Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3487 0 пікір 26 Қыркүйек, 2011 сағат 11:06

ҰЛТ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЖАЛАУГЕРІ – ҚАШАҒАН ЖЫРАУ

Қазақ топырағында тәуелсіздік үшін күрес тарихының бірнеше кезеңдері, әр кезеңнің өзіне тән күрес қаруы, амал-әрекеті болды десек, қазақ халқының материалдық және рухани қазынасына қол сұғып қана қоймай, сол арқылы ұлттық еркіндікке шек қоюды мақсат тұтқан отарлаушыларға қарсы халық рухын оятуда жыраулар поэзиясының орны ерекше.

XIX ғасырдың екінші жартысы - қазақ елінің Ресей патша өкіметінің қол астына кіріп, бірақ әлі де болса бодандықтың қамытын толық мойындай алмай, еркіндіктен айрылғанына опық жеп, өкінішпен күн кешкен кезеңімен сәйкес келеді. Бодандықтың кейінгі ұрпаққа тигізер зардапты залалын алғаш аңғарып, жырларымен зар төккен ақын-жыраулардың тәуелсіздік идеясы кейінгі кеңес үкіметіне де жаға қоймағаны белгілі болып отыр.

Қазақ топырағында тәуелсіздік үшін күрес тарихының бірнеше кезеңдері, әр кезеңнің өзіне тән күрес қаруы, амал-әрекеті болды десек, қазақ халқының материалдық және рухани қазынасына қол сұғып қана қоймай, сол арқылы ұлттық еркіндікке шек қоюды мақсат тұтқан отарлаушыларға қарсы халық рухын оятуда жыраулар поэзиясының орны ерекше.

XIX ғасырдың екінші жартысы - қазақ елінің Ресей патша өкіметінің қол астына кіріп, бірақ әлі де болса бодандықтың қамытын толық мойындай алмай, еркіндіктен айрылғанына опық жеп, өкінішпен күн кешкен кезеңімен сәйкес келеді. Бодандықтың кейінгі ұрпаққа тигізер зардапты залалын алғаш аңғарып, жырларымен зар төккен ақын-жыраулардың тәуелсіздік идеясы кейінгі кеңес үкіметіне де жаға қоймағаны белгілі болып отыр.

Орыстандырудың там-тұмдап етек ала бастаған белгілеріне ұлт тамырына балта шабылатын нышан ретінде шошына қараған жырауларға (Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір т.б.) қазақ мәдениетінің кеңестік тарихында «зар заман ақындары» деген ат қойылып, «кертартпа, ұлтшыл ақындар» деп айдар тағылуы - осының айғағы. Кеңестік идеологияның салқынымен жыраулық мұра бірыңғай дидактикалық мазмұндағы поэзия ретінде талданып келді. Жырдың азаматтық, қаһармандық қыры «таптық күрес, байлар мен молдаларды сынау, жоңғарларға қарсы соғыс, батырлықты дәріптеу» тұрғысынан ғана талданды. Ал жыраулар поэзиясындағы ұлттық идея, жырлардың ұлт тәуелсіздігі жолындағы күреске үндейтін, отаршылдықты әшкерелейтін саяси, идеологиялық қыры елеусіз қалып келді. Дұрысында, «ұлтшыл, байшыл» деген қаралауға ұшырап кетпес үшін, жыраулық мұраның саяси-идеологиялық мазмұндағы жолдары «репрессияланды».
Рухани тәуелсіздігіміздің 20 жылдық белесінде әлі де бас-аяғын жинатпай жатқан Маңғыстау жыр мектебі өкілдері қатарында шығармалары барынша мол жеткен әрі республикалық басылымдарда насихатталып жүрген Қашаған жырау екені белгілі. Жәдігер жырдың жоқшысы Қабиболла Сыдиықұлының жинақтауымен ақын өлеңдері бірнеше рет жеке кітап түрінде де жарияланды. Жыраудың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында маңғыстаулық мұратанушы Ж.Жылқышиевтің және жыршы Ақылбек Тасқараұлының күшімен қайта толықтырылып, жинақталған «Қайыртпай кеткен Қашаған» атты шығармалар жинағын баспаға әзірлеу барысында түсінгеніміз: ақынның бұған дейін ресми басылымдарда көрініп жүрген жыр-мұралары - «асылдың шашырап түскен сынықтары» ғана, ал «шын алтынның құймасы» халықтың зердесінде сақталып келген. Олай дейтініміз, жыраудың біршама шығармаларының мәтіндері қысқартылған, өзгертілген, тіпті ресми басылымдарға мүлде енбей қалған туындылары да табылуда. Осы тұста Қашаған жырау Күржіманұлы басқан топырақтан түлеген қара сөздің абызы Ә.Кекілбайұлының - ақынның 150 жылдық мерейтойына арнаған лебізінде: «Жыр сұңқарға неге томаға кигізілді? Жыр тұлпарға неге кісен салынды? Айтпаса да белгілі...» деген жолдары еске түседі.
Жыраудың, әсіресе, дастандарының мәтіні қатты өзгеріске ұшыраған. Жыр жолдары қалып қойғаны өз алдына, біртұтас шығарманың әр шоғыры әртүрлі атпен бөлек-бөлек шығармалар түрінде кездеседі. Мысалы, ақынның «Жұт жылы» дастанының үзінділері «Топан» жинағында «Жұттан кейін», «Замана халі» деп аталатын бөлек-бөлек жыр үзіктері түрінде берілген.
1900 жылы Жем өзені арнасынан асып, жағасына жақын орналасқан елді мекендерді су шайып кетеді. Адам, мал шығыны көп болады. Табиғат апатынан зардап шегіп сансыраған халыққа сол кездегі қазақ жерін уысында ұстап отырған патша үкіметінің жергілікті әкімшілігінен ешқандай жәрдем көрсетілмейді. Осы жайларды көзімен көріп, күйінген ақынның ашу-ызасы жыр болып төгіледі. Жыр бірте-бірте тереңдеп, «Топан» деп аталған дастанға айналады. Осы дастан «Топан» жинағында 335 тармақпен берілген. Жергілікті баспасөз беттерінде дастанның бір бөлігі «Топан», келесі бір бөлігі «Жем тасығанда» деп аталып, екі бөлек шығарма ретінде жарияланып келді. Кейіннен бұл екі жырдың тұтас бір дастан екені анықталды. Сонымен «Топан» дастанының «Қайыртпай кеткен Қашаған» атты жаңа жинақтағы толықтырылып, қалпына келген нұсқасы 534 жолды құрайды.
