Дүйсенбі, 28 Шілде 2025
Денсаулық 143 0 пікір 28 Шілде, 2025 сағат 12:57

Қазақстандағы әйелдер жиі шалдығатын 5 ауру аталды

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда әйелдер арасында жүрек, онкология және тыныс алу аурулары жиі тіркеліп отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми жауабына сүйенсек, жас ерекшелігіне байланысты ауру түрлерінің де айтарлықтай айырмашылығы бар.

Денсаулық сақтау министрлігі әйелдер денсаулығына қатысты өзекті мәліметтерді ұсынды. Ведомство дерегінше, елімізде әйелдер жиі шалдығатын аурулар бірнеше негізгі топқа бөлінеді.

1. Жүрек-қан тамырлары аурулары

Бұл дерт – әсіресе 50 жастан асқан әйелдер арасындағы өлім-жітімнің басты себебі. Артериялық гипертензия, жүрек ишемиясы, инсульт секілді аурулар жиі кездеседі.

2. Онкологиялық аурулар

Әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігі мен жатыр мойны обыры – ең жиі таралған қатерлі ісік түрлері. Ерте диагностика мен профилактикалық тексеріс бұл аурулардың алдын алуға көмектеседі.

3. Тыныс алу жолдарының аурулары

Өкпенің созылмалы обструктивті аурулары (ӨСОА), демікпе және басқа да тыныс жолдары дерттері – әйелдер арасында жиі тіркелетін аурулар қатарында.

4. Тірек-қимыл аппаратының аурулары

Остеопороз және артрит секілді аурулар, әсіресе егде жастағы әйелдерде жиі байқалады. Бұл – қимыл-қозғалысты шектеп, өмір сапасын төмендететін факторлардың бірі.

5. Психикалық бұзылулар

Депрессия мен мазасыздық – әйелдер арасында жиі кездесетін психикалық денсаулық проблемалары. Стресске төзімсіздік пен гормоналды өзгерістер бұл жағдайларды ушықтыруы мүмкін.

Жас ерекшелігі бойынша аурушаңдық қалай өзгереді?

30 жасқа дейінгі әйелдер: Бұл кезеңде гинекологиялық аурулар, инфекциялар және репродуктивті жүйеге қатысты басқа да дерттер жиі кездеседі.

30-50 жас:Жүрек-қан тамырлары ауруларының белгілері арта бастайды, қатерлі ісікке шалдығу қаупі де осы жаста байқалады.

50 жастан жоғары: Онкология, жүрек аурулары мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары жиіледі.

Репродуктивті денсаулық және ана өлімі

Министрліктің мәліметінше, бедеулік, эндометриоз және жатыр миомасы сияқты аурулар репродуктивті жастағы әйелдер арасында кең таралған.
Қазақстанда отбасын жоспарлау мен репродуктивті денсаулық қызметтерін жақсарту бойынша бірқатар бағдарлама іске асып жатыр. Бұл көрсеткіш ана өлімінің төмендеуіне де ықпал етіп отыр. Дегенмен, шалғай өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігі әлі де өзекті мәселе болып қалып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда балалар мен жастар арасында жиі кездесетін 6 ауру түрі жөнінде жазған едік. Денсаулық сақтау министрлігі дерегіне сәйкес, балалар мен жасөспірімдер санатындағы азаматтар арасында бірқатар ауру түрлері жиі кездеседі.

Сонымен қатар, Қазақстанда зейнеткерлер арасында жиі кездесетін 6 ауру түрі туралы да жаздық. Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегия және даму департаментінің мәліметінше, бұл құбылыс тек Қазақстанда ғана емес, көптеген елдерде байқалады.

Abai.kz

0 пікір