Сенбі, 23 Қараша 2024
Алтын Ордаға 750 жыл 7481 9 пікір 17 Ақпан, 2020 сағат 12:51

«Алтын Орданың» 750 жылдығы қарсаңында «Едіге» эпосы түрік тілінде жарық көрді

«Едіге батыр» эпосы Алтын Орда дәуірі әдебиетінің құрамына кіреді. Көптеген қаһармандық эпостардан тарихта жасаған адамдардың бейнесін іздеу мүмкін емес, ал «Едіге батырға» зор тағылымдық, танытқыштық қуат беріп тұрған қиялдағы емес, халықтық санада өшпестей болып таңбаланған Алтын Орда дәуіріндегі ірі оқиғалардың ізі екені даусыз. Олар эпикалық биікке көтеріліп берілген.

«Едігенің» көп версиялы, ондаған нұсқалы, халық жүрегіне жақын болып қалыптасуының негізгі бір себебі тілінің көркем, композициясының шебер болғандығына ғана байланысты емес, түркі халықтарының есінен кетпестей орын алған сол оқиғаларға да қатысты. Ол тарихи оқиғалар сілемі әр қилы ғылыми мақалаларда түрлі деңгейде әңгіме болғанымен, түбегейлі тексерілмегені әрі олай істеуге совет тұсындағы солақай саясаттың мүмкіндік бермегені де мәлім.

Эпостың басты кейіпкерлерінің Едіге, Тоқтамыс хан, Ақсақ Темір, Нұраддин сияқты дүниежүзіне танымал тұлғалар болуы шығарманың тарихи негіздеріне айрықша назар аударуды талап етеді. Себебі заманында жарты әлемді біріктірген айбынды Алтын Орданы он сегіз жыл билеген Тоқтамыс хан, он жеті жыл бойы оның билік тұтқасын ұстаған Едіге, әлемге әйгілі жиһангер Ақсақ Темір есімдерінің өзі осыны талап етеді. Бұл жерде отарлық езгі кезінде Алтын Орда тарихына берілген теріс баға «Едіге» эпосын толық танып білуге кері ықпал еткендігін ұмытпауымыз керек. Советтік идеологияға тәуелді кезеңде жазылған тарих оқулықтарынан Алтын Орданың шын бейнесін көре алмаймыз. Отарлық саясатқа ыңғайланған тарих оқулықтары ақиқатқа қайшы, жалған дүниелер болып шыққан. Оның үстіне сақталып қалған, сенімді деп есептелетін деректер де негізінен, ірі оқиғаларды ғана шежірелеген, ал шын мәнінде, Едіге, Тоқтамыс, Ақсақ Темір араларындағы өзара байланыс анағұрлым шытырман, иірім, бүкпесі көп болғаны аңғарылады.

Шығу тегі ХІV-ХV ғасырда жатқанымен, «Едіге» эпосын зерттеу мәселесі кеш қолға алынған. Жырды алғаш баспасөз бетінде жариялаған түркі халықтарының фольклорын зерттеуде көп еңбек еткен Ресей Ғылым Академиясының шығыстану саласындағы тұңғыш корреспондент-мүшесі Г.И.Спаский (1783-1864) болды. Г.И.Спаский 1818-1824 жылдары Санкт-Петербургте «Сибирский вестник» деп аталатын журнал шығарған. Журналда жалғыз Сібір ғана емес, Қазақстан мен Орта Азия халықтарының этнографиясы мен географиясы, фольклоры мен тарихы туралы материалдар басылып тұрды. Ғалым «Едігенің» үзіндісін қара сөз түрінде жазып алып, өз журналында 1820 жылы жариялады.

Академик В.М.Жирмунский осы Г.И.Спаский нұсқасын, одан соң А.Ходьзко жазып алған ноғай варианты ағылшын тілінде «Парсы халық поэзиясы» деген кітапта Лондонда 1842 жылы жарияланғанын жан-жақты баян ете келіп, әуелгі жарық көрген бұл екі нұсқаға «Обе эти публикации, хотя по времени самые ранние, содержат поздние и плохо сохранившиеся варианты сказания» деген баға береді.

Бұлардан соң «Едіге» эпосын тануда 1841 жылы әкелі-балалы Шыңғыс пен Шоқан Уәлихановтар жазып алған нұсқа ауызға алынады. Едіге туралы жырды жазып алу 1820 жылдан 1940 жылдар аралығында қарқынды өтуіне байланысты жырдың версиялары, тарихи негіздері, ондағы сюжеттік желілер туралы азды-көпті зерттеулердің, ғылыми пікірлердің айтылғаны мәлім. Бірақ олардың көпшілігі эпос нұсқаларының баспаға дайындалуына байланысты жазылған кішігірім алғы сөздер түрінде келеді.

Эпос туралы толымды ғылыми пікірді әуелгі болып қазақ оқымыстысы Шоқан Уәлиханов айтқанына арғы-бергі едігетанушылар тегіс қол қояды. Шоқан-Шыңғыс нұсқасы түркі халықтары арасындағы Едігеге қатысты барлық жырлардың ішіндегі көнелігі, көркемдігі жағынан ең құндысы, бағалысы деп табылады. «Едігені» тұңғыш рет орыс тіліне аударып, дүниежүзі ғалымдарына таныстырған, жалпы көлемі елу беттік тарихи-филологиялық зерттеулер жазып, әлемдік ғылым назарына шығарған да – Шоқан.

Осы жерде тәуелсіздік алған бетте ескі араб әрпімен жазылған жырды қайта оқып, байсалды зерттеу жасаған, үлкен еңбек нәтижесінде текстологиялық сүзгіден өткізген, «түсінігі ауыр» деп жүрген жерлеріне түсініктеме беріп, соқырға таяқ ұстатқандай қылған, Шоқан нұсқасын халықпен қайта табыстырған Едіге Мағауиннің еңбегін ерекше атай кеткен жөн .

1927 жылы Қаныш Сәтбаев Мәскеуде СССР халықтарының Орталық баспасынан «Едіге» жырының Шоқан нұсқасын 3000 дана етіп бастырып шығарған. Өзінің алғы сөзінде ғалым қазақ эпосының түрлері мен идеялық, көркемдік құндылығы жөнінде татымды пікірлер айтады.

Ш.Уәлиханов нұсқасын 1934 жылы С.Сейфуллин, 1939 жылы С.Мұқанов қайта бастырып шығарған. С.Сейфуллин 1932 жылы «Қазақ әдебиеті» деген монография жазады. Сонда «Едіге» жырына да тоқталып өтеді. Жырдың басты кейіпкерлерінің тарихта болған адамдар екендігін көрсете отырып, олардың арасындағы тартыстың себебін ашуға ұмтылады. Шығарманың көркемдік ерекшелігіне де зейін аударып: «Едігенің әңгімесі – қара сөз аралас, жырмен айтылған әңгімелі жыр, оқиғаның жырлары толық емес, қысқа айтылған, әр кездегі шыққан жырлардан құралған тәрізді», – дей келіп, «...әңгіменің тілі бай, сөз жүйелері әдемі құралған. Жырлары кәліптінгі тізбектелген, жүгірген, екпінді жыр өлшеуімен құрылған. Жырды оқығанда, – қиялыңа ескіліктегі шапқыншылық-жаугерлік дәуірлердің шабысқан екпіні сезілгендей болып отырады», – деп қайырады өлең сөздің көркемдік қадір-қасиетін терең сезінетін ақын. Ойын дәлелдеу үшін нақтылы үзінділер береді.

Қазақ фольклорына айрықша назар аударған адамдардың бірі академик-жазушы С.Мұқанов еді. Оның осы тараптағы «Халық қазынасы» деген кітабы фольклортанушы ғалымдарға кеңінен мағлұм. С.Мұқанов 1939 жылы «Батырлар» деген кітапты құрастырып, оның ішіне «Едіге» жырының Ш.Уәлиханов нұсқасын енгізіп жібереді. Кітапқа жазған алғы сөзінде
эпикалық шығармаларға тән ортақ белгілерді көрсетеді. Қазақ эпосының тарихи негіздерін ашуға көңіл бөледі. «Едіге, Шора, Қобыланды, Қамбар, Ер Көкшелер тарихта анық болған, біразының оқиғасы, күресі айқын адамдар», – дейді.

