Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5881 0 пікір 31 Қазан, 2011 сағат 06:50

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» (жалғасы)

Сұрақ-жауап барысында Халел Ғаббасов тергеушілердің істі сауатсыз жүргізіп жатқанына ашық наразылық білдірумен болып, оларды өзіне қарсы қойып алғандығы  аңғарылады. Арызда көрсетілген Елдес Омаровқа арналған ашық хат пен жергілікті газетке жариялауға ұсынылған Мәлімдеме іске тіркелмеген. Істің ендігі барысы «Алашорда» тұсындағы тарихи оқиғаларға қарай ойысады.

«1929 жыл. Қаңтар. Ғаббасов Халелдің тергеу хаттамасы.

Сұрақ: Сіз Малеевпен неше рет кездестіңіз?

Жауап: Мен оны 1917 жылы желтоқсанда көрдім, одан кейін кездескен емеспін.

Сұрақ: Онымен арадағы қарым-қатынасыңыз қандай еді?

Жауап: Ешқандай да.

Сұрақ: 1917 жылы  әскери бөлім оқшауланып қалды. Сол кезде...

Жауап: Онымен ешқандай да маңызды байланысым болған емес. Сәрсеновтің үйінде ғана көрдім дедім ғой.

Сұрақ:1919 жылы Валидовпен байланыс жасадыңыз ба?

Жауап: Бұл туралы мен ештеңе айта алмаймын. Мүмкін сырттай байланыстардың болуы.

Сұрақ: Сәрсенов Валидовке жете алды ма?

Жауап: Нақты айта алмаймын. Мен Валидовтің кеңес өкіметі жағына шыққанын 1919 жылы білдім.

Сұрақ-жауап барысында Халел Ғаббасов тергеушілердің істі сауатсыз жүргізіп жатқанына ашық наразылық білдірумен болып, оларды өзіне қарсы қойып алғандығы  аңғарылады. Арызда көрсетілген Елдес Омаровқа арналған ашық хат пен жергілікті газетке жариялауға ұсынылған Мәлімдеме іске тіркелмеген. Істің ендігі барысы «Алашорда» тұсындағы тарихи оқиғаларға қарай ойысады.

«1929 жыл. Қаңтар. Ғаббасов Халелдің тергеу хаттамасы.

Сұрақ: Сіз Малеевпен неше рет кездестіңіз?

Жауап: Мен оны 1917 жылы желтоқсанда көрдім, одан кейін кездескен емеспін.

Сұрақ: Онымен арадағы қарым-қатынасыңыз қандай еді?

Жауап: Ешқандай да.

Сұрақ: 1917 жылы  әскери бөлім оқшауланып қалды. Сол кезде...

Жауап: Онымен ешқандай да маңызды байланысым болған емес. Сәрсеновтің үйінде ғана көрдім дедім ғой.

Сұрақ:1919 жылы Валидовпен байланыс жасадыңыз ба?

Жауап: Бұл туралы мен ештеңе айта алмаймын. Мүмкін сырттай байланыстардың болуы.

Сұрақ: Сәрсенов Валидовке жете алды ма?

Жауап: Нақты айта алмаймын. Мен Валидовтің кеңес өкіметі жағына шыққанын 1919 жылы білдім.

Сұрақ: Дулатовтың әскери ...туралы ұсынысын қалай білдіңіз?

Жауап: Дулатовтың өзінен естідім. Омбы мен Семей жағынан қолдау көрсетілді.

Сұрақ: Мәселе қай тұрғыда талқыланды?

Жауап: Маған Ермеков, Байтұрсынов, Дулатов талқылады деп хабарлады.

Сұрақ: Оны Байтұрсынов білді ме?

Жауап: Нақты білмеймін. Одан бас тартты.

Сұрақ: Нақты не деп бас тартты?

Жауап: Демек Байтұрсынов, Дулатов тағы басқалар бас тартан.

Сұрақ: Басқалардың бас тартқанын сіз білдіңіз бе?

Жауап: Қазір есімде жоқ. Ескі қызметкерлердің бәрі де...

Сұрақ: Сізді сырттай іске тартқанын кімнен білдіңіз?

Жауап: Айтқым келмегендіктен емес, тіпті есімнен шығып кетіпті.

Сұрақ: Жасақтауды қандай дәрежеде жүргіздіңіздер?

Жауап: Мен сізге айттым ғой, біреу ананы, біреу мынаны ұсынды.

Сұрақ: Жасақтаған адам ретінде сізге нақты ұсыныстар жасалды ма?

Жауап: Маған ешкімде ұсыныс жасаған жоқ.

Сұрақ: Сәдуақасов қандай ұсыныс жасады?

Жауап: Сәдуақасовты мен Қазаткомның Омбыдағы кеңесінде көрдім, одан кейін онымен кездескен емеспін.

Сұрақ: Онда Валидов туралы сөз болған жоқ па?

Жауап: Жоқ.

Сұрақ: Бұл бағытта (Сұрақ пен жауаптың мазмұны бұлыңғырлау. Әңгіме 1917-1919 жылдар арасындағы Алаш идеясы мен „Алашорданың" құрылуы, автономия жариялау және «Алашорданың» кеңес жағына өтуі туралы болып отырған сияқты.  - Т.Ж.) не істедіңіз?

Жауап: Бұл бас ауыртатын мәселе емес. Егерде сіз маған қысым жасай берсеңіз, онда мен бұл идея туралы пікір таласына дайынмын.

Сұрақ: Бұл идеянның кең тарағаны сізге қалай мәлім болды?

Жауап: Бұл идея жастардың арасында кең таралған.

Сұрақ: Ол кімнен басталды?

Жауап: Айта алмаймын, есімде жоқ.

Сұрақ: Қайдан білдіңіз, нақтылай түсіңіз.

Жауап: Білмеймін, бұдан басқа ештеңе айта алмаймын.

Сұрақ: Оларды әшкерелеу керектігін қалай білдіңіз?

Жауап: Бұл туралы кеше сізге айтқамын. Бұл біздің ұлтымыз үшін өліммен тең. Өзара пікір алыстық, тарихи деректерді келтірдік, Колчак тұсындағы оқиғаларды мысалға алдық. Бұл тарихи кезең үшін жастар да жауап беретін болады дестік. Егерде олар ол жолмен (кеңес жағына - деген емеуірін сияқты - Т.Ж.) кететін болса, біз оларды сөзсіз әшкерелейміз дестік. Бұл біздің тарихи міндетіміз дестік».

Бұдан кейін сұрақ-жауап берушілерге ғана мазмұны мәлім мәселелер туралы айтылады. Онда жастардың жауапкершілігі, кімнің қайда екендігі, Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Ермековтің, Бірімжановтың, Семейдегі, Орынбордағы, Қызылордадағы іс-әрекеттері, 1918-1921 жылдар арасындағы Семейдегі мәжілістердің мазмұны, алаш қайраткерлерінің Семейге жиналуының себептері, Ғазымбек Бірімжановтың Семейдегі ағасы Ахмет Бірімжановқа дейін сұралады. Олардың бәріне Х.Ғаббасов қысқаша:

„Есімде жоқ, білмеймін", - деген мазмұнда екіұшты жауаптар қайтарады.

Осыдан кейін тергеу ісіне „Алашорда" үкіметінің Семейдегі іс-әрекеті, Сібір үкіметімен байланысы, большевиктермен арадағы қақтығыстар туралы қолмен жазылған құжаттар тіркелген. Мұнда „Сарыарқа" газетінің редакторы Имам Әлімбековтің ақгвардияшылар тарапынан тұтқындалғаны, оның большевиктерге қарсы бағытталған астыртын жұмыстары, алаштың әскери жасағын құрудағы еңбегі баяндалған хаттаманың соңына Саенко:

«Имам Әлімбеков осы уақытқа дейін Семей өңірінде еркіндікте жүр. Оны біздегі құжаттарға сүйеніп тұтқындау керек», - деген ескерту жазған.