Ақынның Бегім төреге арнау сөзі, Асан қайғының Еділ мен Жайықты тастап көшуінің тарихи себептерін баяндайтын кейбір шумақтар дастанның бұған дейінгі жарияланып келген ресми нұсқаларында кездеспейді.
Дастанда Ресей патша үкіметінің қазақтың жерін шындап жаулай бастаған тұсындағы отаршылдық озбырлық әрекеттері, тәуелсіздігінен айрыла бастаған елдің күйзелісі нақты суреттермен баяндалған. Жырдың ең көп қысқартылған бөлігі де осы мағыналық шоғырда. Ақын «Асанқайғының болжап айтып кеткені шынға айналды, соны шыққыр көзіміз көрді» деп күйінеді. Жем мен Жайықтың бойындағы қорғасындай балқыған құйқалы жер, Жайықтың исі аңқыған бекіресі талайдың арманына айналып еді. Сарытау, Самар, Қазанның саудагерлері мен келімсек қоныстанушылары, Хиуаның саудагер сарттары ағылып келіп, олжаға белшесінен батып, ақшаны сарайлап жинап, елдеріне тасушы еді. Сол келімсектер тойынғасын «құдайларын» ұмытып, жергілікті елді көзіне ілмей, кемсітіп қорлауға айналды. (Жем мен Жайық құт еді, Тарқамас базар-дүкені. Берекелі қазаным, Қызығы кетпес базарым, Ақ шуақты ажарым. Кешіп жатыр басынан Келімсектер мазағын). Халықтың қазанына қол сұғып, өз несібесін өзіне татырмады (Сарытау, Самар, Қазаннан Келгеннің қызық көргені, Тастары өрге өрледі. Бектерімді баяғы, Есіктегі, аяғы, Құлы құрлы көрмеді. Билеп ап судың балығын Бұқара байтақ халықтың Жеуіне де бермеді...). Қазақтың мүддесімен ешкім санаспады, бас көтерсе, жазаға тартты (Бас көтерген қазақты Пәлеге тартты кесектеп). Бір кездерде қазақты «қой баққан надан ел» деп менсінбей, қазақтың жеріне аяқ басуға жиренетіндер енді басқаша сайрап жүр (Сахыраның елі шашық деп, Баруға алыс-қашық деп, Шаңды-аяқ елге бармайық, Бара алмаспыз асып деп... Жоламаушы еді әуелде. Бүгінде басқа сайрап жүр, Тор-тұзағын сайлап жүр «Зердесіз елдің байлығын Қарпып қалуға асық» деп...). Бұл келімсектер қазақтың байлығына сұғынғаны аздай, енді елдің рухани болмысын бүлдіруге әрекеттенуде. Алдымен елдің жүрегін жадылап, арамза молдалары келді (Ноғайлар тапқан жан-айла, Указной молдалар Өп-өтірік құдайлап). Артынан елдің санасын тұмандатып, есінен адастыратын арағы мен темекісі қоса жетті (Қалаға келген билері Арақ ішіп, елірді. Кеудесі бұған семірді, Папиросы шегулі...). Тентек-тебірін қазы мен билердің алқасына салатын салтымыз аяқасты боп, түрме деген сұмдығы шықты (Тентек қылса бір қазақ, Түрмеге барып маталды). Қазақтың сөзін сөйлеуге тиісті бай-мырзаларын арзан қызықпен алдап-сулап, басын айналдырып қойды (Қайырсыз кілең қаста бай Айдаған малға қуанып, Қой-қозыға жұбанып; Қалалы жерде мырзасы Қос арғымақ пар жегіп, Тарантас арба туарып, Кәршөндікке қамалып, Шалқыды талай мас болып, Нәпсісін ылайға суарып...). Бұған дейінгі жарияланымдарда нәпсісін шайға суарып түрінде беріліп келген тіркес жаңа нұсқада нәпсісін лайға суарып болып түзетілген. Біздің ойымызша, ақынның лай деп отырғаны арақ болса керек. Қаладаға мырзалар кәршөндікке қамалып шай емес, арақ ішетіні түсінікті. Шалқыды талай мас болып деген тармақ та лай (арақ) сөзіне меңзейді. Арақ - адамның санасын лайлайтын жағымсыз, лас сұйық ретінде образдалып беріліп тұр деп түсінеміз.
Дастанның бұрынғы, шартты түрде алғанда, «ресми басылымдарында» төмендегі шумақтар жоқ:
Бес күндік дәулет мас қылып,
Болмайтын іске бәс тігіп,
Дұшпанға артын аштырып,
Жақсыны жаман табалап.
Бәледен бәле балалап,
Көбейді хабар жаманат...

