Сенбі, 23 Қараша 2024
Жанайқай 8346 5 пікір 27 Наурыз, 2020 сағат 12:26

Жоғары сот нүкте қойды. Бірақ шындық қайда қалды, Асанов мырза?!

Редакциядан: Abai.kz ақпараттық порталының электронды поштасына Қостанай облысынан журналист Нәзира Жәрімбеттің ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асановтың атына қарата жазған мақаласы келіп түсті. Онда Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Алтын дала ауылының тұрғыны Алмас Доскеев дейтін азаматтың әділдік іздеп аласұрған жанайқайы баяндалған екен. 

Abai.kz - еркін ақпарат алаңы. Мұндай ой жарыстырып, пікір таластыруға әркім құқылы. Жоғарғы Сот төрағасынан әділдік іздеп, араша сұраған автордың материалын қаз-қалпында жариялағанды жөн көрдік. Ескерту! Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 


Азаматтық құқының тапталғанын айтып шырылдаған ауыл адамының жанайқайын естір құлақ бар ма?

Бүгінде Қостанай ауданындағы Алтын дала ауылының тұрғыны Алмас Доскеевтің отбасы бастан кешіп отырған жағдайды Тәңірім итке берсін. Айдың, күннің аманында олар «КЭЦ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2 019 304 теңге айыппұл төлейтін болып шыға келді. Оған сотқа төленген баж салығын, сот орындаушыларға төленетін қаржыны санағанда бұл сан бүгінде 2 жарым миллион теңгеден асып тұр. Ауылда өз еңбегімен ғана күн көрген қарапайым отбасы қара қылды қақ жаратын сот әділдігінің ақсағанына налиды, өздерінің таза арын сақтап қалуды, намысын қорғауды ойлап күйінеді.

Алдымен «Ұялмаған бұйырмағанды аладының» кері келген істің басталуын баяндайық. 2000-шы жылдардың басында барлық жердегідей Алтын дала ауылындағы әлеуметтік нысандар аукцион арқылы тиын-тебенге сатылды. Ол кезде тамағын зорға тауып отырған ауылдастарда тиын-тебеннің өзіне қауқар жоқ еді. Ауылдық округтің әкімі енді жер алып, оны-мұны егіп, талаптанып жүрген Алмас Доскеевке «бүтін бұйым бұзылмай-ақ қойсын, мүмкін пайдаңа асырарсың» деп, клубты алуды ұсынады. Алмас та «жарайды, алсам алайын, менің ауылдан көшетін ойым жоқ, бір тірлік жасармыз», деп келіседі де, ғимаратты жұмыссыз отырған әйелі Жанат Доскееваның атына рәсімдейді. Оның ішінен азық-түлік дүкенін ашып, табысы болмаған соң қайта жауып тастайды. Сонымен, міне, он жылдан аса уақыттан бері клуб қаңқайып бос тұр. Ғимарат 1975 жылы қождан (күл мен құмды қосып жасаған құрылыс материалы) салынған, бұзып алып, құрылыс материалы ретінде пайдалануға да жарамайды. Ең бастысы, ғимарат арасы 10 метр болмайтын мектептің түбінде тұрғандықтан оған не жасаймын десе де рұқсат берілмейді. Сонымен есігінде қара құлып ілулі тұрған ғимаратқа кішкентай ауылда ешкім де кірмейді, тимейді де.

2018 жылы 10 мамыр күні мектепке Қостанай аудандық знергетика орталығынан, яғни «ЭПК-forfait» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен есептеу приборын тексеруге мамандар Самат Райханов пен Мақсат Оразбаев келеді. Олар қаңқиып тұрған клубтың да есептеу құралының пломбасын ауыстыратынын айтып, оның иесін шақырады. Жанат сабақта болғандықтан, оның жолдасы Алмас келеді. Мақсат Оразбаев мектепте айналшықтап қалып қояды да, Самат Райханов Алмаспен бірге ескі клубқа кіреді. Екеуі есептеу құралын қарауға келісімен Самат Оразбаев Алмасты әріптесі Мақсатты шақырып келуге жұмсайды. Аңғал қазақ келген жігіттің әкесіндей болса да жүгіре жөнеледі де, мектепте қалған Мақсат Оразбаевты ертіп келеді. Олар келгенде Самат есептегіштің сыртындағы жәшігінің екі пломбасын ауыстырып қойыпты. Ол Алмасқа үшінші пломбаның жоқ екенін айтады. Оның сөзіне Алмас бірден сенбейді, жазған актісіне келіспейді. «Шырағым-ау, бұл клубтың ішіне тышқан жорғаламайды, кілт менің қалтамда, ешкім кіре алмайды. Мектеп күзетшісі осы ғимаратқа да қарайды дәл түбінде тұрған соң. Оны біреудің алуы мүмкін емес, осыдан үш жыл бұрын ауыстырылған есептегіш сол жап-жаңа күйінше тұр ғой?» деп Алмас азар да безер болады. Тексеруші жігіт: «Ағай келіспесеңіз «келіспеймін» деп, мына жерге қол қойыңыз, сосын аудандық энергетика орталығына барып, түсінік жазып кетерсіз» дейді де кетіп қалады. Ертеңіне Доскеев аудан орталығындағы энергетика орталығына барады. Олар «соңғы үш жылға есептеп, сіздерге айыппұл саламыз» дейді. Доскеевтер оған келіспейді де,  облыстық энергетика орталығына барып, пломбаның болғанын, дүкеннің де, жеке кәсіпкерліктің де әлдеқашан жабылғанын, ғимаратқа ешкімнің кірмегенін, екі тексерушінің келіп, қалай тексергенін айтып, жағдайды түсіндіреді. Ондағы мамандар үндемейді, тек «жарайды, кете беріңдер» дейді. Бәрі дұрысталған екен деп, ерлі-зайыпты Доскеевтердің көңілі орныққандай болады да, күнделікті қоңыртөбел тіршілігін бастайды.