Тергеу ісіне қатысты өзге де жанама айғақтар тіркелген. 1929 жылы 25 қаңтар күні Халел Ғаббасов Волленбергтің атына тағы да қосымша хат жолдаған, онда:

«Осы жылғы 9-10 қаңтар күні сіздің атыңызға жазылған өтінішті және Омаров жолдасқа жазылған ашық хатты ГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығы Петров арқылы сізге жолдап едім. Олар сіздің қолыңызға тапсырылмаған сияқты. Өйткені олардың бірде-біреуінің нәтижесі туралы мағлұмат алмадым. ОГПУ - кеңес одағындағы бірден-бір әскери және ішкі тәртібі қатаң мекеме болғандықтан да, маңызды құжаттардың жоғалуы мүмкін емес. Сондықтан да тиісті адамдарды жауапқа тартып, мен үшін аса маңызды мәлімдемелерді оқып шығып, жауабын беруіңізді өтінемін. Бұл тек менің ғана басымнан өтіп отырған жоқ, көпке ортақ жай», - деп талап қояды.

Әрине, бұл мәлімдеме де Петровтың қолына түсіп, ол Х.Ғаббасовқа өзінің „өкпесін" айтып, қателігін мойындап хат жазуға мойынсындырса керек. Төмендегі:

«ППОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығы Петров жолдасқа. 25/І.29 жыл.

1929 жылы 25 қаңтар күнгі менің  идеологияма әрі сенімсіздікпен қарайтындығыңызды білдірген сіздің ескертуіңіз маған төмендегідей түсінік беруге мәжбүр етіп отыр. Мен өзімнің саналы өмірімнің барлық кезеңінде өз халқымның азаматы болуға тырыстым және оны тарихи қаналудан азат етудің жолын іздестірдім.  Өз ұлтыма нақты көмектесудің мүмкіндігі 1917 жылдан кейін ғана  туды. Менің ол кездегі идеологиям сол дәуірдің психолгиясынан туындады. Тарих толқынында езілген барлық қазақ халқын  мәдениетке, экономикалық жетістікке жеткізуді мақсат еттім. Менің негізгі идеологиямды анықтаған жай да осы. Менің мақсатым да, саяси қайраткерлігім де соған бағытталды...", - деп басталатын түсіндірмесі көп күдікке жол береді.

 

Тергеушілер Халел Ғаббасовқа өзінің қателерін мойындап республикалық баспасөзде ашық хат жариялауды қайталап ұсынған және соған қысым көрсетудің нәтижесінде «мәжбүр де болған» сияқты. Жауаптың жалғасынан сондай салқындық байқалады.

«Әрине, сіздің "жалпы ұлттық ерекешелік" дегеніңізді - оның ішінде (халықтың) әлеуметтік теңсіздік пен қоғамға тән ерекшеліктердің бар екендігін мен мойындауға мәжбүр болдым және оны анық түсіндім.

Сонымен қатар айтылып отырған жағдай мен Қазан Төңкерісінің жасампаздық күшіне деген сенімсіздік те сол мәселеге тікелей байланысты, оның ішінде біздің қазақ халқының жеке мемлекеттігін құру мүмкіндігінің туғандығы. Сол арқылы оны езгіден құтқарудың қажеттігі және алдағы уақытта оны мәдени-экономикалық дамуына негіз қаланатындығы туралы "ізденістеріміз де" содан туындап отыр.

Қазан төңкерісі - менің идеяларымның негізгі нысанасы бойынша ұлттарды қанаудың темір шынжырын үзді, олардың жеке мемлекет болуына мүмкіндік ашты, идеологиядан (отарлаушы - Т.Ж) туындайтын ескі қоғамдық экономиканың негізін жойды, сондай-ақ тіршілік етудің жаңа негізін қалады және қалап та жатыр. Ол өзінің бұдан кейінгі мақсатты қозғалысына, қатыгез таптық шайқасына қадам басты, мұны қоғамның мазмұны ретінде өзіне сіңіріп алды, барлық "құндылықтарды" да сондай бағытпен қайтадан бағалай бастады, сөйтіп, өзінің алған бетінен қайтпайтын творчестволық ерік-күшіне түпкілікті көз жеткізді.