Сарттан болды молдасы,
Шайтан болды жолдасы.
Құл-құтанға қор болды,
Азамат ердің ордасы.

Алла деген артық бақ,
Бұрынғы өткен заманнан,
Қызыл тілім, сайрасаң,
Оқиғаларды айтып бақ.
Жастабан, Шарға, Келдібай -
Таз деген туыс жұртымның
Жүрегі жаман шайылды-ақ.
Байұлының ішінде
Білікті қарттар қайымдап,
Білген екен пайымдап.
«Су тасады жымдай» деп,
«Байтақ жатқан халыққа
Бәле келеді мұндай» деп.
Алты күн бұрын өтулі
Елі-жұртын аралап,
Айтқан екен шамалап:
«Елді бүлгін шалад» деп
«Топан су тасып ағад» деп.
«Бәле келед тұлданған
Кер заманға қырындап, -
Айдың басы қауіп» деп.
Білікті шалдар айтыпты
Оқиғадан бұрын-ақ.
Тыңдаған бірақ жан бар ма,
Шалдардың сөзін ырымдап?
Адамзаттың азғындауының белгісі: тәубе, шүкір, қанағат деген кісіліктің үш критерийін ұмыту. Алланы ауызға алмау. Бәленің белгісін болжаған даналыққа құлақ аспау. Міне, қаншама жанды жалмаған қасіретті оқиғаның себебі. Жырдың Алла атымен байланысты жолдары қысқартылып беріліп келген. Мысалы, «Салих құлын бір Алла От ішінде сақтар» деген сөз Көнеден жеткен ақпар-ды. Бітіне, бұзық көбейіп, Хаққа қарсы іс қылғасын, Қайсысын аман сақтар-ды. - деген жолдар бұрынғы нұсқада: «От ішінде сақта» деген сөз Қайсысын аман сақтады. - түрінде құйрық-жалы күзеліп ұсынылған. Толықтырылған нұсқасы: «Салих (адал) құлын Алла от ішінде де сақтайды деген көнеден жеткен қасиетті сөз бар еді, бірақ адамзат күнаға шексіз батып, Хаққа қарсы іс қылғасын Алла оларды жазалады» деген ұғымды берсе, қысқартылған кеңестік нұсқасы «от ішінде сақта деген сөздің жалған екені осыдан көрінеді» деген ойға меңзейді.

