Еріктілер кісіні ыңғайсыз жағдайға қалдырмауды ойлай ма?
Осы күндері бір топ ерікті тұрмысы төмендерге азық-түлік тасып, пайдалы іс атқарып жүр. Бірақ ісінің дәлелі ретінде әлгі көмекке зәру адамдардың суретін жариялауда. Басқа жолы жоқ секілді көрінеді. Себебі пәлен адамға түген көмек бердік деп, бірақ фотодәлел салмаса, бұқара сенбейді деп ойлайды.
Еріктілер көмекке мұқтаж адамдарды суретке түсірмес бұрын олардан рұқсат сұрайды деп үміттенемін және көп жағдайда рұқсат беріліп те жатқан болар.
Бірақ ол рұқсат қаншалықты зерделенген?
Ол адамдар суреті интернетке бір енсе, жоғалмайтынын біле ме? Балаларымен бірге түсетіндер бар. Ол сурет баласының буллинг құрбаны болуына әкелуі мүмкін екенін біле ме?
“Журналистика этикасы” деп аталатын сабақта профессорымыз жағдайы ауыр адамның суретін не аты-жөнін жарияларда келісімнің зерделенгеніне көз жеткізіңдер деп жиі айтатын. Бұл мәселе Нью-Йорк секілді мегаполисте аса маңызды. Себебі ондай қалада мигранттар көп болады. Ол мигранттар АҚШ-та медианың қалай жұмыс істейтінін, жарияланғалы отырған мақаланың кейін зардабы тиюі ықтимал екенін аңғармауы мүмкін.
Оның үстіне дәл қазір аш отырып, тірі қалудан басқаны ойлай алмай жүрген мигрант ертең аяққа тұрып, үйленіп, жұмыс тауып, жаңа ортаға енуі мүмкін. Интернет теледидар не газет емес, аты-жөніңізді Google-ге терсе жиырма жылғы мақаланы да шығарып береді. Бүгінде тасы өрге домалап тұрған тұлға кеше қайыршы болғанын жұртқа жария еткісі келмеуі мүмкін. Privacy деген нәрсе бар.
Мәселенің келесі қыры
Тараптардың салмағы тең болмағанда өтініш бұйрыққа тең. Мәселен, бастығыңыздың өтініші сізбен дәрежесі бірдей әріптесіңіздің өтінішімен бірдей емес. Әріптесіңізге оп-оңай жоқ дей алғаныңызбен, бастығыңызға олай айта алмайсыз. “Өтінішті” орындамасаңыз, кейін басекең қыр көрсетеді.
Жағдайы мүшкіл екенін көрсетуге мәжбүр болғандықтан, кісі қолынан ауадай қажет азық-түлікті тегін алып тұрған соң, еріктінің өтінішіне жоқ деп айту ауыр.
Мұндайда кісіні ыңғайсыз жағдайға қалдырмау - еріктінің жауапкершілігі.
P.S. “Ерігіп сынағаным” емес, қызметтеріңізді бағалаймын, елге көмектескен дұрыс. Бірақ айтпағым, сіз көздеген аудитория сіздің сөзіңізге фотосыз сенбейтін болса, сенімді орнатудың басқа жолын да қарастыруды ұмытпасаңыз игі.
Дархан Өмірбектің әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz