, сол кезде нақты Есілсу ЖШС-не қатысты қылмыстық іс бойынша оны куә ретінде іздестіріп таптық және кейін әртүрлі мәселеде ол менен заңгерлік кеңес алып жүрді» дегенін қайда қоямыз? Бұдан кейінгі сөздерімде Шаймерденовтың қаншалықты өтірікші екендігін әшкерелеген, қорғау жағынан келген куәлерді былай қойғанда, айыптау жағының өз куәлері Жампозов, Макишев, Тюлегенов, Қалыбеков Ибадулла атты куәлердің жауаптарымен салыстыра отырып мысалдар келтіретін боламын. Мына жерде қайталай бермей ақ қояйын.
Міне осындай олқылықтарға қарамастан, прокурор өз сөзінде басқа куәлерге емес, тек қана Шаймерденовке сену керек дейді Сізге құрметті сот! Қорытындысын әрине өзіңіз жасай жатасыз!
5. 2018 жылдың қазан айының ортасы, 14 желтоқсан және 21 желтоқсанда арыз жазғанға дейін
Құрметті сот! Жоғарыда атап өткенімдей бір-бірімізді қайталай бермеу мақсатында менің әріптестерім С.Жүнісбаев пен М.Есқараев қылмыстық іс бойынша барлық кезеңдерге тоқталып, олар бойынша қандай дәлел-дәйектер саралап кетті, сондықтан мен тәптіштеп жатпастан қысқаша түрде Сіздің назарыңызды кейбір мән-жайларға ғана аударғым келеді.
Осы көрсетілген аралықта Азамат Шаймерденовтың айтқандарына ешқандай дәлел жоқ. Яғни, ол кезде Азамат Шаймерденовпен Әбішевтің және Түкиевтың кездесу барысында қандай әңгіме айтылғаны белгісіз. Не үшін біз профессионал өтірікші Шаймерденовтың ғана айтқандарына сеніп, ал Әбішев пен Түкиевтың айтқандарына сенбеуіміз керек? Іс бойынша ешқандай қосымша айғақ-дәлел болмаса да, қорғауымдағы Әбішев те, Түкиев те ол екі кездесуді басынан бастап жоққа шығарған жоқ, не үшін қандай мақсатта кездескендерін толық айтып берді.
Осыған қарамастан, айыптау қорытындысында Шаймерденов арыз жазғанға дейін Әбішев одан айыптау актісінде жазылғандай (сөзбе-сөз) «И.А. Әбішев қызметтік өкілеттігіне кіретін әрекеті үшін аса ірі мөлшерде пара алу қылмыстық ойын, А.К. Шаймерденовке жеткізіп, жалпы соммасы 5 980 598 463 теңге болатын «Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданында Соколов топтық су құбырын қайта жаңарту және қосылған ауылдық елді мекендердің тарату желілерін салу, II-кезек» құрылысы бойынша Комитет пен «Казбайлық Астана» ЖШС араларында келісім шарт түзу үшін соңғы мекеменің басшыларынан құрылыстың жалпы соммасы 4-5% яғни, 250 000 000 теңге ақшаны «откат» ретінде А.К. Шаймерденов арқылы талап етіп, оның 60 000 000 теңге ақшасын өзіне жеткізіп беруді тапсырған.
Ал, қалған 190 000 000 теңге ақшаны А.К. Шаймерденовтің өзіне қалдыруды айтқан» деген сөздері дәл осы Шаймерденовтың арыз жазғанға дейінгі кезде айтылған екен-мыс. Сіздің назарыңызды осы мәселеге аудара отырып, іс материалдарында Шаймерденовтың айтқанынан құр сөзінен басқа еш дәлел жоқ екеніне аударғым келеді. Қайта керісінше, 24 желтоқсаннан бастап, 14 наурызға дейінгі жасырын тергеу амалдары барысында Әбішевпен де, Түкиевпен де бірнеше мәрте кездескен Шаймерденов алдыңғы кездесулерге, сол кездесулерде айтылған немесе келісілген мәселелерге бірде-бір рет сілтеме жасамайды, неге?
(Осы жерде Түкиевтың бірнеше кездесулердегі диалогтарына тоқталып өту қажет!).
6. 21 желтоқсаннан 14 наурызға дейін, (оның ішінде мына даталарға назар аударайық 24 желтоқсан, 10 қаңтар, 20 ақпан, 11 наурыз).
«Заңсыз тәсілмен алынған айғақтардың заңды күші болмайды!»
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77 бабы, 9 бөлігі.
Құрметті сот! Сізге қорғау сөзімнің осы пунктіне тоқталмас бұрын, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 152 Жарлығынан мына пункттерге назар аударуыңызды сұраймын;
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында қаулы етілген:
20 тармақ;
«Азаматтардың құқықтарын қорғауға кепілдіктерді арттыру, қылмыстық процестегі тараптардың теңдігі мен жарыспалылығын, кінәсіздік презумпциясы қағидатының мүлтіксіз сақталуын, оның ішінде мыналар арқылы: 1) құқық қорғау органдарының немесе арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тартқаны, көрінеу заңсыз ұстағаны, қамауға алғаны немесе қамақта ұстағаны, жауап беруге мәжбүрлегені, жалған дәлелдемелер және жедел-іздестіру материалдарын жасағаны, коммерциялық сатып алу не парақорлыққа арандатқаны, сондай-ақ жалпы қылмысқа итермелегені үшін, көрінеу жалған сөз жеткізгені, адвокаттардың қызметіне және адам мен азаматтық құқығын, бостандығы мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі өзге де адамдардың заңды қызметіне, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсетуге кедергі жасағаны үшін жауаптылықты күшейту; 2) куәгер айғақтарының, сондай-ақ жол берілетін және шынайы дәлелдемелердің жеткілікті жиынтығымен бекітілмеген және расталмаған өзге мәліметтер ғана негізінде қылмыстық жауаптылыққа тартуға және соттауға тыйым салуды белгілеу; 3) қылмыстық процесте қорғаушы тараптың дәлелдемелері мен шағымдарын жан-жақты және объективті қарауды қудалау органдарының лауазымды адамдары тарапынан осындай дәлелдемелер мен шағымдар бойынша сапасыз қарау немесе әрекетсіздігі фактілеріне қатаң ден қою шараларын қабылдай отырып қамтамасыз ету»! |
|
21 тармақ;
«Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жедел іздестіру және тергеу практикасында заңсыз жұмыс әдістерін және арандатушылық іс-әрекеттерді қолдану фактілеріне жол бермеуіне, осындай фактілер бойынша жауаптылық пен жазалаудың бұлтартпастығы қағидатын сақтауын қамтамасыз етумен қадағалауды және бақылауды күшейту». |
Президент Жолдауында көрсетілген және Жолдауды жүзеге асыру мақсатында орындау шаралары бекітілген Жарлықтың бұл тармақтары біздің қарағалы отырған ісімізге дәл келетініне назар аударуыңызды сұраймын!