Осынау ауқымды қозғалыс жаңа қоғамдық қарым-қатынасты талап етеді және ол сол қозғалыстың тұсында өмір сүріп отырғандар үшін тағдырдың тауқыметінсіз өтпейді. Тіпті, өлгендердің өзі үш күннен кейін көрге де үйренеді дейді ғой, ал адам - зат емес, сондай-ақ идеология дегеніміз де - күрестің қатып қалған түрі емес. Жұрттың бәріне ортақ қасиеттен менің тыс қалмауым табиғи нәрсе.

Менің ой-санамдағы шешуші өзгеріс ертерек, 1918 жылдың күзі мен 1919 жылдың жазында: біз бірнеше саяси жүйені, біз іш тартқан қоғамды басымыздан кешкен соң, еліміздің басына түскен қоғамдық қиыншылықтарды шеше алмайтынымызға, біздің мақсатымыздың орындалуына табиғаттың өзі сәтті үйлесімділік танытпағанына іс жүзінде көзіміз жеткен соң - басталып еді. Бірақта, менің санамдағы бұл өзгеріс пен сенім - кеңес қызметінде істеген соңғы 9 жылда, әсіресе, кейінгі 4-5 жылда, өткен өмірімнің мән-мағынасын қорытындылап, көргендерімді санамда салмақтап, талдау жасап, жаңа қоғамдық өзгерістер мен нақты жетістіктерді сезінген соң барып нықтап орныға бастады. Ең соңында, менің ұлтымның негізгі мәйегі, ең өнімді және көпшілік бөлігі (орташалар мен кедейлер) жұмысшы, шаруалар тобының құрамдас жігі ретінде кеңес өкіметінің оң көзіне ілінгенін және өзінің тағдырын соңғысымен (кеңес өкіметімен) байланыстыратынын көрген соң барып нықтап орныға бастады.

Менің шын жүректен шыққан пайымдауым бойынша, кімде-кім өзінің халқын сүйсе, кімде-кім оған адал қызмет етуді өзінің өмірлік мақсатым деп түсінсе - бұл адамның таңдайтын жалғыз- ақ жолы қалды, ол Кеңес үкіметінің шешімін орындау және соған адал қызмет ету. Менің сіздерге талмастан-айнымастан; тоғыз жыл бойы кеңес өкіметіне адал қызмет еткенімді, бұл өкіметке қарсы бағыттаған ешқандай топқа қосылмағанымды және қосылмайтынымды қайта-қайта тәптіштеп айтып - айта беруімнің себебі осы.

Менің бұл "кредомның" (латын қарпімен жазылған - Т.Ж.) негізгі мазмұнын 1925 жылы Семей губерниялық комитетінің атына жазылған мәлімдемемнен, тергеу барысында қойылған кеңестік құрылым туралы сұрақтарға берген жауабымнан анық байқалады, қысқасын айтқанда, менің осы "толғау - мінәжатымның" өзі де соны көрсетеді.

Менің бұл мәлімдемемді Волленберг жолдасқа - оның атына 29 жылы 9/І күні жазылған мәліметіммен бірге тіркеп, соған табыс етуді, ал арыздың көшірмесін РСФСР-дің бас Прокуроры Крыленко жолдасқа оның атына жазылып, 29-жылдың 14/І күні №3 камераға келген Республика Прокурорының көмекшісі Мусин арқылы беріп жіберген мәлімдемеге қосымша ретінде салып жіберуіңізді өтінемін.

25/І-29 жыл Халел Ғаббасов   (қолы қойылған)».

 

Халел Ғаббасовтың бұл мәлімдемені қысастықпен жазғаны анық танылады. Астарлы кекету де бар. «Алашордашылардың халық үшін кеңес өкіметіне қызмет істейік» деген «идеясының» ұшқыны бар. Тергеу барысында Бас Прокурордың көмекшісі келіп кеткен. Сондай-ақ әділдік дәметіп СССР-дің Бас Прокуроры Крыленкоға да хат жазған.

 

 

4.

 

Осыдан кейін іле-шала, яғни, екі күннен кейін, 1929 жылы 27 қаңтар күні, Қызылорда қаласында үштіктің қаулысы шығып, оны айыпты деп тапқан. Оның соңына:

"Мен өзімді айыптымын деп санамаймын. Х. Ғаббасов", - деп қол қойған.