Эпосқа енген қаһармандардың өмір сүрген дәуіріне қарай эпостың көнелігін немесе жаңалығын айқындау шартты ұғым екенін айтады. С.Мұқанов: «Тарихта белгілі, шындықта болған қазақ әдебиетіндегі ең кәрісі Едіге сияқты. Одан бұрын болған батырларды қазақ әдебиетінің тарихы әлі білмейді», – деп түйіндейді.

Күллі түркі халқына ортақ « Едіге батыр» эпосы КСРО ыдырағалы жан-жақты зерттеле бастады. Эпостың қарақалпақша версиясының неміс, ағылшын тілдеріндегі аудармалары 2007 жылы белгілі неміс ғалымы Карл Райхлдің аудармасымен, ал ноғай версиясы 2012 жылы ағылшын тіліне Давид Ханттың аудармасымен Еуропа фольклортанушыларына кеңінен мәлім болды.

Шығыстанушы, түркі халықтарының қаһармандық эпосын зерттеуші К.Райхл «Едігеге» совет өкіметі құлағаннан кейін кездеседі. Қадір-қасиетін жанділімен сезінген ғалым қайратты шағын, өмірінің негізгі бөлігін, жемісті уағын – жиырма жылын осы даңықты эпосқа арнайды, барлық ұлттық нұсқасын жинайды, ногай, қазақ, қарақалпақ жыршыларына айттырып, видеожазбасын жасайды, ХХ ғасыр ортасында Жұмабай Сайдуллаев, Жұмабай Назаров сияқты соңғы даңқты жыршылар қобызға қосылып айтқан «Едігенің» аудиотаспасын, видеотаспасын тауып алады. Жоғарыда жазғанымыздай қарақалпақ тіліндегі нұсқаны неміс, ағылшын тілдеріне аударады. Ал атаққа шыққан ғалым Д.Хант «Едігені» «Әлем мәдениетінің асыл қазыналарының бірі» деп бағалады.

Енді, міне, эпостың Ш.Уәлиханов: «Едіге жыры – бұл қазақтың ең керемет тарихи жыры» деп мақтаған қазақша нұсқасы түрік тіліне аударылып отыр. Жалпы редакциясын басқарғандар – қазақстандық профессор Бекежан Ахан, азербайжандыпрофессор Галив Сайлов, Түркиядағы Мерсин унверситетінің профессоры Али Асылан. Кіріспе сөзін жазған Б.Ахан. Кітапта Түркияның аса танымал ғалымы Али Асыланның бес беттік пікірі қоса берілген, мұнда «Едіге» эпосының түркі халықтарына ортақ мұра екені, оның тарихқа қатысының маңыздылығы, эпостың басты қаһарманы Ер Едігенің әлемдік деңгейдегі тұлға екендігі, көркемдік ерекшелігі туралы құнды пікірлер айтылған.

Сондай-ақ, Ақтөбедегі Баишев Уиверситетінің әлем мәдениетінің асыл қазыналарының бірі есептелетін «Едіге» эпосы мен эпостың басты қаһарманы Ер Едігені насихаттауға, ғылыми тұрғыдан зерттеуге зор еңбек сіңіргені, мұның түркі халықтарын бір-біріне жақындатудағы маңыздылығы турасында түйінді ой қозғаған. Бұл аударманың халықаралық «Түрік әлемінің мәдени қазынасы» жобасы аясында жасалған маңызды шаралардың бірі екенін атап көрсеткен.

Қорытып айтқанда, Алтын Орда дәуірінің аса құнды жәдігері «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосының қазақ тіліндегі Ш.Уәлиханов нұсқасының 2020 жылы Түркияда түрік тілінде баспа бетін көруі - рухани жаңғыру аясындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қол жеткізген ірі жаңалықтарының бірі екені даусыз.

Мұхтар Орынбасарұлы Миров

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485