Ең сорақысы арандату әрекеттерінің әлі тиылмай отырғаны. Дәл қазір Ислам Абишевтың туыстары мен қыздары, Абишева Гульмира, Абишева Мадина, туған інілері Абишев Нуралы, Абишев Ералхан, Абишев Қаныбектердің үстерінен пара беруге оқталу фактілері бойынша қылмыстық істер тіркеліп, қылмыстық іс Бас прокуратураға түскен кезде, жоғарыда аттары аталған туыстарының үйлерінде тінту жұмыстары жүргізілді. Бұның арандатушылық екенінің қарапайым дәлелі – Нұр Сұлтан қалалық тергеу сотынан үйлерді тінтуге санкцияны 03.07.2019 жылы алады, істің өзі оған дейін бірнеше ай бұрын тіркелген, ал тінту әрекеттері іс дәл Бас Прокуратураға түскен кезде жүргізіледі.
Енді осы кезге дейін сол тінту мен барлығын Ұлттық бюроға бір реттен шақыртып, үркітіп-қорқытқаннан басқа осы кезге дейін бірде-бір тергеу әрекеті жүргізілген жоқ.
Осылайша Президент жолдауында айтылып, арнайы Жарлыққа енгізілген заңсыз тергеп-тексеру әрекеттері Ислам Әбішевты қойып, оның туыстарына қатысты да Ұлттық Бюро тарапынан жалғасуда! Сол арқылы ҰБ Ислам Әбішевке қысым көрсетуде! Бір адам пара алуға оқталды еп, айдың күні аманда, бүкіл семья, бала-шағасына іс қозғау деген не сұмдық?!
Енді өзіміз зерттеген қылмыстық істің құжаттарына сәйкес Ислам Әбішев пен Серік Түкиевке қатысты қандай заңсыз тергеу әрекеттері ұйымдастырылды екен соған тоқталып өтейін. Әрине бұл мәселеге Саян Жүнісбаев та, Макиш Есқараев та кеңінен тоқталғанын білемін, бірақ бұл мәсленің аса маңыздылығын ескере отырып, мен тағы да іздің назарыңызды осы жерге көбірек аударғым келіп отыр.
Жасырын тергеу амалдары 24.12.2018 ж. бастап 14.03.2019 ж. дейін тұрақты түрде үздіксіз жүргізіліп келген. ҚР «Жедел-іздестіру қызмету туралы» Заңының 15-бабында, жедел іздестіру қызметін жүргізу кезінде азаматтарды құқық бұзушылыққа итермелеуге және араңдатуға тікелей шектеулер қойылған. Осыған қарамастан ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлері мен Шаймерденовтің жасаған әрекеттері қылмысты иммитациялау емес, арнайы Ислам Әбішевті және Серік Түкиевті құқық бұзушылыққа итермелеуге және парақорлыққа арандатушылыққа анық бағытталған.
Істің мән-жайларына сәйкес, СЖҚК ҰБ-ның қызметкерлері, соның ішінде Исмагулов Жәрдем, Шаймерденовті пара беруші рөлінде ме, әлде куә ретінде ме, әлде жәбірленуші ретінде ме, әлі күнге дейін белгісіз, әйтеуір оны пайдалана отырып, Ислам Әбішев параны алуға ниеттенбесе де, оның қылмыс жасағаны туралы дәлелдемелерін жасанды түрде қалыптастыру мақсатында жасырын тергеу амалдарын жүргізген. Исмагулов пен Шаймерденов, Ислам Әбішевті парақорлыққа арандату мақсатында «Қазбайлық Астана» ЖШС-не қатысы бар адамды танитын А.Макишевке өз бетінше (өз инициативасымен) жолығып, оған: «Ислам Әбішев «Қазбайлық Астана» ЖШС-нен 250 000 000 теңге ақшалай пара талап етіп жатыр» деп жеткізеді. Ал А.Макишев өз кезегінде осы мекемеге ресми қатысы жоқ (бейресми құрылтайшы) А.Тюлегеновке жолығып, хабарлайды. Соңғысы бұған келіспей бас тартады.
Сонымен қатар, пара беру себебін тудыратындай «Қазбайлық Астана» ЖШС мен Су ресурстары комитеті арасында осы шарттың орындалуымен байланысты ешқандай проблемалар болмағанын және ол қалыпты орындалып отырғанын атап көрсетті (30.10.2019 ж. сот тергеуіндегі – пара беруден бас тартқаны және мүлдем ойы болмағаны туралы А.Тюлегеновтің жауабы).
Ең маңыздысы, дәл сол кезеңде И.Әбішев А.Шаймерденовтің бұл әрекеттерінен бейхабар болған. Өйткені қылмыстық істе қылмыстық қудалау органы тарапынан И.Әбішевтің де С.Түкиветың де қылмыстық ниетін растайтын бірде-бір дәлелдеме жоқ!
Қоош соған қарамастан, Азамат Шаймерденов 21.12.2018 ж. ҚР СЖҚК ҰБ-на жазбаша арызданады. Ол арызында екі фактіні көрсетеді. 1. 2014 ж. И.Әбішевке 1 миллион АҚШ долларын “СМП-610” ЖШС-мен шарт жасасуға пара ретінде бергені, 2. 2018 ж. А.Шаймерденов арқылы «Қазбайлық Астана» ЖШС-нен 250 миллион теңге параны қорқыту арқылы талап етіп отырғаны.
Ал арызда (1-бума, 3-бет) және 22.12.2018 ж. жауабында (15-бума, 1-8 беттер) көрсетілген А.Шаймерденовтің 1 млн. АҚШ долларын Ислам Әбішевке оның жақын адамы Калыбеков Ибадулла арқылы апарып бердім деген уәждері еш дәлелін таппаған, тек қана құр сөз болып шықты.
Өйткені сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде анықталып, жауапталған Калыбеков Ибадулла өз жауабында (16-бума, 14-19 беттер) және Шаймерденовпен өткізген беттестіруде (16-бума, 29-беттен басталады) соңғының жауабын толығымен теріске шығарды.
Осылайша Шаймерденовтің бұл жауабы еш дәлелсіз құр сөзге айналады. Сол себепті де тергеу органы 31.07.2019 ж. қаулыларымен И.Әбішев пен И.Қалыбековке қатысты ҚР ҚПК-нің 35-бабының 1-бөлімінің 2-тармағымен, яғни «қылмыс құрамының болмауына орай» қылмыстық қудалауды тоқтатады (28-бума, 176-200 беттері).
