Шәріпбек Әмірбек: Саяси рыноктың қалыптаспай отырған себебі – біздегі партия идеялары жұтаң
Шәріпбек Әмірбек, саяси ғылымдар кандидаты:
- Шәріпбек мырза, сіз әр кез «біздің елде саяси рынок толық қалыптасқан жоқ» деген пікірді жиі айтасыз. Саяси нарықтың қалыптасуының алғышарттары, негізгі тетіктері не болмақ?
- Саяси нарықтың қалыптаспай отыруының себептерін түсіндірместен бұрын мынаны айтып кетейін. Мысалы, нарықтық экономиканы қалыптастыру үшін тауарды өндіріп, базарға шығарып сататын заңды немесе жеке тұлғалар болуы керек. Олардың сұранысты қанағаттандыруы үшін не өндіргісі келеді, қалай сатады - оның бәрін өздері шешуі үшін жекеменшік институты енгізілді, қалай бірігеді, қайтіп бірігеді - ол кәсіпорындар туралы не басқа да заңдар арқылы реттелді. Яғни ойын ережелері белгіленіп, бәсекелестік дамып отыр. Осының бәрін футбол алаңы сияқты есептесек, экономикалық басымдыққа ұмтылған әр команда осы ойын ережесін пайдалана отырып жеңіске жетуі керек.
Саяси нарық та сол сияқты. Өз өнімін ұсынатын саяси партиялар құрылды. Олар Мәжіліске, әртүрлі деңгейдегі мәслихаттарға депутаттарын өткізе отырып, саяси шешім қабылдауға араласа алады. Бірақ саяси алаңға, өкінішке қарай, бір-ақ команда дайындықпен шықса, қалғандары көп дайындалмай-ақ шыға салады. Мақсат - тек қатысу.
Шәріпбек Әмірбек, саяси ғылымдар кандидаты:
- Шәріпбек мырза, сіз әр кез «біздің елде саяси рынок толық қалыптасқан жоқ» деген пікірді жиі айтасыз. Саяси нарықтың қалыптасуының алғышарттары, негізгі тетіктері не болмақ?
- Саяси нарықтың қалыптаспай отыруының себептерін түсіндірместен бұрын мынаны айтып кетейін. Мысалы, нарықтық экономиканы қалыптастыру үшін тауарды өндіріп, базарға шығарып сататын заңды немесе жеке тұлғалар болуы керек. Олардың сұранысты қанағаттандыруы үшін не өндіргісі келеді, қалай сатады - оның бәрін өздері шешуі үшін жекеменшік институты енгізілді, қалай бірігеді, қайтіп бірігеді - ол кәсіпорындар туралы не басқа да заңдар арқылы реттелді. Яғни ойын ережелері белгіленіп, бәсекелестік дамып отыр. Осының бәрін футбол алаңы сияқты есептесек, экономикалық басымдыққа ұмтылған әр команда осы ойын ережесін пайдалана отырып жеңіске жетуі керек.
Саяси нарық та сол сияқты. Өз өнімін ұсынатын саяси партиялар құрылды. Олар Мәжіліске, әртүрлі деңгейдегі мәслихаттарға депутаттарын өткізе отырып, саяси шешім қабылдауға араласа алады. Бірақ саяси алаңға, өкінішке қарай, бір-ақ команда дайындықпен шықса, қалғандары көп дайындалмай-ақ шыға салады. Мақсат - тек қатысу.
