Сенбі, 23 Қараша 2024
арандатушы! 6660 21 пікір 17 Ақпан, 2020 сағат 12:08

Абайға соқтығу - ұлтты мансұқтау!

Осыдан тұп-тура бір жыл бұрын, 8 қаңтар күні «Abai.kz» сайтында  Нұргелді Әбдіғаниұлының «Ашулы ағайынды арандатудан абай болайық!» атты саяси талдау мақаласы шыққан. Онда дүние жүзі армяндарына ағылшын, француз, араб және орыс тілдерінде ақпарат тарататын, Түркия мен Тәуелсіз түркі мемлекеттеріне қарсы ақпараттық соғыста Ресей тарапынан жарым жартылай қаржыландырылатын «ArmenianReport.com» дейтін сайттағы түркіфобия дертіне шалдыққан әрі жорналшы, әрі саяси сараптамашы Тевос Аршакян жайында кеңінен жазылған болатын.

Оның дайындаған материалдарыға қарап ұққанымыз, Тевос Аршакян жалғыз қазаққа ғана емес, өзбек пен әзірбайжан ағайындар турасында да ұлттық намысқа тиетін сараптама мақалалар жазуға әбден машықтанған, Мәскеу қолтығына су бүріккен сараптамашысымақ екен. Ресей тапсырысымен орыс мәдени кеңістігінде «іс бітті, қу кетті» әрекетті орындаушы арандатушы тұлға.

Аталған жорналшы бұған дейін де қарап жатпапты. 2017 жылы өзбек футболының бас бапкері, ұлты армян Самвел Бабаянның орынынан кетуіне байланысты арандатушы мақала жазған. Сол кезде жаңағы Самвел Бабаянның өзі өзбек жерінде тұрғанын мақтан ететінін, тілінің өзбекше шыққанына зор мархабаттын білдіріп қарымта пікірлі жауап сөз жариялаған.

Осы жолы «Ұлы Тұранның бес шамшырағы» - әл-Фараби, Қожа Ахмет, Абай, Шәкәрім және Мәшһүр-Жүсіптердің ішіндегі зор тұлға, биыл 175 жылдығын атап өткелі отырған Хәкім Абайға қатысты жаңағы «Аrmenianreport.com» сайтында «Абай Ереванның жүрегіне панитүркілік ұрығын егуші» (Абай и рассадник пантюркизма в сердце Еревана) атты арандатушы мақала жазып, жұртты дүрліктірді.

Бұған дейін осы автор өзінің «Казахи оскорбляют армян уже на территории Армении» атты мақаласында: «Назарбаевтың Қазақстаны Армения мен армян халқының сезімін қорлауды жалғастырып келеді. Оның үстіне бұрын Арменияға қатысты керауыздық Қазақстан жерінде ғана бастау алса, енді міне, қазақтар көзімізді бақырайтып қойып, өз жерімізде де рухымызды мансұқтауға көшті», деп жазыпты.

Ал Қарағандыдағы қанды оқиғаға байланысты «Обычный казахский национализм: в Казахстане требуют крови армян» атты мақаласында: «Кейбір қазақтардың түріктерімен қандастығын ескеретін болсақ, онда Қазақстанда әйтеуір бір орын алатын армян қанды қырғыны ақиқат шындық дүние. Арменияның орыстар мен белорустарға қатысты қатты сөздер айтуы үйреншікті жайт. Ұлтымыздың түрік пен әзербайжандарды да ұнатпайтынын да жақсы білеміз. Енді бізді ұнатпайтындар тізіміне қазақтар да қосылып отыр», деп қара аспанды төндіреді.

Енді атышулы жазғыштың Хакім Абайға қатысты арандатушы мақаласының мәтінін орыс тілінен қазақшаға аударып Abai.kz оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.

«Абай Ереванның жүрегіне панитүркілік ұрығын егуші»

«Қазақстан тұрақты түрде антиармян саясатын жүргізуші елдердің бірі  болып саналады. Арменияда ешкімге онша танымал емес ақынға ескерткіш қоюдың не керегі бар?

Біздің еліміздің билігі тәуелсіздік алған 30 жылдан бері мемлекетаралық қарым-қатынаста Иса Мәсіхтің бетке қатысты «Бір бетіңнен ұрса, екіншісін тос» дейтін өнегесін ұстанып келеді. Бұл ұлағаттың образды тәпсірленуі «Жамандыққа – жақсылық жаса, жауыздың жазасын тартқызу – Тәңіріміздің құзырында» екенін жақсы білеміз. Көптеген мемлекеттер бізді бетке бір салса, біз жауап ретінде оларға екінші бетімізді тосып келеміз. Соның ақыр аяғы олардың тарапынан бізбен аяқ сүртушілікке талпыныс жасауға дейін жеткізді. Бұндай жайттар тым алыстағы Израилден ғана емес, тап қасымыздағы ОДКБ мен ЕАЭС бойынша «одақтастарымыз» тарапынан да жиі көрініс табуда. 

