Коммуналдық қызмет ақысын төлеу жыл соңына дейін ұзартылды
Төтенше жағдай салдарынан коммуналдық қызмет ақысын төлей алмай отырған Алматы тұрғындарына борыштарын жыл соңына дейін өтеуге мүмкіндік берілді. Мұндай мүмкіндік коронавирус індетіне байланысты жарияланған карантинге орай коммуналдық қызметтерді уақытында төлеуге мүмкіндігі жоқ қала тұрғындарына беріледі.
Бүгінгі күннен бастап карантиндік жағдайға байланысты қиын материалдық жағдайға тап болған тұтынушы телефон арқылы немесе электрондық сайттар арқылы қызмет көрсетушінің есеп айырысу бөліміне хабарласып, жылдың наурыз және сәуір айлары үшін төлемдердің мерзімін ұзарта алады.
Төлемдер бойынша кейінге қалдыру тек жеке тұлғаларға сумен жабдықтау және кәріз жүйесі үшін («Алматы Су» МКК), жылыту және ыстық сумен жабдықтау («Алматы жылу желілері» ЖШС), электр энергиясы («Алматыэнергосбыт» ЖШС), газбен жабдықтау («ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалы), телефон байланысы («Алматытелеком» АТД) қызметтері бойынша беріледі.
Айта кетейік, карантин кезінде коммуналдық қызметтерге қарызы бар тұрғындарды электр жарығынан, судан, жылу мен газдан және телефон байланысынан ажырату жоспарланып отырған жоқ.
Сондай-ақ жеке тұлғалар коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлемегені үшін айыппұлдар салынбайды.
Abai.kz