Бейбіт күннің шырқы бұзылмасын!
Біздер жеңдік! жоқ болып, жаралы боп.
Біз куандық алдымен қаралы боп
Қарсы тұрдық аждаһа алдында біз
Туған жердің аязы, бораны боп!
(Мұқағали Мақатаев)
Қымбатты ардагерлер!
«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі баршаңызды 9 – мамыр Жеңіс күнімен құттықтайды! Бұл Жеңісте сіздердің үлестеріңіз, кешегі ересен ер ұрпақтың қосқан үлесі орасан зор! Бүгінде кенеріне қайта толған теңіздей боп еліміз шалқып-тасып, ұрпағымыз бейбіт күн кешіп, өрбіп жатсақ ол да сіздердің бастарыңызды қауіпке тіге жүріп, Отан үшін қан кешкен қаралы жылдардағы қайсарлықтарыңыздың нәтижесі! Сол үшін де біз Сіздерге басымызды иеміз! Ерліктеріңіз елге мұра, ұрпаққа өнеге! Ерлер даңқы арта берсін!
Құрметті Отандастар!
Аналардың көз жасымен, аталардың алқызыл қанымен, сансыз құрбандықпен келген жеңістің құны да өлшеусіз болса керек! Оның құны тек ашық аспан, бейбіт күнмен өтелмек!
Ендеше, еліміздің іргесі бүтін, аспанымыз ашық, бірлігіміз бекем болғай! Ерлеріміз айбынды, шалқарымыз айдынды болсын!
Бейбіт күннің шырқы бұзылмасын!
Құрметпен
«Есік» қорық-музейі ұжымы!
Abai.kz