Сөйтіп, Халел Ғаббасовтың сұрақ-жауаптары «кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс дайындаған» өзге де 71 адамның ісіне қоса тіркелді. Этаппен Мәскеуге жіберілді. 7-томның 373-бетіндегі:

«17/VІІ - 29 ж. № 1675 Бутырка түрмесінің бастығына. Төмендегі 8 тұтқын айдауылмен жіберіліп отыр. 1. Ташекенов Қаби Кентаевич 2. Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынович 3. Дулатов Міржақып Дулатович 4. Аймауытов Жүсіпбек Аймауытович 5. Исполов Мырзағазы Исполович 6. Бірімжанов Ғазымбек Қорғанбекович 7. Болғанбаев Хайретдин Әбдірахманович 8. Ғаббасов Халел Ахметжанович - айдауылмен апарылсын және бір-бірінен оңаша ұсталсын. ОГПУ- дің әскери бөлімі» ,- деген  бұйрық бойынша тұтқындар Мәскеуге жөнелтілді.

Тізімдегі Ташекенов Қаби деген кім? Оны індете алмадық. Араға көп уақыт өткізбей Қазақстанда қалған тұтқындар да Мәскеуге жеткізіледі. Ол туралы ОГПУ-дің әскери бөлімі:

«Бутырка түрмесінде Міржақып Дулатовпен бір камерада жатқан төмендегі тұтқындарды: Байтұрсынов Ахметті, Аймауытов Жүсіпбекті, Исполов Мырзағазыны, Болғанбаев Хайретдинді, Бірімжанов Ғазымбекті, Жұмабаев Мағжанды, Юсупов Ахметсафаны, Байтасов Абдулланы, Омаров Елдесті, Жәлелов Кәрімді, Міржақып Дулатов № 14 үйге ауыстырылғаннан кейін оларды Ғаббасов Халелге және № 54 камерада жатқан Қазақстаннан келген 33 адамға (Әділов және басқалар) жолықпайтындай етіп әр камераға бөліп-бөліп орыналастыруды өтінемін.

ОГПУдің әскери бөлімі - қолы», - деп (7 том, 379- бет) нұсқау берген.

 

Сөйтіп, алғашқы 41 адам Мәскеуде бас қосты. Осыдан кейін олардың бір-бірін аман-есен көрісуіне тағдыр жазбап еді. Х.Ғаббасовтың түрме бастықтарына жазған мынадай арызы бар:

«Корпусоной жолдасқа! Бұрынғы жатқан №72 камерада, Ақболат жолдаста менің ішкиімдерім (көйлек пен кальцон) қалып қойды. Жуғаннан кейін кептіріп қойғамын. Соны маған беріп жіберуіңізді өтінемін. №4 палатадағы сырқат - Ғаббасов. 3/ҮІІІ - 29 ж.».

Бұған қарағанда Х.Ғаббасовтың түрме лазертіне жатқызылғаны байқалады.Сондай-ақ іске:

«Бутырь түрмесінің комендантына тұтқын Ғаббасовтан өтініш

Осы жылдың 28 қыркүйек күні 20 сомның мөлшерінде менің атыма аударылған бланкінің түбіртегі маған почта арқылы берілді. Оның бір түбіртегі бойынша аударылған ақшаны алдым, ал екінші түбіртек бойынша жіберілген ақшаны алғамын жоқ. Сізден өтінішім, екінші түбіртек бойынша жіберілген  20 теңгенің берілмеуін немен түсіндіресіз, соның себебін түсіндіруіңізді сұраймын. Ғаббасов. 24/Х - 29 ж.», - деген тілше де тіркелген (7 том, 363-бет).

Бұл оның ең соңғы өтініштерінің бірі. ҮІІ томының соңына тіркелген:

«ОГПУ (сот)коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгі кеңесінің хаттамасына сәйкес:

№78754 іс бойынша айыпталғанҒаббасов Халелге -ҚЕ 58/2 бабы бойынша» - айып тағылып,...4.Ғаббасов Халел-А Т Ы Л С Ы Н» ,- деп қаулы қабылдаған.

