Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 5557 11 пікір 7 Сәуір, 2020 сағат 11:56

Абзал Құспан: Түрмедегі зейнеткерлер мен әйелдерді босату керек

Белгілі заңгер, құқық қорғаушы Абзал Құспан әлемде күш алып келе жатқан қауіпті індеттің елімізде де жылдам таралуына байланысты президент Тоқаевтың атына қарата ашық хат жариялапты. Онда елішілік масщтабта қабылданып жатқан шаралардың маңыздылығына тоқтала келе, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі аса жоғары тағы бір мекеменің назардан тыс қалғанын айтыпты. Ол – тергеу изоляторлары мен түрмелер.

Заңгер Абзал Темірғалиұлының айтуынша, еліміздегі тергеу изоляторлары мен түрмелердегі жағдай халықаралық талаптарға мүлде сай келмейтіні себепті аталған мекемелерде вирустың таралуы қаупі жоғары.

Осыған байланысты түрмелер мен тергеу изоляторларындағы жазасы аса ауыр емес, кісі өлтірмеген, қоғамға қауіп төндірмейтін немесе жаза мерзімі аяқталуға жақын, экономикалық қылмыстар бойынша сотталған азаматтарды, соның ішінде зейнеткерлер мен әйелдердің жазаларын жеңілдетіп, үйқамаққа жіберу туралы ұсыныс айтыпты. Тіпті, мұндай практиканы әлемнің өзге мемлекеттерінің де қолдана бастағанын, мысал етіпті.

«Abai.kz» еркін ақпарат алаңы. Ой жарыстырып, пікір таластыру оқырман еншісінде. Ендеше біз редакциямыздың электронды поштасына келген заңгер Абзал Құспанның Президент атына қарата жазған үшбу хатын қоғам талқысына ұсынғанды жөн көрдік. Талқылайық. Аталған мәселеген қатысты ой-пікір немесе сауалдарыңызға заңгер сайт бетінде жауап беруге әзір екенін ескертеміз...


Қазақстан Республикасының

Президенті Қ.К. Тоқаевқа!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта бүкіл әлемде, соның ішінде біздің мемлекетте, коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу үшін бірқатар маңызды шаралар қабылдануда. Мен сіздің 2020 жылдың 23 наурызында, төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзіңізді мұқият тыңдап шықтым. Бұл тұрғыда, билік қабылдаған шаралардың арқасында мемлекетіміз бұл індетке қарсы тұра алатындығына еш күмән жоқ.

Сонымен бірге, мені, құқық қорғаушы, кәсіби адвокатты, мемлекет қабылдап жатқан шараларға қарамастан, халықтың кейбір топтары әлі де осал екені, олардың коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі өте жоғары екені алаңдатады. Бұл категориядағы адамдар тобына оқшауланбаған ортадағы адамдарды жатқызуға болады.

Бүгінгі таңда қылмыстық жауапкершілікке тартылған немесе қылмыстың әртүрлі санаттары бойынша сотталғандарды оқшаулау орындарында (тергеу изоляторлары мен түрмелер) отырғандардың саны өте көп екені ешкімге құпия емес. Бұл орындарда инфекцияның таралу қаупі де жоғары.

Тергеу изоляторлары мен түрмелердегі жағдай халықаралық стандарттарға сай келмейтіні айтпаса да белгілі. Тамақ сапасы, қалыпты өмір сүру жағдайының болмауы (жүріп-тұруының шектелуі, медициналық көмектің болмауы, күн сәулесі, таза ауа және т.б.) адамның иммунитетін айтарлықтай төмендетеді және организмін әлсіретеді.

Осыған байланысты уәкілетті органның түрмелердегі және тергеу изоляторларындағы адамдармен кездесуге тыйым салу туралы қабылдаған шаралары жеткіліксіз және вирустың таралу қаупін төмендетпейді.

Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Ондағы сотталушылар тар бөлмеде вирус жұқтыратын тышқандар қаптап жүргенін және қамаудағылар сол лас бөлмелерде, бір бұрышында тамақ ішіп, бір бұрышында дәретке отырып, бір бұрышында ұйықтайтындарын айтып шағымдануда.

Мұндай жағдайда егер вирус колонияға жетсе, ондағы адамдардың өміріне айтарлықтай қауіп төнеді.

Кейбір мемлекеттер осы жағдайды түсініп, тұрмелер мен тергеу изоляторларын босатып жатыр. Әсіресе, жаза мерзімі аяқталуға жақын адамдарды босатуға кіріскен. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініштерге негізсіз бас тартқан мекеме басшыларының өтініштерін қайта қарауда. Тергеу изоляторларында қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шаралары неғұрлым жұмсартылған шараларға ауыстырылуда.

Судьялар мұндай мәселелерді қарау кезінде толып кеткен камераларды босату мақсатында орынды және ұтымды принциптерді басшылыққа алуда.

Мәселен, Иранда апаттың алдын алу және жаппай өлім ықтималдығын жою үшін 85 мың тұтқын босатылды. Польшада тұтқындалған және сотталған адамдарға жазасын үйде өтеу мүмкіндігі берілді. Украина да осындай шаралар қарастырылуда.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, Сізден тергеу изоляторларында және колонияларында ұсақ қылмыстар үшін сотталған, қоғамға қауіп төндірмейтін, аса ауыр емес қылмыс жасағандарды, экономикалық және жемқорлыққа байланысты істі болған адамдарды, сонымен қатар, зейнет жасына жеткендер мен әйелдерді босатуды қарастыруыңызды сұраймын.

Мұндай шаралар вирус жұқтырғандардың санын азайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. Сонымен қатар бұл мемлекет үшін экономикалық тұрғыдан да тиімді.

Коронавируспен күреске біздің мемлекетіміз айтарлықтай қомақты қаржы жұмсап отыр. Соның ішінде тергеу изоляторлары мен колониялардағы адамдарды асырау үшін де аз қаражат жұмсалып жатқан жоқ. Түрмедегі бір адамның ас-суына бюджеттен күніне 4 мың теңге жұмсалады. Қамау орындарынан 30 мың адамды босату арқылы бір айда 3,6 миллиард теңге немесе бір жылда 43,2 миллиард теңге үнемдеуге болады.

Абзал Құспан

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434