Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 6595 15 пікір 3 Наурыз, 2020 сағат 10:39

Кеткенге кейімейік, келгенді кемсітпейік!

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың "Dalanews.kz" сайтында “Оралмандар? Олар мемлекет есебінен күн көргісі келеді” (2 наурыз, 2020 жыл) деген пікірі жарық көріпті.

Кетіп жатқандар көп, әрине. Бұдан былай да олардың қарқыны басылмауы мүмкін. Бірақ, мен оларды Қазақстанда күнкөрістің қиындығынан көшуге мәжбүр болып жатыр деп ойламаймын. Әшімбаев: “Оралмандар? Олар мемлекет есебінен күн көргісі келеді”

Негізі, бір елден екінші елге қолында бар, қалтасы қалың адамдар көше алады. Қазақстаннан босқын болып кетіпті дегенді, Құдайға шүкір, естіген жоқпыз. Екіншіден, олар да ұрпағының болашағын ойлайды, өз ұлтының өшіп қалмауын қалайды... Сондықтан неге кеттің деп оларды, неге "кетірдің" деп, Қазақстанды кінәлауға келмейді. Қайта, кеткендерге "жолы болсын!" айтқан жөн.

Сосын, саясаттанушы Әшімбаев мырзаның "Олар осында көшіп келіп, мемлекет есебінен күн көргісі келеді”, деген пікірін түсінбей отырмын.

Үкімет 2020 жылы қандастарды қабылдауға арналған аймақтық квота үшін небары 1378 адамға ғана қаражат бөлді. Мен он жылдан бері қандастар мәселесімен тікелей айналысып келе жатқан адаммын. Олардың жағдайын өте жақсы білем. Қандастарымыз өзін-өзі жұмыспен қамтуда бүкіл қазақстандыққтарға үлгі боларлық жағдайда. Ақша, үй сұрап келген қандасымды жолықтырған емеспін. Оларды қинап келген бір-ақ мәселе бар. Ол - құжат рәсімдеудегі қиыншылық. Құдайға шүкір, ол мәселе де өз шешімін тауып жатыр.

Данияр Әшімбаев мырза: "Үкіметте Роман Склярдан (премьердің орынбасары) өзге ұлт өкілдері жоқ. Вице-министрлердің деңгейінде өзге ұлт өкілдерін саусақпен санап аласыз. Әкімдер арасында да қазақ еместер жоқ. Аудан әкімдері арасында ішінара ғана өзге ұлттар. Ұлттық компаниялар деңгейінде де осы көрініс", деп кейіпті.

Дәл осы жағдай шеттен оралған қандастарымыздың да басында бар. Қайта, Роман Скляр премьердің орынбасары екен ғой. Ондай лауазым қандастарымыздың ойы тұрмақ, түсіне де кірген емес. Қандастарымыз лауазым, пайда іздеп келген жоқ. Өз Отанында өмір сүру үшін келіп жатыр. Көшіп келгендердің ішінде білікті азаматтар жоқ емес, бар. Көп. Бірақ, міне отыз жыл болды, Үкімет өзі біліп оларды лауазымды қызметке қою жағын ойластырған жоқ...

Жалпы, мен келіп жатқандарды кемсітуге тіптен қарсымын! Қазақстан - қазақтың қара шаңырағы, әлемдегі жалғыз Отаны! Оған тарихи себептермен бөлініп қалып, шетте жүрген исі қазақтың бәрі келуге құқықты. Олардың білім және мәдениет деңгейі әр түрлі болуы мүмкін, оған олар жазықты емес. Ең бастысы, шеттен көшіп келген қандастарымыз Қазақстанда тұрақты өмір сүреді. Осындағы жұрт не көрсе, соны басынан кешіруге дайын! Отанына деген адалдығы мен сенімі берік!

Бұл - тонналап алтын беріп, сатып ала алмайтын құндылық! Бір буын өкілдері ала-құла өмір сүргенімен, келесі буын теңесіп кетеді. Басқадан ақша аяуға болатын шығар. Қазақ көшінен қаражат аямау керек! Сондықтан, кеткенге кейімейік, келгенді кемсітпейік, ағайын!

Ауыт Мұқибек,

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3215
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5233