 

Осымен ОГПУ-дің тергеуі мен соты аяқталған. Арада бір жыл өткен соң "1931 жылы 8 қаңтар күні істі қайта қарау мәселесі тыңдалып, онда:

ОГПУ коллегиясының 4/ІҮ-30 жылғы мына азаматтарға шығарған үкімі: Бірімжанов Ғазымбекке, Есполов Мырзағазыға, Дулатов Міржақыпқа, Байтұрсынов Ахметке  шығарылған үкім күшін жойсын", - деген қаулы қабылданған.

 

Бұл тізімге, өкінішке орай, Халел Ғаббасов ілінбей қалды. Ол осы істегі ешқандай кешірімге жатпаған, ең жоғары үкім орындалған төрт адамның бірі болды, яғни, атылды.

Х.Ғаббасовтың қарасты үкімнің кешірімге жатпауына қосымша мына үш оқиға әсер етуі мүмкін. Біріншісі: Халелдің туған жездесі Ике Әділев осы үкім шыққан жылдары Шәкәрімнің ұлы Зиятпен, Құнанбайдың немересі Бердеш Әзімбайұлы Тәкежановпен, Мұхтар Әуезовтің немере ағасы Бурахан Әуезовпен, Райымжан Марсековпен бірге қарулы жасақпен Шығыс Түркістанға қоныс аударып кетті. Шыңғыстау мен Шұбартаудағы «ақ сиырдың көтерілісі» Х.Ғаббасовқа қаратылған үкімге кешірім жасалмауына, оны орындатып тынуға белгілі дәрежеде ықпалын тигізді - деу қисынға келетін сияқты.

Тағдырдың жазмышынан озмыш жоқ. Халел Ғаббасов пен Ике Әділевтің құйынды иірімі менің де әкем мен атамды жанай өтіпті. Жұртбайдың інісі Райбай шекараның қарауыл жасағының елубасы боп тұрғанда, Ике Әділев атам Райбайды ықтай қоныстаныпты. Шекараны бойлай жүргенде ылғи да жанасалай қырындап: «Осы шегір көздер мен шегірен былғары кигендерден қорқамын. Ажалым содан болмаса нетті», - деп тайсақтай береді екен.Ике - Райбайдың мергендігіне сүйініп, Райбай- Икенің бұранды мылтығына қызығып жүреді екен. Бір жолы Ике Райбайдың тұңғыш перзанті Жабағыны алдына алып отырып: «Райбай, мергендігіңді сынайын. Анау ағаштың басына мылтығымның қайыс бауын қырынан келтіріп іліп қоямын. Егер сен сол қайыс бауды қырынан қиып түсірсең, мына мылтығымды сыйлаймын», - депті. Райбай өзінің мылтығымен көздеп атқанда, қайыс бауды қиып түсіпті. Уәделескендей Райбайға мылтығымен қосып қолтығын оқ ысып кеткен қоңыр байталды сыйлапты. Бір жолы алыстан келген силы қонақ ретінде Ержан төре Икені қонаққа шақырыпты. Райбай: «Бар ма. Ержан сымпыс адам», - деп ескертеді. Оған Ике: «Төре басымен сатқындыққа бара қоймас. Бүгін бармасам, кейін жұртпен сыйысу қиынға соғады», - депті.Қонақтар жайғасып отыра бергенде үш-төрт солдат кіріп келіп, тапаншаларын кезей қалады. Ике де саптамасының қонышына қолын сап жіберіп, бұл да наганын суырып алады. Екі жақ бір сәт үнсіз арбасыпты. Содан Ике: «Әй, Ержан-ай! Сымпыстығыңды естіп ем, сұмпайлығың да бар екен-ау. Мына елдің обалына қалармын», - деп наганын жерге тастай салыпты. Сол ұсталған мол ұсталып, құрдымға кетті. Жабағы апайымызға берген әлгі байталдың бір құлыны кейін «Райбайдың бәйге қоңыры» атанды. Ал оның тұқымы Қоңыр айғырға біздің де тақымымыз тиіп, қызығын көріп ек. Ақыры оның да қызығын Семейдің қасапханасы көрді. Ал Райбайдың қыздары Жабағы мен Изагүлге, біздің әкеміз Құдакелдіге сол Икенің ата қонысынан топырақ бұйырды.

Кім білсін, бұл да бір тағдырдың ілігі шығар.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963