Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3863 0 пікір 18 Қазан, 2011 сағат 03:48

Төлен Әбдікұлы. Парасат майданы (жалғасы)

16

21 көкек

Бүгiн кешегi оқиғаларды қайтадан еске түсiрiп, екшеп, зерделеген кезде өз iсiмнiң қайсы бiр келеңсiз жақтарын байқағандай болдым. Бiрiншiден, кездеспек болған адамыңнан "жарайды" деген бiр ауыз сөздi естiмей жатып, келер-келмесiн бiлмей тұрып, тұра жүгiру қисынға жата ма? Шамасы, өзiмнiң сол кездесуге асыққаным сонша, оның келiсiмiне көңiл аударуға уақытым болмаған секiлдi.

Екiншiден, бейтаныс құрбының қай жақтан екенi белгiсiз - сырттан ба, әлде, осы ауруханадан ба - егер сырттан болса, оны түнге қарай подвалға кездесуге шақырудың жөнi дұрыс бола қоя ма?  Тегiнде менiң күнделiгiмдi сұраусыз оқып, жазған хатын палатама әкеп тастап, менi мазақ қылатын, кiрмейтiн есiгi жоқ, көзге көрiнбейтiн, қолға түспейтiн, астыңғы коридордағы орындықтар қойылған оңаша қуысты   менен артық бiлуге тиiстi  ерекше қу бейтанысты қайда, қалай шақырсаң да артықтығы жоқ деп ойлаған болуым керек.

16

21 көкек

Бүгiн кешегi оқиғаларды қайтадан еске түсiрiп, екшеп, зерделеген кезде өз iсiмнiң қайсы бiр келеңсiз жақтарын байқағандай болдым. Бiрiншiден, кездеспек болған адамыңнан "жарайды" деген бiр ауыз сөздi естiмей жатып, келер-келмесiн бiлмей тұрып, тұра жүгiру қисынға жата ма? Шамасы, өзiмнiң сол кездесуге асыққаным сонша, оның келiсiмiне көңiл аударуға уақытым болмаған секiлдi.

Екiншiден, бейтаныс құрбының қай жақтан екенi белгiсiз - сырттан ба, әлде, осы ауруханадан ба - егер сырттан болса, оны түнге қарай подвалға кездесуге шақырудың жөнi дұрыс бола қоя ма?  Тегiнде менiң күнделiгiмдi сұраусыз оқып, жазған хатын палатама әкеп тастап, менi мазақ қылатын, кiрмейтiн есiгi жоқ, көзге көрiнбейтiн, қолға түспейтiн, астыңғы коридордағы орындықтар қойылған оңаша қуысты   менен артық бiлуге тиiстi  ерекше қу бейтанысты қайда, қалай шақырсаң да артықтығы жоқ деп ойлаған болуым керек.

Үшiншiден, осы кездесу жалпы не үшiн қажет болды? Дүниетанымдық  жекпе-жекке тiкелей қатысы бар ма? Кiм бiледi... Жекпе-жектiң психологиялық жағы тағы бар. Бұған дейiн ойын ережесiн ол жасап, мен соған мойынсұнумен келдiм. Хат жазысу, хатты коридордағы столдың астына қалдыру, менiң рухани әлемiме тәртiп орнатпақ болған әрекеттер,   өзi туралы күнi-түнi ойлатып, түсiме кiрiп, маза бермеу, жанымды жарақаттап, қорлануға мәжбүр ету  - осының бәрi соның бастамасы. Ендеше менiң де бас көтерiп, өз шарттарымды ұсынып, оның сол шарттарды орындауына амал табуым керек қой...

Сағат 12 шамасында дәрiгер қабылдады. Ештеңе айтып та, сұрап та жарытпайтын оған мен де ештеңе айтқан жоқпын. Екеумiз үнсiз отырмыз. Әлден уақытта:

- Көңiл күйiңiз қалай?- дедi жол-жөнекей "сәләматсыз ба" дегендей бiр үнмен. Турасы, "сәләматсыз ба" - адамға қойылатын анық сұрақ: "амансыз ба, денiңiз сау ма" деген ұғымды бiлдiредi. Бiрақ осы сөздiң әшейiн рәсiмге айналып кеткенi соншалық, оған ешкiм "иә, сәләматпын" деп жауап берiп жатпайды, керiсiнше, екiншi жақ та "сәләматсыз ба" деп керi сұрақ қойып, оған жауап та күтпестен, өтiп кете бередi. Қысқасы, дәрiгердiң әлгi сұрағы осыған ұқсас бiрдеңе болғаннан кейiн, мен де жауап берген жоқпын.

