Абай мұраларының электронды кітапханасы туралы...
«Шын хакім сөзің асыл-баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес»
Мағжан Жұмабаев
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған Абай үнінің аспан-көкке асып кеткеніне ғасырдан аса уақыт болды. Мағжан Жұмабаев өнер-білім кілтін тапқандар жөнінде «Басқа жұрт аспан көкке асып жатыр, Кілтін өнер-білім ашып жатыр» десе, ұстаз Ыбырай Алтынсарин кезінде: өнер-білім бар жұрттар, айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызатын еді, деген болатын. Бүгінде өнер-білім кілті – білімді игеріп, ғылымдағы жаңалыққа ілесіп, қолдана білгендердің уысында тұр. Қазіргі таңда Google секундына 40 000-нан артық, тәулігіне 3,5 милиард мәлімет іздеу сұранысына сәтінде, тез жауап беріп, ақпарат алуды барынша жылдамдата түсті. Бізді қоршаған әлем барған сайын аса үлкен жылдамдықпен сандық ақпарат айналымына қосылып, нәтижесінде технология адамға қалаған мәлімет пен ақпаратты өте жылдам ұсына алатын қабілетке ие болды.
Техникалық құралдар мен ғылыми әдістер білім алуда адамның көз-құлағы болуымен ғана емес, ғылымды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беруімен құнды. Қазіргі кезде отандық, әлемдік деңгейде интернет-арналар, веб сайттар, э-кітапханалар, ғылыми орталықтар, дерекқор жүйелері әлемдегі Абай Білімі библиографиялық ағынын қамтып, оларға еркін қол жеткізу қызметін ұсына алады.(таблица-4,5,6). Технологияның дайындап ұсынып отырған осындай мүмкіндіктерін пайдаланып, ғаламтор дерекқорларындағы Абай мұрасына қатысты библиографиясының анықталуы, реттеп жинастырылуы, топтастырылып жүйеленуінің Абай білімін жаңа деңгейге шығаруға септігі тиері сөзсіз. Хакім Абай «Әрбір жақсы нәрсенің өлшемі бар» – деп 43-қарасөзінде айтқанындай, осы бағытта барымызды түгендеп, жоғымызды анықтап алудың тек жақсы іс қана емес, ғылым үшін өте пайдалы зерттеу болатынына нық сеніммен, библиометрия әдісін қолданып, ғаламтор дерекқорлары еркін ұсынатын (open access) Абай білімі ғылыми библиографиясына сандық талдау жасалды. (таблица-1;2;3;4). Ғаламтор дерекқорларындағы ғылыми Абай білімі библиографиясының мета анализін жасаудағы мақсатымыз - Абай мұрасын жаңа деңгейге шығару. Кез-келген ғылым адамзат жинақтаған білім қорының білінуі, анықталуы, реттелуі, жүйеленуі арқылы жасалады. Абай 37-қарасөзінде «істің басы реттілік», «егер ісім өнсін десең, ретін тап» деген кеңесінің даналығына көз жеткізіп, іске асырудың уақыты келді. Абай білімі библиографиясы библиометриясы Абайтану ғылымында алғаш рет дайындалып отыр. Зерттеуіміздің ерекшелігі мәліметтер еркін ұсынатын (open access) ғаламтор дерекқорларынан алынды. Кітап түріндегі ғылыми зерттеу 1935-жылдан басталады, әртүрлі баспасөз беттеріндегі материалдар Казполиграфтрест «Әдебиет және исскуства» басылымындағы 1940 жылғы мақаладан басталады. Осы жылдардан бұрынғы Абайтану ғылымы библиографиясы жайлы мәліметтер ғаламтор дерекқорларында 18.02.2020-28.02.2020 уақыт аралығында іздеу нәтижесінде көрінбегендіктен, жұмысымызда қамтылмады. Бұл мәліметтерді Зерттеуімізде анықталған 1940-2011 жылдар арасында шыққан Абай мұрасына қатысты 24-библиографиялық еңбектерден толықтыруға болады. (5)
