Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Жаңалықтар 3715 0 пікір 11 Қазан, 2011 сағат 06:22

Құрманғали Даркенов. Аймақтық дағдарыс синдромы немесе араб дауылы

2010 жылдың соңы мен 2011 жылдың бірінші жартысында наразылық, билікке қарсылық дауылы барлық араб елдерін Тунис, Египет, Алжир, Марокко, Иордания, Ирак, Судан, Ливан, Бахрейн, Ливияны бірінен соң бірін жаппай сипап өтті. Солтүстік африка мен Таяу Шығыста көктемде белсенді сипат алған наразылық қазір «араб көктемі» деп аталуда[1]. Алғашында Тунисте басталып, одан Египетте жалғасқан толқу араб елдерін кезекпе кезек шарпыды. Бірінде үкіметке қарсылық - наразылық, шеру түрінде өтсе, келесілерінде - үздіксіз бас көтеруге, қарулы қақтығысқа, соғысқа ұласты. Билікке қарсылық Кувейт пен Сауд Арабиясының шығыс аудандарын да қамтыды. Бұл бас көтерулерде бәрінде ортақ - бұл елдерде ұлттық лидерлерінің саяси аренадан кету талабын қоюы.

Араб әлемін қамтыған жаппай әлеуметтік қарсылықтың туу себебінің терең қордаланған ішкі және сыртқы сипаты бар екені анық. Билікке қарсы бас көтерудің жалпы ұқсастықтары мен жалпы заңдылықтары ортақ болғанымен әрбір елдің діни, әлеуметтік-экономикалық, саяси ахуалына және өзіне тән тарихи даму үрдісіне сәйкес шешімін таппаған шиеленіскен проблемалары өзегін жарып сыртқа шықты.

2010 жылдың соңы мен 2011 жылдың бірінші жартысында наразылық, билікке қарсылық дауылы барлық араб елдерін Тунис, Египет, Алжир, Марокко, Иордания, Ирак, Судан, Ливан, Бахрейн, Ливияны бірінен соң бірін жаппай сипап өтті. Солтүстік африка мен Таяу Шығыста көктемде белсенді сипат алған наразылық қазір «араб көктемі» деп аталуда[1]. Алғашында Тунисте басталып, одан Египетте жалғасқан толқу араб елдерін кезекпе кезек шарпыды. Бірінде үкіметке қарсылық - наразылық, шеру түрінде өтсе, келесілерінде - үздіксіз бас көтеруге, қарулы қақтығысқа, соғысқа ұласты. Билікке қарсылық Кувейт пен Сауд Арабиясының шығыс аудандарын да қамтыды. Бұл бас көтерулерде бәрінде ортақ - бұл елдерде ұлттық лидерлерінің саяси аренадан кету талабын қоюы.

Араб әлемін қамтыған жаппай әлеуметтік қарсылықтың туу себебінің терең қордаланған ішкі және сыртқы сипаты бар екені анық. Билікке қарсы бас көтерудің жалпы ұқсастықтары мен жалпы заңдылықтары ортақ болғанымен әрбір елдің діни, әлеуметтік-экономикалық, саяси ахуалына және өзіне тән тарихи даму үрдісіне сәйкес шешімін таппаған шиеленіскен проблемалары өзегін жарып сыртқа шықты.

Өкіметке қарсы жаппай бұқаралық сипат алған нарзылықтың ішкі себебі жоғарда аталған араб елдерінде әлеуметтік-экономикалық проблемалардың шиеленісуімен, халықтың кедей топтарының тұрмыс жағдайының нашарлауы, жастардың едәуір бөлігінің келешекке деген мақсат-мұратының күңгіртенуі, ең бастысы нақты билікке сенімінің жоғалуымен байланысты еді. Әрине, бұл арада ішкі және сыртқы күштер тікелей араласатын саяси ойынның негізге алатын субъектісі - аймақтағы діни қауымдар, кландық топтар мен ру-тайпалық бөлшектенуі, этникалық топқа жатуы (қарым қатынас тілі мен мәдени мұрасы) екендігін де теріске шығаруға болмайды.