Бiраз отырғаннан кейiн ол маған:

- Барып дем алыңыз,- дедi.

Мен шығып кеттiм. Палатаға келiп, бейтаныс құрбымның хаттарын асықпай қайта бiр оқып шықтым.

Ойлап отырсам, оның алғашқы хатын алғаннан бергi арада тұтас бiр ғұмыр өткен секiлдi. Өз бойымнан әлдебiр өзгерiстердi байқаймын. Әрине, мен өз мұратымнан ешқашанда бас тартқан емеспiн. Тек iзгiлiкке қарсы күштiң тамыры мен шамалағаннан әлдеқайда терең болар деп ойламаған екенмiн.

Рухани әлемде екi бағыт бар: бiрi -   пенделiк мүдде, екiншiсi - биiк парасат пен iзгiлiк құдiретi.

Пенделiк мүдде, негiзiнен, тобырға жақын, ал биiк парасат - сирек тұлғалардың еншiсi. Бiз қазiр пенделiктi қоғамдық дәрежеде ашық насихаттауға кiрiстiк, тобырдан жеңiлгенге ұқсаймыз.

Пенделiк мүдденiң iшкi мазмұны негiзiнен өмiрдiң ләззатына, рахат-қызығына негiзделген. Ләззат - шарап секiлдi.   Жоғарғы сапалы жұпар иiстi, дәмдi шарапты көпшiлiк бағалайды; оны iшкенде көңiлiң көтерiлiп, жаныңа әлдебiр шуақты нұр құйылғандай болады. Бiр-ақ рет берiлетiн қысқа ғұмырда бұдан артық не керек деп ойлауға болатын секiлдi. Бiрақ дәмдi шараптың қатерi де аз емес. Шарапқа құнығып, ақыр аяғында азғындыққа ұшырау - өмiрде ең көп кездесетiн оқиғалардың бiрi. Тәттi өмiрге тым елiгу, өзiңдi шектемеу, үнемi мейiрiң қанғанша iшуге тырысу, түптiң түбiнде рухани маскүнемдiкке, адамгершiлiк азғындыққа әкелерi сөзсiз. Жолдағының бәрiн жайпап, өлген тiрiлгенiне қарамай байлыққа ұмтылу, өлiктердiң үстiмен жүрiп, билiкке ұмтылу, ар-ұятты белге байлап, зинақорлыққа ұмтылу, "жұмыртқа пiсiрiп алу үшiн көршiнiң үйiн өртеу" тағы сол сияқты  асқынған пенделiк өзiмшiлдiктер азғындықтан басқа түк те емес. Осы қатердi жұрттың көбi сезгiлерi келмейдi. Оған қарсы күреспек түгiлi, күресу туралы ниет жоқ. Қатерлi жаудың аты аталып, түсi түстелмеген.

Адами ынсапты аяққа таптап, тамақ пен ұйқыда да, нәпсi мен қызғанышта да, өгiз қара күшi бар өзiмшiлдiкте де ат басын тежеп көрмеген қанағатсыз есiрiк өмiр. Иә, есiрiк өмiр! Басқаша айту мүмкiн емес.

Менiң бейтаныс құрбым мен күткен межелердiң бәрiнен де асып түстi. Iзгiлiкке сенбеушiлiк, ол үшiн күреспеушiлiк, немқұрайлылық,- бұл жақсылыққа қарсы күштiң жеңiлдеу түрi; онымен жан қысылғанда тiл табысуға да болады.  Зұлымдыққа қолдау көрсету, онымен сыбайлас болу - бұл жауластықтың әлгiден гөрi ауырлау түрi; онымен тiл табысу жоқтың қасы. Ал бейтаныстың ұстап отырған бағыты - зұлымдықты қолдап қана қоймай, оны дәрiптеу, мұратқа айналдыру. Бұдан үлкен қатер болуы мүмкiн емес.

Зұлымдықты, өлiмдi, қара түнектi мадақтап жырға қосқан Бодлердi оқып жатырмын деп тамсанады. "Адам өмiрi Бодлердiң бiр жолына да тұрмайды" деген сөзге, қай данышпан айтса да, келiсу мүмкiн емес. Алайда, өз басым Бодлер  туралы әр түрлi пiкiрлердi кездестiрсем де,   өлеңдерiн оқымаған секiлдiмiн.

