Қарлығаш оралған күн (әңгіме)
1949 жылдың 29-шы тамызы. Таңғы сағат жеті. Әлихан енді екі-үш күнде каникулдың бітетінін ойлап, көрпесін жамылып тағыда ұйықтап алғысы келді. Бірінші қыркүйекте сабаққа барғансоң ерте тұру қажет.
Үйге мал жайғаған соң әкесі Нұрғали кіріп келді. Кірді де үрейлі дауыспен:
-Ақырзаман, ақырзаман,- деп жастықтарды алып, екі бөлмелі қоржын үйдің терезелерін қалқалап жауып жатты.
-Шықпаңдар далаға, ақырзаман,- деп ол тағы да айғай салды.
Сатыр-сұтыр. Терезе әйнектері сынды. Күннен де жарық сәуле көкке көтерілді. Саңырауқұлақ секілді алтын түстес жалқын жердің сау тамтығын қалдырмады. Малдардың бәрі күйіп, теңкиіп-теңкиіп өліп жатты.
Абыралыдағы ауыл тұрғындары бір сұмдықтың болғанын сезді. Адамдар да, жан-жануарлар да, қоршаған орта да Семей ядролық сынағының нысаны болған еді. Оның зардаптарының ұлттың генофондына әсерін Кеңес үкіметі ойлаған да жоқ.
Олар үш күн сынақтың ұлы жеңісін тойлады. Берияда ес жоқ еді.
Ядролық жарылыс жер бетінен 38 метр биіктікте, қуаты 20 мың тонна тротил деңгейінде жарылған болатын. Бірақ үш күннен кейін бәрі тынши қалды. Тойлау мен әндету тоқтатылды. Ядролық сынақтың жантүршігерлік қасіреті көріне бастады. Сәуле ауруы көзге көрініп тұрды.
Содан бері қанша уақыт өтті. Бірақ Әлиханның санасына осы күн ақырзаман ретінде қалып қойды. Ол мектепті бітірді. Физика пәнінің мұғалімі болып қызмет істеді. Ядролық сынақ туралы ешкім ештеңе білмейтіндігі туралы тілхат берген. Бірақ физика пәнінің мұғалімі ретінде ол радиацияға шалдыққан адамдардың, жан-жануарлардың генофондына әсер еткенін, табиғат- анаға әкелген зардаптарды жақсы білді.
Ауыл жарылыс эпицентрінен 120 шақырым жерде болғанымен оның зардаптары алапат болып шықты. Аң-құс жоғалып кетті. Өлген елді мекенге шыдаған қазақ қана. Ата-қоныстан көшпей қалды. Жастар оқу бітіріп, Алматы жаққа кетіп жатты. Қайтып оралғандары бірен саран ғана.
Бедеу әйелдер мен белсіз еркектер көбейді. Өз-өзіне қол сұққандар да аз емес-ті. Бұл ауылдан баланың шыр етіп дүниеге келген дауысы естілмеді. Бесік жыры айтылмай, мылқау тіршілік жалғасып жатты. Ал аракідік дүниеге келген сәбилердің адамға емес мақұлыққа ұқсаған түрлері қасіретке айналды.
Әлихан Құрманбеков там-тұмдап ядролық сынақ туралы ақпарат жинай бастады. «Азаттық» радиосына құлақ түрді. Осы деректерді қағазға түсіріп жинастырған соң Кеңестер Одағына деген өшпенділігі оянды. Ол жантүршігерлік ақпарат жинады.
Америка Құрама Штаттарының Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастаған ядролық бомбасына пара-пар келетін атом бомбасын Семей сынақ аймағында өткізу коммунистік қоғамның ұлы жеңісі ретінде халық санасына құйылып жатты. Радиодан, газеттерден коммунизм құру жолында белгілі бір деңгейде өлім- жітім болатындығы, бірақ ол болашақ бейбіт өмірдің кепілі екендігі туралы ақпарат толастамай берілді. Ғалымдардың, соғыс және еңбек ардагерлерінің үндеулері жиі-жиі жарияланып жатты.
Ядролық сынақ полигоны үшін Семей, Павлодар мен Қарағанды облыстарында 18000 шаршы километр жер телімі бөлінген. Олар шұрайлы, егістік, жайылымдық, өзен- көлі бар жерлер еді. Тіпті бұл жерлерде полиметалл рудасы, алтын, көмір қорлары болды. Семейдің Абралы ауылына қарасты 1908 мың гектар жердің 445 мың гектары полигонға берілді. Тіпті 1955 жылы Абыралы ауданы таратылып жіберілді.
Кеңестер одағының атақты ядролық сала ғалымдары И.В. Курчатов, Ж.Б. Харитонов, К.И. Шелкин, Я.Б. Зейнович, А.И. Иоффе, А.Д. Сахаров келіп ғылыми сынақтар жүргізді.
Ядролық қуаттың тірі организмге әсерін байқау сынақтың басты шарттарының бірі болды. Сондай ақ 30 метрлік темір мұнара, әскери техникалар, артиреллиярық қондырғылар, танктер, автомобильдер қойылды. Жылу және радиацияық сәулелердің әсерін айқындау мақсаты тұрды.
1955 жылы 11 қарашада Семей қаласына қарай соғатын желдің жылдамдығы сағатына 90 шақырымнан аспаса, ядролық сынақты ауа райының жағдайына қарамастан өткізу туралы Мәскеуде қаулы қабылданды.
1955 жылы 22 қарашада өте биіктіктен ядролық бомбасы бар самолет 1600 килотонна болатын ядролық бомбаны 1500 метр биіктікте жарды. Сағат тілі 9 сағат 47 минутты көрсетіп тұрды. Бұл Семей полигонының ең зұлмат жарылысы болды. Оның зардаптары кемінде ширек ғасырдан кейін жойылуы мүмкін.
Сынақ тоқтамады. 1961жылдың бір ғана қыркүйек айының өзінде 15 жарылыс жүргізілді.
Өзінің жинастырған деректерін Әлихан Құрманбеков әртүрлі отбасылық жиындарда айтып жүрді. Осы жеткілікті болды. Бір түнде қызыл жағалы әскерлер оны алды да кетті. «Мемлекеттік құпияны жария етті» деген баппен он бес жылға соттады да жіберді.
Содан соң елу жасында тістері опырылып, шаштары түсіп, көз жанары суалып түрмеден шықты. Қайда барады. Өзінің туған Абыралысына келді. Көп өзгеріс жоқ. Баяғы жатаған үйлер. Сайын далада ұшқан құс, жүгірген аң жоқ.
1976 жылдың көктемі еді. Әлихан таңертен далаға шықты. Үйінің шатырының астына қарлығаш ұя салыпты.
-Шүйінші, шүйінші,- деп әр үйдің терезесін қағып жүр. – Қарлығаш келіп ұя салды. Енді ауылымыз көркейеді. Ш-ү-й-і-н-ш-і.
Ауыл түгел Әлиханның үйіне жиналды. Бәрі күні бойы ары бері ұшып, «өз үйін» соғып жатқан қарлығаштарды тамашалады. Ертесіне ауыл болып, той жасады. Сол жылы көп сәби өмірге келді. Қыздардың бәрі «Қарлығаш», ұлдардың бәрі «Қарлығашбек» деген есім алды.
Ауыл мұны бір жақсылықтың нышаны деп ұқты.
Уәлихан Қалижанов
Abai.kz