Аймақтық араб дағдарысына талдау жасағанда қандай элементтер шешуі роль атқарды және саяси эволюция қандай сипат алуы мүмкін. Сонымен қатар, араб дауылы кездейсоқ па, оның экспортталуы, басқа елдерде ұқсас форма қайталануы мүмкін бе деген де өз ара байланысты заңды сұрақ туады[2].

Араб елдерінде революцияның тууына және оның тез арада қанат жаюына әр түрлі баға беріліп, түсіндірілді. Сарапшылар халықтың тұрмыс жағдайы төмен кедей елдерде билікке қарсы бас көтеруді әлеуметтік-экономикалық себептермен түсіндіргенімен, даму деңгейі жоғары, қалыпты даму жағдайындағы Бахрейн, Тунис, Ливия, Сауд Арабиясы, Кувейттегі наразылықты түсіндіруде қайшылықты көзқарас қалыптасты.

Тунисте 2004-2009 жылдар аралығында жан басына шаққанда табыс 3,5 мың. тунис динарынан (бұл 2,7 мың доллар) 5 мың тунис динарына (3,9 мың долларға) дейін өсті. Халықтың тұрмыс жағдайы жақсарды. Бүкіл халықтың 60% құраған орта таптың тұтынуы 83% жетсе, олардың 80%-ның жеке тұрғын үйлері және 21%-ның автомобильдері болды. Ал, мұнай өндіруші Ливия қалыптасқан дәстүр бойынша жыл басында, дәл көтерлістың алдында халыққа ақшалай, өнеркәсіп заттарымен дотация берді және автомобиль алу үшін тегін сертификаттар да берді[3]. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы және баяу болса да көтеріліп келе жатқан елдерде билікке ішін ара наразылық болғанымен айқын қарсылық тумауы мүмкін еді. Бірақ, олай болмады.

Сондықтан, сарапшылар араб дауылын туғызған басты және жанама себептерді іздеді. Оны кездейсоқ болған жоқ деп санады. Олар: сыртқы фактордың ықпалы, яғни әлемнің жаһандану үрдісі, Батыс және Шығыс Европадағы саяси-әлеуметтік өзгерістер, халықаралық экономикалық дағдарыс, Интернет және басқа да электронды жүйе арқылы ақпараттар мен идеяларға қол жеткізуі, әлемдегі өзгерістермен таныс болуы. Бұл да халық наразылығының басталуына, араб елдеріндегі ұрпақтар арасындағы қайшылықтың, тайталастың тууына әкелді.

Ұзақ жылдар бойы билікте бір ғана адам отыруы, сол адам мен оның жақындары және төңірегіндегілерінің ғана тіршілік игіліктерін иеленуі, ал осы таңдаулылар тобына жатпайтындардан өзге ешкім жоғарғы билікке, жақсы тұрмыс пен молшылыққа қол жеткізе алмауы, ел ішінде келешекке үміт артатын елеулі өзгерістердің болмауы, халықта әсіресе, орта тапта оппозициялық көңіл күй қалыптастырды. Білімді, экономикалық жағынан белсенді әлеуметтік топтың қоғамнан күткен үмітінің ақталмауы және нақты өмірдегі айырмашылық, қайшылық билікке қарсы наразылықты тудырды. Сондықтан да, шеруге шығушылардың алғашқы және ең басты талабы біреу ғана ол - бұрынғы билеушілердің өз орынынан кетуі болды. Олар билік ауысуы керек, бұрынғылардың уақыты өтті деп санады. Демократия және бостандық туралы саяси ұрандар оларға кейін келді және оны әр елде әркім өзінше түсінді.