Бесiн кезiнде сыртқа шығып бара жатып кiтапханаға соқтым. Кiтап сөрелерi тұрған ұзынша бөлменiң терезелерi күн жаққа қараған, iшi қапырық. Бояу мен лактың иiсi мұрынға келедi. Бәлкiм, көршi бөлмелердiң бiрiнде жөндеу жұмыстары жүрiп жатыр. Кiтапханашы адамға қарамай сөйлейтiн, әлгiнде ғана бiреумен ұрсысып қалғандай тырсиып, кiсi киiктенiп отырған кәрiс әйел екен. Жұрттың қойған сұрақтарына қысқа ғана, әлде бiр наразылау үнмен жауап бередi.

Мен стол үстiндегi газеттердi оқымай,  суреттерiне ғана қарап  аударыстырып   отырмын. Не жазатыны белгiлi: мемлекеттiң гүлденуi, әр салада қол жеткен табыстар, болмашы проблемалар, шетелдiк хабарлар т.с.с. Адам жанын түршiктiретiн ұятсыз оқиғалардың ақпаратыннан ғана қорқамын. Үйткенi одан кейiн ұзақ уақыт жиiркенiш сезiмiнен арыла алмай жүресiң.

Әлден соң:

- Сiздерде Бодлердiң өлеңдер жинағы бар ма?- дедiм басымды көтерiп.

Кiтапханашы өзiнiң iшкi механизмiн iске қосқан роботша бiр сәт үнсiз тұрды да:

- Бар, бiрақ қолда,- дедi маған қарамай өз жұмысымен шұғылданып отырып. Содан кейiн әлдебiр карточкаларды аударыстырды да:

- Тапсыратын уақыты өтiп кетiптi,- дедi өзiмен өзi сөйлескен адамдай. - Кiтап 10 палатада.

Мен селк ете қалдым:

- Нешiншi? - дедiм кекештенiп.

- Оныншы,- дедi ол маған таңырқай қарап.

Әлдебiр үрейден демiм тарылып тұншыққандай болдым.

-Қалайша? - дедiм бiр заманда ештеңеге түсiне алмай.  - 10 плата - менiң палатам ғой. Мен ондай кiтапты алған да, көрген де емеспiн.

- Мiне,- дедi кiтапханашы карточканы көрсетiп өкпелегендей бiр үнмен. - Көрiңiз, сенбесеңiз.

Мен орнымнан түрып, кiтапханашының қасына барып, карточкаға үңiлетiн секiлдiмiн.  Бiрақ түк көрмеймiн. "Мүмкiн емес! Мүмкiн емес!"- дей беремiн бей-берекет күбiрлеп. Үлкен бiр қатердi сезiп тұрмын. Бiрақ оның не екенiн айыруға шамам жетпейдi.

- Сiзге не болды?- деген үрейлi дауысты естiдiм. - Бiр жерiңiз аурып тұр ма? Қазiр... дәрiгер шақыртайық. Отырыңыз... отырыңыз, қозғалмаңыз...

"Неге қозғалмауым керек?- деймiн iштей таң қалып.- Қозғалса, не болады?"

Төңiрегiме адамдар жиналғанын сеземiн. Әлден уақытта медбике келдi. "Басыңыз айнала ма? Жүрегiңiз шанша ма? " деген секiлдi сұрақтарды естимiн. Бәрiне "жоқ" деп жауап берудемiн. Ал шындығында қандай күйде тұрғанымды өзiм бiлмеймiн.

Медбике менi жетелiп палатама алып келiп, төсегiме жатқызды. Одан кейiн кезекшi  дәрiгер келдi. Менен не болғанын сұрады. Қайта-қайта кекештенiп, тұттығып, ауа жетпей демiгiп, болған оқиғаны   шатастырумен болдым.

- Мен ол кiтапты алған емеспiн,- деймiн ентiгiп. Сенбей қоя ма деп қорқып,- Тiптi көрген кiтабым емес,- деймiн кiтапты алмағанымды дәлелдесем, бәрi орынына келетiндей.

Дәрiгер менiң жағдайымды түсiнген секiлдi. Медбикеге әлдебiр тапсырмалар берiп кетiп қалды.

Дәрi iшiп, сәл-пәл тынығып, есiмдi жиғандай болсам да, бiр дiрiл бойымнан кетпей қойды. Тек кешкi астан кейiн укол алып, iле ес-түстен айрылғандай, түк сезбейтiн терең ұйқыға кеттiм.