Ақын осыншама жазықты-жазықсыз адамды жалмаған апаттың сырын «табиғаттың мылқау күшінен» емес, адам баласының өзінің ішкі болмысынан іздейді. Адамның рухани азғындауына, пейілінің бұзылуына орай жіберген Алланың жазасы деп ұқтырады. Жырдың ресми мәтінінде осы ойларды айғақтайтын жолдар түсіп қалған:
Асылың шикі топырақ,
Асылы топырақ болған соң,
Адамның ісі ғапыл-ақ,
Өлмейтіндей көргенмен
Адамға ажал жақын-ақ.
Өлерін адам білгесін
Төсекке түнде кіргенде
Иманыңды айтқан мақұл-ақ.
Алласы түспей ауызына
Сөйлемек жаман шатынап.
Тәубаға кел тірлікте
Құдайға жылап аһылап.
Ақыреттің қайығын
Бір мінгесін ылаулап,
Келмегің қиын қатынап.
Ізіңді бағып шайтан жүр,
Қалт жібермей бақылап...
«Ресми мәтіндегі» «кеңестік түсініктің» немесе «кеңестік түсінбеушіліктің» салқыны тиген өлең тармақтарын көрсете кетейік.
«Ресми нұсқасында»:
Ғаламат мұндай тұс болды,
Азғындар азып мыс болды.
Әлпештеген арудың
Кеудесіне қара құс қонды.
Ауызша жырланған нұсқасында:
Ғаламат мұндай түс болды,
Алтындар азып мыс болды.
Қызылдан киім киінген,
Мамықтан төсек жиынған
Әлпештеген арудың
Кеудесіне қара құзғын құс қонды.
«Қызылдан киім киіну» мен «мамықтан төсек жиыну» образы «әлпештеген арудың» қаншалықты аяулы екендігін, соның ішінде арудың қазақ деген ұлттың дүниетанымындағы, болмысындағы орнының ерекше екендігін, сөйтіп әлпештеген аруыңның - ұлтыңның болашақ анасының - кеудесіне жай қара құс емес, қара құзғын құстың қонғанын (құзғынның өлексеге қонатынын ойласақ) сол арқылы қазақ ұлтының басына түскен ахуалдың қаншалықты қасіретті екендігін меңзеп отыр. Сондай-ақ, «ресми нұсқадағы»:
Малынан пайда көрмеген,
Қанағатсыз Қарынбай,
Барын жоқ деп құрынған.
Жұлдызды жатқа санасақ,
Қисап етіп қарасақ,
«Мың тасқанға бір тосқан»
Бар емес пе еді бұрыннан?!
деп берілген жолдардың ауызша жырлаудағы нұсқасы әлдеқайда терең әрі жүйелі деуге болады:
Малынан пайда көрмеген,
Қанағатсыз Қарынбай,
Барын жоқ деп құрынған.
Табалап оны қайтейін, -
Құдайдың торы құрылған!
Өнеге үшін айтамын,
Кейінгі туған жас бала
Таймағай деп жол мен ырымнан.
Жұлдызды жадқа санасақ,
Хисап етіп қарасақ,
«Мың тасқанға бір тосқан»
Бар емес пе еді бұрыннан?!
«Табалап оны қайтейін, Құдайдың торы құрылған!» деген жолдар жыраудың өкініші мен шарасыздығын танытады. «Жұлдызды жатқа санау» дегеннен гөрі «жұлдызды жадқа санау» тіркесі қисындырақ тәрізді. «Жад» - арабтың «ес» ұғымындағы сөзі десек, «жұлдызды жадқа санаудың» мағынасы «халықтың өткені мен болашағын жұлдыздарға қарап, болжап, есептеп отыру», қазақ халқының астрономиялық қабілеті туралы айтылып тұрған болу керек деп ойлаймыз. Сонда «жұлдызды жадқа санау» тіркесін: «жұлдызды халықтың жады деп санау, есептеу» ұғымында алу керек болады.
«Ресми басылымнан» сусып түсіп қалған жырдың ендігі бір қомақты шоғыры - «пікір ету» мен «тәубаға келу» идеясын насихаттайтын діни мазмұндағы өлең жолдары:
Және бір мысал айтайын:
Әзіреті ер Ғали:
«Тұтқасы болса ұстайтын
Қара жердің қабатын
Қозғар едім», - деп еді.
Көңілін Алла семдірген -
Сол сөзінің себебі.
Дәуіттің ұлы Сүлеймен
Он сегіз мың ғаламға
Патша болып ол тұрған.
Нұры суға түскен соң
Патшалықтан айырылып,
Бұқарашылық жол қуған.
Өтірік айтып тайсалман,
Наданның сөзін айта алман,
Айырма, Алла, тағаттан.
Хақ жолға баста, Жаратқан!
Дәуіттің отыз ұлына
Әзірейіл құрық салғанда,
Бәрін жинап алғанда,
Арасы алыс болмапты
Анығы жалғыз сағаттан.
Перғауын патша зор болған,
Шайтанға құлқын билетіп,
Зұлымдықты мол қылған.
Тәккәпарлық еніп көңіліне,
Мөлшерлі күні мұны да
Ніл дария жұтып қор қылған.
Қазинесі көп Алланың,
Фазылынан шет қалмаң.
Алласыз іс қылам деп,
Пайда бермес мақтанған.
Менмендіктен қайыр жоқ,
Арам қан жиып көңілге,
Көкірегі таттанған.
Адамзатқа сол керек -
Құдайдан қорқып сақтанған.
Тәкәппар мен менменнің
Пиғылына тап келіп,
Осындай рет көп болған.
Мейлің патша, мейлің құл,
Өлшеулі сағат соққанда
Бәрі де соның жоқ болған.
Жан жаратқан Алланың
Кеңшілігіне тап болар
Тәуба мен шүкір еткен жан...
Патшалығынан айрылған Дәуіттің ұлы Сүлеймен, отыз ұлы бір сағаттың ішінде көз жұмған Дәуіт, Әзіреті ер Ғали - Алланың көзі түскен пайғамбарлары болса, қауымымен бірге Ніл дарияға жұтылған Перғауын - кәпірлердің патшасы - бірі көңіліне сәл болса да күпір ой келгендіктен, енді бірі Аллаға жақпас іс қылып, менмендік, жауыздық іс қылғандықтан, қатерге ұшырады. Әрқайсысы бір-бір қиссаға азық болатын оқиғаларды Қашаған жырау тәптіштеп баяндап жатпаған. Қара күштің иесі Әзіреті ер Ғалидың жауыздардың қолынан мешітте өлтірілуін «көңілін Алла семдірген» деп ишаралайды. 18 мың ғаламды билеген Дәуіттің ұлы Сүлейменнің пері қызының сөзіне еріп, құстарға қиянат жасамақ болғаны үшін патшалықтан айырылуын «нұры суға түскен соң, патшалықтан айырылып...» деп береді. Оның себебі - біріншіден, бұл оқиғалар Қашағанның өмір сүрген кезеңінде кез-келген қазақтың баласына көзін тырнап ашқаннан тыңдап өскен қиссалары арқылы таныс болатын; екіншіден, жырдың прагматикалық мақсаты (әсерлілігі) үшін оқиғаларды тізбектеп жату маңызды емес, сол оқиғалардың салдарын, ұрпаққа сабақ болатын өнегесін айту маңыздырық болса керек.
