Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі 20 жылы жастар көзімен
1989 жылдың 22 маусымында Қазақстан Коммунистік партиясының басшысы болып сайланғаннан бері ел билігінің тізгінін уысынан шығарып көрмеген Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмысына қазіргі жастар қандай баға береді? Азаттық радиосының шағын сауалнамасы.
1989 жылдың 22 маусымында Қазақстан Коммунистік партиясының басшысы болып сайланғаннан бері ел билігінің тізгінін уысынан шығарып көрмеген Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмысына қазіргі жастар қандай баға береді? Азаттық радиосының шағын сауалнамасы.
Ақберен Елгезек, жас ақын:
«Кез келген адамның дамуының шарықтау шегі болады. Адам ойлау қабілеті жететін жеріне дейін қызмет етеді. Содан кейін жаңа буын келу керек деп ойлаймын. Мысалы, Ресейді алыңыз. Путин жап-жас. Екі рет сайлауға түсіп, басқарды. Егер ол әрі қарай да отырам, жұмыс істеймін десе , халық та, қоғам да түк істей алмайтын еді. Бірақ ол өзінің шаршағанын түсінді. Ол Ельциннен кейінгі қоғамды көтеріп алды. Енді жолды жас Медведевке берді. Бірақ ол қасында премьер-министр ретінде әлі де болса көмектесіп отыр. Сол сияқты Сухарто сияқты президент елді бәленбай жыл басқарған мемлекет те бар. Мемлекет тозудың алдында қалды. Брежнев кезінде: «Коммунизм қайда десек, коммунизмнен өтіп кетіппіз ғой» дегенді еститін едік. Өз басым бір адамның билікте ұзақ жыл отыруына қарсымын».
Руслан Ерболұлы, жас журналист:
«Назарбаевтың ел үшін сіңірген еңбегін жоққа шығармаймын, бірақ, бүгінгі таңда сол еткен еңбектерін желге ұшырып жатыр.
Менің ойымша, Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында асқан қажырлылықпен өте көп жұмыс істеді. Бірақ кейіннен,1999 жылдан бастап отбасын, өзінің туған-туыстарын, бала-шағасын, күйеу балаларын мемлекеттік қызметке араластыруы Назарбаевтың ең үлкен қателігі деп ойлаймын. Қателік болғанда да, бұл бүкіл мемлекеттің дамуына үлкен кедергі келтірген қателік деп айтар едім. Одан кейінгі Назарбаевтың тағы бір кемшілігі, өзінің 10 жыл бойы істеген ісіне тоқмейілсіп, жеке басын марапаттауға, мақтауға жол беруі. Ол кезінде «Дружба народов» журналында Қонаевты билікте ұзақ отырғаны үшін қатты сынаған болатын. Ол жағдай мен қазіргі жағдайды салыстырсақ, елдің бәрі күлкімен қарайды».
Руслан Ерболұлы сондай ақ, өз сөзіне дәлел ретінде саяси институттардың қалыптасуы мен демократиялық басылымдардың көбеюіне, қоғамдық ұйымдардың ықпалына президенттің барынша тосқауыл жасауын да қоса кетеді. Советтер Одағын құлатқан баяғы цензураға қайта оралып жатқанына өкініш білдіреді.
Жанболат Мамай, М.Шаханов атындағы «Рух пен Тіл» клубының жетекшісі:
«Назарбаевтың билікте тапжылмастан 20 жыл отыруы елімізде авторитарлы, тоталитарлы жүйенің орныққанына көзімізді жеткізе түседі. 90 жылдары Назарбаев билікке енді келген тұста елде демократиялық қозғалыстар бола ма деген үміт болды. Тәуелсіз басылымдар болды, өз ойын ашық айтатын саясаткерлер болды. Мысалы, «Азат», «Желтоқсан». Бірақ уақыт өте келе мұның барлығы құрдымға кетті. Сөйтіп, біз қазір авторитарлы жүйеден тоталитарлы-авторитарлы жүйеге қарай сырғып барамыз».
Жанболат Мамай осының нәтижесінде қазір Қазақстандағы барлық оқиғалар бір адамға, бір партияға байланып қалды деп сөзін былайша сабақтайды.
«Тіпті бір дүкен ашатын болса, біреуге пәтердің кілтін табыстайтын болса, мұны президенттің ерен еңбегі ретінде бағалайды. Олай болса, біздегі келеңсіз оқиғалардың барлығы да президентпен байланысты болуы керек. Бұл саяси тапсырыспен болған оқиғалар. Рахат Әлиевтің кітабында да көп мәселелер айтылды. 20 жылдың ішінде бірнеше саяси қайраткер қаза тапты. Олардың өлімінің себептері әлі күнге дейін ашылған жоқ. Қазіргі президенттің қалыптасқан жағдайды шешуге қауқары жетпейді. Өйткені, ол өзі құрған жүйенің тұтқынына айналып отыр. Бірақ ол бір-ақ маңызды шешім шығара алады. Бұл өзінің биліктен кетуі туралы шешім».
Нұрлан Сейдін, жас саясаттанушы:
«Бұл мәселені жан-жақты қарастыруға болады. Оған байланысты әртүрлі пікірлердің болуы заңдылық. Бірақ, бір анығы - Назарбаев басқарған 20 жыл ішінде Қазақстан әлем мойындаған жетекші мемлекетке айналды. Қазақстан әлемде болып жатқан үрдістерге белсене араласа отырып, өзін халықаралық қауымдастықтың белсенді мүшесі ретінде таныта білді. Мәселен, елдегі тұрақтылықтың сақталуын алыңыз, экономикалық көрсеткіш бойынша елдің дамуын алыңыз, азаматтық қоғамның дамуын алыңыз - ТМД мемлекеттері арасында көшілгері тұр. Бұдан да басқа жеткен жетістіктер толып жатыр. Еуропадағы мемлекеттер ғасырлар бойы дамыды. Ал олармен салыстырғанда небәрі 20 жылдың ішінде өте көп жұмыс істелді. Кемшілік іздесеңіз, кез келген адамнан оңай табуға болады».
Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ
«Азаттық» радиосы 22 маусы 2009 жыл