Кәмшат ТАСБОЛАТ. «Ақпараттық соғыста» неге әлсiзбiз?
Қазіргі заман ойшылдарының сөзіне сенсек, Үшінші Дүниежүзілік соғыс бүгіннің өзінде жүріп жатыр. Бұл - ақпараттық-идеологиялық соғыс. Әлемдік ақпарат айдынында кімнің үні басым, соның жеңіске жететіні шүбәсіз. Бұл арада өркениеттер мен мәдениеттер, діндер мен жаңа заманғы ұстанымдар қақтығысында әрбір елдің ақпарат құралы бас біріктіріп, ортақ мемлекеттік мүддені қорғауға тырысады. Бір өкініштісі, Қазақстанда тілдік орта екіге қақ жарылған соң, отандық БАҚ-тар мемлекеттік мүддені ортақтаса көтерудің орнына, өзара дүрдараздыққа түсіп отыр. Бірақ «бөлінгенді бөрі жемей ме?»
Қазіргі заман ойшылдарының сөзіне сенсек, Үшінші Дүниежүзілік соғыс бүгіннің өзінде жүріп жатыр. Бұл - ақпараттық-идеологиялық соғыс. Әлемдік ақпарат айдынында кімнің үні басым, соның жеңіске жететіні шүбәсіз. Бұл арада өркениеттер мен мәдениеттер, діндер мен жаңа заманғы ұстанымдар қақтығысында әрбір елдің ақпарат құралы бас біріктіріп, ортақ мемлекеттік мүддені қорғауға тырысады. Бір өкініштісі, Қазақстанда тілдік орта екіге қақ жарылған соң, отандық БАҚ-тар мемлекеттік мүддені ортақтаса көтерудің орнына, өзара дүрдараздыққа түсіп отыр. Бірақ «бөлінгенді бөрі жемей ме?»
Қазақстанда тіл мәселесі көтерілсе, «бұл өзі айта-айта жауыр болды» деуге болмайды. Тіл мәселесі шешілмейінше, оның өзектілігі мен қоғамдық маңызы да күн тәртібінен түспейді. Бір айта кетерлігі, қоғамның тамырын басып отырған соң, елдегі көңіл-күйді бұрмаламай берудің орнына, қоғамдағы «ауа райын» өздері жасағысы келетін өзге тілді ақпарат құралдары да баршылық. Олардың тарататын ақпаратына сенсек, «тіл мәселесі көтерілген сайын Ресейге көшетіндер саны артады», «шабадандарды буып кетіп жатқандар елге қажетті білікті мамандар боп шығады», тағысын тағылары... Әрине, Астана, не Өскеменнен Сыктывкарға немесе Калининградқа көшуге бел буған азаматтар мұндай шешімді өздері қабылдаған. Бұл өз еріктеріндегі мәселе. Шынын айтсақ, «Время» газеті, «Закон.кз», «Зона.кз.нет» сияқты сайттарда жиі шығатын «ойбай, қазақ тілінің кесірінен...» деген сипаттағы дабыра мақалалардан гөрі, сабырлы комменттерді жазатын азаматтардың пікірлері маңызды емес пе деп ойлайсың. Тіл мәселесі көтерілгеннен бері тақырыбы «зарлап» тұратын қанша орысша мақала шықты?! Кейде сол мақалаларды бір ғана оқырман пікірі жоққа шығара алмай ма?! Мәселен, таяуда «Закон.кз» сайтында «Количество русских, желающих переехать из Казахстана в Россию, удвоилось» деген ақпарат шықты. Сөйтсек, Ресейдің отандастарды қайтару бағдарламасы бойынша бұрындары айына 120 адам өтініш білдірсе, қазір бұл сан 240-қа жетіпті. «Бәріне де қазақ тілі кінәлі» деген астар жатыр. Бұл мақаланың астына бір азамат: «Кім бұларды қудалап жатыр? Онда барып, шалқып жүреміз деп ойлай ма? Кәрістер мен беларусьтар неге жаппай көшіп жатқан жоқ, қазақ тілі олар үшін де ана тілі емес қой?! Яғни бар мәселе тілде емес» деген пікірін білдіріпті. Әрине, Ресейді көріп шошып, Қазақстанға қайтып келіп, тіл туралы тіс жармай отырғандар туралы да талай қызық пікірлер жазылған онда. Бірақ бар мәселе мынада: бірқатар шенеуніктер, лауазымды тұлғалар қоғамдағы «көңіл-күйді» қазақша емес, орысша сайттар, ақпарат құралдары арқылы біліп, жеке ойларын да солардың ықпалымен қалыптастырып отыратын сияқты. Содан болар, бірен-саран орысша сайтты оқып, мұның арты шуға ұласады деп қорқып, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған бастамаларынан бас тартатын шенеуніктер де кездеседі. Олар «Маса.кз», «Абай.кз» немесе «Жақсы.кз» сайттарындағы пікірлермен әлі де санаса алмай келеді. Бірақ ескі көзқарастағы азаматтардың өздері орысша сайттар арқылы біржақты пікір қалыптастырудың кесірінен қоғамның шынайы көңіл-күйін біліп, «қызуын» өлшеуден қағылып отыр. Ал сайлаушыға не қажеттігін білмеу, қоғамнан жоғары өмір сүру ешбір шенеунікті жақсылыққа апармасы анық.
Бірақ бұдан да қорқыныштысы, әрине, Құдай сақтасын, бірақ елімізге шетелден пиғылы теріс ақпараттық-идеологиялық соғыс төнсе, қазақтілді және орыстілді БАҚ-тар тілдік бөлініске қарамастан, мемлекеттік мүддені біріге көтере ала ма, бір-бірін қолдап, қуаттай ма?! Шыны керек, күмән басым. Біздегі орысша ақпарат құралдары әлі де Ресейде өмір сүріп жатқандай, ресейлік әнші, артистерді, саясаткерлерді дәріптеумен келеді. Олардың кейбірі қазақтың шоу-бизнес өкілдері түгілі, кейде жергілікті депутат, әкімдерін де біле бермейді. Қазақ жастарына, жергілікті оқыр_мандар мен көрермендерге отандық шоу-бизнес өкілдері емес, өздеріне ғана ұнайтын ресейлік ортанқол әншілер мен артистер жақын деп ойлап, соларды ақпараттық тұрғыдан насихаттаумен келеді. Бірақ заман өзгеріп жатыр. Қазақ халқының саны өз елінде 67 пайызға жетті, түркітілдес халықтармен бірге санасақ, 80 пайыз мұсылманбыз. Содан болар, көрермен, тыңдарман мен оқырман сұранысы да ұлттық бағытқа ойысып жатыр. Ресейлік емес, отандық шоу-бизнес жастарға қызығырақ боп барады. Ресейлік емес, жергілікті саяси қайраткерлер өмірі де қазақ аудиториясына қызық. Яғни қандай БАҚ-тардың болашақта сұранысқа ие болатыны осыған байланысты.
Түптің түбінде, көп ұзамай қазақ БАҚ-тарымен біріккен, мемлекеттік, ұлттық мүддені қолдаған орыстілді ақпарат құралдарының ғана бұл елде болашағы боларына сенім арта аламыз. Қай тілде ақпарат таратпасын, мемлекеттік мүдде бәрінен де жоғары тұруы керек. Бұл арада Қазақстанның мемлекеттік тілі - қазақ тіліне қарсы шығу мемлекеттілік негіздеріне жасалған шабуылмен бірдей. Яғни бір елде бір ғана мүдде болуы тиіс. Әлемдік ұстаным сондай.
Кәмшат ТАСБОЛАТ
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=10127&Itemid=2