Енді ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлері «Қазбайлық Астана» ЖШС-тарапынан Ислам Әбішевке пара беруден бас тартуына орай, оны пара беруші рөлінде пайдалана алмайтынын біліп, А.Шаймерденовтің көмегімен әрі қарай қылмысты иммитациялауды сылтауратып, пара алу ниеті болмаса да, Әбішевті парақорлыққа арандатуға белшешіп кіріседі. Сөйтіп, 24.12.2018 ж. бастап 14.03.2019 ж. жасырын тергеу амалдарын жүргізеді, соның ішінде А.Шаймерденов өзінің денесіне дыбыс және бейне құралдарын тағып алып, 8 рет С.Түкиевтің, екі рет И.Әбішевтің әңгімелерін жазып алады. «Қазбайлық Астана» ЖШС А.Шаймерденовтың пара беруге үгіттеуінен бас тартқасын, Ұлттық бюроның жедел қызметкерлері Шаймерденовтің өз бастамасымен демеушілікке бергісі келген ақшаларын пара ретінде пайдаланып, С.Түкиевке 10 млн.теңге беріп, құжаттандырып алады.
Алайда, жасырын тергеу амалдары осы қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру мерзімі ҚР ҚПК-нің 45-бабының 7-бөлігінің 1-тармағымен, яғни «кінәлі тұлғаның анықталмауына орай» 3 рет көпе-көрнеу заңсыз үзілген аралықтарда жүргізіліп отырған. Атап айтқанда:
1) 24.12.2018 ж. үзілген (1-бума, 19-бет), 10.01.2019ж. мерзім қалпына келтірілген (1-бума, 21-бет).
2) 10.01.2019 ж. ешқандай тергеу амалдары жүргізілмей мерзім үзілген (1-бума, 23-бет), 20.02.2019 ж. мерзім қалпына келтірілген (1-бума, 25-бет).
3) 20.02.2019ж. ешқандай тергеу амалы жүргізілмей мерзім үзілген (1- бума, 27-бет), 11.03.2019 ж. мерзім қалпына келтірілген (1-бума, 34-бет).
Ал ҚР ҚПК-нің 45-бабының 7-бөлігінің 1-тармағының тікелей мағынасына сәйкес, дәл осы негізбен қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған тұлға анықталмаған жағдайда ғана мерзім үзіледі. Яғни жасырын тергеу амалдарының нәтижелері сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімінің заңсыз үзілу кезінде алынған.
Бұдан бөлек ҚР Бас прокуратурасының ҚС және АЕ Комитетінің мәліметтеріне сәйкес, үш рет тергеу мерзімін үзу туралы шешімнің тек біріншісі ғана ресми тіркелген, қалған екі шешімі тіркелмеген, яғни мерзімді үзу және қалпына келтіру туралы шешімдердің карточкалары қойылмаған.
Ендігі кезекте жасырын тергеу амалдарының жүргізілу нәтижесінде алынған жазбалардың мазмұндарына көз жүгіртсек, аса ірі мөлшерде пара алуға оқталды деп айыпталып отырған Ислам Әбішевке қатысты ақша туралы мәліметтер мен әңгімелер тек қана екі жағдайда жазылып алынған:
1) 20.01.2019 ж. Риксос қонақ үйінде.
2 07.03.2019 ж. Нұр-Сұлтан-Шымкент бағытындағы ұшақта.
Бірінші жағдайда, И.Әбішев өзінің «Қазбайлық Астана» ЖШС-нан ақша алған сыңайлы жалған әңгімелер тарқап кеткенін Шаймерденовке айтып, ренішін білдіруде және үшінші тұлғалармен берілетін ақшалай қаражаттар «Қазақ күресі» Федерациясына демеушілік көрсетуге арналғаны А.Шаймерденов, И.Әбішев және С.Түкиев араларындағы үшжақты әңгімелердің мазмұнынан анық көрініп тұр (9-бума, 121-138 беттерде, СПФС қорытындысында көрсетілген).
Екінші жағдайда, И.Әбішев пен А.Шаймерденов араларындағы әңгімелерде біріншісі екіншісінен ақша талап етіп жатқанын көрсететін нақты белгілер жоқ (9-бума, 165 бетте, СПФС қорытындысында). Дәл осы жерде маңызды жағдайларды атап кетсек:
- Шаймерденовтың арызы бойынша 60 млн.теңге пара талап етті деген Әбішев қоңырау шалып Шаймерденовті кездесуге шақырмаған, кездесу тағайындамаған, ақша мүлдем сұрамаған, ешқашан хабарласпаған. Бұл жағдай Исмагулов пен Шаймерденовтің сотта берген жауабымен де расталады;
- Сол күнгі, 7 наурыз 2019 жылғы ұшақтағы кездесу Исмагуловтың жоспарымен Шаймерденовтің бастамасымен ғана орын алған, өйткені қорқытып ақша талап етті деген Әбішев ешқашан хабарласпаған соң, оның ұшыққа отырып Шымкент қаласына ұшып бара жатқанын біліп, ұлттық бюроның жедел қызметкері Исмагулов Жәрдем шұғыл түрде әуебилетін алып, Шаймерденовті дереу Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына шақырып алып, сол жерде сағат 14.45-14.50 уақыт аралығында оған «Москит» маркалы диктофонын беріп (13-бума, 29-бетте арнайы құралды тапсыру туралы хаттама), ұшаққа отырғызады. Ұшақта отырып, өзіне хабарласпаған, шақырмаған, Шаймерденовпен кездесу ойында да болмаған Әбішевке байланысқа шығады, өзі сұранып қасына келіп отырып алған;
- Әбішевтің қасындағы адамға өтініш айтып, өз орнын ауыстырып, Әбішевтің жанына келіп отырып алған Шаймерденов ақша туралы әңгімені өзінен-өзі бастаған. Стенограммадағы әңгіме мазмұнында Әбішев Шаймерденовтің ақша туралы әңгімелеріне қолдап жауап қатпаған және ақша талап ету немесе сұрау туралы әңгіме қозғамаған. Ал 50 млн.теңге ақша туралы әңгімелер мүлдем басқа, яғни тақырыпқа қатысы жоқ «Қазбайлық Астана» ЖШС-нің қос мердігерлігімен байланысты тақырыпта қозғалған;
- Стенограмма мазмұнына сәйкес, Әбішев Түкиевтің Федерацияға демеушілік ретінде Шаймерденовтен 10 млн. теңге алғанынан да бейхабар болып шыққан. Дәл осы жағдай стенограмма мазмұнымен ғана дәлелденіп қоймай, 31.10.2019 ж. сотта берген Шаймерденовтің және Исмагулов Жәрдемнің өздерінің жауаптарымен расталады. Атап айтсақ, 20.01.2019 ж. бастап 07.03.2019 ж. ұшаққа отырғанға дейін бұрын-соңды 50 млн.теңге ақша талап етті деген Әбішев өзінің тарапынан ешқандай да қорқытып пара талап етушілік әрекетін жасамаған, Шаймерденовке хабарласпаған, оны кездесуге шақырмаған. Сол себепті сотта жауапталған жедел қызметкер Исмагулов Жәрдем 7 наурыз 2019 жылы ұшақта Шаймерденов пен Әбішев араларындағы кездесуді қолдан ұйымдастырғанын растап берді (хотел убедиться...!).
Осылайша ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлері бірнеше айға созылған жасырын тергеу амалдарының түпкілікті нәтижесі болмайтынын біліп, 07.03.2019 ж. Әбішевтің Шымкент қаласына ұшып бара жатқанын біліп, Шаймерденовпен кездесуді қолдан ұйымдастырып, оны әуежайға шақыртып алып, оған дыбыс жазба құралын тапсырып, ұшақта Әбішевтің қасына отырып алып, ақша туралы әңгіме қозғауға әдейі итермелеген әрекеттері жедел қызметкер Исмагулов Жәрдем мен Шаймерденовтің парақорлыққа арандатушылық-айдап салушылық жасағанының айқын көрінісі. Жедел топ қызметкерлері мен Шаймерденовтің өздерінің әрекеттерімен Әбішевті парақорлыққа арандатқаны жоғарыда көрсетілген дәлелдерден бөлек, Шаймерденовтің Шымкент қаласының әуежайында жедел қызметкерлерімен кездесіп, диктофонға жазылған әңгімелерін талқылап жатқан сөздерінен анық байқалады (танцуйтте, тогда отдам флешку). Алайда дәл осы әңгімелерді сот психологиялық-филологиялық сараптамасының зерттеу объектісіне жедел қызметкерлер әдейі кіргізбей қояды!
Айыптау тарабының келесі уәжіне баға беретін болсақ: «Әбішев хаттың түскенін пайдаланып, Республикалық бюджеттің қысқартылуының Комитетке ешқандай қатысы жоқтығын біле тұра, өзі алдында аса ірі мөлшерде талап еткен параны толығымен алу мақсатында, «Қазбайлық Астана» ЖШС-нің заңды мүдделеріне залал келтіруі мүмкін әрекеттерді жасаймын деп, оларға 28.01.2019ж. №18-3-1-169-КВР хатымен Республикалық бюжеттің қысқартылуы мүмкін екендігіне байланысты 14.11.2018 ж. түзілген №42 келісімшартқа қосымша түзілетін келісімшарт алдағы кезде уақытша тоқтатыла тұруы да мүмкін екенін хабарлап, пара берушіні қорқытып, «Қазбайлық Астана» ЖШС-нің басшыларын өзіне аса ірі мөлшерде пара беруге мәжбүр болатындай жағдайға қасақана қойған» дейді.
Айыптау тарабы бұл тұжырымын Шаймерденовтің жауабымен негіздеген (15-бума, 22-бетте), яғни Шаймерденовтың жауабына сай, ол 2019 жылдың ақпан айының басында Макишевпен кездескен кезде, Әбішев өзіне және Түкиевке уәде еткен ақшаны талап етуін жалғастырып жатқанын, әйтпесе СРК «Соколов» су құбырын жөндеу жұмыстарына бөлінген бюджет қаражатын қысқартып (секвестирование) тастайтынын, соның салдарынан «Қазбайлық Астана» ЖШС-мен шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін банктік кепіл ретінде берілген 500 млн.теңгесін қайтарып алуға қиындық туғызатынын айтқан сыңайлы. Кейінірек «Әбішев тек қана қорқытып қоймай, «Қазбайлық Астана» ЖШС-не бюджетті қысқартуы (секвестирование) туралы хат жолдаған» дейді.
Алайда 31.10.2019 ж. сот тергеуінде жауапталған Шаймерденов «бұл мәліметтерді Макишевтен естігенін, «Қазбайлық Астана» ЖШС-нің өзі 2019 ж. жұмысын жоспарлау мақсатында қаржыландыру жоспарын сұрап, СРК-ға жазған хаты туралы мүлдем білмегенін» айтып қашты.
Дегенмен, айыптаудың бұл тұжырымдары өз дәлелін таппағаны былай тұрсын, істің кезекпен орын алған мән-жайлары мен өзі қабылдаған процессуалдық шешімдеріне қарама-қайшы келеді:
- Егер шын мәнінде Әбішев өзіне және Түкиевке уәде еткен ақшаны талап етуін жалғастырып, осы ақшаны иемдену үшін «Қазбайлық Астана» ЖШС-не бөлінетін ақшалай қаражаттарды қысқартып тастаймын деп қорқытып-үркіту ойы болса, онда неге 2019 ж. ақпан айының басында-ақ әлі «талап еткен параны» алмай жатып, «Қазбайлық Астана» ЖШС-мен қосымша келісімшартқа отырып, оны 2019 жылға қаржыландыруға жол береді? Яғни, «Қазбайлық Астана» ЖШС мен СРК арасында қосымша келісім еш кедергісіз жасалған.
- «Республикалық бюджеттік қаржыландырылу уақытша тоқтатылуы мүмкін екендігі» туралы хатты СРК «Қазбайлық Астана» ЖШС-не өз тараптарынан жазбаған, керісінше, «Қазбайлық Астананың» 21.01.2019 ж. жазған сұраныс хатына жауап ретінде жазған. Ал «Баймен» ЖШС бұндай сұраныс хат жолдамағасын, оған дәл осындай сипатта жауап хат жазбаған.
- Шын мәнінде Әбішев пара беруді талап еткен болса, онда неге 20.01.2019 ж. бастап 07.03.2019 ж. А.Шаймерденовке хабарласып, онымен кездесуді тағайындап, параны сұрамайды. Яғни бұл жағдай Әбішевтің ойында пара алу болмағанын көрсетеді, сондықтан да Шаймерденовке хабарласу мүлдем жоспарында болмаған.
- СРК «Соколов» су құбырын жөндеу жұмыстарына бөлінген бюджет қаражатын қысқарту (секвестирование) салдарынан «Қазбайлық Астана» ЖШС-мен шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін банктік кепіл ретінде берілген 500 млн.теңгесін қайтарып алуға қиындық туғызады деген тергеу органының тұжырымы өтірік болып шықты. Өйткені 2019 жылдың қаңтар, ақпан айларында «Қазбайлық-Астана» ЖШС қосымша шарт жасау үшін 500 млн. теңгеге ешқандайда банктік кепіл бермегендігі анықталды. Бұл орайдағы банктік кепілді 04.03.2019 ж. тек қана 34 млн. теңгеге берген. Сол себепті де, қосымша шарт жасалмаған күннің өзінде, «Қазбайлық-Астана» ЖШС-не 500 млн тг ақшалай шығын келеді» деген тергеу органының уәжі шындыққа жанаспайды.