Араб елдерінің әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктері де елеулі роль атқарды. Барлық тұрғындардың 50%-ы 35 жасқа дейінгі жастар еді. Әлеуметтік-экономикалық проблемалардың шешілмеуінен көпшілігінде жастар зардап шекті. Мысалы, осы топтың арасында жұмыссыздық 50%-ға дейін жетті[4]. Әсіресе, жұмыс орындарының болмауы себепті дипломды мамандар арасында жұмыссыздық жоғары болды. Олар өз білімдерін еш жерге қолдана алмады, қоғамнан да өздеріне лайықты орын таппады. Мұндай жағдай Тунис пен Египетте айқын байқалды[5]. Осы себепті олардың көпшілігі араб-мұсылман қоғамында маңызды құндылық болып саналатын отбасын құруға да қол жеткізе алмады. Полицейлер тауарын тәркілеген соң ашынған жас жігіттің Мохаммед Буазизидің Тунисте өзін өзі өртеуі[6], әлеуметтік жарылысқа түскен ұшқын болды. Египетте да жұмыссыз жас парламент алдында өзін өзі өртемек болды. Кейін дәл осындай жағдай басқа елдерде де қайталанды. Баспасөз мұны шарасыздықтан, ашынғандықтан келешекке деген үмітсіздіктен жасаған жастардың қадамы деп санады. Жоғары басқару элитасындағы сыбайластық, протекция биліктің беделін түсірді.

Тунисте үздіксіз 1967 жылдан басқарып келе жатқан қартайған президент Зин аль-Аидин Бен Али жемқорлық, сыбайластық, тамыр таныстық өрістеді. Ел экономикасының төрттен үшін президент отбасы мен оның жұбайы Лейла Трабелси кланы бақылады, олар 7 млрд. евро капиталды өз қолдарына ұстады. Тунис классикалық квази-демократия көрінісі қалыптасты - формальды демократиялық институт, яғни жалпыға бірдей баламалы сайлау, екі палаталы парламент, көп партиялы жүйе, билікті бөлу, кісіподақ, әртүрлі қоғамдық ұйымдар, әйелдер, жастар ұйымдары болғанымен жеке дара биліктің авторитарлы тәртібі барлығын өз бақылауында ұстады.

10 млн. халқы бар Тунисте Бен Али билігі кезінде полициялық аппараттың 150 мың қызметкері болды. Шеруге шығушыларға қарсы билік қатаң шара қолданғанымен, қақтығыс кезінде 200 жуық адам өлгеніне қарамастан наразылық акциясы тоқтамады. Үш апта тоқтаусыз шеруден соң Бен Али отставкаға, ал 2011 жылдың 14 қаңтарында Тунистен кетуге мәжбүр болды. Президенттің жеке күзетін басқаратын, саяси полицияның бастығы, генерал Али Сериати және президент жұбайы Лейла Трабелси ісік ауруынан әбден әлсіреген президент Бен Алиді Сауд Арабиясына кетуге мәжбүрледі. Ал, осыдан екі күн бұрын Тунис армиясының бас штабы бастығы Рашид Аммар шеруге шығушыларға қарсы қару қолдануды талап еткен Бен алидің бұйрығын орындаудан бас тартты.

Бен Али режимі құлағаннан кейін елдегі жағдайды армия өз бақылауына алды. Себебі, мемлекеттік инфрақұрылым дағдарысқа түсті. Оппозиция ұйымдасу деңгейінің төмендігі, бытыраңқылығы және азшылығынан белсенді қимылдап билікті өз қолына ала алмады. Олардың ішінен «Демократиялық прогрессивті партия» (ДПП) мен «Демократия, еңбек және бостандық үшін Форум» жария түрде, «Тунис жұмысшыларының коммунистік партяисы» позициясындағы «Республикалық конгрес» партиясы, кейін «Исламдық бағыттағы партия» (ИБП) аталған исламдық Нахда (Өркендеу) жартылай жария түрде жұмыс істеді. Бірақ, олардың барлығы де Бен Али режимі кезінде биліктің бақылауында болды.

