Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 6026 22 пікір 10 Наурыз, 2020 сағат 19:34

Қарақұсова: Өзің алдың ба, өзің қайтар...

Мәжілістегі егде жастағы депутат әйел - Гүлжан апа Қарақұсова кедей-кепшіктің несиесін кешіру дұрыс емес, деп дүрлігіпті. «Тengrinews.kz» сайты солай дейді.

Қарақұсованың қаупі - төлей алмай тентіреп жүрген жұрттың қарызын кешіру - бюджет үшін, салық төлеушілер үшін қосымша салмақ салады-мыс.

«Өмірімде екі-ақ рет несие алдым, сол үшін өкінемін. Бір рет ипотека алдым, екінші рет - кредит. Бірақ, барлығын уақытынан бұрын жауып тастадым. Неге өйттім? Қазір енді менің сол несиемді кешіре салар еді...», депті Мәжілістегі салық заңнамасын талқылаған жиында.

Деп қана қоймапты. Азаматтардың қарызын кешіру арқылы Үкімет сол азаматтарды масылдыққа үйретіп отыр дегенді айтыпты.

«Елбасы әрқашан (азаматтарды) салық төлеуге үйрету керектігін айтатын. Өйткені, сіз бен біздің, салық төлеушілердің ақшасынан басқа мемлекеттің басқа ашқасы да жоқ. Барлық бюджет - бұл сіз бен біздің ақшамыз. Мемлекеттікі деп аталады», дейді Гүлжан апа Қарақұсова.

Әрі қарай АҚШ-ты мысал етіп, «ол жақта 2007 жылдан бастап ешкімнің несиесін кешірмейді, біз де солардан үйренуіміз керек» дейді.

«Өзің алдың ба, өзің қайтар. Әйтпесе, олар мемлекеттің есебінен емес, сіз бен біздің есебімізден өмір сүріп жатқан болады. Бұған жол беруге болмайды! Біз Совет одағын 90 пайыз ұстайды деп сөгетінбіз. Бірақ, тегін дүние көп болды ғой. Ал қазір ұстайды, сөйте тұра бәрі қымбат. Бұл қалай? Біреулер жұмыс істеп, салық төлейді. Ал екіншілері...Кешіріңіз! Мен мұндай саясатпен келіспеймін», депті депутат апа.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың маусымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кредиттерді кешіру туралы Жарлыққа қол қойған еді. Үкімет пен Ұлттық банкке тікелей тапсырма берген. Ол бойынша:

- көп балалы отбасылардың,

- асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем алатын отбасылардың,

- мүгедек балалары бар отбасылардың,

- 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектердің,

- мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың,

- кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған, 29 жасқа толмаған жетім балалардың,

- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздары біржолғы тәртіппен кешірілуі керек еді.

Оның нәтижесі бойынша 554 мың адамға кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша жалпы 115 млрд теңге кешірілген.

Қоғамдық ортада қотыр-қораш мәлімдемелерімен мәшһүр болған Гүлжан Қарақұсова ханым осыдан тұп-тура төрт жыл бұрын журналистерге ренжіген еді. Оның сөйлеген сөздерін бұрмалап, жұртқа жексұрын етіп көрсеткен журналистердің дені шала сауатты деп сөккен.

Картинки по запросу "гульжан карагусова"

«Сондықтан біздің Совет одағында журналистерді дайындауға 5 жыл уақыт керек болған.., », деп сөйлеген (Поэтому у нас в Советском союзе порфессия журналиста пять лет, а вообще сначала получает базовую профессию. Он международник или экономист, или юрист и потом только становиться обазревателом). 

Гүлжан апа Қарақұсованың қазір екінің бірі біледі. Әр айтқан сөзі интернеттің «хиті» боп жүр. Заманауи тілмен айтсақ, «хайпанутая» деген теңеу дәл келеді.  Мәжілістің ең тәжірбиелі депутаттарының бірі.

Биыл 70-ке толады. 3 бала, 8 немере сүйіп отырған әже.  Мәжіліс депутаты. Сенатта да депутат болған. Жалпы депутаттық қызметіне биыл 16-17 жыл. Эконмист, ғылым докторы, профессор, айта берсеңіз атағы көп...Орден-медальдерін тізбелеп жатпайық. Бір басына жетіп-артылады.

Бір жылдары Астанадағы (ол кезде бас қаланың аты Астана еді ғой) депутаттар үйсіз қалып, біраз уақыт қымбат қонақ үйлерге қоныстанғаны естеріңізде болар.

Сол қымбат қонақ үйде бюджет есебінен тұрып жатқан өз әріптестерін жақтап сөйлеп, журналистерге жекіген. «Ребята, Кто как содержится, тот так и работает» деген-ді. Бұл Қарақұсованың өз сөзі. Дүйім жұрт депутаттың бұл дарақылығын сынға алған. Кейін Қарақұсова өз сөзінен айнып, ақталғандай болды. Жә, оны қойшы, айта берсең депутат Қарақұсованың қыңыр-қисық сөздері көп.

Бұл - «Біздің Совет одағы» деп сөйлеп, сынға қалған Қарақұсова. Бұл - «Қартар пансионатын салайық» деп сөйлеп, сынға қалған Қарақұсова. Бұл - «таза қазақы» тілмен «бір бала жақсы, екі бала жақсы» деп сөйлеп,  сынға қалған Қарақұсова...

Есімізде, әлеуметтік желідегі әжуадан кейін Гүлжан апа «Қазақ тілін үйрене беремін. Бірақ маған қолдау керек.  50 жыл орыс тілінде сөйлеп, сол тілде жұмыс жасап, сол тілде ойланып келдім. Қазақ тілін үйренуді енді бастадым» деген еді. Онысын құптадық және.

Кейін «Қарақұсова қазақтарға қатты өкпелепті» деген жел сөз желіде желдей есіп жүрген соң, қарадық, тағы. Сөйтсек, рас екен. Өкпелепті. «Қазақшамды қазақтар мазақ қылды» депті. Советтің уағында туғанын сылтау қып, «енді тек орысша сөйлеймін» депті.

«Это опять тоже самое... Тек қана орысша айтам. Ну нет интернетте солай жүр ғой... Что вот, Қарақұсова қазақ тіліні білмейді. Ол менікі кінәлім емес. Сағат оқыдық тағы...».

Бұрындағы «Аузыма жалаңдатып тілді бердің, ырзығын теріп жесін, өлмесін деп» деп келетін Тоғжанның «гөй-гөйі» бар еді ғой. Ал бұл енді Гүл апаның «гөй-гөйі».

Ендігісі міне! «Несиесін төлей алмай жүрген кедей-кепшік сіз бен біздің қалтамыздан күн көріп жүр. Бұлай болмайды. Совет одағында олай емес емес еді» деп ойбайға басыпты.

Ескерту! Үкімет азаматтардың несиесін бір-ақ, рет кешірді. Кешіргенде де бюджеттен ақша бөліп, банктерге өтеп берді. 300 мың теңге. Онда да көшедегі көлденең аттың емес, көп балалы отбасылардың, тесік қалта, жарым құрсақ жетім-жесірдің тұрмыстық несиелерін өтеп берді. Ал пәлен жылдан бері парламентте жүрген дәудей депутат «қап әттеген-ай, бүйтетінін білгенде мен де несиемді төлемей жүре берер едім-ау» деп санып сабалап отыр, әне...

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435