Айыптау тарабының тағы бір уәжіне баға беретін болсақ: Айыптау актісінде көрсетілгендей, өз кезегінде, «пара талап етуші Әбішевтің қылмыстық әрекетінен хабарсыз оның туған інісі Қ.Әбішев, Қ.Шындаулетовке хабарласып, онымен 13.03.2019ж. жолығып, А.К.Шаймерденовтен ақша алуды тапсырған» деп айыптайды. Айыптаудың бұл тұжырымы тек қана дәлелсіз болжам болып, тергеу органының істегі процессуалдық шешімінің тұжырымына тікелей қайшы болып шықты. Өйткені Әбішев өзінің туған інісі Қ.Әбішевке, ол өз кезегінде Қ.Шындаулетовке хабарласып, пара нысанын алуды тапсырса, онда неге айыптау тарабы бұл туралы жасырын тергеу амалдары барысында жазылған әңгімелерді сотқа ұсынбады?
Одан бөлек, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының 31.07.2019 ж. қылмыстық іс бойынша жекелеген тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы (28-бума, 176-200 беттер) қаулылары И.Әбішевтің 14.03.2019 ж. Қ.Шындаулетов А.Шаймерденовтен алған ақшаға қатыстылығын жоққа шығарады.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды тұжырымдай келе, ҚР СЖҚК ҰБның жедел қызметкері Исмагулов Жәрдем мен Шаймерденов ұйымдасқан түрде, арнайы мақсатта, қылмыстық әрекетті имитациялау ұғымын бүркеніп, пара алуға ниеті болмаған Әбішевті парақорлыққа арандату-айдап салу әрекетін жасаған.
Бұл мақсатта қылмыстық әрекеттерді имитациялаушы тұлға ретінде 21.12.2018ж. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне Әбішев пен Түкиевтің үстінен арызданған мүдделі Шаймерденовті қатыстырған. ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлерінің бұл шешімі кездейсоқ емес. Өйткені іс бойынша пара беруші болып табылатын «Қазбайлық Астана» ЖШС-нің өкілдері Малгаждаров та, Тюлегенов те Әбішевке СРК-мен жасасқан шарты үшін «откат» ретінде пара бермек түгілі, ол туралы мүлдем ойларында болмаған, өйткені қосымша шарт еш кедергісіз жасалынған және ол бойынша жұмыстар қалыпты жағдайда орындалып отырған.
Ал ұлттық бюро тергеушілері мен Шаймерденов «Қазбайлық Астананың» директоры деп көрсеткен Макишевтің «пара беруші» болып табылатын «Қазбайлық Астана» ЖШС-на мүлдем қатысы жоқ болып шықты. Сот тергеуінде жауапталған Макишев пара беруге де, «Қазбайлық Астана» ЖШС-не мүлдем қатысы жоқ екенін анық көрсеткен.
Дәл осы жағдайға қарамастан, ҚР СЖҚК ҰБ-ның лауазымды түлғалары қылмыстық істегі барлық процессуалдық құжаттарда (жасырын тергеу амалдарын жүргізу, сезіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын қолдану, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қаулыларда) ресми анықталған мәлімет ретінде іс бойынша пара беруші ретінде «Қазбайлық Астана» ЖШС және оның директоры ретінде Макишевті және соңғы СРК-мен жасасқан шарты үшін «откат» ретінде 250 млн.теңге пара беруге келісімін берді» деп көпе-көрнеу жалған мәліметтер енгізіп-көрсетіп, санкция алған, сот органдарын шатастырып, Әбішев пен Түкиевке қатысты қате тұжырым жасауға әкеліп соқтырған.
ҚР СЖҚК ҰБ-ның қызметкерлерінің процессуалдық әрекеттері қылмыстық процесстік заң тұрғысынан ешқандай сын көтермейді.
Өйткені сот тергеуінде 28-бумадан тұратын қылмыстық істің құжаттарын зерттеу кезінде қылмыстық қудалау органының Шаймерденовтің қатысуымен «жасырын ендіру және (немесе) қылмыстық әрекетті имитациялауды жүргізу» туралы қаулысы қылмыстық іс құжаттары тізімінде (опись) жоқ болып шықты, яғни сотқа ұсынылып отырған қылмыстық істің құжаттарымен Шаймерденовтің қатысуымен жүргізілген жасырын ендіру және (немесе) қылмыстық әрекеттерді имитациялау туралы әрекеттер заң тұрғысынан негізделмеген болып табылады.
Бұл орайда, ҚР ҚПК-нің 112-бабының 3-бөлігінде, «егер күдіктінің, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары, сарапшының, маманның қорытындысы, заттай дәлелдемелер, тергеу және сот әрекеттерiнiң хаттамалары және өзге де құжаттар қылмыстық iс материалдарының тізімдемесіне енгізілмесе, оларды айыптау негiзiне жатқызуға болмайды» деп көрсеткен.
Бұдан бөлек қылмыстық істің 14-бумасының 47-49 беттерінде ҚР СЖҚК ҰБ-ның тергеушісі Д.Бахытовтың Шаймерденовтің қатысуымен «қылмыстық әрекетті имитациялауды жүргізу» туралы тапсырмасында мерзімдері көрсетілмеген. Осылайша қылмыстық істе Шаймерденовтің қатысуымен қылмыстық әрекетті имитациялауды жүргізу әрекеттерін қылмыстық процесстік заңнаманың талаптары тұрғысынан заңды және негізді деп танитын ешқандай құқықтық процесстік құжаттар жоқ.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды тұжырымдай келе, ҚР СЖҚК ҰБ-ның жедел қызметкерлері мен Шаймерденовтің әрекеттерін қылмыстық әрекеттерді имитациялау емес, пара алуға ниеті болмаған Әбішевке қатысты жасанды дәлелдемелерді қолдан жасау мақсатында парақорлыққа араңдату-айдап салу болып табылады.
ҚР Жоғарғы Сотының «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы №8 нормативтік қаулысының 24-тармағына сәйкес, «қылмыстық қудалау органдарының ҚК- нің 366-бабының 1-бөлігінде көрсетілген адамды қылмыстық қудалау органдарының араласуынсыз пара алу ниеті туындамайтынын және қылмыстың жасалмағанын айғақтайтын мән-жайлар болған кезде пара нысанасын алуға көндірудің нәтижесінде келісім алынған кезде оған пара беруден тұратын арандатушылық-айдап салушылық әрекеттері өзіне қатысты осы әрекет жүзеге асырылған адам жасаған әрекеттің қылмыстылығын жояды».
Осы нормативтік қаулының 25-тармағына сай, ҚК-нің 417-бабының 2-бөлігі бойынша парақорлыққа арандату үшін жауаптылық ҚК-нің 366-бабының 1-бөлігінде көрсетілген адамға пара нысанасын беруге әрекеттенген адамның ол адамның параны алуға келісімінің жоқ екенін біле тұра, өзінің әрекетінің қылмыс жасаудың немесе бопсалаудың дәлелдемелерін жасанды түрде қалыптастыру мақсатында жүзеге асырған жағдайда ғана туындайды».
Тағы бір түсініксіз жері, тергеу органдары не себепті ақшаның
И.Абишовке жеткенін күтпей, яғни негізгі мақсаттары орындалмай, орта жолдан операцияны тоқтатып тастаған? Себебі үш айдан бері АЖІШ (СОРМ) жүргізу барысында жедел уәкілдердің ол ақшаның Абишевке берілмейтініне көздері толық жетті! Оның мысалы, параның бірінші бөлігі болып саналатын, Тукеевке берілген 10 млн теңге жоғарыда көрсеткенімдей толығымен (!) «Қазақ күресі» федерациясына, спортшылардың Голландияға іссапарға барып-келуіне жұмсалды, Тукеев 10 млн теңгені Абишевке апарып бермек түгілі, оған телефон соғып ақшаны алғаны туралы айтқанда жоқ! Сондықтан, жедел уәкілдер операцияны іске еш қатысы жоқ тұлға (оған қатысты іс қылмысқұрамы болмауы себепті тоқтатылған) Қ.Шындаулетов ақшаны алған сәттен тоқтатып тастады, өйткені Шындаулетов басқа ақша суммасын айтып отыр (80 млн деп) және Шаймерденов оған біраз уақыттан бері қарыз. Әйтпесе, Қ.Шаймерденов пен Каныбек Абишевке қатысты АЖІШ (СОРМ) жүргізуге сот санкциясы 13.03.2019 жылы бір айға берілген болатын, тергеу органдары бір ай бойы параның адресатқа жетуін қадағалауға толық мүмкіндіктері бар еді. Алайда, параның алғашқы бөлігі (10 млн) мақсатты жұмсалғасын, екінші бөлігі А.Шаймерденовтың Қ.Шындаулетов алдындағы қарызы үшін кетіп қалатынынан, яғни И.Абишевтың пара алмайтынын білгендіктен тергеу органдары АЖІШ (СОРМ) тоқтатуға мәжбүр болды.
Іс материалдары, сот тергеуі нәтижесі, заң талаптары, Президенттің биылғы Жолдауы оны орындауға байланысты Жарлықтың бәрі бір нәрсені дәлелдеп отыр, ҰБ, ҰҚК емес, ІІМ емес, Ұлттық Бюро қылмыстық істер бойынша арандатушылықпен айналысады, ол анық әрі әмбеге аян. Енді осыған Сіз, құрметті сот, өз құзіретіңізді пайдаланып нүктесін қоясыз ба, жоқ па?! «Быть или не быть» деген Гамлеттік сұрақ, бүгін Сіздің шешуіңізге ұсынылады, құрметті Сот!
7. 14 наурыздан қыркүйекке дейінгі Әбішев пен Түкиевке қатысты тергеу,Ұлттық Бюро ұстанымы, оның ішінде Ж.Бастарова, БАҚ, тіл заңдылығының өрескел бұзылуы, Әбішев пен Түкиевтен басқасына істерді тоқтатуы.
Айыпталушы (сотталушы) өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес!
Қазақстан Республикасының Конституциясы, 77 бап, 6 бөлігі.
И.Әбішев пен С.Түкиевтың ісі бойынша орын алған өрескел қателіктер
СЖҚК Ұлттық Бюросының ресми өкілі Ж.Бастарованың И.Әбішев пен С.Түкиевтың ұсталғанына байланысты арнайы пресс-конференциядағы мәлімдемесі мен іс жүзіндегі жағдай.
СЖҚК Ұлттық Бюросының Ютуб және басқа да интернет желілерінде арнайы таратқан жалған ақпараты.
СЖҚК Ұлттық Бюросы басшысыың орынбасары О.Бектеновтың И.Әбішевке қатысты мәлімдемесі мен іс жүзіндегі жағдай.
Қылмыстық іс бойынша жіберілген, әрқайсысы қылмыстық істі қысқартуға немесе ақтау Үкіміне негіз болатын концептуалды процесстік заңбұзушылықтар.
(1) СТБТ (ЕРДР) мәліметтің тіркелмеуі.
(2) Сот жүргізу тілі заңнамасының бұзылуы.
(3) Сараптама қорытындысының заңсыздығы туралы.
Әділсоттың символы бізде таразы, анығын айтқанда, қолына таразы ұстаған грек аңыздарындағы әділдік құдайы Фемида екені белгілі.
Таразыға салып өлшеп көріңізші, тергеу барысында жүргізілген сараптамаға қарама-қайшы қорытынды берген қорғау тарапы ұсынған сарапшы-маман қорытындысы тұр, прокурор оны басшылыққа алуға болмайды, себебі сарапшы қылмыстық жауаптылығы туралы ескртілмеді деді, бірақ сол сараптаманы жүргізген сарапшы-маманды сотқа алдырып, қылмысық жауаптылығы туралы ескерте отырып, жауаптадық. Одан басқа, Қорғау тарапы 24.10.2019 ж. сот отырысында ҚР ӘМ сот сараптама орталығының директоры Д.Гауриевтің атынан шығыс; 20-05-15 №3133 санды 04.10.2019 ж. рецензиясын іске жалғады. Оған сәйкес, сарапшы Г.Құдайбергенова сараптама жүргізу туралы методикасын, «Сараптама туралы» заңы талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонда осынша олқылықтарға жол берген Құдайбергенованың сараптамасын дәлел ретінде басшылыққа ала аламыз ба? Прокурор неге өзсөзінде бұл мәселелерге тоқталып өтпеді?
Жақсы, осынша олқылықтарға қарамастан, олардың бәрін ысырып қойып, прокурор өз сөзінде сілтеме жасаған сарапшы Құдайбергенованың сараптамасын басшылыққа ала қояйық. Олай болса, осынша қателіктерге жол берген, тергеуші қоймаған сұраққа жауап беру арқылы сөзсіз тергеудің пайдасына қызмет еткен сарапшы Құдайбергенованың өзі «пара алушылардың әрекетінде қорқыту белгілері жоқ» - деп отыр емес пе? Егер қорқыту болмаса, онда мына қылмыстық істе болмайды ғой, өйткені біздің қорғауымыздағы адамдарға «қорқыту арқылы пара талап ету» бойынша айып тағылып отыр, прокурор оны қолдап отыр. «Қорқыту арқылы пара талап ету» ол дәрежелеуші белгі, яғни квалифицирующий признак, ол белгі болмаса пара алуға оқталу қылмысы да шықпайды!