2011 жылдың қаңтарында билікке наразылық, шеру кезінде ДПП лидері Майя Әл-Джариби мен Наджиб аш-Шабби белсенділік танытты. Шетелден кезінде билікке оппозицияда болып, эмиграцияға кетуге мәжбүр болған ИБП бұрынғы лидері, көрнекті идеолог Рашид Ганнуши қайтып оралды. Осыдан кейін ғана оппозиция батыл қимылдады. Президент міндетін атқарушы Фуад Мебазаа оппозиция лидердерінің талап етуімен жаңа прьемнр-министр қызметіне кезінде Тунистің бірінші президенті Х.Бургибымен қызметтес болған Бежи Каид Ессебсиді тағайындады. Бұрынғы биліктің партиясы «Демократиялық конституциялық бірлестік» таратылды. Сонымен бірге, Бен Али билігі кезіндегі жемқорлық, сыбайластық пен қызмет бабын асыра пайдалу актілерін тексеру үшін комиссия құрылды. Революция, саяси реформалар мен демократиялық дамуды қорғау үшін Жоғары Кеңес құрылды. Оның құрамына саяси партиялар, кәсіподақ және қоғамдық ұйымдар өкілдері кірді. Бірақ, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай толық тұрақтанбады. Көптен тунистіктер басқа мемлекеттерге эмиграцияға кетті. Билікке араласқан, немесе ұмтылған саяси күштер арасында алауыздық, қайшылық туды. Жоғарғы органдарда бұрынғы президент жақтастары мен оппозиция өкілдерінің симбиозы қалыптасты[7, с.308]. Бұрынғы билік тұсында қызмет істеген ықпалы әлі де күшті екендігі байқалды. Билікке келген жаңа үкімет енді саяси партиялар мен ұйымдарды өз ықпалына ұстауға тырысты. Премьер-министр Б.Ессебси өкімет мүшелеріне алғашында 2011 жылдың шілдесіне тағайындалған, кейін осы жылдың қазанына ауыстырылған президент және парламент сайлауына қатысуға тыйым салды. Бұған наразылық ретінде бұрын министр болып тағайындалып өкімет құрамына енген, ДПП төрағасы Наджиб және партияның бас хатшысы Ат-Тадждид өкіметтің құрамынан шықты.

Тунис қана емес, жалпы араб елдегі жағдайды тұрақтандыру мәселесіне қазіргі уақытта халықаралық қауымдастық та назар аударуда. 2011 жылдың 27 мамырында аяқталған «Үлкен сегіздік» елдері басшылары саммитінде халқы «демократиялық қайта құру» үшін күресіп жатқан Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріне қаржылай көмек көрсету үшін «Довиль әріптестігін» құрды. «Азаттық» радиостанциясының мәлімдеуінше G8 лидерлері демократиялық реформа жүргізуге дайын араб елдеріне 40 млрд. доллар бөлуге келісті. Саммит таяудағы екі жылда халықаралық даму банкінен Тунис пен Египетке 14 млрдтан. астам евроны бөлу жөнінде шешім қабылдады[8].