Саяси партиялар әлеуметтік мәселелерді қалай реттеу керек, саяси реформаны қалай жүргізу тиімді деген сұрақтарға жауап беретіндей идеялар туындатып, оны өздерінің өнімі жасай білуі қажет. Халықта олардың өнімдерін таңдау мүмкіндігі болған жағдайда ғана саяси рынок қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Ал бізде қалыптаспай отыр дейтін себебім, саяси партиялардың идеялары жұтаңдау. Басым көпшілігі әлі күнге дейін бүгінгі билікті сынауды үлкен жұмыс деп түсінеді. Сайлау кезіндегі бағдарламалары да өте қарапайым болды. Бұл дегеніңіз - идеяның дағдарысқа ұшырауының басты себебі. Қазіргі уақытта бізде биліктің тұжырымдамалары басым, ол мүмкін заңды да шығар. Дегенмен де қоғамның әр саласына қатысты әртүрлі идеялар болуы керек. Идеялар жұтаңдаған сайын біздегі саяси партиялардың белсенділігі, өзара бәсекелестігі өте төмен.
- Сіз айтып отырған шынайы бәсекелестікке мүмкіндік беріліп отыр деп айта аласыз ба?
- Осы мәселе жиі айтылады. Оппозиция өкілдері де «еш мүмкіншілік жоқ» деп байбалам салып жатады. Ешбір елде билікте отырған партия ешқашан да бәсекелестеріне «биліктің бір бұрышын сен ұста» деп айтпайды. Экономикада да солай. Бір компания екінші бір компанияға «сен мынадай тауар шығар, кіріс мол болады» деп айтпайды ғой. Саяси партиялардың шынайы бәсекелесе алмай отырғанына мынадай бір дәлел келтірейін. 2007 жылғы Парламент Мәжілісіне өткен сайлауда теледидар арқылы барлық саяси партияларға сюжеттерін көрсетуге мүмкіндік берілді. Сонда біздегі кейбір партиялар сол сюжетті түсіретін мәнді шара ұйымдастыра алмады. Мәселенің бәрі митингке тіреліп тұрған жоқ. Халықтың арасындағы өзекті болып отырған проблемаларды елеп-екшеп мағыналы да мәнді бағдарлама жасауға мүмкіндік болды.
Ал енді қысым мәселесіне келетін болсақ, оны жоқ десек те, өтірікші боламыз. Саяси сауаты төмендеу әкімшілік және құқық қорғау органдарының әпербақандау қызметкерлері, өкінішке қарай, жеткілікті. Олар шаш ал десең, терісімен бір-ақ сыпырады. Ол енді - біздегі саяси мәдениеттің төмендігінің нәтижесі. Бірақ дамыған елдердің өзінде саяси күрес өте күрделі жағдайда жүреді. Сондықтан бәрі заң шеңберінде болуы керек. Қазақстан Республикасының заңдары бар. Заң жүзінде күресу қажет. Мысалы, сайлаулардан кейін заңды бұзды деп біреуді сотқа беру бізде жоқтың қасы.
- Партиялардың идеялық дағдарысы қалай орын алып отыр, нақты себептері бар ма?
- Бар. Біріншіден, ізденіс жоқ, екіншіден, халықпен байланыс жоқ.
- Сіздің айтуыңызша, Қазақстандағы партиялар идеялық дағдарыста, сол себепті саяси нарық та қалыптаспаған. Ал партиялық жүйе туралы не айтасыз?
- Жалпы, посткеңестік елдердегі партиялық жүйелердің қалыптасуына бірнеше фактор әсер етті. Ең бастысы, қайта құру кезінде, 80-жылдардың соңында көптеген саяси партиялар клубтық негізде пайда болды. Яғни сол кездегі көптеген қоғамдық ұйымдар бастапқыда саяси пікірталас клубтар негізінде құрылып, кейіннен партияларға айналды.
Ал біздегі партиялардың бірден үлкен қолдауға ие бола алмай, ірі саяси күшке айналып кетпеуінің себебі - Қазақстанда ірі әлеуметтік-саяси қозғалыстар болған жоқ. Сол кездегі көпшіліктің қолдауына ие болған қозғалыстардың ең беделділері «Невада-Семей» саяси емес, экологиялық сипатта болса, «Азаттың» мақсаты тәуелсіздік болғандықтан, КСРО ыдырағаннан кейін оның да ықпалы азая бастады. Ал енді КСРО-ның басқа республикаларында, әсіресе Балтық жағалауы елдерінде билікке келген партиялардың көпшілігі әлеуметтік-саяси қозғалыстардың негізінде құрылды.