Жырдың концовкасындағы қорытынды ой - ақынның өзін де, елін де жұбатып айтқан жолдары «ресми басылымда»:
Кейіндегі бозбалалар,
Налымаңыз, шырағым,
Күндердің күні болғанда,
Көк дария көл болса,
Бай мен жарлы тең болса,
Суда - балық, қырда - егін,
Бәле-бәтер жоқ болса,
Диқаншылық көп болса,
Талаптың күші сел болып,
Кетерсіз-дағы ел болып.
Ауызша жырлаудан жазып алынған нұсқада:
Кейіндегі бозбала,
Налымаңыз, шырағым,
Әлі де Құдай оңдаса,
Күндердің күні болғанда,
Көк дария көл болса,
Бай мен жарлы тең болса,
Суда - балық, қырда - елік,
Бәле-бәтер жоқ болса,
Диханшылық көп болса,
Талаптың күші сел болып,
Алладан болып кеңшілік,
Пендеден кетпей кемшілік,
Талабың еткен жөнделіп,
Кетерсіз-дағы ел болып.
Қарайтылып берілген жолдар - Алла атымен байланысты ой оралымдары - «ресми басылымда» жоқ. Сондай-ақ, «суда - балық, қырда - егін» тіркесі «суда - балық, қырда - елік» түрінде айтылған. Судан балық аулау, қырдан аң аулау, өзеннің бойына егін салу («диханшылық көп болса») - қазақтың үш түрлі күн көріс көзі меңзеліп тұр деп түсінеміз.
Сөйтіп, ақынның толықтырылып, қалпына келтірілген «Топан» дастаны кейінгі ұрпақ үшін тәуелсіздіктің қаншалықты киелі құбылыс екенін ұқтыратын, тіпті қазіргі таңда да өзектілігінен айрылы қоймаған тарихи, саяси-әлеуметтік, рухани туынды екендігі сөзсіз.
Жақында Түркияның Кайсери қаласындағы Ержиес университетінде өткен Азия тілдері мен әдебиеті халықаралық симпозиумына қатысып, «Маңғыстау жыраулары поэтикасындағы «шынайы адам» концептісі» тақырыбында баяндама оқыдық. Үнді, араб, қытай, жапон, корей, иран, түрік т.б. азия елдерінің түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдар түрік тілінде оқылған баяндамамызды өз тілдеріндей түсініп, сұрақтар қойып, пікір білдірісті. Әлемдік ағылшын тілімен иық тірестіріп, симпозиумның негізгі тілі болған туыстас түрік тілінің мәртебесіне қызыға да, қызғана да қарап, беделді аудиторияларда кіріспе сөздің деңгейінен әрі аса алмай жүрген өз тіліміздің жайын ойлап қамығып тұрғанымызда, Түркияның Кония қаласындағы Селжүк университетінің профессоры, доктор Әли Темізелдің үзіліс уақытында баяндамамыз үшін алғыс айтып, «қазақтың саны 15 млн емес, қазақтың саны - 800 млн, себебі: барлық түркі жұрты - қазақ!» деген лебізі мәртебемізді аспандатып тастағандай болды. Түркияның бірнеше жоғары оқу орындарында дәріс оқитын беделді ғалым Ержиес университетінде қазақ филологиясы бөлімін ашуға күш салып жүрген көрінеді. Қазіргі кезде осы оқу орнында бірнеше түрік студент-жастары қазақ тілін үйреніп жүргенін білдік.
Әсіресе, түрік тіліне аударылған жыр жолдары тыңдаушыларға қатты ұнады. Қазақтың «қара шалдарының» бағзылық үні жаһанданудың топанын да жарып өтіп, жырға, кісілікке арзу жүректерді баурап алғанына куә болдық...
Кеңестік империя билік еткен 70 жылда қазақ халқының рухани дамуының ұлттық сипаты тоқырау кезеңін басынан өткізді. Әсіресе ұлттық тілдің қолданыс аясының тарылуы, қазақ тілін білмейтін ұрпақтың саяси-қоғамдық аренада басымдыққа ие болуы, қазақ ұлтының болашағына деген сенімсіздіктің етек алуы ұлттың рухани дағдарысқа ұшырауына жеткізді. Бұл дағдарыстың нәтижесінде бабалар танымы мен кейінгі ұрпақ танымының арасындағы байланыс үзілді. Сондықтан жыраулар поэзиясы жас ұрпаққа ақыл-кеңес, өсиет айтудан әріге бармайтын құрғақ дидактика немесе заманы өткен байлар мен батырларды мақтайтын мадақ жырлары ретінде ғана танытылып келді. Дегенмен адам баласының түпкі санасында сақталып қалған, сол адамның өзі де байқай бермейтін оның болмысымен бірге жаратылған ұлттық діл қандай да бір мезгілі туғанда жарып шығары сөзсіз.
Әр жерде жұлым-жұлымы шығып, шашырап қалған жыр үзіктерін қайта жалғап, бағзы қазақтың рухани кеңістігін қазіргімен жалғастыру - XXI ғасырдағы ұрпақтың пешенесіне жазылған тәрізді. Тәуелсіздік туымыздың астында қалпына келіп, алқалаған әлеуметімен қайта қауышқан, қай заманмен де үндесе алатын, өзектілігі өшпейтін оймен өрілген жақсыдан қалған жәдігер жырдың жаңа ұрпақпен қауышуы мәңгілік болғай.

Бибайша Нұрдәулетова,
филология ғылымдарының докторы, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ профессоры.

http://ushqiyan.kz/?p=4041

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1467
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387