Таяу Шығыстағы АҚШ-тың басты одақтастарының бірі Египеттегі дағдарыстың және президент Хосни Мүбарак режимі құлауының объективті және субъективті ішкі факторы бар[9]. Объективті ішкі факторына елдің ерекше географиялық және демографиялық ахуалын жатқызуға болады. Египет территориясын көп бөлігі шөл дала. Шамамен 4% - 6% ғана шаруашылық жүргізуге қолайлы. Бұл негізінен Ніл алқабы мен оның сағасы. Ал, осы аймақта барлық Египет халқының 96%-ы (85 млн адам), 2,1% демографиялық өсіммен тұрады. Елдің осындай өзіне тән ерекшелігі салмақты, жан жақты ойластырылған, сарабдал экономикалық саясатты қажет етті. Алайда, Гамал Абдель Насер жүргізген «араб социализмін» орнату идеясынан бас тартқан соң, Египет өткен ғасырдың 70-ші жылдарының ортасынан «ашық есік» (инфитах) саясатына яғни, еркін нарыққа көшті. Экономиканың рентабельділігі өскенімен, қоғамның әлеуметтік жіктелісі, бағаның, жұмыссыздықтың өсуі жылдам қарқын алды. Жаңа «нувориштер» әлеуметтік тобы пайда болды, оларды Египетте «семіз мысықтар» деп атады. Сонымен қатар, халықтың бір бөлігінің кедейленуі, күйзеліске ұшырауы мен маргиналдануы жылдам жүрді. 2000-ші жылдан бастап ел әлеуметтік-экономикалық дағдарыс белдеуіне өтті, ресми мәлімет бойынша жұмыссыздық 11%-дан асып кетті. Мұны сарапшылар, өте төменделген мәлімет деп есептейді.Тунистегі секілді жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші өте жоғары. Соңғы жылдары жүргізілген реформалар нәтижесінде экономикалық жағдай тұрақтанғанымен, ел халқының едәуір бөлігі әр түрлі мәліметтер бойынша шамамен 20% дан 40% күніне 2 доллар табыспен ғана күн көрді. Египеттегі билік Тунистегідей сыртқы пішіні қалыпты, сыбайластық дендеген «басқарылатын демократия» түрінде қалыптасты. Елді 1981 жылдан президент Мүбарак төтенше жағдай режимінде билеп, өз орнына кіші ұлы Гамалды 2011 жылғы сайлауға мұрагерлікке дайындады.

Ел халқының тұрмыс жағдай төмендегенімен, кейбір мәліметтерге сүйенсек Мүбарак әулетінің байлығы 40-70 млрд. доллар шамасында. Халықтың наразылығының өсуіне, Мүбарак тәртібінің құлауына 2010 жылдың қарашасындағы парламент сайлауының қорытындысын өрескел бұрмалау және оған «әкімшілік ресурсын» айқын, ашық түрде пайдалануы да себеп болды.

Халықтың басым көпшілігінің тұрмыс жағдайының жылдан жылға нашарлауы, күйзеліске ұшырауы наразылықты, билікке қарсы бой көтеруді күшейтті. Тек қана 2007-2008 жылдары 580 қарсылық акциясы шеру өтті. Билікке наразы халықтың саяси топтарға бірігуі де жылдам жүрді. Халық мүдесін білдірген саяси күштер мен ұйымдардың да белсенділігі артты. Елде революциялық көңіл күй қалыптасты. Жоғардағылар «жаңаша» басқара алмады, төмендегілер «ескіше» тұруды қаламады.

Нәтижесінде, үш аптаға созылған жалпы бұқаралық манифестациядан кейін 2011 жылдың 11 ақпанында Мүбарак биліктен етуге мәжбүр болды. Өз қызметін Жалпы барлау қызметінің жетекшісі, вице-президент Омар Сүйлейменге тапсырды. Бірақ, нақты билік сыртқы істер министрі Хұсейн ат-Тантави басқарған Египет армиясының Жоғарғы әскер кеңесіне көшті. Жоғары әскер кеңес қолданыстағы конституция қызметін тоқтатып, арнайы тағайындалған комиссияға конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тапсырды. Әрине, бұл неғұрлым радикалды топ лидерлері қарсылығын тудырды, олар жаңа конституция қабылдауды талап етті. Египетте 2011 жылдың қараша-желтоқсан айларына парламенттік және президенттік сайлау белгіленді.

Египеттегі билікке қарсы қозғалыстың қозғаушы күші негізінен жұмыссыз жастар, оның ішінде жемқорлық, сыбайластық дендеген, жеке адам билігін қабылдай алмаған, елде және шетелдерде білім алған, дипломды мамандар еді. Қарсылық манифистациясы негізіне стихиялық сипат алды. Бірақ, оның тұрақтылық нүктесінен қозғалып кетуіне азық түліктің кезекті қымбаттауы әсер етті. Қарсылық акциясына әзірше басқа саяси партиялармен салыстырмалы түрде қарағанда әлсіз және ықпалы да шамалы либерал-демократиялық платформада тұрған оппозициялық саяси партиялар «Аль-Гад» (Завтра-Ертең), және Кифайа (Хватит!-Жетеді!) қосылды.

