Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1871 0 пікір 23 Маусым, 2009 сағат 19:48

Айхан ШӘРІП. Мәсімов Үкіметі тағы да «қысқарады»

 

 

Мәсімов Үкіметі құрылымдық өзгерістер және жаңа құзырбөлістермен қатар кең ауқымды қысқартуларды бастан кешетін болды. Бұл турасында «Нұр Отан» фракциясының кешегі кеңейтілген жиынына келген Премьер К.Мәсімовтің өзі жария етті. Айтқандай, өткен аптада Мұрат Әбенов бастаған бір топ «нұротандық» депутат Кәрім Мәсімовті мемлекеттік қызметке қабылдауға қойған мораторийінен бас тартуға шақырған-тын. Қалаулылардың айтуынша, бұл биыл елге қаптап қайтатын (800-ден астам) «болашақтықтардың» және отандық ЖОО-ларда шенеуніктікке оқыған түлектерінің бағын байлап отырған көрінеді. «Бизнес қазір жұмысқа қабылдамайды» дегенді алға тартқан депутаттар тыйым шараларын тек түлектер жұмысқа тұрғасын енгізуді ұсынған. Бұл ұсынысқа Үкіметбасы бас шайқады.
Бір қызығы, Мұрат Әбеновтің айтуынша, мұны жас мамандарды шектен тыс мансапқорлық дертінен айықтырудың «дәрісі» ретінде пайдалануға болады екен: «Қазақстан жастары мейлінше шамшыл. Көпшілігіне жалақы деңгейінен гөрі мансаптық мәртебе маңыздырақ. Мысалы, «Жас Отан» жастар қанатының «Жастар кадрлық резерві» ашық байқауына жарияланған 30 орынға 800 адам тіркелген екен. Қазіргі қалыптасқан жағдайда осы қолайлы сәтті пайдаланып, кезінде жоғары жалақы соңына түсіп, жеке салаға кетіп қалған талантты жастарды мемлекеттік қызметке тартумен айналысып жүрген бірқатар шет мемлекеттердің тәжірибесіне назар аударуға болады» деген депутат. – Бірнеше мәселе бар, мораторийді жоюға бармас бұрын, біз алдымен соларды шешіп алуға тиіспіз, – деді кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов. – Бүкіл қоғамдағыдай, мемлекеттік қызмет те белгілі бір ауқымда шығын шегуі қажет. Себебі біздің барлығымыз ел қаржысы, бюджет ақшасы есебінен күн көріп жатырмыз. Бүгінде қарауымызда мемлекеттік қызмет ішінде кең ауқымды қысқарту жүргізуді қарастыратын Үкімет қаулысы жатыр. Басқаша айтқанда, бос орындардың барлығын алып тастаймыз және адамдардың бір бөлігін де қысқартамыз.
Осы орайда Үкіметбасы апайтөс ұлттық холдингтерде жүрген қысқарту шараларына көңілтолмастық білдіре кетті. Премьер тіпті қоғамға тауқымет шектірген қиындықтарды шенділердің сезінбей отырғандығын да жасырмады. Қазақстан халқының «жанын жауратқан, өзін жүдеткен» күйзелістің суық ызғары шенеуніктердің сүйегінен өтіп, санасына жеткенде ғана мемлекеттік қызметке қатысты құрсауларды сыпырып тастап, жан рахатына бөленуге болады екен. «Мен мемлекеттік холдингтер шеңберінде жеткілікті дәрежеде қатаңдық таныта алмадық деп санаймын. Қашан біздің барлығымыз «сығыламыз», қашан қоғам бастан кешіп отырғанның барлығын біз өзіміз арқылы өткіземіз, міне, сонда ғана мораторийді жоямыз!» деп шорт кесті К.Мәсімов.
Премьер осылайша билікке ұмтылғандарды жабырқатып тастаса, ал өз шаруасымен болған іскер жандарды қуантып тастады. Кәрім Қажымқанұлы ел Үкіметінің жыл соңына қарай шағын және орта бизнес жобаларын несиелендірудің ставкасын субсидиялауға кірісетіндігін жария етті.
– Біздің қыркүйек айында сіздерге ұсынатын шағын және орта кәсіпкерлікке көмектесудің бір нұсқасы – ол проценттік ставканы субсидиялау болмақ, – деді қалаулыларға қайырылған Кәрім Мәсімов. – Даму жоспарына сәйкес, біз өндіріс бойынша процестерді ынталандыру үшін проценттік ставканы осылайша арзандата аламыз.