(4) Арандатушылық –айдап салушылық туралы.
(5) заңсыз жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері (НСД) және процестік мерзімдер туралы.
(6) Айыптау тарапынан куә деп танылған тұлғалардың сот тергеуінде берген жауаптары.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 20.04.2006 жылғы N 4 «Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы» жаңартылған Нормативтік қаулысының 4,12,13-тармақтарына сәйкес, «қылмыстық істі қараған кезде сот ҚПК-нің 125-бабына сәйкес, әрбір дәлелдемені қатыстылығы, жарамдылығы, нанымдылығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығын қылмыстық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалауға тиіс. Дәлелдемелердің нанымдылығы іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып тексеру, бір дәлелдемелерді басқалармен салыстыру жолымен анықталады. Егер соттың үкімі сотталушы мен жәбірленушінің талданбаған, ақиқаты салыстырылмаған және басқа дәлелдемелермен: куәлардың айғақтарымен, іс жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және өзге де құжаттармен расталмаған айғақтарының негізінде ғана шығарылса, оны заңды деп тануға болмайды. Куәнің айғақтарын бағалау, оларды істің мән-жайын нанымды бейнелейтін фактілер туралы айқын мәліметтерді анықтау мақсатында талдауды білдіреді»! Құрметті сот, біз Сізден көрсетілген заң талабын басшылыққа алып, іс жүзінде орын алған қылмыстық оқиғаны анықтау мақсатында, іс бойынша жиналған дәлелдемелерді, яғни сараптаманың қорытындылары мен куәлердің жауаптарын, хабарламалармен, аудио-бейне стенограммаларын және басқа да процесстік құжаттар мен дәлеледемелерді сотталушылардың қылмыстық оқиға бойынша берген айғақтарымен сәйкестігін тексеріп анықтауды өтініп сұраймыз!
9. Қоғам қалай қабылдауда, ел алдындағы жауаптылық, 200 000 адам, қоғам қайраткерлері, Парламент, Мәслихат депутаттары.
Құрметті сот! Мен осыдан біраз бұрын журналисттерге берген сұхбатымда Ислам Әбішев те, Серік Түкиевте қоғам алдында ақталды деп мәлімдеме жасаған болатынмын. Осы айтқандарымнан күні бүгінде еш бас тартпаймын, оған себеп, ел жақсылары, қоғам қайраткерлері, жалпы халық осы адамдардың ақталуын асыға күтіп отыр деп анық айта аламын! Осы кезге дейін жарияланған мақалалар мен бейнеақпараттар, әлеуметтік желідегі жазбалар осыны растайды. Оларды айтпағанның өзінде Қазақстан Республикасы Парламентінің және Түркістан, Қызылорда облыстық, Шымкент қалалық Мәслихатының жүздеген депутаттарының менің қорғауымдағы Әбішев пен Түкиевке араша сұрап жазған хаттары, мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атына ашық хатқа еліміздің зиялы қауым өкілдері, жазушылар, өнер, мәдениет, спорт қайраткерлері бастаған 200 000 (екі жүз мың) –ға жуық адам қолдарын қойғаны да бұрын-соңды Қазақстан сот жүйесінің тарихында болып көрмеген құбылыс!
10. Жауабы жоқ сұрақтар
«Адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі»
Қазақстан Республикасының Конституциясының 77 бабы, 3 бөлігі.
Қылмыстық істің 1 томы, 3-5 беттерінде Шаймерденовтың жазған арызы бар, ол арызға сәйкес И.Абишев оның басқаруындағы «СМП 610» мекемесінен 2014 жылы 1 000 000 АҚШ доллары көлемінде пара алды деген дерек көрсетілген. Сол кездегі курс бойынша ол ақша 180 000 000 теңгеге келеді, Шаймерденовтың «Қазбайлықтан» 250 000 000 теңге алып, оның 190 000 000 өзіне алып қалып, Абишевке бермекші болған 60 000 000 теңге сол ақшаның айырмасы екен-мыс! Енді осы аңыз – легенда негізінде тергеу органдары, Шаймерденовтың арызын тіркеп, ол бойынша бірнеше ай көлемінде тергеу әрекеттерін жүргізіп, кейіннен 15.03.2019 жылы Абишевтың іс-әрекетін саралау барысында, сол 2014 жылы 1 000 000 АҚШ доллары көлемінде пара алғаны үшінде күдіктелетіні көрсетілген. Яғни, Абишев пара алуға оқталудан бөлек, аса ірі көлемде пара алғаны үшінде күдікті деп танылды.
Енді, ең қызығы кейіннен іс қазақ тіліне аударылған соң, ЖТТ құрамы жаңартылып, ЖТТ басшысы болып А.Аташев танылғаннан кейін Абишевтың 2014 жылы Шаймерденовтен 1 000 000 АҚШ доллары көлемінде пара алғаны туралы факт бойынша Аташев тарапынан Абишевке қатысты қылмыстық іс «қылмыс құамының болмауына» байланысты тоқтатылған. Яғни, Шаймерденовтың алғашқы құрған аңыз-легендасының күл-талқаны шықты. Дегенмен, прокурор бұл тақырыпты мейлінше айналып өтуге тырысуда, біздің тарапымыздан сот тергеуі барысында осыған орай қанша сұрақтар беріліп, өтініштер жарияланып жатса да, дәл осы мәселеде мемлекеттік айыптаушы ретінде прокурордың позициясын білу мүмкін болмады. Бұл факт айыптау актісінде де көрініс таппаған. Яғни, 1 000 000 АҚШ доллары көлеміндегі пара кезінде Абишевпен алынған ба, жоқ па деген сұрақ, күнібүгінге дейін жауапсыз қалуда. Егер, алынбады деп есептесек, онда Шаймерденовтың айтып жүрген кейінгі 250 000 000 теңге, 190 000 000 теңге, 60 000 000 теңге дегендері өтірік болып шықпай ма? Осыған орай заң қандай алап қояды?
«Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 нормативтік қаулысының 6 тармағында былай делінген: «Парақорлық туралы істерді қараған кезде, адамның параны алып сол үшін пара берушінің мүддесіне орындауға немесе орындамауға жататын әрекеттердің шеңберін анықтау қажет. Осы ретте парақорлық үшін жауаптылық адамның параны әрекеттер немесе әрекетсіздік жасалғанға дейін немесе жасалғаннан кейін алған уақытына қарамастан, сондай-ақ параның алдын ала белгіленген-белгіленбегеніне, пара берушінің мүддесі үшін қандай да бір әрекеттердің орындалған-орындалмағанына қарамастан туындайтынын назарда ұстаған дұрыс».