«Мұсылман-бауырлар» Египетте қарсылық қозғалысындағы ел ішіндегі ең ықпалдысы. Алғашында наразылық шеруі басталғанда «Мұсылман-бауырлар» репрессиялық шара қолдануға сылтау тудырмас үшін билікке қарсы наразылық акциясына қатыспайтынын мәлімдеді. Тек баспасөзде «түйелер және аттармен шайқас» деп аталған шерушілер қатарын сейілту үшін олардың арасына билікті жақтаушылар түйе, аттармен еніп ыдыратуға тырысқан соң қосылды. Мүбарак билігі жылдары «Мұсылман-бауырлар» бірнеше рет жазалау шарасына ұшырады. Солай болғанымен, олар Египеттегі ең ықпалды, бұқаралық қоғамдық-саяси қозғалыс. «Бауырлардың» қарсылық шеруіне қатысуы Каир унииверситетінің профессоры Абу аль-Хасан Бакридің пікірінше: «Египет революциясына қосылған үлкен үлес» болды. Олар бұқаралық «Бостандық және әділет» париясын құрды. «Мұсылман-бауырлардың» жетекшісі Мұхаммед Бади (1944 ж. туған) «Бауырлар» президенттік сайлауға өз кандидатын ұсынбайды, бірақ парламент сайлауына қатысады, депутаттық орынның 30% иеленуге үміттенеді», деп мәлімдеді.

Египетте «Бауырлармен» қатар радикалды ислам «салафиттік» қозғалыс қалыптасу үстінде, бірақ олар әлі тіркелген жоқ. Солай болғанымен, олар теледидардан сөйлеп өз позициясын айқын жариялауда, жаңа египет билігін қатаң сынауда.

Қарсылық шеруі қозғалысына танымал саяси тұлғалар МАГАТЭ-нің бұрынғы төрағасы Мұхаммед аль-Барадей және Араб мемлекеттері лигасының бас хатшысы Умір Мұса қатысып лидерлік роль атқаруға тырысты.

Шеруге жаңа жастар ұйымдары «Революция жастары», «Жиырма бесінші қаңтар» т.б. солшылдар, «араб социализмі» идеясын ұстанатын «насершілер» де қатысты.

Египетте әлеуметтік-экономикалық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Ел экономикасы құлдырады. Әсіресе, туризм саласы. Саяси тұрақсыздық туристер келуіні кері ықпалын тигізді. 2011 жылдың наурыз-сәуір айларында Каирде қайта шеру басталып, шерушілер қысымымен премьер-министр Ахмед Шафик оставкіге жіберілді. Оның орынына жаңа өкімет басшысы қызметіне бұрынғы көлік министрі, Мүбарак режиміне қарсы шерулерге белсене қатысқан Исам Шараф келді.

Халық қозғалысының жеңіске жету факторына талдау жасағанда Египетте, Тунисте армияның позициясы шешуші роль атқарды. Әскерилердің Тунисте президент Бен Алидің бұйрығын орындаудан бас тартуы, Египетте бейтараптық ұстануы, текетіресте арасалмақты шерушілер жағына аударды.