17

22 көкек

Түс кезiнде бiр-ақ ояндым. Менi әдейi оятпаған секiлдi. Тамақты палатама әкеп тастапты. Қатты ұйқыдан есiмдi жия алмай, мең-зең болып жүрiп, жуынып, киiнiп, тамақтан ауыз тидiм. Кешегi оқиғалар есiме түстi.  Адам санасы ұқпайтын бiр беймәлiм құпия жағдайдың уысында отырғандаймын. Өзiмдi өзiм қанша сабырға шақырсам да, көңiлiм тыншымады.

Медбике менi дәрiгерге алып барды. Дәрiгер басқа шаруасының бәрi бiтiп, тек менiмен кездесудi ғана күтiп отырғандай, столында бостан-бос отыр екен. Мен келiп жайғасқаннан кейiн, саусақтарымен столды тықылдатып, тағы бiраз отырды. Ақыры:

- Мен сiзбен ашық сөйлескелi отырмын, егер сiз осы әңгiмеге дайын болсаңыз,- дедi жақын адамның қазасын естiрткелi отырғандай түнере сөйлеп.

- Дайын болу үшiн мен не iстеуiм керек,- дедiм айтқанына толық түсiнбей.

Ол менен мұндай сұрақ күтпеген адамдай төмен қарап ойланып, отырып қалды.   Әлден соң:

- Онда әңгiменi сiз бастаңыз,- дедi маған көзiлдiрiгiнiң үстiнен сүзiле қарап. - Маған қоятын қандай сұрағыңыз бар?

- Бар,- дедiм өз сөзiмнен өзiм үрейленгендей, ентiге сөйлеп.- Ауруханаға түскелi берi әлдекiмнен хат алып жүрмiн...- демiм бiтiп, сөзiмдi әрең аяқтадым.

- Асықпаңыз,- дедi ол маған әлдеқалай тұңғыш рет күлiмсiрей қарап.- Темекi шеккiңiз келмей ме?-  Алдындағы сигарет қорабын маған қарай жылжытты.

Мен басымды шайқадым.

- Жоқ рахмет. Темекi шекпеймiн. Айтайын дегенiм, хат иесiн қанша аңдысам да, таба алмай қойдым. Кейде, басынғаны сонша, хатын бөлмеме әкелiп тастайды. Бiрақ ең бастысы бұл емес, ең бастысы - ол  бүкiл денесiн жарылғыш заттармен орап алған террорист секiлдi ең қатерлi идеялармен қаруланған     кесапат адам. Ондай идеялар iндет секiлдi тез тарайды. Үйткенi адами жауапкершiлiктен гөрi хайуани еркiндiкке көбiрек негiзделген өмiр шарты қалың тобырдың сұранысына сәйкес келiп тұр.  Миллиондардың өмiрiн жалмайтын iндет те алдымен бiр адамның ауруынан басталады. Әзiрге бiр адамның басында жүрген мына идея ертең адамзаттың қасiретiне айналмасына ешкiм кепiл бола алмайды. Мен бұл адамммен қалайда кездесуiм керек едi. Оған қарсы қоятын менiң де дәлелдерiм жеткiлiктi. Бiрақ өзi   кездесуден жалтарып жүр. Ең сұмдығы, бiр хатында зұлымдық жыршысы атанған француз ақыны Бодлердiң өлеңдер жинағын оқып жатырмын деп жазған болатын... Кеше кiтапханаға барсам, кiтап 10 палатада дейдi. 10 палата - менiң палатам... Ол кiтапты мен алған емеспiн... Шынымды айтсам, ақыл-естен айрылудың аз-ақ алдында жүрмiн...- Тағы да жүрегiм көтерiлiп, демiм бiтiп, сөйлей алмай қалдым. - Әйтсе де,- дедiм әлден соң демiмдi басып,- басқа бiреудiң көмегiнсiз бiр адамның осынша ойына келгенiн iстеуi мүмкiн емес секiлдi. - Содан кейiн басымды көтерiп, дәрiгердiң жүзiне тура қарадым. -Айтыңызшы, ол кiсiнiң сiзбен байланысы бар ма?

Арамызда ауыр үнсiздiк орнады. Дәрiгер не айтарын бiлмегендей, саусағымен столды баяу тықылдатып, төмен қарап, ойланып отырды да, кенет:

-Бар,- дедi.

Орынымнан қалай атып тұрғанымды өзiм бiлмеймiн. Тiлiм байланғандай сөйлей алмаймын.  Бiрнеше сөз бiр бiрiмен қабаттасып, көмейiмде кептелiп қалған секiлдi.