Енді осы нормативтік Қаулы талаптарына сәйкес, менде мынадай сұрақтар туындайды;
Шаймерденовтың және ол басқарып отырған «СМП 610» мекемесінің 60 000 000 теңге параға тікелей қатысы жоқ, себебі, ол имитация бойынша «Қазбайлықтың» атынан беріліп отыр. Бірақ, «Қазбайлықтың» ешқандай құқығы шектелмеген, онымен шарт пара алынардан жарты жыл бұрын жасалып қойған. Сонда бұл жерде Шаймерденов қалайша пара беруші болып танылуы мүмкін? Сотта жауап берген сөздерінде «Қазбайлықтың» иесі Тюлегенов те, атқарушы директоры Малғаждаров та өздерін ешкім қорқытпағанын, сондықтан қорықпағанын, ешкімге ешқандай пара беру ешқашан ойларында болмағанын анық көрсетті. Яғни олардың ешқандай құқықтары шектеліп немесе бұзылып отырған жоқ және Абишев «Қазбайлықтың» пайдасына өз құзіреті шеңберіде ешқандай әрекет жасамаса?
Жедел-іздестіру қызметкерлері не себепті бір ай уақыттары бола тұра, параның адресатқа жеткізілуін күтпей, Құнанбай Шындаулетовтың алып жатқан жерінен оны ұстап, жедел-іздестіру әрекеттерін тоқтатқан? Неге тергеуші осы себептерді анықтау мақсатында жедел уәкілдерден куә ретінде жауап алмаған?
Үш айдың үстінде жедел-іздестіру жұмыстары үздіксіз жүргізілсе де, қолына бір тиын алмаған Абишевке қалайша «ол пара алғысы келді» деп айып тағуға болады?
Бұрын қаржы полициясынан жұмыстан қуылған, үстінен бірнеше мәрте қылмыстық фактілер бойынша арыздар түскен, өзі құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жүргені толық анықталған бір адам еш дәлелсіз, дәйексіз екі бірдей мемлекет және қоғам қайраткерін соттатып жібере бере ме?
Әрине бұлар риторикалық, яғни жауабы жоқ сұрақтар, қолданыстағы қылмыстық заңнама бойынша біз Сізге қазіргі таңда сұрақтар қоя алмаймыз, бірақ, кеңесу бөлмесінде Сізге бұл сұрақтарға бәрібір жауап іздеуге тура келеді, Құрметті сот!
Тағы да Гамлетке яки классикаға жүгінсек, «БАР БОЛУ НЕМЕСЕ БОЛМАУ», «БЫТЬ ИЛИ НЕ БЫТЬ» деген өміршең сұрақтарға пара-пар сұрақтар бұлар! Өйткені таразы басында адам тағдыры тұр. Жәй адамдардың тағдыры емес, жоғарыда атап көрсеткенімдей, қоғам қайраткерлері, ел-жұртының ықыласына, құрметіне бөленген, зейнет жасына шыққан адамдар тағдыры, осы істі қадағалаған қалың елдің шындыққа деген, әділдікке деген сенімі тұр!
Жоғарыда атап өткен ҚР Жоғарғы Сотының Нормативтік Қаулысының талаптары екқана сот үшін емес, барлық қылмыстық қудалау органдары үшін де міндетті күші бар акт болатын. Алайда, тергеу органдары заңды да, қарапайым логиканы да ысырып қойып, күні бүгінге дейін сөздің тура мағынасында, ашық түрде провокациямен айналысуда! Енді СЖҚК ҰБ бізбен қоса, Сізді де өз қармақтарына іліп алу үшін жанталасып қалуда, құрметті сот!
Есіңізде болса, мен сот отырысының алдын-ала тыңдауында және қорғау сөзімді бастаған алдыңғы сот жарыссөзінде ҰБ тарапынан сотталушылар И.Әбішев және оның туыстарына қатысты осы қаралып жатқан істі заңсыз жолмен «шешу үшін» пара беруге оқталу немесе пара беруге дайындалу баптарымен қылмыстық істер қозғағаны туралы өз өтінішімде, сөзімде нақты атап көрсетіп, оны ҰБ тарапынан жасалып жатқан провокация деп ашық айтқан болатынмын.
Міне кеше ғана, яғни осы жылдың қаңтар айының 28-і күні ҰБ қызметкерлері Әбішевтың қыздары Гүлмира Әбішева, Мәдина Әбішева, інілері Ералхан және Қаныбек Әбішевтерге қатысты істі қайта жандандырып, оларды күдікті деп таныды. Ал сотталушылар Әбішев пен Тукиевты күдікті деп тануға Қаулылары дайын тұр (адвокат мәселесі шешілмеуі себепті кейінге қалдырылды).
Алдыңғы сөздерімде айтқандай, СТБТ (ЕРДР) 25.06.2019 жылы тіркелген іс бойынша үйлерін тінту сияқты белсенді тергеу әрекеттері осы қаралып жатқан қылмыстық іс Бас Прокуратураға түскен кезде басталса, одан кейін тоқтатылып, енді міне, кешегі 28-і күні қайта жандандырылып отыр.
Бұл нені білдіреді? Логика өте қарапайым. Егер ғайыптан тайып, сол кезде Бас Прокуратурада принципті бір прокурор осы істі жан-жақты тексеріп бұл қалпында сотқа жіберуге болмайды деп шешім шығарса, онда екінші іс бойынша сол адам автоматты түрде күдіктіге айналып шыға келген болар еді!
Енді міне, Сіздің тарапыңыздан Үкім шығарар кез келгенде тағы да сол өтірік ЖАЛАмен қозғалған қылмыстық қайта жандандырылып отыр. Сол арқылы Сізге ҚЫТАЙ ЕСКЕРТУІ жолданды деп есептеймін! Яғни, егер іс бойынша әділ сот Үкімі шығарылар болса, онда Сізде күдікке ілінуге дайын кандидатсыз деген сөз! Ал, әділ сот Үкімі бұл жерде тек қана біреу, ол – АҚТАУ ҮКІМІ ғана болмақ!
Менің сөзім осымен тәмам, іс бойынша айтылуы тиісбарлық мән-жай осы қорғау сөзінде және менің әріптестерім тарапынан толық қамтылды деп есептеймін.
Осы аталғандардың негізінде, Сізден сұрайтыным тек қана біреу, құрметті сот! Менің қорғауымдағы Ислам Алмаханұлы Әбішев пен Серік Адамұлы Түкиевке ақтау Үкімдерін шығарып, Қазақстанда да СОТ ӘДІЛДІГІ деген ұғым бар екенін бір дәлелдесеңіз!
Абзал Құспан, адвокат.
Қосымша: Бұл адвокат Абзал Құспанның соттағы жарыссөзде сөйлеген сөздері...
Abai.kz