Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 10234 41 пікір 8 Қаңтар, 2019 сағат 09:53

Ашулы ағайынды арандатудан абай болайық!

Қарағандыдағы қайғылы жағдайдан кейінгі жалпыхалықтық наразылықты әлеуметтік желілерден естіп-біліп отыр, жұрт. Ресми ақпарат 200-ден асады дейді. Бейресми ақпарат мыңдаған адам дейді. Әйтеуір, 2-қаңтардан бері Қарағанды халқы кісі қолынан қайтқан азаматынан жоқтап, кінәлілерді тауып, жазалауды биліктен талап етіп келеді.

Күні кеше ғана Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлы Қошановтың өзі бастап, кешегі жиылған жұртқа басу айта барды. «Кінәлілер жазадан құтылмайды», деп сендірді, сол жұртты.  Қанды қақтығысқа қатыстылардың 9-ын анықтап, 8-ін тұтқындағанын, 1-еуін халықаралық іздеуге бергенін де ресми ақпарат айтты. Қайталап жатпайық.

1-қаңтардың түнінде болған сол оқиғадан кейін-ақ, жұрт қандықол қаскөйлерді жазалауды талап етті дедік жоғарыда. Жұрт жиылған соң, біздің құзырлы органдағылар да оянды. Оянғанда да ақпараттың аузын буа бастады. «Мейлі», дедік тағы. «Арандатушы ақпараттан аулақ болуымызды. Ресми мәліметті таратуымызды» талап қылды. Әйтпегенде, 174-баптың барын айтып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуымыз мүмкін екенін де есімізге салды.

Дұрыс та шығар. Арандатушылықтың алдын алу да керек-ақ. Сондықтан, көндік. Айтқанына сендік. Біз, ашулы ағайынды арандатудан абай болайық, ойбай, отқа айдап салмайық, деп санымызды сипап, сабыршылап отырғанда, арандатудың көкесі болды. Міне, сол туралы жазамыз енді.

«Armenianreport.com» дейтін сайт бар екен. Бұрын соңды итім біліп пе?! Жаңағы арандатудың көкесін осы сайт жасаған. Қарағандыдағы жағдайға қатысты ондаған мақала жариялапты. Бәрін айтпасақ та, мына біреуінің ақпарын қазақшаға қотарып бергенді жөн көрдік.

«Обычный казахский национализм: в Казахстане требуют крови армян» деп аталатын мақала жарияланған. Тақырыбының өзі менмұндалап тұр. Қазақ ұлтшылдары армян қанын қалап отыр дейді. Онысы және  «Біздің сараптама» (Наша аналитика) дейтін айдармен жарияланған.

Мақаланың авторы  сол «Armenianreport.com» дейтін сайттың өкілі – Тевос Аршакян дейтін біреу екен. Сайт, бұл мақаланың бүлік шақыру үшін жазылғанын білгендіктен де болар, «мақала авторының пікірі редакцияның пікірі емес» дегенді қоса жазыпты. Сөйтіпті де, мақалаға «ArmenianReport үндеуі» деп желбірейтіп айдар тағыпты.

Жә, Аршакян дейтін арандатушы туралы кейінірек жаза жатармыз, мақалаға оралайық... Мақаланы толық аударып жатпадық. Ондағы ресми ақпаратты онсыз да естідіңіздер. Тек, мына бір шылғи өтірік пен тұп-тура соғыс шақыратын сорақы сөйлемдерді қазақшаға қотардық, біле жүріңіз...

«Қазақтардың табиғатын тани тұра және қапқаздық түріктермен (әзірбайжандарды айтып отыр) туыстығын біле тұра, Қазақстанда армян қанқасабы (немесе қырғыны) болуы әбден мүмкін» (Учитывая сущность казахов и кровное родство с закавказскими турками, армянские погромы в Казахстане вполне могут стать реальностью) дейді әлгі Аршакян.

Бұл сол мақаласымақ шимай-шатпақтың алғашқы абзацы. Әрі қарай, осы бір ойқы-шойқы ойды жалғайды... Жалғайды да:

«Қазақстанның Қарағанды қаласында болған жағдай, сонау 1988 жылдың ақпанында әзірбайжанның Сумгаит қаласында қанкөзденген қапқаздық түріктер жасаған армян қырғынын есімізге түсіреді. Арада міне, 31 жыл өтті дегенде, сол армян қырғыны Каспийдің бергі жағасындағы қапқаздық түріктердің туысы – қазақтар жағында қайталануы мүмкін. Бұл өкінішке орай, жәй дабыра қағу емес,  бұл сол қаладағы және жалпы Қазақстандағы бас көтерген нағыз фашизм мен дала жабайыларының армянофобиясынын ескергендегі болжам» (Ситуация в казахстанском городе Караганда все больше начинает напоминать трагические события в азербайджанском городе Сумгаит в феврале 1988 года, где озверевшие закавказские турки устроили армянские погромы. Спустя почти 31 год погромы армян могут повториться уже по ту сторону Каспия со стороны собратьев закавказских турок – казахов. И это, увы, не панический прогноз, а констатация происходящего в этом городе и в целом, по всему Казахстану, где поднял голову самый настоящий фашизм, подогреваемые оголтелой армянофобией степных дикарей), дейді.

Аршакян дейтін арандатушы мақаласымағының үшінші абзацын толық ресми ақпаратқа арнапты. Кімдер ұсталды, қандай жаза қолданылады, не болды, не қойды деген сұрақтарға жауап берген. Сөйтіп, бұл жағдайды «тұрмыстық кикілжіңге» балайды. Қарағандыдағы 23 армянның еш себепсіз елден қуылғанына қапаланады. Қайғырғанда қан құсып, еңірегенде етегі жасқа толады. «Қайтсем, қазақтан өш алам» деген Аршакянның арам ойы миының қыртыс-қыртысын аралап жүріп, ақыры арандатушы мақала жазуға итермелесе керек.

Әрі қарай: «Антиармяндық көзқарас қазақ қоғамында басылмақ түгілі, қайта үдеп, радикалды сипатқа ие болды. Міне, осымен нешінші рет, Қазақстандағы армяндан қазақтардың аса қатты пантүркілік көзқарасын сезініп келеді. Бәріміздің есімізде, осыдан бірнеше жыл бұрын ұлтшылдықтың шегіне шыққан қазақтар Қазақ ССР Компартиясы ОХ 1-хатшысы Мирзоянның атындағы көшені ауыстыруды талап етті. Олардың Қазақстанның республика болып қалыптасуына орасан зор үлес қосқан, өткен ғасырдың 30-жылдары мәдениеттен жұрдай болған, сауатсыз қазақтарға мәдениетті үйреткен Мирзоянның еңбегіне түкіргені бар. Қазақтар дәл осы Мирзоянның тұсында Қазақстан жазушыларының бірінші сьезі әзірленіп, өткізілгенін, Қазақ музыкалық театрының, Қазақ мемфилармониясының, Қазақстан ғылым Академиясы базасының ашылғанын, қазақ ақыны Абайдың ақталғанын ұмытқан. Және ең бастысы Мирзоянның тұсында 1936 жылы Қазақ АССР одақтық мемлекет болғанын, ал 1937 жылы Мирзоянның басқаруымен Қазақстанның Конституциясы әзірленгенін ұмытқан. Мирзоян атындағы көшені ауыстыруды талап етумен қатар, Қазақстан қоғамында республиканың дамуына орасан зор үлес қосқан  армяндарды қудалау басталды» (Но антиармянские настроения в казахском обществе не утихают. Более того, приобретают все более радикальный характер. И уже в который раз проживающие в Казахстане армяне почувствовали на себе дикий пантюркизм казахов. Все мы помним, как несколько лет назад казахи в националистическом угаре требовали переименования улиц, носивших имя бывшего 1-го секретаря ЦК Компартии Казахской ССР Левона Мирзояна. Им было плевать на огромные заслуги Мирзояна в деле становления Казахстана как республики, внесшего огромный вклад в окультуривание по большей части безграмотных и бескультурных к 30-м годам прошлого века казахов. Казахи забыли, что именно при Мирзояне был подготовлен и проведён первый съезд писателей Казахстана, создан Казахский музыкальный театр, Казахская госфилармония, Казахстанская база Академии наук, был реабилитирован казахский поэт Абай. Но, самое главное, при Мирзояне в 1936 году Казахская АССР была преобразована в союзную республику, а в 1937 была принята разработанная под руководством Мирзояна Конституция Казахстана. Нет, все это было забыло. Параллельно с требованиями о переименовании улиц, носивших имя Мирзояна, в казахстанском обществе начались гонения на армян, внесших огромный вклад в развитие республики), деп жазады әлгі арандатқыш Аршакян.

Сөйтеді де, «енді қазақтар болмашы тұрмыстық кикілжіңге бола армян қанын талап етіп отыр» деп жазады. Сөйтіп, бұл іске Пашинян үкіметі араласып, Қазақстан билігінен Қазақстандағы армян диаспорасын қорғауды сұрауы керек дегенді айтады.

«Бірақ, Сумгаиттегі сойқан қайталанбауы үшін, әуелі біздің СІМ бірінші кезекте Қазақстанның Арманиядағы елшісін шақыруы керек. Содан, неліктен өзінің жабайы үйірлестері тарапынан бүгінгі таңда Қазақстандағы армян бірлестігі физикалық түрде жайылып кету қауіпінің алдында тұрғанын сұрау керек. Қазақстандағы жағдай басқарудан шығып барады. Және оны Ереванның тоқтатуы жүздеген, мыңдаған адамның қаны төгілуіне алып келеді» (Но для начала, дабы предотвратить возможное повторение сумгаитских событий, наш МИД просто обязан всыпать по первое число послу Казахстана в Армении. Нужно строго спросить с него за то, что сегодня армянская община Казахстана оказалась перед угрозой физического уничтожения со стороны его диких сородичей. Ситуация в Казахстане уже становится неуправляемой и промедление тут со стороны Еревана может стоить жизни сотням и даже тысячам представителям Спюрка в Казахстане), деп түйіндейді.

Көргеніңіздей, ашық соғысқа үндейді. Ереван араласса, жүздеген, тіпті мыңдаған қазақтың қаны төгіледі дегенді бұқпантайламай, ашықтан-ашық айтады. Қазақстанның ресми органдары ұлтаралық араздықтың алдын алумен әлектеніп жатқанда, әліг Аршакян мемлекетаралық жанжалдың шоғын үрлеп отыр.

Құдай атқыр, мына Аршакян дейтін арандатқыштың ақылының жеткені осы ма еді?

Қанды оқиға болған, қазақ жігіті кісі қолынан қаза тапқан сол 1-қаңтардан бастап, күні бүгінге дейін атыңөшкір Мирзоянды аузына алған, тіліне тиек еткен тірі жан бар ма? Қай ақпарат жазды? Әлде Аршакян алжыған адам ба?

Әйтпесе, 1904 жылы қайтыс болған қазақтың бас ақыны Абайды Қазақстан билігіне 1933 жылы келген Мирзоян репрессиядан ақтап алды дегенді ақылды адам жаза ма? Тілегені соғыс болған Тевос Аршакян жалпы репрессияның қашан басталып, кімдердің репрессияланғанын біле ме екен?.. Әй, қайдам...

Мирзоянның қазаққа жасаған жауыздығын Аршакян білмесе, біз айтайық...

Мирзоян Қазақстанға 1933 жылдың қаңтарында келген. Ол саяси қуған-сүргіннің нағыз көсеушісі еді. Тарихшы Бейбіт Қойшыбаевтың дерегінше, 1937 жылдың 5-желтоқсанына дейін қазақ даласында 2500 адам атылып, 5000 адам түрмеге тоғытылуы керек болған. Репрессия 15-16 ай бойы жүргізілген. Осы кезеңде №00447 бұйрықпен белгiленген квота (одақ бо­йынша 268 095 адамды репрессиялап, оның iшiнен 75 095 адамды ату) бiрнеше есе өсiрiп орындалды. 1 млн. 770 мыңдай жан репрессияланып, оның 390 мыңы атылды.

