Орталық Азиядағы ірі келісімдер

22 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғыз Республикасына барады.
Бішкекте ол Президент Садыр Жапаровпен екіжақты кездесіп, Қазақстан –Қырғызстан стратегиялық серіктестігін әрі қарай дамыту мәселелерін талқылайды. Саясаттанушы Дәурен Пірімбетов кездесудің аймақтық және халықаралық маңызы туралы пікір білдірді.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.
– Қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстан қарым-қатынастарының деңгейін қалай бағалар едіңіз?
– Қазақстан мен Қырғызстан қарым-қатынасы өте тұрақты және ұзақ жылдар бойы стратегиялық әріптестік деңгейінде дамып келеді. Президенттер үнемі кездесіп, екіжақты және көпжақты форматтағы диалогты дамытып отыр. Экономикалық тұрғыдан қарым-қатынас сенімді: сауда айналымы өсіп, инвестициялар тұрақты түрде көбейіп жатыр, нақты жобалар да бар.
Осы орайда айта кететін жайт, 21 шілдеде екі ел арасындағы қарым-қатынасты ары қарай дамыту бойынша келісімшарт ратификацияланды. Оның ішінде саяси, сауда-экономикалық, әскери, логистикалық, сонымен қатар су ресурстары саласындағы келісімшарттар бар. Бұл келісімдер қазіргі қарым-қатынастың сенімділігін көрсетеді және алдағы іс-шараларды нақтылауға мүмкіндік береді.
– Бішкекте өтетін келіссөздердің басты мақсаты қандай және олар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық әріптестікті қалай нығайта алады?
– Бішкектегі сапар мен келіссөздердің басты мақсаты – нақты іс-қимылдар арқылы серіктестікті тереңдету. Жоғарыда айтқанымдай жақында жасалған келісімшарт негізінде экономика, сауда, логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика және көлік салаларында бірлескен жобаларды іске қосу көзделіп отыр. Сонымен қатар, шекаралас өңірлердегі кәсіпкерлік байланыстарды нығайту, өңіраралық ынтымақтастықты дамыту маңызды.
Сонымен қатар, кездесуде мәдени ынтымақтастық мәселелері де қарастырылады: себебі Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің филиалы ашылады, жастар форумдарына қатысу да жоспарланған. Қырғызстан Ауғаныстанмен шекаралас болғандықтан қауіпсіздік (есірткі, адам саудасы, терроризмге қарсы іс-қимыл) сияқты мәселелер де келіссөздің басты тақырыптары болуы мүмкін.
– Аймақтық және халықаралық контекстте Қазақстан мен Қырғызстанның стратегиялық әріптестігінің маңызы неде, әсіресе Орталық Азиядағы интеграциялық және көпжақты ұйымдар аясында (ЕАЭО, ШЫҰ, ҰҚШҰ )?
– Стратегиялық серіктестік екі елге аймақтық тұрақтылықты сақтау, қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешу үшін маңызды. ЕАЭО арқылы экономикалық байланыстарды күшейтіп, бірлескен жобаларды іске асыруға болады. ШЫҰ аясында аймақтық қауіпсіздік пен трансұлттық қатерлерге қарсы әрекеттер үйлестіріледі. ҰҚШҰ арқылы қорғаныс пен әскери ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, алдағы келіссөздерде халықаралық саясат мәселелері де қозғалуы мүмкін: басқа мемлекеттермен – мысалы, Ресей, АҚШ, Еуропа елдерімен қарым-қатынасты үйлестіру, санкциялар мен Украинадағы жағдайға қатысты болашақтағы әрекеттерді талқылау. Бұл екі елге халықаралық аренада ұстанымдарын үйлестіруге және Орталық Азиядағы интеграциялық процестерге белсенді қатысуға жағдай жасайды.
Abai.kz