Абай дүниетанымы – көзқарасының қасаң қалыпқа салынып, өңдеуге түскен қиын кезеңінде академик-жазушы Әуезовтың өзі «Абай дәриясынан қасықтап қана алуға» мәжбүр болған күрделі қиын тарихы, жалаң көзбен алынбайтын көкжиегі бар. Мұхтар Әуезов, Құдайберген Жұбанов, Қайым Мұхаметханов бастарын қатерге тіге жүріп Абайтану ғылымының негізін қалыптастырды. Абайтанудың соңғы жарты ғасырдан астам уақытында ғұлама ғалым М.Мырзахметұлы Абай білімінің төрт құбыласын түгендеді. Зерттеу жұмысымызда қамтылған 895 еңбек (таблица-2) пен 2031 мақала бұған - куә. (таблица-4). Электронды кітапхана каталогы библиографиясы бойынша Абай өлеңдері мен шығармалары 1909-2020 жылдар аралығында әртүрлі баспада 189 рет кітап болып басылған; «Абай жолы» романы 1942-2019 жылдар аралығында барлығы әртүрлі баспада 84 рет шыққан, Абай білімі ғылыми зерттеулері 1935-2020 аралығында барлығы 494 кітап; оның ішінде 1935-2020 жылдарды қамтитын толық Абай зерттеуіне арналған 294 кітап, 1948-2020 жылдар аралығында 167 рет Абай зерттеулері кітап бөлімі ішінде; 1940-2018 жылдар аралығында 29 оқулық; 1940-2011 жылдар арасы Абайтану библиографиясы 24; 1950-2019 жылдарда қорғалған диссертация авторефераттары саны 45; басқа өнер салалары бойынша жасалған изоматериал, музыка, нота, альбом түріндегі өнер туындылары 46; Қазақстандағы кітапханалардың онлайн-каталогындағы әртүрлі баспасөзде жарияланған мақалалар саны 1940-2020 жылдар аралығында 330; әртүрлі конференцияларда Абай тақырыбына ұсынылған мақала 1995-2020 жылдар арасы 48; 1994-2013 жылдар арасы CD-диск түріндегі материалдар 17. Мәліметтерді еркін ұсынатын (open access) 27-ғаламтор дерекқорларындағы Абай біліміне арналған барлығы 895 еңбек, 2031 мақала зерттеуімізде қамтылды. (таблица-1). Анықталған, реттелген, жүйеленіп топтастырылған библиография көрсеткіштері таблицалар мен графиктер арқылы ұсынылды. Зерттеуіміздің толық мәтіні, Абай білімі библиографиясының толық көрсеткіші «Хакім Абай» ғылыми зерттеу орталығында кітап түрінде дайындалуда.
Абай Білімі библиографиясы aбай, Aбай Құнанбаев. Абай Кунанбаев, Абайтану, abai, abay, qunanbayev, kunanbayev, kounanbaiouly. abay kazakh poet, abai poetry, kazak şair, kazak şiirleri (таблица-6,7) тірек сөздері арқылы қазақ, орыс, ағылшын, түркі тілдеріндегі ғаламтор дерекқорларынан анықталды. Зерттеуімізде қолданылған «дерекқор» сөзі «datebase», «еркін ұсынатын» тіркесі «open access» терминдерін білдіреді. Ізделген библиографиядағы тірек сөздердің болмауы, мақала атауының «зерек ойдың зердесі» «даналар данасы» секілді бейнелі, образды сөздермен аталуы себепті іздеу форматына ілікпеуі, ғылыми мақаланың біз қарастырған 27 онлайн-дерекқорда болмауы немесе басқа да себептерге байланысты, әлбетте, біз көре алмаған, зерттеуімізде қамтылмай қалған, Абай Біліміне қатысты зерттеу еңбектері де бар.
Қазір ғаламторда әр минутта 103.447.520 электрондық почта жіберілетінін [8] ескерсек, үнемі қозғалыста болатын ақпарат ағынына ілесудің өзі оңайға соқпайды. Аспан-көкке асқан Абай білімі ғаламтордан іздеуіміздің нәтижесі бізге сан мыңдаған көрсеткіш ұсынды. (таблица-6,7) Зерттеу барысында алынған мәліметтер легінен іздеген дүниемізге қатысты және дұрыс ақпаратты ажыратып алудың жауапты іс екенін іс жүзінде ұқтық. Іздеген білімімізге қол жеткізудің соншалықты оңай және тез бола қалмайтынын, технологияның тек жылдам хабар алу мүмкіндігінің жеткіліксіздігін, сонымен қатар басқа да бірқатар жүйелі жұмыс жасауды талап ететінін нақты сезіндік.