Екіншіден, бізде нарықтық жағдайға байланысты әлеуметтік жіктеліс күшейгенімен, әлі күнге дейін әлеуметтік топтардың идеологиясы қалыптасқан жоқ. Оны саяси партиялар қалыптастыруы керек. Олар қалыптастыра алмағандықтан, өздеріне әлеуметтік тірек таба алмай отыр. Мысалы, Англиядағы лейбористер, Германияның социал-демократиялық партиясы жұмысшы қозғалысының негізінде пайда болғандықтан, әлі күнге солардың мүддесін көздеп, солардың көмегіне сүйенеді.
Үшіншіден, басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда әлеуметтік-саяси қозғалыстардың кең қанат жаймай қалуы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қоғамдық ұйымдарға қысым жасалуына байланысты. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономика бірінші орынға шығып кетті де, саяси мәселелермен айналысуға ешкім құлықты бола қойған жоқ. Соның салдарынан бізде әлеуметтік мақсаттары әлі де айқын емес партиялар бар. Мысалы, Ресейде кешегі кеңестік кезеңдегі әлеуметтік теңдікті, нарықтық қатынастардың кері әсерін дәлелдеуді мақсат еткен ұлтшыл-патриоттар қозғалысы бар. Сол идеяны насихаттайтын ұсақ ұйымдар да бар. Ал олардың арасынан лидер болып ашық саясатқа шығып отырған - коммунистік партия. Дәл сол сияқты либералды құндылықтарды көксейтін көптеген әлеуметтік топтар қалыптасқан. Ал олардың мүддесін қорғап отырған бірнеше партия бар. Сондықтан Ресейде бірнеше көзқарастағы топтардың мүддесін қорғайтын партиялар лайықты бәсекелестікке ұмтылып отыр. Сонымен қатар партияның әлеуметтік базасы болуға тиіс жұмысшы күштері тәуелсіздіктің алғашқы жылдары селдіреп қалды. Зауыттар, кәсіпорындар өз қызметтерін тоқтатқаннан кейін онда істеген орыстардың көбі Ресейге қоныс аударды.
Төртіншіден, біздегі саяси күштердің ресейлік партиялардың деңгейіне көтеріле алмауына 90-жылдардағы әкімшілік бизнестің өркендеп кетуі де өз зиянын тигізбей қоймады. Ал ол өз кезегінде нарыққа бейімделген либералды топтардың қалыптасуын тежеп отыр.
Ғылымда «алмасу» деген ұғым бар. Яғни партиялар идеяны өнім ретінде ұсына алуы керек, оның қайтарымы ретінде электораттың дауысын алады. Ал бізде идея жоқ, тиісінше науқан кезінде партияларға дауыстар да аз беріледі. Саяси ғылымдағы агрегация деген атымен жоқ. Яғни белгілі бір дәрежеде халықтың мұң-мұқтажын жинақтап, саяси бағдарламаға айналдыру жұмысы да нашар. Сондықтан да алыс аудандар мен ауыл халқының арасында қазіргі партиялардың кейбірінің халыққа аса танымал емес екенін сауалнамалар нәтижесінен де байқауға болады. Менің ойымша, осындай жағдайлар Қазақстандағы саяси нарықтың қалыптаспауының басты себептері сияқты.
- Ендеше, бізде азаматтық қоғамның да қалыптаспағаны ғой...