Бірақ, «қызық» 11 айдан кейін, яғни 2019 жылдың 28 наурызында басталады. «Қостанай энергетика орталығы» (КЭЦ) ЖШС әлгі жасалған акт бойынша электр энергиясын артық пайдаланды деп, 2 019 304 теңге айыппұлды өндіріп алу үшін «Жанат Досекеева» жеке кәсіпкерлігін мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа береді. Сот істі электр энергиясы орталығының пайдасына шешеді. Доскеевтер мұны түсіне алмайды. Өйткені олар бос тұрған ғимаратта ешқандай электр энергиясын пайдаланған жоқ. Ілуде бір ғимаратқа кіргенде жарықты 5-10 минут жағады да, сөндіріп кетеді.

– Ұрлық деген ойымызға да кіріп шықпайды. Тіпті кішкентай ғана ауылда бір адам да электр энергиясын ұрламайды. Үйде де, сыртта да есептегіш тұр, бірден біледі. Екіншіден, пломба есептегішті сақтап тұратын сыртқы темір жәшігіне қойылған, есептегіштің өз пломбасы орнында. Мен ғимаратқа кірген сайын қараймын, пломбалар орнында тұрды. Оған сырттан басқа біреу түгел, өз отбасымнан да ешкім бас сұқпайды, өйткені онда жұмысы жоқ, қараптан қарап неге кіреді? Кілт менде ғана бар. Үшіншіден Самат Райханов сотта берген жауабында электр энергиясының ұрланбағанын, ол тек пломбаның жоқтығына ғана акт жасағанын айтты, – дейді Алмас Доскеев.

Сонда пломбаның түсіп қалғаны үшін ауылдағыларға миллиондап айыппұл сала берсе не болмақ? Электр энергиясын үнемдеудің күресі осылай ма? Сотта Доскеевтерді таңқалдырған тағы бір іс қаралған. Дәл осындай жағдаймен Қостанай энергетикалық орталығы, яғни «КЭЦ» ЖШС «Ақ бидай-Агро» ЖШС-не де электр энергиясын артық пайдаландың деп 2 133 563 теңге айыппұл салып, сотқа береді. Соттың бастапқы сатысы істі талапкердің пайдасына шешеді. Ал «Ақ бидай-Агро» ЖШС істі апелляцияға бергенде, облыстық сот бірінші сатыдағы соттың 2018 жылдың 27 қаңтарында шығарған шешімін өзгертіп, тұтынушы талабын қанағаттандырады. Апелляциялық сот шешімімен «Ақ бидай-Агро» айыппұлды төлеуден бас тартады.

– Апелляциялық сот ҚР энергетика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 230 бұйрығымен бекітілген Электр қондырғылары жабдығы ережесінің 92-тармағына сүйенеді. Онда әрбір орнатылған коммерциялық есептегіштің бекітілген қондырғысының қаптамасында тексерушінің соққан белгісі (клеймосы) бар пломбасы болуы керек, ал электр есептегішті қорғап тұратын сыртынан қоршалған қақпағында немесе қондырғысында электр энергиясын сақтайтын ұйымның пломбасы болуы тиістігі айтылған. Міне, біздің ғимаратта тұрған электр есептегіш те дәл осындай. Онда электресептегіштің өзіндегі тексерушінің белгісі бар деген пломба бүтін, электр есептегіш бүтін, тексеруші оның сыртын қоршаған темір жәшіктегі пломбаның біреуі жоқ деп отыр. Бірақ оған келіспеймін, ол да бар болатын, аспанға ұшқан жоқ, – дейді Алмас.

Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген Ереже электр есептегіштің сыртындағы қорғаныш металл жәшіктің пломбасы болуын талап етпейді. Онда пломбаның болмауы электр энергиясын пайдаланудың ережесін бұзуға жатпайды.