Дәрiгер тағы да маған жылы жүзбен күлiмсiрей қарап, қолымен отыр дегендей ишара жасады. Мен екi көзiмдi дәрiгерден алмай, ақырын отыра бастадым.

- Мен сiздiң басыңыздан өткен жағдайдың бәрiн бiлемiн,- дедi ол айрықша сабырлы үнмен.- Ол жағдайды дұрыс түсiну үшiн сiз менi мұқият тыңдаңыз. Мен әңгiменi әрiден бастайын.

Адам псхикасы медицина әлемiндегi ең бiр күрделi, сыры терең, жұмбағы көп айрықша сала. Сол себептi бұл салада ғылымнан гөрi мистика басымырақ деуге болады. Мәселен, адам тұлғасының екiге бөлiнуi деген құбылыс бар. Мен өткенде де бiр рет сiзге шет жағасын айтқан болатынмын. Бұл әлi де толық ғылыми анықтамасын таба қоймаған нәрсе. Бiр адамның бойында кезектесiп бiр бiрiне ұқсамайтын екi тұлға пайда болады. - Дәрiгер түсiнiп отырсың ба дегендей маған қарап қояды.- Ал кейде екi тұлға кезектесiп ауысып отырады. Бұл ешқандай ертегi емес, психика әлемiнде кездесiп жүрген құбылыс. Мен сiзге әлдеқашан тарихқа енген белгiлi деректердi ғана айтайын. 1887 жылдың қаңтар айының аяқ кезiнде әлдебiр орта жастағы  ер адам Американың Норристаун деп аталатын шағын қаласына келедi. Өзiн Браун деп таныстырған бұл адам келе салып, кеңсе тауарларын сату iсiмен шұғылданады. Өз тамағын өзi iстеп, сатып алған магазинiнiң түпкi бөлмесiнде тұрып жатады. Шiркеуден қалмайды. Тауар әкелу үшiн бiрнеше рет Филадельфияға барып келген. Ақкөңiл, жайдары осы адаммен қала халқы тез табысып кетедi. Алайда наурыз айының 14-i күнi ол күтпеген мiнез көрсетедi. Көшедегi көрiнген адамға жалынып, қай қалада тұрғанын сұрап, өзiнiң мистер Браун емес, мистер Берн екенiн, ешқандай сатушы емес, Грин қаласының дiн уағыздаушысы екенiн айтып, елдi айран-асыр қылады. Ақыры Грин қаласынан әйелi келiп, 17 қаңтарда аяқ астынан жоғалып кеткен күйеуiн танып, алып кетедi. Бұл оқиғаның тағы да жалғасы бар. Бiрақ мәселе онда емес, мәселе адам бойында осындай беймәлiм құпия жағдайлардың болатындығында. - Дәрiгер  сигарет алып тұтатып, креслоға шалқайып отырды да, өзiнiң кез келген адамға айта бермейтiн маңызды пiкiрiн ортаға салғандай әр сөзiн ойлана сөйлеп, әңгiмесiн жалғады. -  Жалпы осы мәселенiң әлеуметтiк астары тым тереңде болуы мүмкiн. Үйткенi мұндай құбылыс медицинада негiзiнен паталогия саласына жатқанымен,  сау адамның жан дүниесiнде де осыған ұқсас жағдайлар аз емес. Өзiнiң табиғатына, мiнез-құлқына жат әрекет жасап, қателескен адам "менi шайтан түрттi" немесе "шайтан азғырды", "қара басты" деп өкiнер едi, ал бұл шын мәнiнде адам бойындағы екiншi қосарлас тұлғаның билiктi сенен уақытша тартып алуы. Ал, ашығын айтсақ, бiз бәрiмiз де екiге бөлiнген тұлғалармыз. Iшiмiзден "жоқ" деп отырып, сыртқа  "иә" деп келiсе салатын болсақ, жек көрiп отырып, жақсы көрем деуге үйренсек, өзiң сенбей отырған жалған iстi сыртқа шындық  ретiнде қолпаштап, қолдап отыратын болсақ, осының бәрi бәрiмiздiң қос тұлғаға айналғанымыздың белгiсi емей не? Немесе кiшiпейiл, iзеттi адамның не байығанда, не үлкен билiкке қол жеткiзгенде өркөкiрек, дөрекi мүлде басқа адамға айналуы және сол адамның өзiнен жоғары бастықтың алдында қайтадан кiшiпейiл, iзеттi адамға айналуы да әлгi айтылған құбылыстың бiр түрi. Мұны екi жүздiлiк дейсiз бе, әлде тұлғаның екiге бөлiнуi дейсiз бе - одан ештеңе өзгермейдi. - Дәрiгердiң жүзiнен әлдекiмге деген жек көрiнiш сезiмi байқалғандай болды. Кiржиiп отырып, темекiсiнiң күлiн түсiрдi де, кiммен сөйлесiп отырғаны есiне түскендей, маған қарап, әңгiмесiн жалғады. -  Лев Толстойдың "Тойдан кейiн " деп аталатын әйгiлi әңгiмесi есiңiзде шығар. Той үстiнде   бишiлiгiмен, бекзаттық қалпымен, зиялы мәдениетiмен көзге түскен егде полковник дәл сол күнi таң алдында қатыгез, найсап жендет күйiнде тағы да көзге түседi. Бiр адам iшiндегi екi адам дегенiң осы емес пе?