- Солай десек, қателеспейтін шығармыз. Себебі азаматтық қоғам институттарының ең бір қарапайым түрі - өз мәселелерін өздері шешуге ұмтылған азаматтардың бірлестіктерін алайық. Біздің қоғамда азаматтардың өз құқықтарын қорғау үшін талап етушілік қасиет жоқ. Бұған, әрине, кеңестік психологияның әсері болуы мүмкін. Себебі ол кезде барлық жұмысты азаматтар өз бастамаларымен емес, жоғарыдан келген тапсырмалармен жүзеге асырып отырды. Сол патерналистік психология бізде басым. Сонымен бірге біздің ұлттық менталитетімізде, яғни құндылықтар жүйесінде де кемшіліктер бар. Мысалы, жапондарда да біздегі сияқты үлкендерді сыйлау түсінігі қалыптасқан. Бірақ оларда үлкенді сыйлаудың міндеттемелері бар. Үлкен адам өзін сыйлағандарға жағдай жасауы керек. Ал бізде сәл басқаша, тек қана сыйлауың керек, болды. Осындай жүйесіздіктің орнын толтыруға зиялы қауым міндетті болуы керек. Ал бізде, өкінішке қарай, зиялылар өз функциясын толық орындай алмай отыр. Кейінгі уақытта бізде қоғамдық ұйымдар құрылып, жоғарыға талап қоюға ұмтылып жүр. Мұндай ұйымдар мен қозғалыстардың көп болуы және олардың белсенді қимылдары азаматтық қоғамның алғышарттарын жасау үстінде. Сондықтан Қазақстанда азаматтық қоғам мүлде жоқ емес, дегенмен қалыптасып келеді деп айтуға болады.
- Кезінде өзіңіз де қызмет еткен «Нұр Отан» партиясының ХІІ съезі өтті. Билік партиясы қоғамдық пікірді ескеріп, өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығара алды ма, әлде науқаншылдыққа ұласып кетті ме?
- Билік партиясының бұл съезін мерейтойлық басқосу деп айтуға болады. Бұл жерде екі мәселені айта кету керек. Біріншіден, съезд «Нұр Отанның» халықаралық имиджін көтеруге бағытталды. Себебі бұрын-соңды партиялық съездерге биылғыдай шетелдік делегациялар қатысқан жоқ. Екіншіден, ауқымды жиында күн тәртібіндегі ең бір өзекті мәселе - экономикалық дағдарыс туралы ашық айтылды. Президент өз баяндамасында бюджеттен бөлінген қаржының нақты сомасы мен дағдарыстан шығудың жолдарының астын сызып айтып өтті. Меніңше, мәселе - айтылуда емес, сол бағдарламалардың қаншалықты жүзеге асуында. Жақында ақпараттық топтың құрамында елді аралап қайттық. Сонда байқағаным, Үкіметтің «Жол картасы» бағдарламасы бойынша әрбір ауданға, ауылға қанша қаржы бөлінді, ол не мақсатқа жұмсалады - осының бәрі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Үкімет бөлінген қаржының талан-таражға түспеуін қадағалап-ақ жатыр. Бірақ қазынаға қол сұғып үйреніп қалғандардың ауруы қалса, әдеті қалмайтыны белгілі. Ауылға, ауданға бөлінген қаржының жұмсалуын қадағалайтын жергілікті жерлерде азаматтық ұйымдар жоқ. Бізде «бұл қаржы біз төлейтін салықтан жиналып отыр» деген ой қалыптаспай отыр. Қайталап айтайын, азаматтық қоғамның әлсіздігі осы жерде анық аңғарылады.
- Сыртқы саясат тақырыбына ойыссақ. Биылғы жылдың басында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің арасында әскери салада болған өзара келісім қажеттіліктен болды ма, әлде Ресейдің ықпал ету аймағын сақтап қалуға жасалған тың бастамасы ма?
