Тұралаған туризмді қалай тірілтеміз?
Бүгінде әлемдегі Испания, Түркия, АҚШ, Грекия, Таиланд сынды елдердегі ішкі жалпы өнімнің бестен бірі, кейбірінде тіпті 30 пайызы туризм саласына тиесілі екен. Өзінің сан алуан табиғи комплекстері мен тарихи орындары бар Қазақстан секілді елде бұл сала қаншалықты дамыған, бағасы құбылмалы келетін мұнай, металдан әлдеқайда табысы қомақты саналатын бұл бизнес көзін біздегілер тиімді іске асырып, дұрыс жолға қоя алған ба?
2004 жылдың шілде айында елімізде бәсекеге қабілеттілік пен кластерлік даму бағдарламасын жүзеге асыру үрдісі басталғаны белгілі. Бұл бағдарламаның пилоттық жобасын туризм саласына енгізу сол кезде бірауыздан шешілген-ді. Тиімді кластерлік жобаларды анықтаумен айналысатын J.E.Austin Associates inc (JAA) консалтингтік фирмасының вице-президенті Мартин Вебер мырза: «Нақ осы туризм Қазақстан экономикасындағы ең табысы мол салаға айналуының үлкен мүмкіндігі бар», – деп үлкен істің басын шалған болатын.
Қазақстанның Статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын елдегі туризм индустриясының қарқынды дамып келе жатқанын байқауға болады. Сырттан келетін туристердің саны да біршама артқан. Алайда бұл көрсеткіш көңіл көншітерлік емес.
«Ашығын айту керек, Қазақстандағы туристік бизнестің негізгі табысын бүгінгі күнге дейін сыртқы туризм құрап келді. Сыртқы туризм жекелеген компаниялар үшін ғана тиімді саналады. Мемлекет қалтасына пайда түсіру үшін сырттан келетін саяхатшылардың саны артып, елдегі халықтың ішкі туризмін дамыту керек», – дейді Мартин Вебер мырза.
Бүгінде елімізде 876 туристік компания тіркеліп, әлемнің 90 елімен байланысын орнатқан. Осылардың тек 25 пайыздайы ғана елге тікелей туристер тартумен айналысады екен. Әзірге сырттан келетін саяхатшылардың үлесі елдегі туризм нарығында шешуші рөлге шыға алмай отыр. Мұны есепке алған ел үкіметі сырттан келетін туристерді арттыру мен ішкі туризмді дамыту үшін осы мақсатта жұмыс істейтін туроператорларды салықтан босатып, еркін әрі жағымды орта қалыптастырып берген. Бірақ әлі де оң нәтиже жоқ.
Қазақстанның Туризм және спорт агенттігі бүкіләлемдік туризм ұйымымен бірлесіп, сыртқы және ішкі туризмді дамытудың тиімді бағыттарын айқындап, соның бірі ретінде экологиялық туризмді атаған болатын. Туризмнің осы түріне қатысты елдегі мүмкіндігі жоғары аймақтар белгіленіп, «Жібек жолы» атауына ие болған бағыт – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарын қамтыды. Дәл қазір Алматы аймағында 2004-2010 жылға арналған туризмді дамыту бағдарламасы аясындағы шаруалар аяқталуға жақын қалған. Экотуризмнің дамуына бұл аймақта үлкен табиғи қор бар. Мысалға, Көлсай көлі, Іле өзені, Шарын каньоны, Іле Алатауы, «Алтын Емел» ұлттық паркі секілді айрықша жұмақ мекендер шетелдегі кез келген танымал табиғат комплекстерімен тайталаса алады.
Көптеген сарапшылар Қазақстанның өз мүмкіндігін толық пайдаға асыра алмай отырғандығын сенімді түрде айтып жүр. Туризмнің дамуы бірінші кезекте саяхаттауға ыңғайлы жерлердің пайда болуына қатысты. Себебі әлемдегі дәстүрлі саяхат орындары бүгінде өзінің маңыздылығын жоя бастаған. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның мол мүмкіндігі бар деп есептеледі және әлемдік туризм нарығының биігіне көтерілуі мүмкін.
Туризмнің экономикаға үш түрлі әсері бар
1. Шетелден тікелей қаржы құйылады.
2. Экономикадағы төлем балансы мен экспорттық саудаға жағымды әсер етеді.
3. Халықтың жұмыспен қамтылуына септігі тиеді.
Туризм тікелей және жанамалы түрде экономиканың 32 саласы мен елдің инфрақұрылымының дамуына тигізетін әсері мол. Қазір әлемдік туризм өзінің ең бір сәтті кезеңін бастан өткеріп жатқан жоқ. Бұған бірінші кезекте елдердегі саяси тұрақсыздық пен терроризм, сепаратизм секілді жағымсыз әрекеттер әсер етуде. Алайда бұл құлдырауларды сарапшылар «уақытша құбылыс деп қарастырған жөн» дейді.
Альберт САЙФУЛЛИН, «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының директоры:
«Халықаралық туристік нарық бүгінгі таңда үлкен қаражат көзі болып табылады. Жүздеген миллиард долларлар айналымда жүріп, өзімен бірге үлкен бәсекелестікті де туғызған. Бізде туризм индустриясының нашар ұйымдастырылуы — ішкі туризм дамуының аяғына тұсау болып келеді. Көптеген отандастарымыз елдің басқа өңірлеріне тек жұмыс бабымен немесе туыстарын көріп қайту үшін ғана барады. Ал демалу аймағын таңдау кезінде мүмкіндігінше елден тысқары жерге шығуды жоспарлайды. Себебі халықтың көпшілігі Қазақстанның қай жерінде толыққанды демалатын орындар барын білмейді немесе қызмет көрсету саласының мүлдем төмендігінен солай жасайды-ау деп ойлаймын. Бір жағынан демалыс бағасының шетелдегідей қымбатқа түсетінін білетіндер одан да сол теңіз жағалауы бар елдерге қыдырғанды дұрыс санайды».
P.S. Туризм болашақта Қазақстандағы табысы мол индустриялы салалардың ішінде үшінші орынға шығуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда Қазақстанда қажетті инфрақұрылымның болмауы – елдегі туризмнің дамымауының негізгі себепкері болып отыр. Десек те, соңғы жылдары бұл бағытта едәуір жұмыстар жасалғанын мойындауымыз керек. Бірақ туризмнің дамуы қомақты инвестицияның тартылуына да байланысты. Қазақстан туризм «Меккесіне», расында да, айналуы мүмкін бе? Аман болсақ, уақыт өзі көрсетер.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ, Шымкент қаласы
«Алаш айнасы» газеті 24 маусым 2009 жыл