Ақпараттық тәуелсіздікке қашан қол жеткіземіз?
Соңғы кезде Қазақстанның шартты түрдегі көпұлттылығы бағымыз ба, сорымыз ба деген мәселе, республикамыздағы титулды ұлтты да, ұлттық азшылықты да толғандыра бастады.
Толғандырудың басты себебі не қазақ, не орыс, не ағылшын тілінде әлемдік саясаттағы басты тақырыптарды көтерген тәуелсіз ақпараттың қазақстандық ортаға мемлекет тарапынан ұсынылмауы. Осы ақпарат кеңістігіндегі ваккумды не бірыңғай ресейлік, не бірыңғай пананглосакстық БАҚ материалдары толтырып жатыр. Соңғысын тек еліміздегі санаулылар ғана тұтынып келеді. Әлемдік саясатты тек бірыңғай РФ арқылы қабылдау түбі жақсылыққа әкеп соқпайды.
2018 жылғы санақ бойынша әлемде 252 тәуелсіз ел болса, оның 193-і ғана БҰҰ мүше және екі мемлекет осы ұйымға бақылаушы ретінде тіркеліп отыр. Осылайша Мәртебесі белгісіз мемлекеттер саны 67. Бұлардың ішінде БҰҰ-ға кірмейтін, бірақ БҰҰ-ға мүше бір немесе кейбір мемлекеттер ресми таныған: Абхазия Республикасы; Азад Кашмир; Қытай Республикасы; Косово Республикасы; Сахар Араб Демократиялық Республикасы; Солтүстік Кипр Түрік Республикасы; Оңтүстік Осетия Республикасы жайында не білеміз? Не болмаса, КСРО шекпенінен шыққан Донецк Халық Республикасы; Луганск Халық Республикасы; Таулы Қарабақ Республикасы; Приднестров Молдова Республикасы турасында еліміздегі ҒЗИ мен БАҚ өздік қазақи сараптама жасады ма?
І және ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін өз тәуелсіздігін алған елдердің және КСРО тарағаннан кейін ТМД кірмейтін посткеңестік республикалардың бұрынғы метрополиядан атқұйрығын қалай үзіскені туралы ғылыми-танымдық ақпарат неліктен не қазақ, не орыс тілінде отандық басылымдарда жарық көрмейді. Осы мәліметтерді өз азаматтарына ұсынуға тиіс ондағы елшіліктеріміз немен айналысады? Әрі елшіліктеріміз ашылған елдердегі қазақ мәдениеті мен өнерінің насихатталуы қалай және ол отандық БАҚ кеңістінде қалайша көрініс табуда деген сансыз сұрақ туындайды.
Неге елшіліктегілер мен ҚР СІМ басқа елдердегі қазақ-француз, қазақ-неміс, қазақ-испан, қазақ-араб, қазақ-португал т.б. мәдени-қоғамдық ұйымдарын құруға мүдделілік танытпай отыр. Неге қазақ жастары сол елдердің тілін үйренуге немесе аталған елдердің студенттері бізге арнайы бағдарлама аясында жіберілмейді. Неге біз тәуелсіз ел ретінде ана тіліміз арқылы өзге елдермен мәдени-ақпараттық аралас-құраластық жасай алмай отырмыз? Бұған кім кедергі?!
Бізді бірыңғай ресейлік ақпараттық кеңістікте зорлап ұстаушылар кімдер және олардың көздегені не? Орыс тілі әлі де үстем, бірақ оның осы үстемдігін қазақ мүддесін көздейтін орыс тілді ақпаратпен алмастыруға не кедергі?
Алтын Орданың мұрагеріміз деп жарияладық. Бұл – қазақ бір кездері белгілі бір кеңістіктегі этностарды өзіне бодан еткен империялық ұлт деп мәлімдеу. Оның үстіне Шыңғысханның тікелей ұрпақтары тек бізде ғана сақталып отыр. Біздің бұрынғы орысқа бодан болған елдерден басты өзгешелігіміз Алтын Орда дәуірінде ноғаймен, көшпелі өзбектермен бірлесіп өзгені құлданған ұлт болғандығымыз.
Осы өздерін құлданған қазақ пен ноғайды Ресей империясы ашық геноцидке ұшыратты. Ал, өзбектер үшін қазақ пен ноғайға тіліне жақын қыпшақ диалектесінде емес, одан тілдік айырмашылығы өте зор ферганалық қарлұқ диалектісі негізіндегі әдеби тілді таңып, қазақ пен ноғайдан алшақтатты. Осылайша қазір бұрынғы Алтын Орданың нағыз мұрагері саны көп қазақ қана болып саналады. Тап осы тарихи тағдыр сыйлаған мүмкіндікті Қазақстан елшіліктері ақпараттық тәуелсіздік үшін күреске неге арнамайды.
Қазір әлемдік, аймақтық экономика мен саясат жайлы ресейлік БАҚ иеленіп отырған кеңістікті орыс және қазақ тіліндегі шынайы саяси-танымдық әм сараптамалық ақпаратпен толықтыратын кез туды. Біз республика азаматы ретінде елшіліктеріміз ашылған елдердегі сонда қызмет етіп жатқандардан сол елдің саясаткерлерінің субъективті және БАҚ объективті сараптамалық талдау мақалаларының және ұлттық мүддедегі ақпараттарының ана тілімізде ұлтымызға қол жетімді болуына мүдделіміз. Бірақ бұған біздің СІМ ықылас таныта қояр ма екен?!
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz