Коронавирус азық-түлік нарығына қалай әсер етті?
Теңге бағамының құлдырауы, жекелеген қалалар мен тұтастай өңірлерде карантин енгізу – осының бәрі азық-түлік өнімдеріне сұраныстың артуына ықпал етті. Ал бұл биліктің барлық күш-жігеріне қарамастан, бағаның өсуіне әсер етпей қоймады. Нәтижесінде бір ай ішінде Қазақстанда азық-түлік тауарларының бағасы 1,7%-ға өсті. Наурыз айында баға өсімінің басты драйвері азық-түлік тауарлары болды.
Соңғы рет азық-түлік 2016 жылдың соңында қымбаттаған еді. Сол уақытта қарашада өсу қарқыны 2% деңгейінде, желтоқсанда 1,7% болды. Ал соңғы 12 айда бағаның өсуі 9,3% құрады, бұл жалпы инфляция қарқынынан бір жарым есе тез.
2020 жылдың I тоқсанында азық-түлік бағасы 3,6%-ға өсті. Бірақ бұл 2019 жылмен салыстырғанда аз: сол жылы қаңтар-наурызда бұл көрсеткіш 3,8%-ды құраған болатын.
Азық-түлік өнімінің қайсысы бәрінен жылдам көтерілді?
Бірінші кезекте – көкөністер. Наурызда олардың бағасы 8,5%-ға өсті (жыл басынан бері - 21,1%-ға). Бұл көктемнің алғашқы айы үшін әдеттегіден гөрі көп: наурыз айындағы бағаның осылай қаттықымбаттауы соңғы 10 жылда болған жоқ. Ең қымбаттағаны картоп, оның бағасы 14,4%-ға өсті. Сонымен бірге, Павлодар облысында ол бірден 43,9%-ға, Нұр-Сұлтанда - 36,8%-ға артты. Бірақ Ақтөбе облысында баға өсімі бар болғаны 1,3%-ды құрады.
Жеміс-жидектерге келетін болсақ, импортқа тәуелділіктің жоғары болуына қарамастан, бағаның күрт өсуіне жол берілмеді. Олардың өсімі 1,6%-ға артты. Бұл ретте екі өңірде, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында, олар тіпті қолжетімді болды (тиісінше 0,5% және 0,3%-ға ғана артқан).
Бакалея өнімдерінің бағасын ұстап тұру мүмкін болды... Бірақ барлық азық-түліктің емес....
Қазақстанда қант 2019 жылдың маусымынан 2020 жылдың ақпанын қоса алғанда тоғыз ай қатарынан арзандады, ол өз бағасын 26,5%-ға жоғалтты. Бірақ наурыз айында динамика өзгерді, бұл ретте толқулар маңызды рөл атқарды. Бір ай ішінде оның құны 8,5%-ға артты. Сонымен қатар, соңғы 10 жылда қант бағасының үш рет өсу қарқыны қазіргіге қарағанда жоғары болды. Соңғы рет баға 2016 жылдың шілдесінде көтерілді (+11,3%, бірақ келесі 10 айда олар 14,5%-ға төмендеді). Өңірлер арасында бағаның өсуі бойынша Павлодар облысы (+28,9%) және Шымкент (+18%) көш бастады, ал бұл қымбатшылық Маңғыстау облысына дейін жеткен жоқ, мұнда қант бағасы керісінше түсуде (-0,9%).
Есесіне бакалея өнімдерінің бағасын ұстап тұру мүмкін болды. Жалпылай алғанда жарма 0,8%-ға қымбаттады, ал жоғары сұранысқа ие күріш наурыз айында тіпті 0,7%-ға арзандады. Төртінші ай қатарынан оның бағасы түсті. Сұранысы жоғары қарақұмық жармасы 2,5%-ға қымбаттады. Бұл да аздап көтерілген: 2019 жылдың IV тоқсанында, ешқандай жағдайларсыз қарақұмық бағасы ¼-ге өскен.
Макарон өнімдерінде баға өсімі айтарлықтай көп болған жоқ, қымбатшылық бір айдың қорытындысы бойынша 1,4%-ды құрады, ал 2019 жылдың наурызында ол 0,3пайызға жоғары болды. Сонымен қатар, жұмыртқа бағасының маусымдық төмендеуі жалғасуда, олар 0,4%-ға арзандады.
Назерке Алтайқызы
Abai.kz