Мен шыдай алмай дәрiгердiң сөзiн бөлдiм:

-Жақсы, айтқаныңыздың бәрiмен келiсейiн. Бiрақ осының бәрiнiң мен қойған сұраққа қатысы қанша?

- Қатысы тiкелей,- дедi ол бұрынғыша бойын тiк ұстап, маған қадала қарап.- Мен адам бойындағы қостұлғалылықты бекер айтып отырған жоқпын. Сiзбен бiр айға жуық хат жазысқан бейтаныс адам ешқайдан келген жоқ, ол өзiңiздiң iшiңiзде.

- Не деп тұрсыз?- деймiн дәрiгердiң сөзiне толық түсiнбей.

- Сiз әр үш күн сайын, кейде төрт күн салып, тәңертең басқа бiр адам болып... яғни бейтаныс құрбы болып оянасыз. Құрбыңыз мына сiзге қарағанда ашық, жайдары, бейiмделгiштеу екен. Бұл жағдайды ол сiзден бұрын бiлдi. Сiзбен хат жазысып, танысу жөнiнде шешiм қабылдаған өзi. Бiз сiздi шошытып аламыз ба деп қорықтық. Сол себептi айта алмадық. Ендi шегiнетiн жер қалмады. Сондықтан сабыр сақтап, өзiңiздi ұстай бiлгенiңiз жөн. Алайда...

Жан дүниемдi қалтыратқан  үрей тасқыны тағы да басталды. Үлкен апаттың жақындап қалғанын сезiп, өзiмдi қанша жiгерлендiрмек болсам да, "осынау кесапат идеялар менiң өзiмнiң iшiмде екен ғой" деген ой  келгенде, одан әрiге шыдауға менiң сорлы жүйкем шыдамады. Есiмнен танғанымды есiмдi жиған кезде бiр-ақ бiлдiм. Қолқамды күйдiрген ащы иiстен басымды шайқап, қашқан боламын. Әлдекiм мүсәтiр спиртiн танауыма тықпалайды.

-Терезенi ашыңдар,- деп айғайлайды дәрiгер бiреулерге.  Өзi анда-санда шапалқапен бетiмнен ұрып қояды.

Ақыры есiмдi жидым. Менi медбике палатама әкеп салды. Бұдан кейiнгi оқиғалардың бәрi маған буалдыр түс секiлдi. Көп ұзамай дәрiгер келiп, оның мына жағдайды естiрту өзiне де қиын болғаны, бiрақ қатерлi сәттiң ендi артта екенi, өзiнiң гипноз терапиясын ойластырып жүргенi туралы айтқандарын мен басқа бiреуге айтылған әңгiмедей тыңдап отырдым. Тек   менiмен айтысып жүрген бейтаныстың мiндеттi түрде тәңертеңгi ұйқыдан оянған кезде ғана пайда болатын ерекшелiгiн    айтқан кезде үрей дауылы қайта көтерiлiп, тынысымды тарылтқандай болды.

- Ол ендi қашан пайда болады?- дедiм соңғы сөзге демiм әрең жетiп.

-Бүгiн төртiншi күн бе?- дедi дәрiгер төбеге қарап ойланып. Содан кейiн әлдеқайдан растаған хабар алғандай: - Онда ертең тәңертең...- дедi онсыз да белгiлi ғой дегендей соңғы сөзiн айтпастан маған қарап.

Мен шошынғандай әрi таңырқағандай "А-а" деген бiр дыбыс шығаруым керек едi, бiрақ қатты ентiккеннен демiм таусылып, үнiм шықпады.         Тәңертең мүлде басқа адам болып қалай оянатынымды ақылға сидыра алатын емеспiн.