Қолдаудың тың шарасы нақтыланған үшжылдық бюджет аясында іске аспақ, оның жобасын Үкімет биылғы қыркүйекте Парламентке әкелетіндігі мәлім болды. Үкіметбасы Қазақстанның ары қарайғы дамуының негізгі бағыттары сол құжатта айқындалатындығын хабарлады. «Ағымдағы шығыстарды біз 2009 жылғы деңгейде қалдырамыз, ағымдағы шығыстардың артуы болмайды. Барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалады. Пайда болатын ресурстар қалдығы Мемлекет басшысы тапсырғанындай, индустриялық-инновациялық дамуға қатысты мәселелерді шешуге бағытталады. Бұл жерде ресурстар мемлекет өте маңызды деп таныған секторларға ғана бөлінуге тиіс» – деді Премьер.
«Нұр Отан» фракциясының осы жиынында Кәрім Мәсімов Дағдарысқа қарсы бағдарлама мен «Жол картасының» қалай іске асып жатқандығын баяндаған болатын. «Биылғы жылдың 5 айында жұмыспен қамту органдарына өтініш білдірген 164 мың адамның 81 мыңы тұрақты және маусымдық жұмыстарға, ал 58 мыңы қоғамдық жұмыстарға тартылды» – деді ол. Үкіметбасыға сенсек, «Жол картасын» орындау кезінде жөнсіздіктерге жол берілмеуі қырағы қадағаланады. «Бізде «Жол картасы» ақпараттарына қол жеткізу бағытында ешқандай құпия жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы сайты бар. Бұл карта бойынша барлық ақпарат ашық. Оны аз десеңіздер, қандай да бір бұзушылықтар, кемшіліктер туралы қандай да бір дабыл түссе, онда біз жедеғабыл қимылдайтын Үкімет ретінде ол ақпарға шұғыл үн қатамыз» деген Кәрім Мәсімов келесі селекторлық кеңесте барлық облыс әкімдеріне «Жол картасы» бойынша барлық ақпаратты депутаттарға ұсынып отыруға бұйрық беретіндігін айтты.
Үкіметбасы биылғы мамыр айында экономиканың құлдырауы тоқтай бастағандығын жария етті: «Ағымдағы жылдың мамыр айында экономиканың құлдырау деңгейі бәсеңсіді. Қазіргі экономиканың жекелеген салаларында ауыз толтырып айтарлықтай ілгерілеушіліктер бар. Ауылшаруашылығы өнімін өндіру 5 айдың ішінде 3 пайыздан астамға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,4 пайызға, мамыр айында 10,8 пайызға артты. 5 айдағы инфляция деңгейі 3,5 пайызды құрады. Біз ең төменгі экономиканың құлдырау жағдайына жол бермей, дағдарыстан кейінгі дамуға қажетті алғышарттар жасай білдік» – деді ол.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Қазақстанды дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеп жатқанын білдік. 5 жылдық мерзімге арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы осы Стратегияның бірінші кезеңі болып табылады екен, бағдарламаны іске асыру 2010 жылғы 1 қаңтарда басталмақ.
Фракция жиынында қосымша баяндама жасаған «Нұр Отанның» Дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде бөлініп жатқан мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуын бақылау жөніндегі комиссияның төрайымы Гүлжан Қарағұсова Үкіметке ипотекалық кредиттерді қайта қаржыландыру бағдарламасының мерзімін ұзартуды ұсынды. «1 маусымда, біздің мәліметімізше, банктердің қарауында 18 мыңдай өтініш жатыр. Осыған орай аталған бағдарламаның мерзімін 1 шілдеге дейін емес, жыл соңына дейін ұзартуға болады деп санаймыз» – деді Г.Қарағұсова. Үкіметтің мәліметінше, 15 мамырда 77 миллиард теңге шамасында қайта қаржыландыруға шешім қабылданған, 14 мыңнан астам адам өз ипотекасын арзандата алған.

 

 

Айхан ШӘРІП
«Айқын» газеті 23 маусым 2009 жылы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1484
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512