Қазақстанда бұл кезеңде 118 мың адам   репрессияланып, оның 25 мыңдайы атылды. Яғни, НКВД-нiң қасiреттi № 00447 бұйрығында көзделген 7500 адамды жазалау жоспары Қазақстанда 15 еседен де асырып артығымен орындалған. Бұйрықта 2,5 мың адамды атуға тапсырма берiл­се, орындаушылар оны он есе өсiрiп жүзеге асырған.

Л.И.Мирзоянның «халық жау­ларын» жазалау үшiн қо­сымша лимит сұрап, 1937 жылы Сталинге құпия жеделхат жолдағаны, өтiнiшiнiң тез арада қанағаттандырылғаны жұртшылыққа мәлiм болды.

Шынын айтқанда, Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетiнiң республика бойынша репрессиялануға тиiс адамдардың санын 1-категория бо­йынша – 600, 2-категория бо­йынша 1000 адамға көбейту жөнiнде ұсыныс бергенi анық көрсетілген.

Өте құпия жеделхат Алматыдан 1937 жылғы 1 желтоқсан күнi кешкi сағат алты жарымда жолданған. Осынау құпия жеделхатқа Левон Исаұлы «Қазақстан К(б)П ОК хатшысы Мирзоян» деп қол қойыпты.

Жә, тіпті әңгіме Аршакян дейтін долы көңіл дөңмұрынның Мирзоянды ойлап, мазасының кеткенінде де емес. Мирзоянның жазасын өз «құдайы» берген... Біздің айтпағымыз мынау еді...

Аршакянның «қазақтар армяндарды қырып жатыр. Пашинян араласпаса болмайды» деп дыбыра қағуының, Тәуелсіз Қазақстанның өзі ішіндегі жағдайға араласуының, оның азаматтарын «мәдениетсіз, сауатсыз жабайылар» деп тілдеуінің, Оның Президентін «кәрі-құтан» деп кемсітуінің өзі нағыз арандатушылық емес пе?

Бұл аздай, әлгі Аршакян жұмыс істейтін «Armenianreport.com» дейтін сайттың Қарағандыдағы жағдайға қатысты ондаған негативті, арандатушылық пиғылдағы материалдарды жариялауыны Қазақстанның құзырлы органдары көз жұма қарағаны қайткені?

Жаңағы Аршакянның ақылын тыңдады ма, Армания депутаты Эдмон Марукян дейтін біреу Қазақстанның Армениядағы елшісін шақыртып, түсініктеме алу керек депті.

Мына қызықты қараңыз, жаңағы Аршакян «кәнігі тұрмыстық кикілжің» деп отырған Қарағандыдағы жағдайға қатысты бүкіл Армения билігі бұлқан болған көрінеді. «Armenianreport.com» дейтін сайт солай деп сипаттайды. Қараңыз:

  1. Эдмон Марукян дейтін Армения депутаты Қазақстан елшісінен жауап алу керек дейді.
  2. Премьер-министр міндетін атқарушы Никол Пашинян: «Қарағандыдағы жағдай ұлтаралық сипат алмайды» деп пікір айтады.
  3. Армения полициясының басшысы Валерий Осипян ҚР ІІМ Қалмұхамбет Қасымовпен телефон арқылы сөйлесіпті.
  4. Армения СІМ міндетін атқарушы Зограб Мнацаканян ҚР СІМ Бейбіт Атамқұловпен телефон арқылы сөйлескен.

Түйін. Екі елдің арасына соғыс отын тұтатуды ашық насихаттап отырған сайт қазір Қазақстанның ақпарат кеңістігінде еркін тарауда. Қит етсе қазақстандық ақпараттың аузын бұғуға бейім біздің ҰҚК, ІІМ, СІМ басшылары неге шара қолданбайды?

Қазір кейбір деректер бойынша Қазақстанда 30 мыңнан астам армян диаспорасы бар. Мына бір бейсауат мақала онсыз да ашудың буында отырған жұртты арандататыны сөзсіз...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

41 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1509
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3283
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5818