Кешкi тамақтың бетiне қарауға зауқым болмады. Түннiң бiр уағында палатама аутетренинг жүргiзушi дәрiгер қыз келдi. Кезекшi екен. Басқа уақытта келсе, шын қуанған болар едiм. Бiрақ ондай қуанышқа менде қауқар қалмады.    Бiр байқағаным, ол бұрынғы мен көрген нәзiк, сезiмтал, қылықты қызға ұқсамайды, басқа бiр адам секiлдi. Өмiрдiң ыстық-суығын тегiс көрген егде әйелдей маған мүсiркей қарайды.

- Бiз бәрiмiз де бұл жағдайдан хабардар болатынбыз... Сiздiң жүйкеңiздi толық зерттеу үшiн дәрiгер есебiнде күнделiгiңiздi де оқуға тура келдi...- дейдi әлдебiр кiнәлi үнмен.

- Бәрi болғанда кiмдер?- деймiн, "бәрiмiз" деген сөзге толық түсiнбей.

- Осындағы бәрiмiз, бас дәрiгерден бастап. Медбикелер де бiледi...- Менiң жүзiмнен әлдебiр жайсыздау рең байқағандай,- ендi мұндай жағдайды бәрi бiлмеуі мүмкiн емес қой,- дедi ақтала сөйлеп.

Мен өзiмнiң тәжрибе жасалған көжек секiлдi осындағы көрiнгеннiң ермегiне айналғанымды сездiм.

- Сiздiң бойыңыздағы қасiрет, әрине, ауыр жағдай,- дедi ол қамыққандай   үнмен.- Бiрақ... мен өз басым сiздiң күнделiгiңiзбен танысқан кезiмдi өмiрiмдегi ең үлкен оқиғаның бiрi деп бiлемiн. Шынайы тазалық бұл өмiрде онсыз да құлағалы тұрғандай көрiнедi. Бәлкiм, оны құлатпай тұрған сiз секiлдi санаулы адамдар шығар, егер мүлде жалғыз қалмаған болсаңыз... Мен сiзге де, әулие қасиеттердiң бар екенiне де сенемiн. Тiптi әулиелiк аномалия-ақ болсын, бiрақ жер бетiнде миллиондардың iшiнен екi бас, бiр денелi кембағалдар да туып жатады ғой. Ең болмаса, сол табиғат заңына қайшы кембағалдар ғұрлы дүниеге келуге хақысы жоқ па?

Мен оның айтқан сөздерiне аса үлкен мән бере қойған жоқпын. Үйткенi ойыма онымен үнсiз сырласқан сәттер орала бердi.

- Маған қазiргi сiз емес, менi азапты ойлардан құтқармақ болған, менiмен үнсiз сырласқан Сiз ұнайсыз,- дедiм әңгiменi басқа арнаға бұрып.- Сiз қазiр тым ақылды, тым пысық, тым бiлiмдiсiз. Мен сiздерге зерттеу объектiсi ғанамын. Бәрiңiз де менi қорлап отырсыздар... Менiмен сырласқан Сiз жоқ...Сондықтан...

- Ол кiсi менiң жан сарайымда,- дедi ол көкiрек тұсын қолымен нұсқап.

Мен онымен өткендегiдей үнсiз сөйлескiм келiп, "Оны қашан көруге болады?" дегендi жанарыммен бiлдiрген болдым.

Ол менiң "сұрағыма" түсiнбедi.

"Мен оны сағынатын боламын,"- дедiм тағы да үнсiз.

Ол "естiмедi".

Мен торығып, жерге қарап, үнсiз қалдым.

- Бiз бәрiмiз де басқа адамға айналдық,- дедi ол бiр кезде  даусы қарлығып.- Сәбилiк перiште күйiн сақтап қалған ешкiм жоқ. Шайтанға жанын сатқан Фауст секiлдi өмiрдiң пендешiл қағидасына арын сатқан миллиондаған жандардың бiрiмiз. Рас,  әрегiдiк бiр кездегi кiршiксiз сәби көңiл шырылдап, бой көрсетедi. Оны тiптi сағынатын кездерiмiз бар. Бiрақ оған бұл дүниеде орын жоқ екенiн қынжыла отырып мойындауға тура келедi.

-Апыр-ау...

- Солай... әулием...- Оның қалтыраған үнiнен селк етiп, басымды көтергенде, көзiндегi жасты көрдiм.