Расында, екеуі тым ұқсас іске соттың шешімінің әрқалай болуын қалай түсінуге болады? Доскеевтердің айтуынша, тексеруші Самат Райханов актіні Алмас Доскеевтің атына жасап кеткен. Ал ғимарат та, жеке кәсіпкерлік те әйелі Жанаттың атында. Олардан ешқандай құжат сұрамай белден басқан. Екіншіден, әкесіндей адамды әріптесін шақыруға жұмсап жібереді де, пломбаны тексергенде, ауыстырғанда ғимарат иесі, өзінің әріптесі, тіпті  дауласқан жағдайда куәсі де болмайды. Ғимарат ішінде тексерушінің бір өзі қалады. Неге? Осының өзі тексерушінің қылығына күмән туғызады. ХХІ ғасырдың арбасы біраз жолды артқа тастаса да, қазекемнің сол баяғы аңғалдығы, сенгіштігі қалмаған. Доскеевтер тексерушіге күмәнмен қарағанмен, оның ісіне шағымдануды ойламаған.

Ауыл адамы үшін 2 миллион теңге аз емес. Оның үстіне қараптан қарап, ауадан қармап алғандай 2 миллионнан аса теңге айыппұлды мойнына ілу Доскеевтердің намысын, ар-ұжданын да таптағандай болды. Олар соттың жоғары сатыларына арызданып, әділдік іздеді. Алайда барлығынан беті қайтты.

– Соңғы рет 2019 жылы 16 тамыз күні 32 мың теңге мемлекеттік баж салығын төлеп, аяғымыздан тозып, Жоғарғы сотқа арызымды апарып бердік. Жоғары соттың судьясы Г.Ж.Мырзеке арызымызды қабылдап алды. Біздің арызымыз судья Н.У.Сисеноваға берілген екен. Судья міндетті түрде осы іс бойынша Қостанай облысынан материалдар сұратуы керек еді ғой. Бізге соттардың алдыңғы сатыларының шешімін көшіре салған, мән беріп қаралмаған, олардың шешімі өзгертілмегені жөнінде хат ғана жіберген. Егер ісіміз анықталмаса, тексерілмесе, қаралмаса, біз 32 мың теңге мемлекеттік баж салығын не үшін төледік? Жоғарғы сот менің азаматтық процеске қатысушы ретінде процессуалдық құқымды аяқ асты еткені емес пе бұл? – дейді күйінеді Жанат Доскеева. Айыппұлдың әділетсіз екенін анықтаймын деп жүгіріп жүрген ауыл адамдарының тесік қалтасынан шыққан шығыны да аз емес, сусып жатыр.

Алмас Доскеев істі облыстық прокуратураға жазады. Олар соттың материалын тексеріп көреді.

– «Бүкіл әділдік сен жағында болуы тиіс. Өйткені электр энергиясының есептегіштерін тексерушілер ешқандай ережені, заңды сақтамаған, ал оны аудандық, облыстық соттарда  ескерілмеген. Тек сізде емес, мұндай фактілер соңғы жылдары жиі кездеседі. Біз мұны Бас прокуратураға жазамыз» деп жауап берген еді облыстық прокурордың орынбасары Марат Сматов, – дейді Алмас. Бірақ осы жауаптан әрі ешқандай қозғалыс тағы байқалмаған.

Іс жоғары сотта қаралып, шешімі шығып кетті. Бірақ екі жарым миллион теңге мойнына түсіп, амалы құрып отырған Алмас қана емес, бет қаратпас қара күштен қорлық көргендей шындық, ақиқат та жылап қалған секілді.

Азаматтық намысы тапталған Алмас шындыққа қол жеткізгісі келеді. Электр энергиясын ұрламағанын, пломбаны да алып тастамағанын дәлелдеу үшін сот сатыларын әбден адақтады. Тіпті басынан өткен жағдайға, шындыққа араша сұрап «Нұр Отан» партиясына да барды, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Бақытжан Ертаевқа, Азат Перуашевке айтты. Азат Тұрлыбекұлы Қостанайға келген сапарында өзі төрағалық ететін «Ақжол» демократиялық партиясының мүшелерімен кездескенде Алмасқа «мен өйтемін де, бүйтемін!» деп барлық уәдесін берген еді, енді телефонын да алмайды. Рас, депутаттың жүгі де жеңіл емес шығар, бірақ қарапайым адамның қоңырауына жауап беру қаншалықты ауыр? Сонымен қатар өзі үміт күткен депутат, батыр ағасы да Бақытжан Ертаевтың да телефоны үнсіз, жауап бермейді. Жергілікті, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының біразы бұл туралы жазды, жұрт та хабардар секілді.

Алмастың енді арманына айналған бір үміті бар. Ол Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтың қабылдауына кіріп, тапталған намысы туралы айтып, шындықты тапқысы келеді. Ол Асановтың қабылдауына жазылуға тырысып көрген, бірақ тағы ештеңе шықпаған, жолатпайды. Бүгінде Алмасқа Жоғарғы сот төрағасының алдына барудан, құдайдың алдына бару жеңіл көрінетін секілді.

Осы істің қаралуында жергілікті сот  сатыларының  судьялары шикілік жібердік деп ойлай ма екен?  Жоғарғы соттағылар да, Парламент депутаттары, партиялар көшбасшылары да 2 миллион теңгенің ауыл адамы үшін үлкен қаржы екенін  сезінер ме екен?.. Әділетсіздіктен дәрмені құрып, шындықты іздеп шырылдаған ауыл адамының жанайқайын естір құлақ табылса, кәнекей!..

Нәзира Жәрімбет,

Қостанай облысы.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402