- Аталған келісім бойынша, ұйымға мүше мемлекеттер ортақ ұжымдық күш құруға шешім қабылдады. Бұл ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігіне қауіп төнген жағдайда әскердің жылдам қимылдауына, тез шоғырлануына тиімді деп жарияланды. Бұл келісімнің астарында терең мән жатыр. Себебі қазіргі кездегі экономикалық, қаржылық тұрақсыздық көптеген елдердің саяси тұрақсыздығына әкелуі мүмкін. Тіпті кейбір елдерде азаматтық соғыстың оты тұтанып кету қауіптері де жоқ емес. Сонымен қатар ұжымдық қауіпсіздіктің негізі ретінде Ресейдің сыртқы саяси бағдарын да анық көреміз.
Посткеңестік елдерде осыдан бес-алты жыл бұрын болған түрлі-түсті төңкерістер кезінде Ресей Украинаға, Гүржістанға ықпалын жоғалтып алды. КСРО ыдырағаннан кейін Ельциннің билікке келуіне қолдау көрсеткен АҚШ Ресейдің аймақтағы елдерге ықпал етуін қолдаған болатын. Бірақ 1993 жылғы Парламентті атқылағаннан кейін және ішкі саяси мәселелерді шеше алмауына байланысты Ресейдің көршілеріне ықпалы азая бастады. 1994 жылы АҚШ-тың белгілі саясаттанушысы Збигнев Бжезинскийдің посткеңестік кеңістіктегі плюрализмді сақтау деген идеясы шықты. Бұл жердегі плюрализмнің мағынасы аймақтағы басқа мемлекеттер Ресейсіз де дербес дамуға мүмкіндігі мол дегенге саяды. Сол идеяның жүзеге асуынан қазір Гүржістан, Украинамен қатар, Әзірбайжан да біршама дербес қимылдай бастады. Ал біздегі жағдай сәл басқаша, Ресеймен әсіресе қорғаныс саласында есептесуіміз керек. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жарғысында мынадай бір бап бар. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басқа бір әскери одақтардың құрамына енуіне тыйым салынады. Осыдан-ақ Ресейдің аймақтағы әскери ықпалының деңгейін анықтай беруге болады. Соған қарамастан, Қазақстан сыртқы саясатта көпвекторлы саясатын тиімді жүргізіп отыр.
- Келесі жылы еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеді. Былайша айтқанда, әділқазының функциясын атқарып, барды - бар, жоқты жоқ деп айтуға тура келеді. Бұл жерде көпвекторлы ұстаным мүдделері қайшыласқан алпауыттардың біріне жағамын деп бірінің көңілін қалдырып алмай ма?
- Халықаралық қоғамдастықта толық тәуелсіз саясат ұстану - мүмкін емес нәрсе. Осындай бір-бірімен есептесуді ғаламдану деп отырмыз ғой. Міне, осындай жағдайда Қазақстанның ұстанып отырған көпвекторлы саясатын жүйелі жүргізудің өзі оңай шаруа емес. Себебі біздің өзіміздің ұлттық мүддеміз бар. Кей мәселеде Қытаймен, Ресеймен, не болмаса Батыс әлемі елдерімен мүддеміз көп жағдайда сәйкес келе бермейді. Қысымдар да болады. Көпвекторлы саясат барлық уақытта көрші мемлекеттердің айтқанын істей беру деген сөз емес. Егер жантайғанға жастық бола берсек, онда біздің тәуелсіздігіміздің құны көк тиын болып қалмай ма? Осындай қиындықтарға қарамастан, Қазақстан үлкен дипломатиялық ептілікпен келе жатыр. Яғни көпвекторлы саясат арқылы ортақ пікір қалыптастыратындай тәжірибе жинақтадық. Сондықтан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенде, бұл жағынан қиындық туады деп ойламаймын. Біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміздің үлкен пайдасы бар. Біріншіден, біз халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істеуді үйреніп, тәжірибе жинаймыз. Екіншіден, Қазақстанның халықаралық беделі өсе түсетіні даусыз.
- Әңгімеңізге рақмет!
Жарқын Түсіпбекұлы
«Алаш айнасы» газеті 23 маусым 2009 жыл