Білім мен мәдениет жоғары деңгейде дамыған елдерде білімге еркін және жылдам қол жеткізу мүмкіндігі беретін дерекқор жүйелерін құру арқылы сапалы шешімін тапқан. Бүгінгі таңда дөңгеленген жер шарындағы білім дүниесінің бір бөлшегі болу осыны талап етіп отыр. Біздегі Абай вебсайтары да білімге еркін және жылдам қол жеткізу мүмкіндігін ұсыну бағытына қарай ауысса, әлемдік онлайн-дерекқорлар жүйесі деңгейіне көтерілсе, Абай білімін әлемдік тұрғыда жаңа деңгейге шығаруға орасан зор үлес қосары сөзсіз. Әзірге Абай сайттары әлемдік дерекқор (datebase) жүйелерінен көрінбесе де, елімізде Абай білімі жөнінде өте бай, кең мазмұнды қамтыған сайтар жасалған. Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия – «Абай әлемі» 883 көрсеткіштің ішінде кітап және мақалалардың толық мәтінін еркін ұсынып, көз тартарлық көркем интерфейсімен Абай әлеміне бірден еніп кетуіңе жағдай жасап қойған, іздегеніңді табатын барлық жағынан керемет сайт.
Қазіргі кезде WoS. Researchgate секілді білім дереккөздерін қолданбайтындар, өз саласының негізгі библиографиясын құра алмағандар білім жаңалығына ілесе алмайды. Әлемнің бір жерінде жарияланған жаңашыл ғылыми зерттеу жұмысы диссертация, мақала, кітап, зерттеу еңбегімен таныс емес зерттеушінің әлемдік ғылыми бәсекелестік деңгейіне көтеріле алмайтыны сөзсіз. Елде жасалған зерттеу жұмыстары, қорғалған пікірлер, ашылған жаңалықтар басқа жерде ешқандай әсер тудырмаса, ешкімге керегі болмаса, шет тілдеріне аударылып, танылмаса әлемдік ғылыми ортаның сыртында қалып қоятыны белгілі. Қоғамның мәдени экономикалық, ағымдағы және болашақ қажеттіліктеріне жауап бере алмаған білім ескіріп қалады. Білім қолданылмай, өмірден алыстатылып, мұрағаттар мен кітапхана сөрелерінде тұрып қалса, өміршең бола алмайды. Зертеу жұмысының барысында қол жеткізген қорытынды көрсеткіштерде анықталғанындай, Абай мұрасы оның зерттелуіне арналған Қазақстандық дерекқорларында 1419 мақала жазылған десек те, әріде әлемдік әдебиет басылымдарында, беріде туркологиялық басылымдарда жарияланған ғылыми мақалалар саны аз. 26.03. 2020 жылдың 2 наурыз күнгі Web of Science Thomson Reuters ғылыми индекс және онлайн дерекқорында Абай білімі жайлы 4 ғылыми мақала, 2020 жылдың 28 наурыз күнгі Researchgate.net мақалалар онлайн-дерекқорынан әр жылдардағы 29 ғылыми мақала көре алдық. (таблица-1)
Ұрпағына өлмейтұғын мұра қалдырған, бүгінде үні аспан көкке асқан Абай біліміне арналған 494 зерттеу еңбек, 2031 мақала (таблица-4) библиографиясымен танысқанымызда, барлығының дерлік мақсатының Абай мұрасының маңыздылығын көрсету, келер ұрпақ пайдаланатын рухани қазына екенін теориялық тұрғыдан дәлелдеу үшін жазылғанын көрдік. Олай болса, Абай тұлғасын таныту, оның мұрасын жас ұрпаққа үйрету нақты өмір-тәжірибеде жүзеге асырылуы тиіс игі істердің басында тұруы керек деп ойлаймыз. Кез-келген білімнің негізі бастауыш сыныптан қаланатыны белгілі. Абай білімінің өмірлік-тәжірибеде іске асуының хал-қадірін білу мақсатында орта мектепте бастауыш сынып, бірден төртке дейінгі қазақ тілі және әдебиеттік оқулықтарға көз жүгірткенде, тек бір жерде ғана мынадай мазмұнда екі сөйлем кездестірдік: «..орыс тілін жетік меңгеріп, орыс тілінде жазылған әдеби шығармаларды көп оқыды. Орыс және батыс ақындарының шығармаларын қазақ тіліне асқан шеберлікпен аударды. (Әдебиеттік оқу, 3-сынып, 1-бөлім, 13- бет, Қабатай Б.Т., 2018, «Атамұра». Осы орайда, бастауыш сынып қазақ тілі мен әдебиеттік оқу кітаптарында Абай жайлы кең көлемді түсінік беріп, таныстырылуы керек деп ойлаймыз. Біз зерттеп, жазып жатқан еңбек болашақта жасалатын Абай білімінің бағыт– бағдарын белгілеуге үлес қосатын, болашақ зерттеушілер мен Абай мұрасы қызығушылары жүгінетін библиографиялық әдебиет болады деп үміттенеміз.
Жабал Шойынбет,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «Хакім Абай» ғылыми зерттеу орталығының директоры.
Мухияева Гүлбану,
аудармашы, магистр.
Abai.kz