- Апыр-ау...- Төңiрегiм бұлдырап көрiнбей кеттi.

Ол орынынан көтерiлiп, әрi-сәрi тұрды да, сөзiнiң соңын кейiн айтпақ болғандай, үн-түнсiз шығып кеттi.

Ол кетiсiмен ауыр минуттар басталды. Бөлме iшiнде сенделiп жүрмiн. Есiктiң қасындағы айнадан өзiмдi көрдiм. Көптен түрiмдi көрмеген екенiмiн, көзiм алды күлтiлдеп, қабағымның арасына тiк сызық әжiм түсiптi. Кенет әлдеқалай денем дiр ете қалды. Өз көзiме қадалып қараған сайын, аржағынан басқа бiреудi көретiн секiлдiмiн. Жүрегiм атқақтап айнаны аудара салдым. Шамды сөндiруге қорықтым. Сөндiрсем болды, бөлме iшiнде жүрген тағы бiреу "ендi менiң кезегiм келдi, орынды босат" дейтiн секiлдi.

Дәрiгердiң: "... тәңертең басқа адам болып оянасыз,"- деген даусы құлағыма естiлгендей болды. Менiң арым мен жанымды қорлаған зұлымдық ертең менiң бойымнан оянбақшы...

"Жоқ!- дедiм ышқынып.- Жоқ! Жоқ! Ешқашан да...Ешқашанда..."

Сәл тыныстап, ентiгiмдi бастым. Арқа ысатын жөке, орамал, сабынымды алып, коридор түпкiрiндегi ваннаға бардым. Түнге қарай ванна бос тұрады. Денемдi жөкемен ысқылап, жуынып, тәнiмдi тазарттым. Жуынып болған соң, ваннаны шайып, ыстығын басымдау қылып, су ағыздым.

Палатаға келiп, сақал алатын алмастың бiреуiн жалаңаштап, қасыма қойдым. Көңiлiмде өкiнiш те, ренiш те жоқ. Тек ойға алған мақсатты тезiрек орындасам деген жалғыз тiлек. Қазiр  ваннаға түсiп, бiлек тұстағы күре тамырды алмас жүзбен ақырын ғана қиып жiберемiн. Аржағы қиын шаруа емес. Су ыстығырақ болса, қиылған тамырдың ауырғаны аса қатты  сезiлмейдi. Бiрте-бiрте маужырап, бiрте-бiрте әлсiреп, жарық дүниеден алыстай бересiң. Тек қанды көрiп, жүрегiм көтерiлмес үшiн, көзiмдi жұмып алуым керек. Содан кейiн боқ дүниенi боққа былғай түспек болған кесапат бейтаныс, сен де қайтып оянбайтын мәңгi ұйқыға кетесiң... Амал жоқ,  сенiң арам өлiмiңе ортақ болдым. Тағдырдан ешкiм қашып құтылмайды...

 

"Ойым бар менiң,

Ойым бар менiң ерекше,

Жақсылық  жауып,

Дүниенi мынау сел етсе,

Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын

Көрге алып кетем керексе.

Адамның бүкiл айыбын

Арқалап алып,

Азабын өзiм көрер ем.

Жамандық басқан денемен

Жандырып жатқан,

Тоңдырып жатқан тамұққа

Жамандығыммен төнер ем.

 

Бүкiл дүние жамандықтарын

Артыңдар маған көтерем!

Қарызым болсын өтеген,

Жауыздық бiткен менiмен ғана бiрге өлсе,

Бүгiн-ақ өлiп кетер ем.

 

Армансыз барып,

Көрiмнiң аузын жапқасын,

Дүниедегi тiрiлер

Жамандық iздеп бақпасын!

Жауыздық жатқан,

Арамдық жатқан көрiмнiң

Қақпасын келiп қақпасын!"

***

Күнделiк осылай ақын М.Мақатаевтың ең ауыр өлеңдерiнiң бiрiмен аяқталады.

... Тазалықты тәңiрi тұтқан қорғансыз жанның одан арғы тағдыры маған беймәлiм. Ғайыптан-ғайып тiрi жүрген болса, бағы жансын, iзгiлiкке деген сенiмiнен айрыла көрмесiн. Адам баласының жетiм сәуледей сығырайған  үмiтiн жақсылықпен жалғап әуре болған әулие жан қайда жүрсе де  аман жүрсiн. Ал егер ол бұл дүниеде жоқ болса, онда... амал қанша,  иманы саламат болғай. Әумин!

Соңы

Астана, 2002 жыл.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512