Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Жаңалықтар 2439 0 пікір 21 Қазан, 2011 сағат 05:37

Сағат Жүсіп. 20 жыл толған тәуелсіздіктің неге қадірі жоқ?

Алаштың азаттығы кімге керек? Қазаққа ма? Қазаққа болса, оның айтулы тұлғалары биылғы 20 жылдықты неге шырқырай шырқамайды? Ал, 20 жыл ішінде жиған-тергенімізді қолына өткізген капиталистеріміз ше? Олар неге елдің еңсесін көтеріп, егемен екенімізді елейтін жеке жобаларын ұсынбайды? Билік ше?Олар неге қазақтың есебінен божы ұстап, оның мерекесін жетім қыздың тойындай етуге құмар? Ал, азаттыққа жаны мен терін де, қанын да бергендер қайда? Олар неге осындай айтулы мезетте төрге бір шығарылып, елдің елдігін арттыратын үлгі ретінде халықтың назарына ұсынылып, ардағына айналмайды? Әлде бұл тәуелсіздіктің құны жоқ па? Әлде ол тек қана бір кісінің не бір топтың ғана жасақтаған құндылығы ма? Онда несіне елміз? Осы жайларды шағын ғана мақаласымен аңғартқан азаткер Сағат ЖҮСІП ағамыз жан дауысын шығара ортаға салып отыр.Ол - азаттық үшін аттан түспей келе жатқан ел ағасы. Кешегі алашордашылардың тұяғы, ізбасары, ісі мен ойын жалғастырушылар сапындағы арда азамат. Жұртына жағымды, халқына қалаулы, еліне елеулі. Бірақ өзі үлес қосқан мемлекеттің мерейінен тыс қалғысы жоқ жүздеген азаматтардың ойын айтып отыр.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында қазақ билігі тағы бір қиналысқа тап болып отыр. Ол қиналыс  -  қадірі түскен «тәуелсіздік үшін күрестік» деген сөздің абыройын көтеру мәселесі.

Әрине, билікке «өткен ғасырдың 80-90-ы жылдары тәуелсіздік үшін ешқандай күрес болған жоқ, тәуелсіздік Қазақстанға «көшкен жұрттың орнында қалғандай» болып келді» деген жөн болар еді, шындыққа да қиянат болмас еді. Бірақ, олай деу, біріншіден саяси қате, ыңғайсыз ұят та емес пе. Ең бастысы - жыл сайынғы мерейтойлар, медаль, ордендер, атақтар берілмей қалады ғой?!

«Қазақ халқы еркіндік жолында 300-ге жуық көтеріліс жасады, ол 1991 жылға дейін ұласты» деген сөз қолданылып келеді, расында солай. Бірақ, олай дейтін болса 90-ы жылдардағы «Азат» қозғалысының, «Алаш» партиясының, «Қазақ тілі» қоғамының (үкімет ұйымдастырмаған бөлігі) белсенділері жайлы айтуға тура келетіндігі қиналтады. «Азатты» айтса,  өлген М.Есенәлиев, С.Ақатай, Б.Дәрімбеттен бастап тірі жүрген Ж.Қуанышәлі, А.Қадырбаеваларды айтуға міндетті болады. «Алашты» айтса дәлелденбеген айыппен 18 жылға сотталған Арон Атабек ауызға түседі, қосымша сұрақтар көбейіп кетеді.

«Қиналған Жамбыл жері осы». Әйтеуір, азды-көпті «Желтоқсан» мүшелерін тізімге алып жатқанының өзі көңілге медеу. Желтоқсандықтардың бір тәуір жері  -  саяси іс-қимылдардан аулақтығы. Билік азаттықтарды да бастарынан сипап, бауырына тартқысы келеді. Әттеген-ай, іштерінде билікке қарсы бұзықтары бәрін бүлдіріп жүр.

Тағы бір жәйтті айтпай кетуге болмас. 1991 жылғы ел тәуелсіздігіне қарсы жүргізілген науқан болды. 1991 жылғы 17 наурыздағы «Жаңарған одақ қажет пе, жоқ па» деген референдумға ресми дерек бойынша сайлау тізіміне енген 10 миллионға жуық халықтың 88,2 пайызы қатысып, олардың 94,1 пайызы «иа» деп, 5 пайызы «жоқ» деген, 0,2 пайыз бюллетень жарамсыз деп танылған.

Міне, енді қызық жағдай болып отыр. Халқының 94 пайызы қолдамаған тәуелсіздіктің 20 жылдығын қандай бетімізбен, ұялмай-қызармай тойлайын деп отырмыз?!

Осы тұжырымнан еш күмәнсіз туындайтын мына тұжырымды жасамақпын: Қазіргі 20 жылдыққа дайындалып жатқан арнайы медаль, орден, марапат қағаз, сый-сыяпаттардың тәуелсіздікке қарсы болғандар, яғни сол кездегі және қазіргі қазақ еліне, тіліне, ұлттық құндылықтарына, кешегі 138-ң Үндеуіне қарсылар үшін жасалынып жатқандығы.

