Қордаланған мәселелер Қоғамдық комиссияда талқыланды
«Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы Қоғамдық комиссия отырысы өтті. Жиында ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан шет елдердегі этникалық қазақтарға оқулықтар жіберу, Ақмола облысының Красный Яр, ШҚО-ның Шығыс ауылындағы шетелден көшіп келген қандастарға арналып салынған үй-жәй және Репатриацияны ынталандыру мәселелері (үй-жаймен, жер телімдерімен, көтерме қаржылармен қамту) талқыланды. Қандастар өмірі мен тұрмыс-тіршілігіне байланысты өзекті тақырыптар қозғалды.
Шетелдегі қандастарға арналған оқулықтар мен қазақ тілін үйретуші құралдарды әлі де жетілдре түсу қажеттігі баса айтылды. Аталған мәселе бойынша Қоғамдық комиссия мүшесі Түркітану және Алтай ғылыми-зерттеу орталығының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы Қазақстан Республикасы қандастар тұратын мемлекеттермен үкімет аралық келісім жасап, қажетті кітаптарды шығару қажет. Рухани қазынаны шығаруға атсалысатын авторлар арасында қандастардан шыққан зиялы қауым өкілдері де болуы керек деген пікірін білдірді.
Өскемен және Көкшетау қалалары шетінен салынған үйлердің сапасы мен заңдастырылуы бірнеше жылдан бері әлі шешімін таппаған. Тұрғындар қылышын сүйреп қыс келсе пәтер жалдап, жаз мезгілінде ғана осы үйлерге көшіп келеді екен.
Көкшетау қаласы, Красный Яр ауылындағы үш жақты келісім аясында жалға алынған пәтерлерді 1 шаршы метрін жалдау құны 88 теңге, айына орташа төлем 6866 теңгені құрайды. Тұрғындар сапасыз үйге төленетін үйді жалдау ақысынан бас тартыпты, есесіне халық берешегі 73,4 млн. теңгеге жеткен. Халық күрмеуі қиын мәселені шешу үшін билік өкілдерінен көкмек сұрайды.
- 2019 жылы қараша айында әріптестерімізбен Көкшетау қаласы, Красный Яр ауылындағы үйлерді көзімізбен көрдік. Күн енді суыта бастаған еді. 10-15 үйді араладық. Үйлердің жалпы жағдайы адам айтқысыз дәрежеге жеткен. Үй қабырғалары өте жұқа, іргетасы жоқ, едендеріне қарақағаз төселген. Төбе жақтаулары өте жұқа салынған. 2009-2010 жылдары «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынған үйлердің әрбіріне сол кездегі доллар бағамымен 59 мың доллар қаржы жұмсалған. Осы үйлердің сапасыз салынғанын, қаржының талан-таражыға түскенін бір топ депутаттар Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлына депутаттық сауал жібердік. Бұл мәселені шешудің бір жолы барлық үйлерді жерімен бірге жекешелендіріп беру қажет дейді, - Қоғамдық Комиссияның және ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік – мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы.
Қоғамдық комиссия отырысына қатысқан қандастар тарапынан егін егіп, мал бағуға мемлекет тарапынан жер беріле ме деген сұрақтар қойылды. Шеттен келетін ағайынның басым бөлігі шаруашылықпен айналысады. Жауапты мекеме басшылары Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары қандастарға жер телімдерін беріп, қабылдауға дайын екенін жеткізді.
Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, Abai.kz ақпараттық порталы құрылған 11 жылдың ішінде күн тәртібінен түсірмей келе жатқан қос тақырып болатын болса, соның бірі - қазақ көші-қоны. Күні бүгінге дейін шеттегі қандастардың жай-күйіне һәм елімізге оралған қандастардың тұрмыс жағдайы мен құжат рәсімдеу секілді басты мәселелеріне қатысты портал бетінде мыңға жуық мақала жарияланды.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да Елбасы Н.Назарбаевтың шеттегі бауырларды елге шақыру ісін әрі қарай жалғастара беретінін айтып, өзім деп келгендерді өзекке теппей, Мемлекет, Үкімет пен жергілікті басқару органдары Отанға оралған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуі керектігін айтқан болатын.
Елбасы Нұрсұлтан назарбаевтың арғы беттегі ағайынды атажұртқа алдырту туралы батыл һәм тарихи шешімінің арқасында қазақ көші-қоны мемлекеттің стратегиялық бағытына айналды. Елбасының «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хаты жарияланғаннан бастап, күні бүгінге дейін 1,5 миллионның үстінде азамат елге оралды.
«Көші-қон туралы» туралы Заң да қабылданды. Мемлекеттік бағдарламалар да түзілді. Көші-қон комитеттері құрылды. Мұның бәрі дерлік қазақ көші-қонының, қиырдағы қазақтың қамы үшін жасалып жатқан игі іс еді...
Ал дәл осы бастама өзге елдерде қалай жүріп жатыр? Мысалы, көршілес қоныстанған Қытайдағы саясатты салыстыра сөйлейік...
Халқының саны 1,5 миллиардтан асып жығылатын Қытай да өз қандастарын еліне шақырғалы 70 жылға жуықтапты. Қытай қандастары үшін арнайы «қандастар (мұһажырлар) заңын» қабылдаған. Ол десеңіз, Шанхайда «қандастар» университетін салды. Заң бойынша кез келген үш ай ішінде азаматтық ала алады екен. Оған қоса, Үкімет тегін үй және тұрақты жұмыспен қамтуға кепілдік берген.
Жапондияда да жағдай осындай. Тар кезеңде тағдыр тәлкегімен шетел ауып кеткен қандастарын шақырып, тұрғын үй, жұмыс пен біліммен қамтамасыз етті. Әсіресе Бразилиядағы қандастарды алдыртудан бастады. Жапондар да, немістер де, басқалар да өз қандастарына кез келген уақытта елге оралып, азаматтық алуға мүмкіндік жасаған. Тіпті, бұл заңмен бекітілген екен.
Abai.kz