Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 6289 2 пікір 6 Мамыр, 2020 сағат 13:37

Мүмкін, енді бұл жерде ауыл болмайды...

Азаттық сайтының суреті

Мынау - міне, құлап жатқан үй түндей,
Бөпелері қайда екен-ай титімдей?..
Мынау - менің шаңырағым...
О, тоба...
Мынау - менің қыңсылаған итім ғой!..

Бабам сені шын қазынам деп еді.
Таныдың ба, байғұсым-ау өрелі?
Қарашы, әні,
дауысымды ести сап,
Бізге қарай өзі жүзіп келеді...

Қоңыр кеште мұңды қостың бір мұңға,
Сенен өзге қалды дейсің кім мұнда?
Қабырғасы қақыраған үйімнің,
Киесін сен қарауылдап тұрдың ба?

Кешір мені, алыс кетіп қалсам да,
Қараңғыда болды бізге жан сауға.
Бәсе, тегі, айға қарап ұлып ең,
Жер-әлемді су алатын қарсаңда...

Бұл үлгіңді ешқашанда ұмытпан!
Қап!
Қалтаға салмаппын-ау сынық нан...
Кә-кә, күшім,
жүзіп маған жет енді,
Дір қақсаң да үш күн қысқан суықтан.

Ақтөсім-ау, арсалаңдап кел маған,
Бәрі дұрыс болар...
Әйтеу ел де аман.
Сақшысың сен, қара топан су қаптап
Кетсе дағы ұямызды қорғаған.

Жауынгерсің шепті тастап кетпеген,
Кешір мені, кінәм болса ептеген.
Әлі-ақ біздің нән үйіміз болады,
Несібе мен берекесі көктеген.

Амал қанша, бұрынғы күй жоқ, міне,
Біз аманбыз,
көзің енді жетті ме?
"Ит тілеуі жақсы" дейтін атам да,
"Бұл қасірет тез жойылсын" деп тіле.

Жайшылықта жүрмейтін ең көп түзде,
Су қайтпаса, қайту енді жоқ бізге.
Жүр, кетейік,
қосылайық қауымға,
Уа, Жаратқан, енді қайғы шеккізбе!

Жұмыр басты уайым қалай толғайды...
Қамсыз қалдық.
Түсінбедім сол жайды...
Кетеріңде артыңа бір қарап ал,
Мүмкін, енді бұл жерде ауыл болмайды...

Есей Жеңісұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1467
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387