Араб әлемінде әлеуметтік-экономикалық проблемалардың шиеленісуіне сыртқы күштердің, аймаққа мүделі топтардың араласқанын теріске шығаруға болмайды. Осыған сәйкес З.Бжезинский мен С.Манның «тәртіпсіздікті, бей берекетсіздікті (хаосты) басқару» деген теориясы еске түседі. Аталған авторлар пікірі бойынша «бей берекетсіздікті басқарудың» негізгі әдісі төмендегідей болатын:

- заңды өкіметке қарсы шыққан әртүрлі саяси күштерді (уақытша) біріктіру;

- психологиялық және ақпараттық агрессия ұйымдастыру;

- ел лидерінің өз елін басқару мүмкіндігіне, сеніміне нұқсан келтіру және одақтастарының сенімділігіне күмәндандыру;

- елдегі жағдайды тұрақсыздандыру;

- билікті күшпен немесе «демократиялық сайлау» жолымен ауыстыру;[1]

Бұның барлығы араб елдерінде болған революциялар сценарийіне өте ұқсас. Сонымен қатар, АҚШ-ның Мемлекеттік Департаментінде «Таяу Шығыспен әріптестікті қолдау бастамасы» жобасы жасалғаны белгілі. Таңқаларлығы, аталған аймақтық ұйымның орталығы араб революциясы басталып басқаларға тараған Тунисте орналасқан. Бастаманың мақсаты араб жастары арасында, әсіресе Тунис пен Египетте АҚШ-қа және оның «демократиялық құндылықтарына» бағытталған әлеуметтік топ қалыптастыру. Тағы да сәйкестілік. Жоба негізінде АҚШ-та білім алуға баратын араб жастары қатары жыл сайын өсе түсуде. Егер АҚШ-қа Мемлекеттік департамент жобасымен 1998 жылы демократияны дамыту саласы бағдарламасы бойынша 3300 адам оқуға келсе, ал 2009 жылы бұл цифр 14870 адамға жетті. Американдық политехнологтар ақпаратты жеткізу мен таратуға ерекше назар аударып, американдық «демократиялық құндылықтарды» жастар бойына сіңдіруге әр түрлі әдіс тәсілдерді қолдана отырып жұмыс істейтіні белгілі. Олар интернет пен басқа да электронды жүйелерді бақылауда ұстауда және өте тиімді қолдануда. Мысалы, Ливияға жасалған операция тек қару күшімен ғана емес, өздеріне тиімді ақпаратты тарату және оларға басқаларды сендіру әдісі арқылы жүргізілуде. Каддафиге қарсы кең көлемде алдын ала дайындалған ақпаратты соғыс жүріп жатқаны құпия емес. Араб елдеріндегі билікке қарсы бас көтеруде демократия, бостандық, еркіндік ұранын көтергендер қатарында батыста білім алған араб жастары көп болғандығын сарапшылар да деректермен келтіруде.

Әр түрлі қоғамдық ұйымдар, арнайы гранттар бөлу, демократияны дамыту, құқық қорғау бағдарламалары арқылы да араб жастарына ықпал етті. 2007-2008 жылдары Сорос қаржыландыруымен Freedom House ұйымы «Адвокаттардың жаңа ұрпағы» бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада бейбіт түрде саяси өзгерістер жасау мақсатында жұмыс істейтін азаматтық қоғамның жас белсенділерін қорғауға бағытталды. Тунисте «Адвокаттар жемқорлыққа қарсы» деп аталатын компанияны басқарды.

2010 жылы тағы да аталған Соростың «Ашық қоғам» институты «Твиттер арқылы демократияға жол табуға бола ма? Африкадағы медиақатысу келешегі» деп аталатын грантты қаржыландырды. Аталған «Фейсбук» пен «Твиттер» сарапшылар пікірінше Египетте революцияны ұйымдастырудың негізгі құралы болды[10].

Сонымен бірге, «Демократияның қолдау Ұлттық қоры» мен Джордж Сорос солтүстік африкалық мұғалімдер, адвокаттар, журналистер мен жас активистерді дайындауға миллион доллар жұмсады. 2009 жылдан қазіргі дүрбеленге дейін бір жылда өзінің оқыту бағдарламасын екі есе күшейтті. Бұлардың барлығы Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы оқиға арнайы оқыту бағдарламалары арқылы дайындалды ма деген ойға жетелейді.

Шамасы, батыс араб елдерінде жағдайды шиеленістіруге саналы түрде қадам жасаған да болуы керек деп болжам жасауға болады. Себебі, әлеуметтік сілкініс, билікпен қақтығыс араб елдерінде болмай қоймайтын күйде әбден пісіп жетілді. Сондықтан, батысқа өз бақылауында ұстауға болатындай қысқа мерзімдік дағдарыс қажет те болған болуы керек. Кейін бей берекетсіздікті реттеп аймақты өз бақылауында ұстау оған да тиімді еді. Мақсат - Америка мен басқа да батыс елдерінің стратегиялық мүдесі тоғысқан елдердегі режимді ауыстыру, дәстүрлі ұлттық лидерлерді тарих сахнасынан ығыстыру мен олардың орынына билікке жас прагматиктер мен технократтарды әкелу. Бірақ билікке келгендер қандай жағдайда болсын американдық мүдемен санасып, оған нұқсан келтірмеуі керек екендігі де белгілі.

Сонымен қатар, сірә, АҚШ пен НАТО елдерінің авантюралы операцияны бастауының себебі ливия халқының құқы мен бостандығығын қорғау емес, бәрінен бұрын мұнайға деген мүделілік басты фактор болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта араб дауылы біршама бәсеңдегенімен оның қайта соқпайтынына және оны басқа бір аймақта дәл осындай сценарийде қайталанбайтындығына да кепілдік жоқ. Сондай-ақ араб дауылы араб мемлекеттері арасындағы интеграциялық үрдісті олардың мүделілік тұрғысында жақындасуын да әлсіретті. Олардың арасындағы қайшылық та тереңдей түсті[11].

"Абай-ақпарат"

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Литвин В. Будет ли «арабская зима»? Интернет журнал «Новое Восточное Обозрение». 25.06.2011. http://www.jornal-neo.com/ru

2. Орлов А. Первые революции ХХІ века... Интернет журнал «Новое Восточное Обозрение». 10.06.2011. http://www.jornal-neo.com/ru

3. Филатов С. Тунисский бунт. Бессмысленный и беспощадный. 21.01.2011. //Русский обозреватель - на http://www.rus-obr.ru/idea/9335; Попов В.В. Близкий Тунис. Очерки истории и современности. М., 2005, с. 121;

4. Долгов Б. Арбские революции: причины и перспективы. Часть 1. Интернет журнал «Новое Восточное Обозрение». 23.06.2011. http://www.jornal-neo.com/ru

5. Подцероб А. Восстания арабов в ХХІ веке: что дальше. Интернет журнал «Новое Восточное Обозрение». 14.03.2011. http://www.jornal-neo.com/ru

6. Волнения в странах арабского мира (2010-2011). Материал из Википедии - свободной энциклопедии. 06 июля 2011 г.

7. Федорченко А.В., Крылов А.В. Арабский пояс нестабильности (итоги заседания «круглого стола» в МГИМО). //Вестник МГИМО-Университета. -2011. №2 (15). 306-311 с;

8. G8 и «Арабская весна»: Кому - деньги, кому - санкции и суд, а Израилю - границы 1967 года. Интернет журнал «Новое Восточное Обозрение». 30.05.2011. http://www.jornal-neo.com/ru

9. Веселов Ю. Ближный Восток. События и ожидания. Интернет журнал «Новое Восточное Обозрение». 18.06.2011. http://www.jornal-neo.com/ru

10. Полосин В. Ротшильды против арабских правителей. Причины и механизм революций в арабских странах. Интернет журнал «Новое Восточное Обозрение». 15.04.2011. http://www.jornal-neo.com/ru

11. Игошина Ж. Межарабские интеграционные процессы в фокусе «арабской весны» Интернет журнал «Новое Восточное Обозрение». 06.06.2011. http://www.jornal-neo.com/ru

Құрманғали Даркенов Ғазезұлы - т.ғ.к., доцент. Аймақтану кафедрасы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

 

0 пікір