Енді бұл мақаладағы алдыма қойған басты мақсатыма келейін. Мақсатым  -  1990-1995 жылдары өзім төрағаларының бірі болған,  билікке жеккөрінішті болып келе жатқан Қызылорда облыстық «Азат» қозғалысының жүздеген мүшелері мен қолдаушыларына және еліміздің барлық азаттықтарына 20 жылдық тұсында арнайы  құттықтау арнау:

- Құрметті өткен ғасырдың 90-ы жылдарының  азаттықтары, отбасы мүшелері! Сіздер, жыл сайын болмаса да, осындай дөңгелек атауға сай келетін тәуелсіздік  жылдарында ішкі ойларыңның түкпірінде тығылып жатқан сезімдеріңмен туған еліңнен, оның басшыларынан, үкіметінен кішкентай болса да жылы сөз, алғыс, ризашылық күтіп келесіздер. Оның еш айыбы жоқ, сіздер соған лайықсыздар. Бірақ, ол үміттеріңіз биыл да, тәуелсіздіктің 20-ы  жылында да орындалмайтын сыңайда.

Осы орайда Сіздерге, тоқсаныншы жылдардың басында еліміздің ішкі және сыртқы саясатын, оның болашағын анықтауға «Азат» қозғалысы арқылы араласқандарға, Қазақстанның  тәуелсіз мемлекет болуын атой салып ашық айтқан, өз іс-әрекеттерімен тәуелсіз ой-пікірдің қозғаушысы болғандарға, Қазақстанның егеменді ел ғана емес, ұлттық мемлекет құру қажет екендігін айтқандарға ерекше алғысымды, ризашылығымды білдіремін. Осы күндерге жете алмаған облыстық «Азаттың» ардагерлері  -  облыстық мәслихаттың депутаттары Мамай Рахашұлы мен Аманғос Есмұрзаевқа, Әлібек Баубекұлы, Айдар Қуанышбаев, Есіркеп Бейсенбайұлы, Қази Данабаев, О.Жақыпұлы сияқты азаматтарды әруақтарын сыйлап, олардың отбасы мүшелерінің алдында бас игім келеді. Бұл кісілерге, сол кездегі еліміздің саяси және экономикалық тәуелсіздігі жолында халқына демократияның әліппесін үйреткені үшін, қоғамдық ой-сананы оятуда өздерінің тарих алдында, қазақ халқы алдында парызын абыроймен орындағаны үшін бас иемін. Менің сіздерге ұсынар мерейтойлық медаль, сый-сыяпатым жоқ. Олар болашақ уақыттың ісі.

Кішігірім бір әділдіктің орын алғанын айтқаным жөн болар, Мамай Рахашұлына Қазалы қаласынан, Аманғос Есмұрзаевқа Арал қаласынан  екеуіне  көше берілді, екі көшенің де ұзындығы 100 метрге жетпейді, бәрібір ризамыз.  Осы жағдайдың өзін  «Азатты» бүкіл Қазақстан бойынша құрметтегенмен тең санап отырмыз. «Азат» азаматтарына арналған 20 жылдыққа сый-құрмет деп қабыл алыңыздар.

«Азаттың» ешкімнің алдында ақталар жайы жоқ. Оның ұлт азаттығы мен әділетті қоғам құрудан басқа идеясы болған емес, оның осы жолда жіберген қателіктерінің өзі игілікті еді. «Азат» туын көтергендер туған халқының шынайы қызметшілері болды. «Азат» қозғалысы Қазақстан тағдыры үшін таңбалы орны бар саяси ұйым болып ел есінде қалды.

Тарих жалаңдықты көтермейді, халық сұрқиялықты кешпейді! Ақиқаттың жолы ауыр, қашан да кеш мойындалады. Ерте ме, кеш пе «Азаттың» азаматтары мойындалары сөзсіз. «Революцияны аңғалдар жасайды, жексұрындар олардың обалына қалады, сұрқиялар рахатына кенеледі» деген. Өтірік қанша тұмшаланғанымен бір күні жарқ етіп шығары анық. «Азат», «Алаш» мүшелеріне:  «жасағандарыңды пұлдап жүрсіңдер ме» деген сұрақтар берілуі де мүмкін. Оған жауап мынадай: «Өз қоғамының, өз елінің азаматтарына уақытында әділетті баға бермеу, оны бағаламау  -  сол елге, сол қоғамға сын. Осыдан барып бұл елдегі әділеттің қаншалықты қадірлі екендігі, оның бет-пішіні айқындалады. Халық үшін жасаған еңбектің, қайырдың ақысы болмайды, бірақ алғысы болуы керек. Алғысы жоқ елді қарғыс жайлайды, ал қарғыс жайлаған елден не күтуге болады?

С. Жүсіп,

Қызылорда облыстық

«Азат»

қозғалысының

1990-1995 жылдары аралығындағы төрағасы

«Абай-ақпарат»

0 пікір