Ресей, Беларус пен Қазақстан тұрақты түрде өздерінің антиармяндық саясатын жүргізіп келеді. Әскери-саяси блоктағы ынтымақтасуда әуелі өз одақтастары Арменияның емес, осы бірлестікке кірмейтіндердің мүддесін қорғайды.

Осы орайда сөз Мәскеу, Минск және Нұр-Сұлтанның (Астанның атын ауыстыруына әлі күнге дейін көндіне алмай келемін) өбектей өліп өшетін Әзірбайжан мен Түркиясы жайында болып отыр. Орыстар мен белорустар бір сәттік көлденең табыс үшін Арменияны көзге ілмей әзірбайжандар мен түріктерге қару-жарақ сатады. Оның үстіне асқан менмен, өркөкіректікпен «Әзірбайжанды қару-жарқпен қамтамасыз ету Қарабақтағы әскери қимылдарды ауыздықтайды» деп мәлімдейтініндерін айсаңызшы...

Олардан Қазақстан да қалыса қоймайды. Есімізде ұзаққа дейін қалатын жайт азиялық көшпелі-малшылар қашанда антиармяндық бағыт ұстанып, әзірбайжандарды ыстық құшақтарына алады. Арцах мәселесінде де, армян геноциді мәселесінде де дала көшпелілері өздерінің шынайы бет-жүздерін көрсетті. Былайша айтқанда, ешкімді де таңқалдыра алмайсың. Десек те, біздің билік Иса Мәсіхтің бет туралы өсиетін берік ұстанғаны соншалық, өздерінің келте жадысы һәм жалпақшешейліктерімен біздің қанымызды басымызға шығаруларынан таңбай келеді.

Дәл бүгін, мәселен, Ереван мемуниверситетінің жанында қазақ тілін, тарихы мен мәдениетін оқытып үйретін орталық бар екенін, оған Абай есімі берілмекші екенін біліп айран-асыр болдым. Осы турасында  ЕМУ ректорының міндетін уақытша атқарушы Гегам Геворкян мәлім етті. Яғни, дала жабайылары баяғыда-ақ өмірден өткен, қазақтарды есектерінен түсіріп, қоғамдық көлікке отырғызған, кигіз үйлерінен шығарып, жанға жайлы баспанаға кіргізген партия лидері Левон Мирзоянның Қазақстандағы ескерткіштерін тас-талқан етіп, оның аты берілген көшелердің атауын өзгертіп жатқанда біз жауап ретінде қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығының (бұл арада «қазақтардың халық ретінде өз тарихы мен мәдениеті бар ма?» деген сауалдың да басы қылтияды) жұмыс істеуіне жол беріп қана қоймай, оны әлдебір тайпаның ақынының атымен атамақпыз. Мұнымызға енді жол болсын?!

Өз басым жастарымыздың шетел әдебиеті мен тарихын оқып үйренуіне еш қарсы емеспін. Еуропа, Америка, тіпті болмаса орыстың тарихын оқысын. Бірақ қазақтікін емес! Армян қыз-жігіттеріне алыс далалық ауылдағы әлдебір Абай не оқытады? Малды қалай жаюды ма? Оның үстіне менің ұққаным Абай түркі әлемін жақтаушы болып есептеледі. Яғни, армян халқына қаны қас жан. Бұл орталық бізге не үшін керек? Бұдан келіп шығатыны билігіміздің еліміздің бас оқу ордасындағы панитүрікшілдік ұрығын егушіге көз жұма қараушылығы?

Неліктен Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік қызметі бізге қаны қас, жасанды жолмен өмірге келген мемлекеттің осы орталықтың атын жамылып, антиармяндық қастандық іс-әрекетін жүргізіліп жатқандығын неге түсінбейді?! Оның үстіне барып тұрған панитүрікшінің атымен!

Айтыңдаршы қазақтар Мовсес Хоренаци, Егише, Багратунилердің құрметіне қандай да бір нысанды атады ма? Жоқ, әрине. Бұл олардың ойларына кіріп шықпайды. Біз – олар үшін кәпірлерміз. Яғни, екінші сортты адамдармыз. Ал, жастарымыздың санасын жадылап, ақыл-есін улау үшін панитүрікшіл Абай орталығының торы құрылды», деп тоқтайды.

Түйін. Бұл материалды бөлісудің мақсаты біреу. Ол елішілік ұлтараздық алауыздықты ушықтыру емес, қайта ел мен елдің арасын ірітуді мақсат тұтқан анау Тевос Аршакян секілді арандатушылардың алдын алу. Осы ауандағы ұлтаралық, керек десеңіз мемлекетаралық дауды тұтатуды көздейтін жарияланымдарды Қазақстанның құзырлы органдары қаперіне алулары керек-ақ!

Биыл ел болып, жұрт болып 175 жылдыңын атап өткелі отырған Хәкім Абайды қайда бір жалдамалы жазарманның мансұқтауы - бұл тұтас ұлтты, қазақты мақсұқтаумен пара-пар! Хәкім Абай мұны «ашиды жаның, қайнайды қаның» дейді.

Сондықтан, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті секілді құзырлы органдар дер кезінде тиісті шараларды қолдануы керек.

Әбіл-Серік Әліәкбар

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485